Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Тұрсынбек Кәкішев: Сәбит - Мағжан - Сәкен...

15.10.2017 11217

Тұрсынбек Кәкішев: Сәбит - Мағжан - Сәкен

Тұрсынбек Кәкішев: Сәбит - Мағжан - Сәкен - adebiportal.kz

Қазақ мәдениетінде, оның ішінде әдебиет саласында дау-дамайы, айғай-шуы басылмай келе жатқан мәселе – Сәкен-Мағжан-Сәбит түйіні. Бұлардың қым-қуыт қарым-қатынасы әшейінгі қазақи әңгіменің ауқымынан шығып, әдеби шығарма, эссе, ғылыми зерттеу, монография, мақала деңгейінде ел-жұртқа жария болып, дабыраға айналған өте қиын мәселе. Кім болса да, бұған құлақ түрмей өте алмайтын, реті келсе өзінің бояуын қоспай тұра алмайтын құбылыс. Осы қиын да даулы мәселенің шындығына жетейін, өзім көрген-білгенімді қалың жұртқа айтып берейін деп “Өнер бәсекесі, немесе Мағжан мен Сәкен” деген бес жүз беттік тарихи-әдеби эссе жазып бітіріп, баспаға ұсындым.

Еңбекті жазу барысында ешқайсысына іш тартпай, тарихи шындық, құжат, мұрағат деңгейінде артығын артық, кемін кем, уақытша жеңіс пен жеңілісті түгелге жақын қамтыған сияқты-мын. Тарихты жалғыз өзім ғана білемін деп өрекпу әрине ешкім-ге, оның ішінде ғалымдарға жараспайтын қылық. Осы салада соңғы кезде пайда болған жаман әдетті білмей жатып білем деушілерді, өсек-аяңды малданушыларды, атақ шығару үшін атыстыра-шабыстыра сөйлеушілер мен өркөкірек қуыс кеу-делерді де сынай кетуге тура келді. Осы шешімі қиын мәсе-лелерді суыртпақтап отырғанда Сәбит тағдырына қатты алаңда-дым. Сәбит Мұқановты кінәсіз, мінсіз, кемшіліксіз деп ешкім есептемейді. Өмір өткелінде өзінің демократтығынан, адамға жақындығынан Сәбеңе жететін жан жоқтығынан емес, осы ғаде-тін толық сақтамағаннан таяқты көп жеген адамды табу да қиын. Тұла бойы қайшылыққа толы қайраткерге араша түсу мақсаты-мен емес, бар сыр-сипатын тарихи шындық деңгейінде көрсе-туді ойлап көпшілік түгіл, тіпті Сәбиттің өзі білмеген, жұрттың көзі түсе қоймаған бір құжатты бүгінгі оқушыға таныстыруды қажет тауып отырмын, өйткені өсек-аяңның ініне су құяды.

Таяуда “Қазақстан” баспасы “Политические репрессии в Ка-захстане в 1937-1938 гг”. деген құжаттар жинағын шығарды. Олар Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан алынған. Оны жәй оқып қана қоймай, тағдырлар тоғысына назар аударсаңыз шиырлана матасқан, шешуі табылмайтын жұмбаққа тап боласыз да қайран қаласыз. Өйткені, күні бүгінге дейін С. Мұқановты советтік заманның қызыл көзі, әсіресе Мағ-жанның, қала берді Сәкеннің “жендеті” деген қауесет өзінің көзі тірісінде бүкіл Қазақстанға тарап әлі күнге дейін басылмай келе жатқанын (кімдердің әдейі таратқанын қазбаламай-ақ қояйын) білесіздер. Жапқан жаладан ақталып шығу өте қиын. Дақ қала-ды. Шындықты дәлелдеу тек қана уақыттың құдіретінде ғана.

“Решение бюро Алма-Атинского горкома КП (б) К по аппе-ляции С. Муканова, 2 марта 1938 г.

(Слушали: Аппеляция Муканова).

Муканов Сабит, член КП (б) К с июля 1920 г. партбилет №159860, рождения 1900 г. казах. По соцположению – служа-щий. В момент возникновения дела работал в качестве председателя СПК – писатель.

Муканов обвиняется в том, что в своих литературных произ-ведениях, как-то “Сын бая”, “Мырзабек”, “Темертас”, “Лите-ратура ХХ века” протаскивал контрреволюционные национа-листические взгляды.

Муканов был тесно связан с Сейфуллинным, Досмухаме-довым, Асылбековым, Айсариным, Валиахметовым и Джума-баевым, ныне разоблаченными врагами народа. Когда Джумабаев был в ссылке, Сейфуллин имел с ним переписку и оказал денежную помощь.

Муканов состоял в сейфуллинской контрреволюционной националистической группировке во время совместной работы в Союзе писателей. Муканов ограждал Сейфуллина от критики, тем самым зажимал критику и самокритику.

Решением бюро Фрунзенского ГРК КП (б) К Муканов “как активный член контрреволюционной националистической группировки, как пособник врагов народа и как неразоружив-шийся буржуазный националист” из рядов партии исключен.

Муканов в своих заявлениях не отрицает предъявленные ему обвинение в допущенных ошибках в своей литературной работе и в своих связах с Сейфуллиным, Валиахметовым, Айсариным и другими, но заявляет, что он ничего не знал об их контррево-люционной националистической деятельности. Обвинение, предъявленное Муканову о его переписке с Джумабаевым и ока-зании ему денежной помощи, когда Джумабаев был в ссылке, ничем не подтверждается.

Докладывал Г. Холодов, Муканов присутствует.

(Постановили:)

Ввиду неясности отдельных вопросов, дело о Муканове отложить и поручить Т. Холодову дорасследовать материал и доложить на бюро.

Секретарь ГК (б) К. Шураков”.

Бір сөзі өзгертілген жоқ. Санасы бар демей-ақ қояйын, әшейінгі ғана түсінігі бар жандардың бәрі Сәкен-Мағжан-Сәбит түйінінің қалай шиырланып күрмелгенін байқаған шығар. Осы қаулының әр бабы әр түрлі ойларға жетектейді, бірақ бір ғана жайды түсіндірсем, біраз шындықтың сыры ашылмақ.

Қаулыда Сәкен Сейфуллин Мағжан жер аударылып жүргенде хат жазып, ақшадай көмек көрсетіпті, Сәбит Сәкеннің ұлтшылдық „группировкасында” болыпты деп жалғастырып жібергеніне қарап аты-жөндері алмасып түскен шығар деген ойды “Обвинение, предъявленное Муканову о его переписке с Джумабаевым и оказании ему денежной помощи, когда Джу-мабаев был в ссылке, ничем не подтверждается” деген сөздер теріске шығаратын сияқты. Алайда тап осы түйінге айрықша тоқтау керек, өйткені адалдықты былай қойғанда үлкен адамгершіліктің ізін суыртпақтап шығарып аламыз.

Мағжан сотталып, Беломор каналында арып-ашып жүрген кезінде жазған хатын Сәбең 1959 жылы 10 қарашада маған оқып берген еді. Оны өзімнің “Дала – жүрек” деген естелігімде тарата жаздым. 1990 жылы Абай атындағы опера және балет театрында Сәбеңнің 90 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жа-саған баяндамамда бүкіл республикаға естірте айттым. Ол хатта “таяуда түрмеден шығасыз, сонда қай жақта боласыз, зорлық-зомбылықты кек тұтқан пиғылда шығасыз ба, әлде “Тоқсанның тобығындағы” ойға ойысасыз ба?

Біз үшін, қазақтың қасиетті поэзиясының келешегі үшін Сіз-дің совет жағына шыққаныңыз олжа болар еді деген ойларды жазыпты.

“Сізге тиісті орындар жазғызды ма?” – деп сұрағанында: “Жоқ, өзім жаздым... – арымның әмірімен жазғанмын” – деді (Т. Кәкішев, Санадағы жаралар. “Қазақстан” 1992. 224-бет). Осы тұста Зылиха апайдың М. Горькийге, оның әйелі Е. Пешко-ваға барып, Мағжан жазасын 3 жылға қысқартқан шағы болатын. Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтында оқып жатқан Сәбит Мұқановтың осы игілікті қадамға араласпауы мүмкін еместей көрінеді маған.

Сотталған Мағжанға Сәбиттің хат жазып, өтініш білдіргені тарихи шындық екені қазір әбден дәлелденіп отыр. Біріншіден, С. Мұқанов музей қорында хаттың түпнұсқасы сақталуда. Екіншіден, Сәбеңнің естелігін естіген құйма құлақтардың бірі Жайық Бектұровтың естелігі: “Мен Мағжанға 1932-33 жылдары Москвада оқуда жүргенімде ГПУ-ден рұқсат алып, оған лагерьге Мурманск жағына хат жазып жібердім” деген дерек (“Бес арыс” 1992. 325-бет) болса, үшіншіден, Ш. Елеукеновтің мемлекеттік сыйлық алған “Мағжан” монографиясында ол хаттан цитат алып, бізге беймәлімдеу тың дерек келтіреді.

“1936 жылдың қыркүйек айында Қызылжарға, Сәбит Мұ-қанов келе қалғанда Мағжанды әдейі іздеп тауып алып, шүйір-келесе сөйлеседі, жылы-жылы сөздер айтып, Алматыға қыз-метке шақырады. 1936 жылы 27 қазанда Мағжанға жазған ха-тында: “Сізбен жолығып сөйлескенде де мен айттым ғой: егерде өзіңіз шын ниетпен совет әдебиетіне қызмет етем десеңіз жа-зуыңызға ешкім бөгет болмайды деп. Сол сөзім әлі де сөз. Егерде шын ниетпен совет әдебиетіне ат салыссаңыз Сізді бетке қағатын, бұрын пәлен болып едің дейтін кісі болмайды. Проле-тариаттың рахымы мол. Ол қорғай да біледі, жарылқай да біледі. Бірақ пролетариат сөз емес, істі жақсы көреді” (Ш. Елеукенов. “Мағжан”. 1995. 127, 135-136-беттер) дегендерді түсіндіріп жа-тудың өзі артық.

20 жылдары таптық желекті мықтап жамылған, больше-виктік үгіт-насихатқа әбден бой алдырып, Мағжандарға айтпағаны қалмаған Сәбиттің жеке адамға табыну әбден дәуірлеп тұрған кезде “тап жауы” ретінде сотталған Мағжанды өзінің пролетарлық қанатының астына алуы қайран қалатын құбылыс. Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлер мен ақын-жазушылар Алматының көшесінде Мағжанмен амандасуға жарамай, теріс айналып кетіп жатқанда 1937 жылы 20 ақпанда “Құрметті жолдасым Сәбит! Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өзімнің қалам күшімен көрсетсем деген жалғыз тілекпен оралдым. Мен қалған өмірімді, берік ниетім мен үмітімді істе дәлелдеу үшін социалистік құрылысқа еңбек етуге бел будым. Мен үшін енді еңбекші таптың, коммунистік партияның қолынан басқа қол жоқ.

Қалай болғанда орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта отырып, Сізді бірдемеге міндетте-гім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім мәжбүр етіп отыр. Кешіріңіз. Құрметпен Мағжан” – дегенді тебіренбей оқи алмайсың.

Демек, Мағжанға Сәбиттің хат жазғаны, қол созғаны ешбір күдік келтірер жай еместігін пенделік тұрғыдан тағы бір қарастырып өткеннің артықтығы жоқ.

Мағжан Алматыға 1937 жылы 25 наурызда көшіп келгенде алдынан шығып, қарсы алған жалғыз Сәбит, Жазушылар Одағының бастығы болып отырғанда Мағжанды қарсы алуға талай адамды жұмсауға мүмкіндігі болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. І Алматыға өзі барудың ең бір мықты сыры – күнәларын жуу ғана емес, азаматтық таныту екені сөзсіз. Станса басында Мағжан „Менің жолым – теріс. Сәкендікі – дұрыс болды. Алдымен соған сәлем берейін” деп Сәбең ойламаған тілек білдіреді. Ыңғайын тауып хабар жеткізген Сәбиттер қалаға жеткенше Сәкен үй-іші аса қадірлі қонақ келе жатыр деп әлекке түседі. Келген сәтте Мағжан мен Сәкен көздеріне жас алып құшақтасады. Жол соқты болып келгендер Сәкен үйіне қонып, келесі күні Сәбит үйіндегі түнемел қонақасыға барады.

Онан кейінгі оқиғаның басы-қасында болған Мұхаметжан Қаратаевтың куәлігіне құлақ салайық. „Одақтың председателі Сәбит Мұқанов екеуіміз бір кабинетте отырамыз. Орта бойлы, жұпынылау киінген, өңі сынық кісі кірді. “Мен Мағжан Жұма-баев боламын, шырағым. Сәбитті іздеп келіп едім...” дегенде орнымнан ұшып тұрдым. Сәбең кіріп, амандық-саулықтан соң телефонның құлағына жармасты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары Нүрпейісов: “Келе беріңдер, бірақ шеше алмаймын. Мирзоянның өзіне кіріңдер” – деді. Сәбең маған да жүр деп, үшеуіміз Мирзоянның қабыл-дауына бардық. Сәбең Мағжанды қызметке орналастыруға, қаражат жағынан көмектесуге әрекеттенгені анық. Тіпті оны Жазушылар Одағына алуды да ойластырды” (Ш. Елеукенов. “Мағжан”. 1995. 138-бет) дегенін талайлар естігенмен Сәбеңнің азаматтығын көрсетуге пайдаланбай жүргендер аз емес.

Бұлар көз көргеннің, естігендердің куәлігі болса, әлгі кітапта мынандай құжат бар. 21 апрель. 1937. Секретно. тов. Джаман-кулов. Как тебе известно, в Алма-Ата приехал алашординский поэт Магжан Жумабаев, (который) написал на имя Союза писателей заявление о том, что признает антисоветские ошибки и просит помочь ему исправиться и дать работу. По этому поводу я на днях беседовал с тов. Мирзояном. Он мне говорил что надо дать работу, то есть дать на перевод на казахский язык из произведений классиков русской литературы, чтобы этим ему оказать материальную помощь.

Прошу тебя, как члена партии и зав. КИХЛ-ом, учесть эту мою записку и слова тов. Мирзояна на перевод с выдачей аванса по договору.

С ком. приветом, Пред. ССПК и член партии С. Муканов” деп хат жазуы да Сәбиттің азаматтығының жарқын беті болса керек. Өстіп жүргенде “Социалистік Қазақстан” газетінде Сәбитті “әшкерелеген” мақала басылды. Оған қайтарған жауа-бында Мағжанның “совет үкіметінен қылмысыма ылайық әділ жаза тартып, түзелдім” деген сөзіне алданып, оған либеральдық жасағаным, Қазақ көркемсөз баспасынан немістің фашизмге қарсы жазушысы Файхтвагнердің “Оппегеим семьясы” деген романын аудару үшін беруге себепкер болғаным рас. Бұл қате-лікті мойынға алып, толық түзетем” деп мойындаған кезде Мағжан ұсталмай, кім көрінгенге барып, жұмыс іздеп сандалып жүрген болатын.

Сәбеңнің ресми өтінішін орындау созыла берген соң КИХЛ-дың директоры Рахымжан Жаманқұловқа Сәкен мен Мағжан екеуі барып, кешегі шәкірті, бүгінгі ірі басшының қиқаңдығына қаратпай, өзінің сенімхатымен тарыққан Мағжанға ақша алып бергені әрі көзсіз батырлық, әрі адамгершілік екенін ұлылардың ізін баққандар ілтипатқа алмай, қаралағыш деректей жіпке тізіп, кейінгі мақалаларында зор қылмыс ретінде жазған болатын. Өзге емес, Жазушылар Одағы партия ұйымының хатшысы Қалмақан Әбдіқадыров “Әдебиеттегі троцкийшіл-бухариншіл, ұлтшыл-фашист зиянкестерді жеріне жеткізе құрту керек” – деп 1937 жылы 18 тамызда “Қазақ әдебиеті” газетінде больше-виктік солақайлықпен “Сәбит өз шығармаларында, “Адасқан-дарда” байды мақтап, 1932 жылы басылған “ХХ ғасырдағы қа-зақ әдебиетінде” халық жаулары – алашордашылардың объек-тивті революциялық ролі бар деген қателері үстіне соңғы кезге шейін халық жауларына (Айсарин, Жұмабаев, Асылбековтерге) көріне ымырашылдық жасады. Өзінің шығармаларын халық жаулары Досмұхаметов, Молдыбаевтарға аударуға берді. Жұ-мабаевты қызметке орналастыруға ниеттенгені, тағы басқалары Сәбиттің жай ғана қатесі емес, үлкен саяси қатесі” деп жар-қабаққа апарып қойған болатын.

“Халық жауларын” әшкерелеу науқаны басталған кезде біраз екпіндете сөйлеген С.Мұқанов іс насырға шауып бара жатқанын көрген соң маусымнан қазанға (июньнен октябрьге) дейін яғни табандатқан төрт ай бойы өнерпаздық сапарда жүрді. Алматы-дан алыста жүру үшін Мәскеулетіп кетті. Сол уақытта өткен жи-ындар мен партия жиналыстарында, әсіресе Хамза Жүсіпбеков баяндама жасағанда “Қаулымызда Сәбит туралы қатты айту керек. Оны тез шақырып, партиялық мәселесін қарау керек” дегендерді қадай айтқаны белгілі.

1937 жылы 7 қыркүйекте “¦лтшыл-фашистердің әдебиет-тегі зиянкестік істерімен күресу және жас кадрларды өсіру туралы” жазушылар пленумында С. Сейфуллин, С.Мұқанов “Халық жауларының қылықтарына мән бермеген, либералдық, ымырашылдық істеп өздері де көп саяси қателер жіберген” дегенді қаулыға кіргізді. Оны “Правда” мен “Казахстанская правда”, “Социалистік Қазақстан” газеттері даурықтыра түсті. Сәкен 24 қыркүйекте тұтқындалды. 2-3 қазанда Сәбит Жазу-шылар Одағы Төрағасынан босатылып, екі күнге созылған жиналыста партиядан шығарылды.

Өмір өткелінде пенде талай абыройлы да абыройсыз іс-әре-кетке кезігеді. Одан Сәбитті қорғаштаудың қажеті жоқ. Өйткені қазақ жазушыларының ішінде өзінің демократтығынан, кісіге үйірсектігінен, жалпақшешейлігінен сөзге қалған адамдардың ішінде, сөз жоқ, бірінші орын Сәбеңдікі болса керек. Онысы бағы да, соры да болды.

Бағы болатын себебі – бүкіл қазақ мәдениеті демей-ақ қояйын, ХХ ғасырдың 20 жылдарынан 70 жылдары арасында Сәбиттен шығармашылық көмек, пенделік жәрдем алмаған ақын-жазушы жоқ. Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ұлы ақын ӘбділдаТәжібаевтың куәлігін тыңдаңыздар.

“Бізде Сәбеңнен бұрынырақ, әйтпесе қатар шыққан, әдебиеттің бар жанрында еңбектенген, көркем шығармаларымен үлгі көрсеткен өзге ағаларымыз да болған. Мысалы, Сәкен Сейфуллин – совет әдебиетінің алғашқы қарлығашы, іргесін қалаушы деп әуелі Сәбең бастап айтқан. Бірақ қалың елден талант іздеп табуда, ол тапқан жас таланттарға қолма-қол жәрдемдесіп, бапкер болуда ешкім де Сәбит Мұқановқа жеткен жоқ. Менің бұл пікірімді кешегі Қалмақан, Жақан, Асқар, Тайырлар айтып кеткен. Сәбең өзі жетектеп әкеп қатарға қосқан жасқа сол күннен бастап жолдас деп қарайтын. – Сен менен үйрен, менің қол балам бол, сен маған қарыздарсың, соныңды өте алдымен деп Сәбең ешкімге міндет еткен емес, етпек тұрсын іштей де солай ойлаған емес” (“Сәбит Мұқанов тағылымы”. Әдеби-сын мақалалар. “Жазушы”. 1990. 41-бет).

Осы ойды ресмилетіп айтатын болсақ, мен әдейі Мұхтар Әуезовке жүгінгелі отырмын, өйткені Мұхтар-Сәбит қарым-қатынастары бұлтты болған деген алып-қашпа сөздер аз емес. Алыптарымыз пенделікті салауат еткен тұста бір-бірінің қасиетін қалай танығанын көріп, бүгінгі ұрпақ үлгі алса игі.

“Кімде-кімге Октябрьдің жеңісі мен жемісі қымбат болса соның бәріне Сәбит өз еңбегімен көмектес болған жазушы. Ол және бүгінгі Қазақстанда қалыптасып, шынығып өскен қазақ жазушысының барлығына жазушы болу жолында көп жәрдем еткен қайраткер. Әдебиет өнерінің өсер жолы, беттер өрісі туралы үнемі жауапты ойлар, дамылсыз еңбек ететін Сәбит – біздегі совет әдебиетінің ұйымдастырушысы есебінде де зор еңбегі бар адам” (М. Әуезов. 18 том. 1985. 283-бет) деген ойды ел-жұрттың санасына сіңіру мақсат тұтсақ пенделік күйкіліктен ада болып, адамгершілігімізге дақ түспес еді.

Сәбит Мұқановтың талабы бар адамға қамқоршы болаты-нын дастархан басындағы ауызекі әңгімесінде ернінің ұшымен ғана айтып, 80 жылдығында жасаған баяндамасында Әбдіжәміл Нүрпейісов “даукес”, (“полемист”) дегенін жұрт ұмыта қойған жоқ. Солдаттың сұр шинелінің ішкі қалтасындағы мектеп дәптеріне жазылғанды оқып, үміт артуға болатындығын сезген Сәбеңнің вокзалда түнеп жүрген болашақ классикті алты балалы үйіне әкеліп, ақ төсектің үстіне (өз сөзімен айтқанда, тұңғыш көрген простынясы) жатқызып төрт ай асырағаны, қолжазбаны дұрыстап жазуға үйреткені үшін Сәбеңе талай “сыйлы сыбаға” тартқаны белгілі.

Сәбеңнің адами мінезі бағы ғана емес, соры да болғанын айтушылардың ішінде менің пікірлерім айрықша естілді деме-генмен, елеусіз қала қоймағаны анық. 1990 жылы Абай атындағы Опера және балет театрындағы салтанатты жиналыста жасаған баяндамамды Қазақ теледидары бір сөзін қысқартпай бүкіл Қа-зақстанға таратса, 1992 жылғы “Санадағы жаралар”, 1994 жыл-ғы “Сәкен соты”, “Есіркемейді естелік” деген кітаптарымда жазғандарым біраз адамның көзіне түскен сияқты. Сонда айт-қан, жазғандарымды жинақтасам, Сәбең өзінің шыққан тегіне желік берген большевиктік (коммунистік емес) үгіт-насихаттың ықпалымен әсіре солшыл болды да, идеологиялық ұрыншақ-тыққа салынды. Және оның бәрін шын сеніммен атқарды. Оны біреу ұнатты, кейбіреулер ұнатпады.

Ал пенделік жағына келсек, Сәбеңмен жанасу оңайдың оңайы болатын. Кісімсу, үлкенсу Сәбеңе жат. Сәлем берген адамды сөзге тартпай қалған кезін ешкім білмейді, кісіге үйір-сектігі Сәбең жайында аңыз бен ақиқатты шамадан тыс туды-рып жатты. Демек, оған жанасқан адам өзіне пайдалы ой-пікірді ел-жұртқа жайып, аяғын өсек-аяңға айналдырып жіберген емес. Сондықтан Сәбең айтты дегендерге сақ болған абзал. Осымен де Сәбең өз атына өзі дақ түсіріп алып жүрген сәті мол болды. Осындайды айлалы қарсыластары оңтайлы пайдаланып, шен-шекпен киген кез де аз емес.

Майданға түскеннің жеңісі мен жеңілісі қатар жүретіндігін ескерер болсақ, ондайды Сәбең көп көрді, басынан мол кешірді. Оны өзі сезіп-біліп қана қоймай, кезінде ашық айтып та, жазып та жүрді. Сәбитті даттағысы, сөзге қалдырғысы келгендер оның ой-пікірі мен сөзіне құйрық жалғап, даурықтырып та жатты. Ба-қай есебі барлар өзіне саяси капитал, оңай олжа тапқандар аз емес. Мен бұл объективтік және субъективтік деректерді екі үл-кен мақсат үшін айтып отырмын. Бірінші, ел-жұрт осыншама шырматылған тұлғалы тағдырлардың шындығына көз жет-кізсін, білсін, көңілдегі кірбің шайылсын деген ой. Өйткені кер заманға кезіккен айрықша белсенді азаматтың сол кездегі, онан кейінгі, тіпті дүниеден өткеннен кейінгі тағдырын түсіне білудің өзі үлкен ғылым болса, екіншіден, келесі жылы Сәбиттің туға-нына 100 жыл толады. Оны бір Қазақстан емес, кешегі СССР республикалары, ЮНЕСКО арқылы дүние жүзі елдері атап өтуі орынды болмақ. Ол Сәбит үшін де, Қазақ елі үшін де керек. Өзі-нің өскен мәдениеті, ұлы дарындары бар халықтың мерейін өсі-ре түсу үшін осындай игі шараларды қолға алу шарт. Әрбір ұлы дарындар мен өнерпаздар, қайраткерлер өз елін әлем алдында жарқырата көрсетуге себепкер болады да, келешегіміз нұрлана түседі. ¦лыларымызды ұлтымыздың абыройына айналдыра біл-сек қана әлем алдында абыройлы боламыз. Ол үшін көңілімізді кеңге салып, мәдениетіміздің ұлы тұлғаларын ардақтай білейік.

Тұрсынбек Кәкішев

"Мағжан Әлемі" кітабынан алынған


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар