Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

07.04.2015 8003

Әкеге хат

Автор: Әкім Ысқақ
Көке, Сіз білесіз бе, мен қазір өткен күндерге жиі көз жүгіртемін. Балалық шағымның әр бөлігі мен үшін ерекше естелікке толы. Қайта оралмас тәтті сәттерді, сағымға айналған сағынышты кездерді еске алып, оңашада ой құшағына бөленемін. Кейде өз-өзімнен күлімдеп, кейде үнсіздік әлеміне бет бұрып, мұңайып кетем... Тәубә, Аллаға сансыз мадақтар мен мақтаулар болсын, қазір арамызда асқар тау болып отырған Өзіңіз барсыз. Көке, Сіз – біздің биік шыңымызсыз. Біз сізге әлі де жас баладай еркелеп, ақыл-кеңес сұраймыз. Көке, мен алаңсыз асыр салып ойнаған балалығымды ғана емес, жаныма жақын жандарым – аяулы атам мен ардақты апамды (әжемді), анам Ләйләні сағынамын. Олар күні кеше біздің ортамызда болды ғой. Кеше ғана атам мен апам өсиетін айтып, басынан ақ жаулығын тастамайтын анам мейіріміне бөлеп жүрді емес пе бізді?! Мына жарық дүние мәңгілік мекен емес екен ғой. Баяны да, байлауы жоқ өмірдің қас қағым сәтте өте шығатынын білмей қалыппыз. Енді, міне, олар біз көрмеген алыс сапарға аттанып кетті... Біле білсек, бақыт дегеніміз байлық пен мансап емес. Бақыт деген шаңырағыңдағы қазыналы қарттар мен былдырлаған тәтті үнді бүлдіршіндердің күлкісі екен. Бала күнімде марқұм апам: «Сендердің табандарыңа кірген шөңге менің маңдайыма кірсін», – деуші еді. Көке, бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, суыққа тоңдырмай, ыстыққа күйдірмей мәпелеп өсірдіңіздер. Иә, жарықтық анам марқұмның дәм-тұзы ерте таусылды. Балаларын бейнеттеніп өсіргенімен, қызығымызды көре алмады... Көке, арамызда ақылшы болып қарайып отырған өзіңізді қаншалықты бақытты ете алдық?! Сіз бөлеген мейірім-шуағының титтей бөлігін біз өзіңізге жасай алдық па? Осы мені ойландырады. Ақ парақ пен қауырсын қаламды жаныма серік етіп, өзіңізге хат жазуымның сыры осында, көке. Иә, алғашында абдырап, не жазарымды, неден бастарымды білмедім. Жүректегі тұнған сағынышты һәм келмеске кеткен балдәуренді өзіңізбен бөлісіп, естен кетпес шақтарды естеліктер арқылы болашаққа сіздің көзіңізбен қарап, ұрпаққа ой салсам деген үміт қой менікі. Балалық шаққа саяхат жасап, атамның өсиеттеріне, апамның ізгі қасиеттеріне, анамның асыл тірліктеріне, өзіңіздің жүріп өткен жолыңызға тоқталуды ұйғардым. Көке, менің сағынышқа толы хатым өткен күннің белгісіне айналары хақ. Біздің әулеттің ұл-қыздары әр кез бабалар салған ізді өшірмей, аналар жаққан шырақты сөндірмей, адалдықты ту ететініне сенімім мол. Өйткені біз Сіздер берген тәлім-тәрбиені балаларымыз бен немерелерімізге үйретіп келеміз. Ертең олар да ұяда көргенін ұрпағына үйрететіні анық. Тек Жаратқан ием пәле-жала, қауіп-қатер мен тіл-көзден сақтасын...   Шыққан шақта сеңгіріне сексеннің, Өміріңнің өткелдерін өткердің. Мақтан етер, сеніміңді ақтап өтер Ұлағатты ұрпағыңа бек сенгін!
Әке көрген оқ жонар    Қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақал бар. Бұл сөздің мазмұны терең. Сонау ерте дәуірден қазақ азаматын бағалап, ерекше қадірлеген. Ата-бабаларымыз елін жаттан, жерін жаудан қорғау үшін, иығына садақ асынып, қорамсағын оққа толтырып, қозы жауырын жебені мөңірете тартып, адырнадан ағытатын болған. Ерте кезде дұшпанның шебін бұзып, ортасын ойсырататын қозы жауырын жебелі оқтың бел ағашын жону нағыз әке тәрбиесін көрген жауынгер ұлдың ғана қолынан келген. Сол себепті ақылды әке ұлына алдымен оқ жонуды үйретеді екен. Оқтың бел ағашы түзу жонылса, ол нысанаға ауытқымай дәл тиеді. Сондықтан да садақтың оғын түйсігі дамыған, шеберлігі шыңдалған, ақылы кемел, ойы ұшқыр, сезімі сергек адам ғана жасайды. Ұрпағын жебе жасауға баулыған бабаларымыз оқты жона білген ұлды ұлыстың бағы деп түсінген. Содан бері қаншама заман өзгерсе де, қаншама ғасыр өтсе де, қазақтың осы бір өзекті өнегесі мәні мен мазмұнын жойған жоқ. Қазіргі технология дамыған дәуірде ағаш оқты жонбасақ та, атаның «оқ жонар» асыл мұратынан тайғамыз жоқ...Көке, біз – ата жолын жалғаған ұрпақпыз. Біздің әулет – атаның ізгі жолын қуған, ұстаздықтың оғын жонған әулет. Сіздер ұлды ұятты, қызды қылықты етіп тәрбиелеуді үйрететін халық даналығындағы ұлылық ұлағаты мен үлкендік өнегесіне зор көңіл бөлдіңіздер. Міне, осының негізінде біз сіздер берген тәрбиенің жетегімен тура жолдан таймай, адалдықтың туын көтеріп келеміз. «Тегіне тартқан тегін болмайды» демекші, көке, біз дүниенің кішкентай кірпішіндей қаланып, әрқайсымыз өз жолымызды таба білдік. Алға қойған алыс арманды бағындырып, межелі мақсатты орындай білдік. «Тәрбие тал бесіктен басталады» екен. Біз айналамызға кең қарап, терең ойлауды атамыз бен Сізден үйрендік...Атам демекші, менің марқұм Сұлтан атам қазақтың кең даласындай бекзат болмысты, жаны жайсаң жан еді. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған. Жарықтық көкірегі ояу, көрген-түйгені көп, қазынасы мол адам еді. Біздің ұстаздар әулетінің басында осы атам тұр. Атамның саналы ғұмыры өзінің кіндігінен тараған жалғыз ұлына, яғни менің көкем – Әбдіқайымға, артынан маған әсер етті. Мен атаммен мақтанамын. Олай дейтінім, атам ұрпағының ғана емес, ауыл балаларының саналы азамат болып өсуіне септігін тигізген. Атамның есімін бүгінде көпшілік ардақ тұтады. Баяны да, байлауы жоқ өлшеусіз ғұмырда атам ізіне өшпейтін мұра қалдырған. 1940 жылы атам жарықтық ауылда өз қолымен орнатқан мектебіне ұлы ақын Абайдың есімін бергізген екен. (Әуезовтың әйгілі «Абай жолы» кітабы осыдан екі жылдан соң жарық көріпті). Ол заманда мектепті ұлы ойшылдың атымен атау ерлікпен тең екені айтпаса да түсінікті. Атам іргесін қалаған Абай мектебінің табалдырығын мен 1967 жылы аттадым. Осы мектептен бітірген түлектер қазір еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Мен мектепті бітірген тұста алдымда мамандық таңдаудың бірнеше сатылары тұрды. Адамдық пен адалдық диқаншысындай ұстаздық жолын ардақтаған ата, әке тәрбиесімен бойға сіңген тектілікті сақтау керектігін түсіндім. Ұстаздықтың ұлы мұратын көксеген әке ұлағатын жалғастыруды жөн санадым. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген осы емес пе, көке?!.

 

   

Көп оқылғандар