Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

28.03.2015 2371

Мұқан, Қатира

Автор: Баубек Бұлқышевтің хаттары

11 март, 1940 жыл.

Москва

 

 

МҰҚАН, ҚАТИРА!

 

Біз 6/ІІІ-күні Мәскеуге келіп орналастың.

Әскер де болып алдық. Деніміз сау. Ойнап жатырмыз. Бүгін, сенбі күні, қолымыз тиіп, хат жазуды қолға алдық...

Әскери киім бергеннен кейін елден киіп келгендерімді қайтару керек екен, мен сол киімдерімді, көрпе-төсегімді саған жібердім. Аларсың.

Мұқан-ай, адам әр түрлі болады ғой. Сонымен қатар, әр түрлі іске де, қиыншылыққа да үйренбекші: Алматыда бір сағатта киініп болмайтын Баубек, қазір 3 минутта киініп болады; 3-4 сағат қызмет істеп, қарап отыратын Баубек, енді он екі сағат қызмет істейді, сағат онда төсектен тұратын батыр, бұл шақта ертеңгі алтыда қақшиып тұра келеді. Сөйтіп, бес күннің ішінде-ақ осылайша құрдай жорғалайтын болып алдық. Барлық өмір осында. Мұндағы өмір — өмір емес деген сөз Алматыда айтылған құр бос сөз екен. Шын өмірге жаңа араластық.

Мәскеуді аралап, қызықтарын көрдік, метроға түсіп, электр поезымен жүріп өттік, әрине, командамен (айн, цвай дегендей).

Адам қызық сияқты, өздерің шығарып салғаннан кейін әр түрлі адамдармен жолдас болдық. Ең қиын нәрсе — елден кетемін деу емес, кетіп қалу емес, ұзақ жерде жүру емес, тек жүрер сәтте он-он бес минут — нақ қол алысып айрылысу уақыты аса қиын екен.

 

Расстаться трудно, плачу я,

Оставаться не могу, милая моя...—

 

деген сияқты нағыз айрылысу шақ қиын екен. Мысалы, сендер Қатира екеуің сыртта, біз вагонның ішінде тұрып қоштастық. Мен вагонның ішінде өлі тиген жылқыдай теңселіп жүрдім. Тек сендер тұрған есікке қарай беттесем, көзімнен жас ыршып кетеді. Тіпті қиын болды. Жыламайын деп кейін шегінемін, бірақ сендерді қимаймын, вагонның есігіне қарай жүрсем болғаны, көзімнен жас атып кетеді. Тіпті адамның жүрегінің елжірейтінін бірінші рет білгенім осы. Бір жақсы  жері, вагонның ішіндегі жастардың бәрі де өзімен өзі болып, менің жағдайымды байқамады.

Мен сенен гөрі Қатираны қимадым, көзімнен шыққан жастың бәрі, шынын айтқанда, Қатира үшін сияқты болып тұрды. Соңынан вагоннан шығып, жерге түсіп қоштасқанымда, сенің жүдеп тұрған пішінің, оның үстіне, жапанда өскен жалғыз кәдедей маған, менің жалғыздық дүниесінде жаралған жүрегіме онша оңай соқпады. Сөйтіп тұрсам, мына жағымда Ғазиз: «Ана Мұқан иттің қиналып тұрғанын-ай»,— деп еді (өзі де сендерді қимай тұр), мен онан сайын тегін көз жасын төгуді аяғаным жоқ. Ғазиз мықты екен, ол күліп жүрді. Бірақ мен күле алмадым. Жыладым. Неге екенін өзім де білмеймін. Не керек, өзімнің ес білгеннен бері тостағанымды жуғаным (әке-шешем өлгенде де жыламаған едім), жүректің нашарлағаны болуы мүмкін. Екі жылдан кейін елге қайтармыз. Ғазиз бұдан ерте қайтамын деп жүр. Осыған орай, мен сендерге ол арқылы сәлем жолдамақ болып отырмын. Оны 5-6 айдан соң қайтаруы да мүмкін. Бірақ бұл ашық мәселе емес. Ең жақсысы, қасымда біраз жолдас балалар бар, Ғазиз екеуіміз бір жердеміз, инженерлер батальонындамыз4. Мәскеу қысы суықтау, бірақ көйлекпен жүре беруден жауынгерлер қорықпайды.

Өздеріңнің шаруаларың қандай? Қатираның үй-іші аман ба? Қапастың үй-іші аман ба? Сарамен мәселе жағын қалай көтерігі тұрсың? Ғазиздің үйіне барып тұр. Кемпірді көңілдендіріп қойып, Сара жағын да ептеп былай нетіңкірегі қойсаң!!! (Көзі кішірейіңкіреп, беті күлімдеңкіреп тұр деп ойлап қалма осы кезде). Өзі жақсы бала ғой.

Мұқан, менің ескі киімдерімді, төсек-орнымды шамаң келсе, түгел сатқызып жіберсең де, болмаса құдайы ғып біреуге берсең де болады. Тек жаңа ботинкам, костюмім, екі жібек көйлегім қалсын. Камалбектің шинелін өзіне қайтып бер, ренжімесе пальтомды ала сал де. Айт!

Қош, Баубек.

Хат жазып тұр! Тек хатпен білісіп тұру да көп болмас. Ал қолың тимесе, өзің білерсің. Біздің қолымыз демалыс күні болмаса, басқа күндері тимейді. Халықаралық жағдайға байланысты жұмыс күніміз он екі сағат.

Сенімен мен төрт-бес жыл жолдас болып-ек, бірақ мені армияға барарда ренжітіп жібердің, төрт-бес күн түгіл, бір күн көңілді жүріп айрылуға мен арманда болдым. Бірақ, не керек, әйтеуір, сен ренжіме!

Қош, Баубек.

 

Мой адрес:

Москва, 33 п/я 250,

Булкишеву Баубеку.

Тек осы хатты өзің оқы. Менің түнеугі күні түсіп, квитанциясын тастап кеткен суретімнің біреуін жібер, қалғанын қағаздарымның арасына сала сал.

Көп оқылғандар