Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Гүлжаһан ОРДА: Шынайылықпен бейнеленген шығарма...

18.01.2016 4906

Гүлжаһан ОРДА: Шынайылықпен бейнеленген шығарма

Гүлжаһан ОРДА: Шынайылықпен бейнеленген шығарма - adebiportal.kz



(Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы жөнінде)


20-500x750.jpg

Тәуелсіздік, бостандық жолындағы әр түрлі тарихи күрестерге толы ХХ ғасырдың ең соңғы үлкен оқиғасы 1986 жылғы Желтоқсан екені баршаға мәлім. Алайда содан бері ширек ғасыр өткенін зымыран уақыт байқатпай қойыпты. Кезінде күллі әлемді дүр сілкіндіріп, елді алаңдатқан сол оқиға талайларға үлкен сын да болды. Атқамінерлер отырған мамық креслосынан айырылып қалмау үшін күрессе, енді біреулер ұлт үшін, намыс үшін жанын шүберекке түйді. Қанды оқиғадан кейін Жазушылар одағына кездесуге келген Колбинге кеңестік дәуір тұсында шовинизмнен тайсалмай «Мен қазақпын!» деп жар салған Жұбан Молдағалиевтің: «Желтоқсанның көргенше он алтысын Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен» деген сөзі бүгінде ауыздан-ауызға тарап, аңызға айналып кеткені мәлім. Осындай сын сағатта қазақтың ақындары мен жазушылары қатал сыннан өтті. «Хан емессің, қасқырсың, Хас албасты басқырсың» деп Жәңгір ханға қарсы шыққан Махамбет ақынның өр ұрпағы осылайша кеңестік дәуірде бірінші хатшыға ашықтан ашық қарсы шықты. Мәскеуде өткен съезде «Тіл кеспек болса да, бас кеспек жоқ» екеніне сүйенген Мұхтар Шахановтың жанкешті ерлігін басқа ұмытса да, содан кейін ресми ақталған желтоқсандықтардың ұмытпайтыны анық.


Міне, содан бері өткен ширек ғасырда қазақ әдебиеті Желтоқсан тақырыбен толықты. Поэзия, проза, драматургия жанрларының бәрінен де Желтоқсан туралы шығармаларды молынан атауға болады. Желтоқсанның жиырма жылдығы тұсында Жастар мен жасөспірімдер театрында тұсауы кесілген С.Асылбековтің «Желтоқсан түні» пьесасының қатары бүгіндері И.Сапарбайдың және басқа да драматургтердің шығармаларымен көбеюде. Бұл мәселеге келгенде қазақ жазушылары да қарап жатпағанын байқатуда.


Желтоқсан оқиғасы жөніндегі кең құлашты эпикалық прозалық шығармалардың қатарында Т.Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» (1998), «Желқайық» (2011), Н.Қуантайұлының «Қараөзек» (2002) романдары мен бірнеше әңгіме, повестерді атауға болады. Аталған шығармаларда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қазақ халқына алып келген қасіреті жекелеген кейіпкерлер өмірімен шынайы бейнеленді. Саяси айыпты болып табылған қуғын-сүргін құрбандарының кеңес түрмелері мен лагерьлерінде өткен күндері тың деректермен оқырманын өзіне баурады. Аталған шығармалардың барлығы да тәуелсіздік үшін күрескен қазақ жастарының азаттық жолындағы арпалысы ретінде танылды. Желтоқсан оқиғасының аяқ астынан өршіп кетуі, алаңғы шыққан жастарды басып жаншу, оларға жүргізілген сұрақ-жауап процестері, қыспаққа алудың салдарынан қуғын-сүргін құрбандарының тағдырдың тауқыметіне ұшырап қиын-қыстау күн кешуі, түрмеге түскен жастардың мезгілсіз қыршынынан қиылуы – барлығы да сол тұстағы ел өміріндегі шындық. Бұл романдардың негізгі жетістігі – жетпіс жылдан аса өмір сүрген Коммунистік партияның халыққа жасаған қиянатын, бар болмысымен көркем шындыққа айналдыруы. Мызғымас Кеңестер одағының құрамына енген қазақ халқына жасалған сынақ тәжірибесі қаншама жастың қанын судай ағызды. «Бас жарылса, бөрік ішінде» дейді атам қазақ, тән жарасы жазылар, алайда араға жиырма бес жыл салғанмен жан жарасы жазылмайтыны анық.


Желтоқсан шындығының бір қырына Н.Қуантайұлының «Қараөзек» романына қанығамыз. Аталған шығармада жазушы 1986 жылғы қазақ жастары дүрбелеңін басып-жаншу кезінде нақақтан сотталған жас жігіттің өзгеше тағдырын кеңес түрмелері мен лагерьлерінде өткен ауыр жылдарымен бейнелеген. Тоқсаныншы жылдардың басындағы рынок деп аталатын қоғамдағы жаңа, тосын тіршілік бүкіл елдің басынан өткен заманауи өзгерістермен сабақтастырыла суреттелген. Тың дерек, бөлек тәсіл арқылы замана шындығын шынайы әрі әсерлі бейнелеу мақсатында автор ширыққан тартысты оқиғаларды іріктеп алған.


Роман кезінде жас әдебиетшілердің 2001 жылы өткен республикалық кеңесінде жоғары бағаға ие болған.


«Қапас түн жарық күнмен, қоңырсалқын көлеңке шыжыған ыстықпен теңесе алмас» деген Құранның Фатыр сүресінің 20-21 аяттарын эпиграф ретінде алған жазушы жарық, бейбіт күн мен қапастағы өмірді салыстыра сөз еткен. Үш тараудан тұратын романның «Тар жерде» деп аталатын бірінші тарауы аты айтып тұрғандай, тар қапастағы оқиғаға негізделген. Құрмаштың хатымен басталған оқиға Хақанның не себепті түрмеде отырғанын лирикалық шегініспен түсіндіреді. Құрмаштың өз түсін «Жақсыға жорыдым. Босанып шығады екенсің. Декабристер ақталды деп жатыр ғой. Сен де ораласың, Хақан.


Былтыр бізден шыққан әлгі депутат Мәскеуде, съезде сөйлепті ғой, сендерді ақтау керек деп. Так что қуаныш алда» деп жақсылыққа жоруы Хақанның алдынан жарық күннің туатынына хабар береді. Алайда, Мұхтар Шахановтың Мәскеуде съезде қазақ жастарын ресми ақтауды көтеруі 1988 жыл болатын. Ал, хат 1992 жылы 28 наурызда жазылып отыр. Жылы жағынан осындай айырмашылықтар болғанмен бұл хатты нақты дереккөзі ретінде тануға болады.


«Ең ұстамды, жүйкесі темір кісінің өзі айлап, жылдап трюмде отырса, жынданып кететін шығар» деп ойлады тас еденде малдасын құрып отырып. «Адам баласы әлсіз. Азап пен қорлыққа шыдап жүре беретін жан жоқ. Ерте ме, кеш пе, морт етіп сынады. Иілмес, бірақ сынып тынар». Міне, алты жыл болыпты түрме мен лагерьдің дәмін татқанына. Алты жыл. Ең асыл жылдары!.. Уыздай жас кезінде соттап жіберіп, қайран бал дәурен шақ зонада өтіп жатыр», (12-б.) - деген үзіндіден саяси қылмыскер ретінде танылған жастардың бірнеше жылдан кейін ғана ақталғандығы байқалады. Негізгі кейіпкердің осы күйге қалай душар болғандығынан хабар беру мақсатында жазушы оның өткен өмір белестерін өз аузына салады. Қасында жатқандардың Желтоқсан туралы түртпектеп сұрай беретіні, оларға айта-айта жауыр болған оқиғаны және бір қайталауға бет бұрған Хақан сол бір қасіретті күнге ойша оралады. Сөйтіп оқиға лирикалық шегініс арқылы өрбиді.


Жүйкені тоздырған сұрақ-жауап, бір сауалдың бірнеше түрленіп қойылуы, берген жауабыңның бірі де қабылданбай, өз дегенін істеген тергеушілердің құйтырқы әрекеті кеңестік замандағы ғана емес, жалпы заң қызметкерлерінің екіжүзділігін ашуға қызмет етеді. «Алтын көрсе періште жолдан таяр» дейді атам қазақ, адам тағдырын тәлкекке айналдырып тапқан наны қалай тамағынан өтеді екен, өңешіне қадалып қалмай деп таң қаласың. Құлқынның құлы болған сондай жанкештілерді «Мың асқанға бір тосқан» болмай, қара жер қалай көтеріп жүр екен деп те ойлайсың.


«Таңғы ауаны жаңғырықтыра, абалай үрген иттер жұлқынып, жеп қоярдай болып тұр. Автозак артқы есігін вагонға қарата тоқтаған. Жамбасынды «Макаров» пистолетінің қайыс қабы ілінген, еңгезердей капитан:

– Слезай по одному! Шаг влево, шаг впарво – считается попыткой побега, стреляем без предупреждения! – деп айғай салған.


Осы кезде ғана бұлар өздерінің ауыз да аша алмайтын шын тұтқын екенін сезінген. Солдаттар вагонға артыла алмай кідіріп қалған бұларды резенке таяғымен ұрып, темір тақалы етігімен теуіп, малша айдап бірақ кіргізді.


Бесін ауғанша күн астында қайтарылып тұрған тұтқындардың вагоны зорға дегенде пойызға тіркелген» (61-б.), – деген үзінді Хақанның аса қауіпті саяси тұтқын ретінде табылғанын, оның алдағы өмірі бүгінгіден де жаман болатындығын байқататын сурет. Осылайша ана сүті аузынан кетпей жатып, оң-солын танымай, саясат деген сайқал иттің не екенін білмей жатып аса қауіпті тұтқын ретінде танылған оның өмірі бір сәтте шыр айналып кете барды.


Алғашында Маңғышлақ, кейін Қостанай түрмесінде талай қиыншылықты басынан өткізген оны бір түрмеден екінші түрмеге ауыстыруының астарында да үлкен саясат жатыр. Қазақстандағы «еңбекпен түзеу» лагерьлерінің ең ауыры, ең жаманы Маңғышлақтағы зона болса, Хақанды сол жерге апарып ауыр еңбекпен тұралатып тастауды көздегендерінен түк те шықпайды. «Сені, сүмелек, итке тастап, сүйегіңді шашып жіберсем де, ешкім қой дей алмайды. Ешкім заңсыз деп айта алмайды, үйткені сен, – сұқ саусағын кезеген, – сен құлсың. Тем более политический заключенный! Резать всех надо!», - деп, тепкінің астына алғанда бүйрегінен қатты зақым алған ол кіші дәретке отыра алмай қиналып жатқанда санчастьтағы Валяның декабрист деп маңына да жолатпай қойғандығы, т.б. барлығы да саяси тұтқындардың тағдыры қай кезде де оңай болмағандығын байқататын эпизод. Тепкілеп өлтіре алмайтынын білген олар Хақанды жұмыстың қайдағы ауырына салып бағады. Содан кейін ауылда күрек ұстаған қазақ баласын ауыр жұмыспен де мұқалта алмайтындығын білген ішкі істер қызметкерлері қазағынан гөрі өзге ұлты басым солтүстік өңірдегі Қостанай түрмесіне ауыстырады. Ондағы мақсат – жас декабристі көзін шел басқан жаналғыштардың арасына апарып жанын жаһаннамнан келтіру екені белгілі. Жаңа жерге барып, оның басбұзарларына (пахандарына) үйренгенше талай қорлық көріп, итше таланып, құр сүлдері қалып, терісі сүйекке ілінген Хақан өмірі тар қапастың қай жерде де тозақ екендігінің көрінісі. Жазушы тор көздің арғы бетіндегі түрме шындығын нанымды бейнелеу мақсатында кеңес түрмесінде отырған қылмыскерлердің өмір тіршілігінен толық мағлұмат беру үшін сол жақта қолданылатын жаргон сөздерді молынан пайдаланған. Белгілі бір топ арасында ғана қолданылатын волчок, кормушка, гайдамак, трюм, шконка, кум, кумовя, наседка, компромат, бродяга, отстойник, промзона, чифир, ходка, крадун, щипач, писак, СИЗО, ДПНСИ, коньды, карцер, коневой, стаканчик, семейка, малява, положенец, т.б., жаргон сөздерге анықтама беріп отырған. Жаргон сөздер бір ортада өмір сүретін топтардың өмірінен хабар беріп қана қоймай, олардың өзіндік ерекшелігін аша түседі. Бұл жерде жатқандардың қылмыстары да түрліше. Бірі жастайынан жетім қалып, алғашында күнкөріс үшін, кейін әдетке айналған қалта ұрысы болса (Колян), екіншісі жазықсыз жазаланған бейкүнә жандар (Мұқан). Жазушының олардың әрқайсысының қылмысы мен кесілген жазасына айрықша тоқталғандағы мақсаты – «әділ сот» деп ел сенген, халық мол үміт артқан кеңес сотының әділетсіздігін әшкерелеу еді. Жаламен құрдымға кету тек қана Хақанның басында еместігін, қасындағылардың әңгімелерінен байқауға негіз мол.


1986 жылы 17 желтоқсан күні Брежнев алаңындағы жиналғандардың не талап етіп жатқанын, бейбіт шерудің неге ұзаққа созылып кеткенін білгісі келген жастардың ұстаздарының қадағалауынан қашып шығып, алаңға жетпей қолға түсіп қуғын болуы сол күндердегі тарихи шындықтың бір көрінісі. Біреудің мұрынын қанатпақ түгілі, алаңға жетпей ұсталған Хақан өмірін 86 жылы жазықсыздан жазықсыз сотталған, қуғын көрген (жұмыстан босатылып, сабақтан шығарылған) мыңдаған жастардың типтік бейнесі ретінде тануға мүмкіндік мол. Себебі, бұл Қайрат Рысқұлбековтің басынан өткен оқиғаға да ұқсас.


Алаңнан қашып шыққан қызды сапер күрегімен сұлатып салып, шашынан сүйрей жөнелгенін көрген Хақан оған араша түсіп, прапорщикті иек тұстан салып қалғаны үшін алты жылға сотталып кететінін қайдан білсін. 16 желтоқсан күні бейбіт шеруге шыққан жастар келесі күні осылайша мұздай қарумен құрсанып, бес қаруын асынған әскерге жолығып еді. Жастарды алаңға кіргізбей, осылайша топтап-топтап тоғытып, қойша иіріп, сапер күрекпен сұлатып салып, машинаға лақтыра бергені де рас. Батыр бір оқтық дегендей, алпамсадай жігіттердің қарумен құрсанған, қатыгез әскерге қарсылық көрсете алмай, баудай қырылғаны да содан. Міне, осы шындықтың бәрін көзімен көрген Хақан сынды жандар болмаса, көпшілік үшін теле экраннан көріп жүрген көркем фильмнің белгілі сюжеттері секілді әсер ететіні жасырын емес. Алайда, қас пен көздің арасында өткен осы оқиға қаншама жастардың өміріне балта шапты. Олардың көпшілігі алаңда не болғанынан бейхабар еді. Жастарға үгіт-насихат жүргізілді, оларды бастап алып барған белгілі топ бар дегенге де сене беруге болмайды. Мүмкін белгілі топ жұмыс жасаған шығар. Бірақ олардың үгіті күллі жастардың құлағына жеткен жоқ. Керісінше, «Ит қорыған жерге өш» дегендей, «бармаңдар, болмайды, арты жаман болады» деген ұстаздарының үркітуінің артында қаншалықты шындық жатқанын білгісі келген жастардың көпшілігі алаңға өз еріктерімен барғандығын автор Хақан бейнесі арқылы көрсетуге тырысқан: «Рас, ес жидырмады. Осының бәрі қас пен көздің арасында өтіп еді. Хақназарға түс сияқты көрінген. Тіпті өз көзіне сенбей отыр еді: бір ауыз сөзге келмей, итше сабағанды кім көрген» (21-б.).


Милиция, өрт сөндірушілер, шекара әскерінің курсанттары, ішкі істер әскерінің бір жерге жиналып, жасақталғанын көрмеген жастар кинодан ғана көретін мұндай оқиғаны өз көздерімен көру үшін қызықтап барғандары қаншама. Сондай қызығушылықпен барғандардың бірі – Хақан. Он сегіз жастағы балаң жігіттің қай бір саясаттан хабары бар дейсіз. Ал, оларды саяси тұтқын ретінде ұстап, бірнеше жылға соттап жіберуі де басқа сыймайды. Хақанға болмаған жайтты айғақ етіп, бір емес екі куәгермен істі дәлелдеп жүрген жәбірлеуші Звягинцев пен куәгер Рыжова екенін ескеретін болсақ, осындай арсыздардың бір Шығаевқа емес, қаншама жастың мойнына жасамаған қылмысын қиып салғаны да белгілі. Осы романдағы Қақанның жалғыз ілікті ананың құрсағынан шыққан жалғыз басты жігіт екенін ескеретін болсақ, алдын ала жоспарланған тайдырмайтын айғақтарды ішкі істер қызметкерлері осындай іздеушісі жоқ жандарға жапқанын аңғаруға болады. Қолына радиорубканы ұстап, бір емес, екі-үш күн алаңды шарлаған Н.Сабилянов секілді белсенділердің сотталмақ түгілі, бір тал шашы түспегенін, көп ұзамай-ақ, желтоқсандықтар ресми ақталмай жатып асығы алшысынан туып алшаңдап, тасы өрге өрлеп шыға келгенін ескеретін болсақ, осы оқиғаның артында ашылмай жатқан қаншама шындықтың бар екендігі күмән туғызбайды.


« – 1986 жылы 17, 18 желтоқсан күндері Отаныма борышымды өтеп, Алматыдағы Брежнев алаңында өз қызметімді атқарып жүргем. Өздеріңіз білесіздер, сол күні экстремистік, террористік топтар белгілі бір мақсатқа жету үшін сол жерде қоғамдық тәртіпсіздікке жол берді ғой... Мен адал қызметімді көрсеттім ол кезде», - деп, Отанына адал қызмет ететін Звягинцев екі беті бүлк етпей жалған сөйлеп, жазықсыз жанға жала жауып, оның жас өміріне балта шапқанымен ісі де жоқ.


Көркем шығармада кейіпкер түсін орынды пайдалану да көркем тәсілдің бірі ретінде танылады. Түсті жазушы алдағы уақытта, болашақта болатын оқиғалардан алдын ала хабар беру мақсатында пайдаланған. Осылардың қатарында шығарманың басындағы Құрмаштың түсі мен Хақанның түрмеден босар алдындағы түстерін атауға болады.


Ертеректе болған ертегі-аңыздарды айтылар негізгі оқиғамен ұштастыра пайдаланып, оқырманға үлкен ой салу да көркем шығармаға тән тәсілдің бірі. Осы тұрғыда автор негізінен Адам ата Хауа ана мен Пайғамбарлар өміріне қатысты аңыз-әңгімелерді молынан пайдаланғандығын баса айту керек. Оның да өзіндік бірнеше себептері бар. Біріншіден, жазушы сол оқиғалар арқылы қазіргі таңдағы имандылықты ұмыта бастаған замандастарымызға ой салса, екіншіден, қазақ әдебиетіндегі ислам тақырыбын жаңаша түлетуге ден қойған.


«Қияда» деп аталатын тарауға Хақан мен Самал, Құрмаш пен Айгүл арасындағы махаббат линиясы арқау болған. Шет тілдер институтында оқитын қыздармен бірге тауға барып коньки теуіп, таза ауада демалып жүрген сәттер Хақан өмірінің бір сәт дамыл тапқанын байқатқанмен, оның аяқтан таусылып пәтер іздеуі, екі қолға бір күрек таба алмай сандалуы – сол кездегі ел өміріндегі тығырыққа тірелген сәттен хабар береді. Осындай тығырыққа тірелген Хақан тосыннан жолыға кеткен курстасы Ернардың ұсынысын қабылдауға мәжбүр еді. Алғашында Ернардың барахолкадағы бір контейнерін жалға алып, саудамен айналысқан ол қожайынының ұсынысына қалай көніп қалғанын өзі де білмейді. Бірге сауда жасап жүрген серіктес бір қытайды 20 000 АҚШ долларымен лақтырып кетуді көздеген ол отты Хақанның қолымен күрейді. Осылайша ала аяқтардан ат тонын алып қашқан ол қалайша сыбайлас болып қалғанын өзі де білмейді. Ақша қалай келсе, солай кететінін Хақанның қалтасынан 500 АҚШ долларын ұрлатып алуымен түсіндірген жазушы арам ақшаның титтей құны болмайтындығына сендіріп баққан. Алайда, қалтаға түсетін, киімнің ішіндегі ақшаны іліп кететін, сумканы тіліп кететін ұрылардың тоқсаныншы жылдары барахолканы қаптап кеткенін еске алатын болсақ, Хақанның басынан өткен бұл оқиға сол кездегі ала аяқтардың ісін айғақтауға қызмет етеді.


«Қаза» деп аталатын үшінші тарауда жетпіс жылдан аса өмір сүрген Кеңестер Одағы ыдыраған соң, өз алдына тәуелсіз ел болған Қазақстанның экономикалық тығырыққа тіреліп, базар біткеннің бәрін жаулап алған қытайлар мен ала қап арқалап, базар жағалаған қазақтардың мүшкіл халі сөз болған. Құрмашты іздеп жүріп базарда жолығып қалатын Алданғордың әйелінің өтініші бойынша затын тасып бермек болған Хақанның баяғы қытайдың қолына түсіп, ішке сұққан пышақ жарақатынан бауыры зақымданып, үш күн Қалқаманның ауруханасында жатып жан тапсыруы, оның жансыз денесін ауылдағы анасына алып баруы – бәрі де қайғылы қазаның көркем суреттері. Көктемнің қараөзек шағында қазаға ұшыраған Хақан өлімі, тоқсаныншы жылдардағы тәуелсіз жас мемлекеттің қараөзек шағын көз алдымызға елестетеді.


Осы тараудағы Консерваторияны бітірген Құрмаштың табиғат берген өнерінің түкке жарамай, жұмыс таппай сенделіп ақыр аяғында барахолкадан тиянақ табуы – домбыраның құлағында ойнаған күйшілермен бірге ұлттық өнеріміздің құрдымға кетіп бара жатқандығынан хабар берер эпизод. Қысы-жазы аяқтан өткен сыз ақыр түбі Құрмаштың екі өкпесін тесіп тынады. Шығарманың эпилогында республикалық Тубдиспансерде жатқан Құрмаштың тесік өкпесі қазақ біткеннің жанын мазаласа керек. Сол секілді шиеттей бала шағасын асыраудың қамымын алғашында шемішке сатып, кейін Ерланнның бір контейнерін жалға алатын Алданғор мен Үрзипа сынды ерлі-зайыптылар өмірі, Шет тілдер институтында оқып жүрген қыздардың құрбыларының көпшілігі бастарына қиыншылық түскенде кришна дініне өтіп кетуі – ащы болса өмір шындығы. Тоқсаныншы жылдары жеке дербес ел болған Қазақстанның экономикалық тығырыққа тірелуінен қазақ отбасыларының жаппай тұрмыстық әл-ауқатының нашарлауы, ауылдағы совхоз, колхоздар таратылған соң, қалаға қарай ағылып ала қап арқалаған қазақтар мен ислам дінінен хабары жоқ жастардың басқа дінге топ-тобымен өтіп кетуі – бәрі де тоқсаныншы жылдардағы Қазақстанның астанасы Алматы қаласының тыныс-тіршілігін көз алдымызға шынайы қалпымен алып келеді.


Хақанның жан дүниесінде болып жатқан сезім толқынын шынайылықпен бейнеленген шығарма оқырманын тез баурайды. Алайда, шығарманың шешімі үлкен ой салады. Алты жыл тар қапаста талай қорлықты көріп, өмірдің тек қана ақ түстен емес, ақ пен қара түстен тұратынын білген жанның, екі аяқты хайуандардың арбауына түсіп, аңғалдық танытқаны көңілге сыймайды. Тәуелсіздік жолындағы соңғы күрестің құрбаны болған Желтоқсандықтардың болашақ өмірі нұрлы болуы керек еді. Оқырманның күткені Хақназардың емес, Звягинцевтің қазасы еді. Алдағы уақытта қазақ жазушылары жазықсыз қазақ жастарының қанын арқалаған екіжүзді қылмыскерлердің кейінгі өмірін бейнелейтін шығармалар жазуы керек. Себебі, ақшаға сатылған, адамгершіліктен ада болған екіжүзділердің өмірде жолы болмақ емес. Ал, «еркек тоқты құрбандық» деп жазықсыз құрбандыққа шалынған жандарға мемлекет тарапынан көңіл аударылғаны жөн. Себебі олар сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздіктің, бостандықтың соңғы құрбандары. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» дегендей, өз батырларымызды ардақтайық ағайын. Үстіміздегі жылы жиырма жылдық мерей тойын тойлағалы отырған тәуесіздігіміз Хақан сынды мыңдаған қазақ жастардың қанымен келгендігін ұмытпайық. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп М.Әуезов айтқандай, бесігімізді түзейік қазағым. 




Гүлжаһан ОРДА

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының жеткші ғылыми қызметкері,

филол.ғ.к., доцент.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар