Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Анар Кабдуллина: Іс тағдырға сызылса......

01.02.2016 5171

Анар Кабдуллина: Іс тағдырға сызылса...

Анар Кабдуллина: Іс тағдырға сызылса... - adebiportal.kz

                                     

«Боз қылаң жылқыны таңдап мінетін

кескекті Көкенай».


«Көкенай мен Қалқаман»


Айгүл Кемелбаева1.JPG

«Қалқаман-Мамыр» өз уақытында Шәкәрім атаның дуалы аузымен, жыр тілінде тербелген тақырып еді, бүгінде жазушы Айгүл Кемелбаеваның шығармасынан өз жалғасын тауыпты. Орта ғасырлардағы шығыс поэзиясынан бастау алып, қазақ арасында Абай мектебімен жаңғырған нәзирашылдық дәстүрдің жасампаздығы осы жолы тағы бір тәнті етті.


Шығыстың керенау, сап-сары маң даласы жеті қат көктің көз суыратын құпия тұңғиығындай тылсым, үнсіз. Әр тасы сөйлеп кетсе, қисса боп төгілердей. Ұлы Абай, дана Мұхтар, қажы Шәкәрім мен абыз Шәкірдің ғарыштық ой-сана кеңістігінің нақ баламасы, метафорасына айналған сарқылмас сырлы өлке – Шығыс өлкесі – шежірелер патшалығы. Кіреберіс күзетінде Күшікбайдың желі тұр. Көксеректей бөрі жортқан Бөрілінің ши-көделі адыр, жоталары. Еңліктің ұзын бұрымындай қара жол абыз елдің қойнауына қарай тартып әкете береді. Қалқаман-Мамыр тағдыры жүз жылдан соң жырға қосылған жер осы. Жеті атадан қан араластырмау салтын берік сақтаған даланың қатал заңы жазалаған қос ғашықтың трагедиялық оқиғасын өткен ғасырдың басында Шәкәрім өз поэмасына өзек еткен.


Айгүл Кемелбаева осы бір түйіні берік, күрмеуі қиын оқиғаны тағы бір жүз жылдан өзіне тән жазушылық шеберлікпен мөлт еткізіп әңгіме жанрына сыйғыза салыпты. Бұл шығарманың иірім тереңіне, кең ауқымына, түйінін тарқата түсуге сұранып тұрған ой тиянақтарына қарап, эпикалық әңгіме, немесе мини-роман деп баға берсек болады.


Экспозициядағы алғашқы сөйлемнің өзі - әдемі тың сурет. Асқан зергерлікпен орнын ойып тұрып орналастыратын құн жетпес асыл да сырлы сөз сиқыры сананы арбап, өзіне байлап-матай алады. Сөз магиясы – жазушы ой-қиялының әрдайым позитивтілігінде жатпасын! Сонымен қатар, жадыдан өшкен ықылымның тек арқылы берілетін ақпараты, маңдайға бітетін болжауы бұлдыр жазмыш пен жеті қат көк ғарыштық байланыс үштағанының құдіретін негізгі идеяның фоны ретінде ала білуімен де ерекшеленеді. Идея, негізінен, дін мен ділді, ұлттық құндылықтар мен адамгершілікті, тексіздікке ұрынбау және қарапайым адами ізгі қасиеттерді өзек етіп алуынан көрінеді. Шығарма тектілігі де дәл осы тұста аңғарылады.


«Көкенай мен Қалқаман» әңгімесінің басына назар аударар болсақ:

«Көкте жарқырауық туды. Қалқаман жеті атадан арғы бағзы бабасын түсінде көрді. Ол бұғаз мойнақ су соқпақпен көкжиекке бұлдырай асып барады. Ат басын жабумен тұтас орап тастаған. Саяқ салтатты соңынан қос атпен өзі ілесті».


Жазушы шеберлігінің бір қыры – лаконизм. Ол бұл жолы да өз ұстанымына берік: ұлттық ерекшеліктен қасиет көреді. Көк – уақыт, шексіздік. Жердегі қамшы сабындай қып-қысқа бес күннің мәңгілік бақылаушысы. Түс – аян. Алдағы болатын жайдың хабаршысындай. Ат жалын тартып мінген небір жүрегі түкті ерлердің дария, бұғазды кешіп, тарпып, діттеген жеріне жетіп тынатын мінезділігі меңзелетін «бұғаз мойнақ су соқпақ» тіркесінің де өзіндік терең мағынасы бар. «Ат басын жабумен тұтас орап тастаған...» Ит арқасы қиян алысты бағындырғанда, астындағы желдей ұшқыр арғымағын ес көретін көзсіз ерлер жолда кездескен асу бермес өткелдерден өтерінде жануардың жаны шошынбас үшін көзін байлап тастайды екен. Қалқаманның мына түсі алда болатын бір сұмдықтан хабар береді: жас оғланның ақыр соңы томырыла налып, елінен безіп кететінін оның түсінен жорып, біле бер дейтіндей.


Оқиға сонау жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезіндегі алмағайып заманда өрбиді. «Қазақты қалмақ қынадай қыратын» тұста болған. Қара Ертіс, Есіл, Нұрадан қопарыла көшкен ата-бабамызға пана болған «Ұлық ене» Сырдарияға ел кезген диуананың аузымен айтылатын мадақ бар әңгімеде: «Диуана қурайын тартты, жоқтау күй ботадай боздап төгілді. Ол есіле сөйледі:


-Су анасы Сыр ертеде Қызыл-Дария болғанда, Қызылқұмды Әмударияға шейін қиып өткенде, арнасы бір Тәңірінің рақымымен құрғамай, шөлден буыны құри, сыздықтай, жылай ақты. Қарахан тауда бабамыз жайлағалы Сыр құятын кердері суын Өгіз теңізі атағанын ұмытты мына есіл жұрт. Ол Кетбұқа түркі жұртына билік айтқан қағаным аман, Қорқыт әлі тумаған уыздай кезі еді. Қара Сырдың бойында әзиз жаны азаттық аңсаған бір құл түсінде Тәңірден аян алған деседі шіркін! Шебер Тәңірі бояулы кемпірқосақты сүйген құлына нышан қылды. Көктегі әр жұлдыздан бөлек жұққан гүл түсті доғадай иіп, бір арнаға тоғыстырған не құдірет? Жасыл, сары, қызыл, көк рең қатар құбылғанда қос өзен суы көк жойқын теңізге неге құйылмасын!..»



Шәкәрім шайырдың «Қалқаман-Мамырында»:

Көкенай – Мәмбетейдің бастаушысы,

Өзі батыр, мінезі қатты кісі.

Сол кісінің алдынан тараушы еді,

Бабаңнан соң бұл елдің көп жұмысы, - деп Көкенай батырдың қайтпас, қатты мінезділігі мен ел ішіндегі беделі айтылған. Әңгіменің тақырыбына қарап, көп нәрсені аңғаруға болады. Қос ғашықтың жауқазын махаббатын көктей солдырып, тамырынан аяусыз үзген қатыгез ер Көкенайдың әрекетіне басқаша көзқарас бар мұнда. Кемелбаеваның Көкенайы – «...жасы алпысты иектеген, сырт қалмақты ата-кегім біткен жоқ деп түн ішінде қырық шабатын бөрілігін қоймаған, тобықты түгілі иісі арғынның бас батыры.


...Есер болмай, ер болмас, Көкенай бір қисайса, райынан өлсе қайтпаушы еді». Баба салтына шырақшы, жоқтаушы болуды өзіне парыз санаған, өз идеясы жолында өлуге бар, жолдан тайғанды құрбан етуден тайынбайтын діні қатты, дәті берік, хас батыр. Көкенай Мамыр қыздың өліміне, Қалқаманның елден кетуіне себепші болды. Ел арасында «Қалқаман мен Мамырдың дауындай» деген сөз де қалған:

Көкенай тағы көнбей жатып алды,

Бітім болмай неше күн жұрт сандалды.

«Қалқаман мен Мамырдың дауындай» деп,

Мақал болып бұл елге сонан қалды, - деген Шәкәрім поэмасында.


Айгүлдің әңгімесінде данагөй абыз Әнет бабаның алдына келген Көкенайдың алға тартқан уәжі тура болса да, әділ: «Өз қарындасын алу, жиенқұрық алып, еркелеп кету емес, зор қылмыс. Осы елде алайын десе қыз құрып қалған жоқ, Қалқаман ата дәстүрді қорлады».


Мына оқиғаны естіген ел іші күңіреніп кетті. Көкенайдан кем күйінгендер аз емес. Қалқаманның мына қылығы жалпыға ақылға сыймайтындай өрескел көрінген: «Он екі ел арғын ішінде бір ру: қаракесек, қанжығалы, бәсентиін, атығай, қарауыл, тобықты мәжіліс құрды... Ара ағайынға шешендігімен топ жарған қанжығалы Ішпек би түскен.


- ...Қара басып бүлдіргенді, қарындасын қатын еткенді көрмес көзіміз көрді. Жеті атаға толмай қыз алма, әлжуаз, қораш үммет туады, нәсіл тазалығын сақта деп өсиет қылған ұлық бабалар... Қан сұйылса, көкше бөлтірігіңнен дым қалмас, қортық тумай қайтеді?»...


Бүгінгі күнге дейін қанның сұйылмай келуі ұлт ретінде саналы дамуда артықшылығымызды мойындатады. Жазушының мақсаты Көкенайдың қанды қол әрекетін ақтап алу емес, атадан келе жатқан нәсіл тазалығын сақтау сынды салт-дәстүрдің мәңгілік актуалдылығын алға тарту. Әңгіме тақырыбының «Көкенай мен Қалқаман» аталуында осындай астарлы интрига бар. Көкенай тұлға ретінде алдыға шыққан. Әңгімедегі тарихи дерек пен дәйектің молдығы, тамыры байланып, шимайланып, тереңге кеткен шежіренің шебер ширатылуы шығарманың дүниеге оңай келе қалмағандығын, жазушының қыруар тер төккен ерен ізденісін көрсетеді.


«Батырдың анасы қалмақ қызы, тік мінезін жақтыртпаса, туыстары қаталдығы қаннан дескен. 1647 жылы Орта жүз қолбасшысы Қожабергеннің басын жекпе-жекте қалмақ бегі Ұлалы алған, сонда әйелі Таңсұлу іштегі баласымен күңдікке түсіп кеткен. Қожабергеннің жеткіншек қос інісі, Сүйірбастың кіші ұлдары Әлі мен Сары жас. Араға 13 жыл салып, арғын Олжас батырды серік қылып, Сары Ұлалы ерді жекпе-жекте жеңіп, аға кегін алды. Ұлалының олжа қазақ әйелінен туған жалғыз сұлу қызын Сары бәйбішесінен туған екінші ұлы Үмбетейге қосты. Үмбетейден Көкенай туған, есімін анасы қалмақша Кукнай қойды, жасыл апиын дегені». Әңгімеде Көкенай – «ел шетінде айлап, жылдап ұрыс салған, ту қандаған талай қыл көпірден өткен» ер, тарихи тұлға.


Қалқаманға келсек, жасы небәрі он бес-он алтыдағы албырт жас, ел іргесін дұшпан торуылдаған беймаза шақта бес қаруды меңгерген, елім дегенде қоң етін кесіп беруге даяр хас батыр ол да. Тектінің тұяғы, «Әйтектің сүт кенжесі, Олжай батырдың інісі». Кейіпкердің бейнесін айқындауда жазушы өзіне ғана тән кәсіби тәсілдерін қолданады. Әңгіменің басында:


«Сыр бойын жағалай Қалқаман тең құрбы Итбақамен сейілдеген. Ол үркіншілікте анадан тірі, әкеден өлі айрылған шерлі ұл – алғадай, елі жаназасын тірісінде шығарып қойған. Өлім барда қорлық жоқ деп именбей өле беруге бақұл. Ер Көкенайға ат сүйек берген Итбақа», - деген эпизод бар. Қалқаманның тең құрбысының есімі ә дегенде түрпідей естіледі. Алайда, Айгүлдің өз шығармаларында жайдан-жай, басы артық ештеме қолданбайтындығын ескерсек, бұл жерден көз тимесін деп елеусіз, не жағымсыз ат қоятын қазақтың ежелгі бір салтын көрсеткендігін аңғарамыз. Итбақа - ел іші елең-алаңда жауымен жағаласып өлуге бейіл жас ұлдардың жиынтық бейнесі. Маңдайдағы сызығы шиырланбай тұрып, Қаламан осындай көп жас оғланның бірі ғана болатын дегенді екінші кейіпкер арқылы көрсетеді. Қалқаман мен Итбақа иен далада садақ асынып, жылқы баққан еркекшора Мамырға кезігуі Қалқаман тағдырының шиеленісінің басы:

«Мынау Әйтектің сүт кенжесі, Олжай батырдың інісі Қалқаман ғой. Атқа жас шорадай тік отыратын шабандоз қыз тұсына тақай бере атының жүйріктігіне мақтанғысы кеп делебесі қозған Итбақа суырыла алға озды. Ат тұяғының тасыры екі жылқыны ілестіре жөнелген. Үш жас ен жазықта бауыры жазыла құстай ұшқан».


Шексіз ен дала, жүйріктердің жүйткіген шабысы – шексіз меңіреу кеңістік пен алға ғана жетелейтін мәңгілік қозғалыс - уақыт. Жастық - еркіндік, албырттық – алаңсыздық. Табиғат, тартылыс, тағдыр... Олар өз жазуларынан ешқайда айналып қаша алмайтын еді.


Поэмада:

Мәмбетей өсіп, өнді бара-бара,

Сол таптан бір бай шықты жеке дара.

Сол байдың он бес жасар қызы Мамыр,

Әрі сұлу, әрі есті, еркекшора, - деп бейнеленетін Мамыр қыз ­әңгімеде: «Он төртінде туған айдай толықси бұрала, қыз киімін киіп, ителгідей таранып-сыланғаны көрер көзге оттай басылған», сөйтіп жас оғланның ішіне өрт түсірген ай ару. Қай шығармада болсын, Мамыр қыздың орны алабөтен көрінбейді. Шәкәрімнің өзі Қалқаманның елінен безіп, нағашы жағын паналап кетуін «Бір қыз үшін Қалқаман елден кеткен» деп, қынжылыс танытқандай болады. Айгүл болса: «Қалқаман жарық дүние Мамырсыз қараң екенін ұққанда, оңбай адасқанын ілкім сәт сезініп, селк ете түсті», - дейді. Құдды, жұмақта Жаратушының өзі тыйым салған ақыл ағашының жемісін жеуге Адам атаны көндіріп тұрған Хауа ана тәрізді, әңгімеде Мамыр қыз да әйелге тән еті тірілігін жасайды: «Есіл-дерті ауған қыз Қалқаманды өзі көндірді»:


-Алғаным сен болсаң екі дүниеде Жаратқан құдайыма ризамын. Жеті атаға толмай қыз алыспайтын қасиетті Дала заңын бұзған бір біз емес! Ертең өлесің десе-дағы сенен бас тарта алман. Бұған не дерсің, қалқам?»


Поэмадағы қос ғашықтың диалогы:

- Қыз алған жоқ жақыннан Тобықты әзір,

Өлтірем деп жүрмесін бізді қазір...

-Мамыр-ау, айтып тұрсың әлденені,

Шариғат қосады екен немерені.

Қайғы ойлап жаман ырым айта берме,

Алаңсыз сүйген болсаң анық мені.

Әңгімеде де төрт атадан қосылатын екі жауқазын жас ғашықтық отына күйіп, басқа дүниені тәрк етті. «Жұмсақтығы ұлпадай жекен арасында» жолықты. «Арада ай өткенде, ер Көкенай теріс батасы оқ болып, Мамырды дәл жүректен садақпен атып өлтірді деген қайғылы хабар жеті момын, бес мейрам, қоңсы найман, керейге демде тарады».


«Оқ байлау» жазасына кесілген Қалқаман «бозбала кеудесіне сауыт киіп, алатұғын ажалды сағынғандай, қасқая шауып, нысана болмаққа көнді».

Құныкер жүйрік атпен шауып өтеді, Көкенай садақпен көздеп атады. Көкенай батырдың мергендігі өз алдына: «Жекпе-жекте қалмақ Хореннің өзіне тіке атқан улы жебесін батыр қағып алып, ызалы қарсыласын табанда атып өлтіргенін әскер көзбен көрген». Осындай су мергеннің атқан оғы балаға тимей, қара санын ғана қақыратып өтуі кездейсоқтық па? Әлде тоң мінезді батырдың сұсты жүрегінің түкпірінен жылт еткен ізгіліктің шоғы ма? Итбақадай жас батырдың дат сұрайтын жері осы ойға жетеледі:


«Көкенай батыр астында Бозшеңгелі, оқ атуға белгіленген межеге желе тартқанда, топтан біреу суырыла шығып, алдын кес-кестей берген. Көкенай оның өзіне бір алапат ұрыста ат сүйек беріп, ажалдан құтқарған қарғадай жас екенін таныды...


-Көкенай аға, дат! – деді әлгі. – Бөрі күшігін жемес. Мен асылым өкіреш найман, бір өзіңе екі өлім, қос бауыр ауыр болар, батыр! Ғазиз жұртың жас өлімге наразы. Ұлы бабам ер Кішілік қаһарлы хан Шыңғыспен шайқасқан, қас жауынан именіп, құтын қашырмаған. Ара ағайын маған жолыңды қи? Жұртқа көз қылып жебемді қиғаш атсам. Аға, ер азаматты бір қыз үшін ажалға қиюға болмайды! Ол сенің өлтірсек – қазымыз, өлсек – шейітпіз дейтін ата жауың емес».


«Шыбын жаныма сауға сұрамаймын!» деуінен Қалқаманның да тік мінез, қайсарлығы көрінеді. Көкенай оғынан жараланған жастың «аулағырақ барып, атының құйрығын түбінен шорт кесіп алған назасы» оның «тоң құрсаған көңілі соқыр тұмандай айықпаған» зарлы жүрегінің ащы запыранымен бірге, бірбеткейлігін айқындай түседі. «...Қуса да жеткізбепті жамағатқа, Ұлы жүз Еділбайда нағашысы, жөнелді солай қарай – Бұхар жаққа», - дейді Шәкәрім. Арада он екі жыл өткен соң іздемек болған тобықтылардың ниетін бірде жұт бөгесе, артынан ақтабан шұбырынды басталып, ел өз басымен қайғы боп кетті.


Қазақтың ежелгі сөйлесу мәнері сақталған диалогтар шығармаға шырай береді.

«-Алғаным сен болсаң екі дүниеде Жаратқан Құдайыма разымын...», -деген Мамырдың жауабында архаизмге айналған сөз қолданысы бар.

«Іс тағдырға сызылса, басқа салғанға көнерміз» - дейді тағы мұңды ару. Уақыттың сан қатпары арасында жүзі жасырын қалған және бір асыл сөз жауһарының жарқ еткені байқалады.





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар