Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
1 маусым - Балаларды қорғаудың халықаралық күні...

01.06.2023 1674

1 маусым - Балаларды қорғаудың халықаралық күні 14+

1 маусым - Балаларды қорғаудың халықаралық күні - adebiportal.kz

Бірінші маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні. Адамзат қоғамының ең сүйкімді де, әлсіз, әрдайым қорғауды қажетсінетін, аялап, еркелетуді жақсы көретін жас өскін буынына ересектер тарапынан барынша ілтипат мейір төгетін күн.

«Бала – адамның бауыр еті» дейді, қазақ. Бүгінгі өмірін ертеңге жалғайтын ұрпағының дені сау, ақыл-есті болып өсуіне жете мән беріп, барынша күш салу – саналы адамның ғұмырлық мақсаты. Қазақ – бала тәрбиесіне ежелден ерекше мән берген халық. Бұл – құр жаттанды айтыла салған сөз емес. Ұланғайыр өлкені сырт дұшпаннан қорғау, ішкі бірлік-берекені нық ұстау, отбасын асырау үшін шаруаға бейім, өмір сүру икемділігі мен дағдыларын тиісті деңгейде игерген болу қатарлы жеке тұлға мен қауымға ортақ мәселелердің шешімі кешегі қазақ қоғамында қалай табылды деген сұраққа телегей-теңіз ауыз әдебиеті толығымен жауап береді. Қазақтың бай фольклорында мұның бәрі егжей-тегжейлі көрініс тапқан. Қазіргідей білім беру жүйесі, стандарттар жоқ заманның өзінде қазақ халқы өзінің жас ұрпағына саналы тәрбие бере білген. Ұрпағына заманға сай озық та сапалы білім беру – кез келген ата-ананың қолынан келерліктей мүмкін жағдай болмаса да, ауқатты қазақ отбасылары балаларына өз заманындағы ресейлік, еуропалық беделді білім ордаларында оқытып білім алдырғанына мысал көп. Қазақ баласының білім мен ғылымға бейімділігі, алғырлығы – соңғы үш ғасыр жүзінде сан жүздеген мысалдар арқылы әбден дәлелденген ақиқат. Жаңа ортаға тез бейімделіп, бұған дейін өзіне беймағлұм жат тілді игеріп, аз уақыттың ішінде ғылымның тереңіне бойлап, ресейлік зиялы ортаны таңғалдырған тұңғыш қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов Омбыдағы кадет корпусына оқуға он екі жасында барғаны белгілі. Жапон халқының өз ұрпағының ой-санасына ана тілін әбден орнықтырып алмайынша шет тілдеріне басым бағыт бермейтіні бекер емес. Сондықтан да балабақша жасындағы балаларға қазақшадан өзге тілдерді таңу – ұлт болашағына жасалған қиянат болмақ. Қазіргі күні ақпарат беру мен қабылдаудың ғасырлар бойы қалыптасқан үрдісі өзгерді. Ата-ананың, балабақша мен мектептің білім-тәрбиелік ақпараттарды балаға берудегі рөлі жөніндегі түсініктерді де қайта қарайтын заман туындап отыр. Ең бастысы – бүгінгі жас қазақстандықтардың қайғысыз-қамсыз  өмір кезеңі – балғын балалық шағының аспаны әрдайым ашық, көңілі еш алаңсыз, киімі бүтін, тамағы тоқ болуына қоғам болып атсалысуымыз болмақ. «Бала тәрбиесі – баршаның ісі» деген кешегінің ұраны ешқашан ескірмек емес. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар