Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

22.09.2016 6717

«АЛАШ» партиясы

Автор: Әлихан Бөкейхан

21–26 июлде Орынбор шаһарында болған жалпықазақ сиезінде қазақ өз алдына саяси партия болу мәселесі қаралып, жасауға қаулы етілген еді. Партия программасын жасау жұмысы Петроградтағы «Шорай ислам» комитетіндегі қазақ өкілдеріне тапсырылған еді. Ол комитетке әр облыстан бір-бір өкіл жібермек болған еді. Төменде басылған Жиһанша Досмағамбетовтен 15 сентәбірде келген хат сөзіне қарағанда, әр облыстан жіберілмек болған өкілдер әлі бармаған көрінеді. Жолдасы Уәлидхан Танашев те елі шақырған соң кетіп қалып, Хиһанша Досмағамбетов толып жатқан комиссияларда жұмыс қылушы жалғыз өзі болғандықтан, программаға қолы тиіп тез арада жасап шыға алатын көрінбейді. Оның арасында сай­лау мезгілі болса таянып қалды. Әр саяси партия өз ұранын шақырып, өз ұраны атынан список түзеп, сайлау ісіне кірісе бастады. Қазақ партиясының программасы жасалғанмен, жалпықазақ сиезінің қаулысы жасалатын программаның негізі болсын делінген еді. Сиез қаулысы халыққа мәлім. Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпықазақ сиезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына са­яси болуын қостайтындар, сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогі деп жүргізулері керек.

10–15 сентәбірде Орынбор шаһарында Торғай казак, қарашекпен [мұжық] газетінің өкілдерінің сиезі болды. Сиез программасына қойылған мәселелер қаралып болғаннан кейін Учредительное собраниеге депутат ұйғару мәселесі келді. Біз, жалпықазақ сиезіндегі қаулыны қуаттаушылар, орыстарға айттық: Торғай облысының қазағы-орысы болып ынтымақтасып бір список жүргізгенін мақұл көреміз. Торғай облысына тиісті депутаттық орындарды қазақ пен орыс бөліп-бөліп алайық. Біздің депутат һәм кандидаттарымыз ұйғарулы, сендер бізбен бірге список жүргізетін болсаңдар, бірігуден біз қашпаймыз, депутаттарыңды ұйғарыңдар дедік.


Сиезге келген мұжықтар өздері ынтымаққа келе алмай, де­путат ұйғару мәселесін шешпек, 3 өктәбірде жиылып шешпек болып тарады. Біз, «Алаш» партиясындағылар, айттық: қазақ енді қайтадан сиез жасап әуре болмайды. Орыстар жасаймыз десе, жасай берсін. Қазақпен бірігіп список жасаймыз десеңдер, Орынборда тұратын адамдардан үш кісіні қазақтар ортала­рынан сайлап кетеді, солармен сөйлесіп, ынтымақтасыңдар дедік. Сөйтіп орыстармен бірігу-бірікпеу мәселесі 3 өктәбірде ашылмақ. Түбінде орыстар бізбен біріксе, оны көрерміз, бірікпесе – оңаша «Алаш» партиясының списогін жүргізбек болдық. Қай облыста болса да қазақ орыспен қосыла алмағанда, өз списоктерінің атын «Алаш» партиясы деп жүргізулері тиіс. Газетіміздің бұл нөмірі, баспахана жұмысшылары забастов­ка қылып, мезгілінен кеш шыққандықтан қазақ облыстарына партиямыздың атын «Алаш» болсын деп телеграмма бердік. Сыбағамыз кетпейтіндей қылып орыспен біріксек бірігерміз, бірікпеген орында өз списоктеріміздің ұраны осы болар деп қаулы қылдық.


«Қазақ» газеті, қыркүйек, 1917 жыл

Орынбор қаласы.

Көп оқылғандар