Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының мән-маңызы соңғы жылдары біршама арта түсті. Он төртінші наурыздан бастап ұлттық құндылықтарды, елдегі татулық пен бірлікті насихаттаудың онкүндігі дәстүрге енді. Болашақта қазіргіден де түрленіп, салмағы арта түсеріне сенім білдіре отырып, Наурыздың шаруашылықтық, маусымдық сипаттағы мереке екендігі жайындағы Алаш қайраткерлерінің ой-пікір, тұжырымдамаларына сүйене отырып, оның қазақ фольклоры жанрларындағы көрініс табуы туралы қарастырмақпыз.
Наурыз мерекесінің қазақ өміріндегі маңызы, оны мерекелеудің мән-мағынасы, түрлі сипаты туралы ХХ ғасырдың басында жарық көрген баспасөз беттерінде қазақ зиялылары молынан жазғанын көреміз. Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Наурыз мейрамы туралы былай дейді: «Марттың 22-сінде жердің екі басы тағы да күнге бірдей төселеді. Сондықтан марттың 22-інде жазғы күн мен тағы теңеледі (бұл ескіше марттың 9-на келеді. Марттың 9-ы – қазақтың жаңа жылының басы, наурыз күні. Ғылым көзімен қарағанда марттың 22-сі наурыз жаңа жыл болуға жөн).»
Алаштың келесі бір көрнекті тұлғасы Мағжан Жұмабаев өзінің «Наурыз» атты мақаласында Наурыз мейрамының шаруашылық сипатына баса мән береді: «Қай елдің жаңа жылын алсақ та, негізінде шаруашылық жағдай болады. Дін әсері жаңа жылдарда аз, жоқтың қасы, болса – қу молдалардың мал табу үшін жалған қондырмасы (надстройка).
Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын!» – дейді. Жаңа жыл қүні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжау жасайды.» Осылайша ол Наурыз мейрамын діни сипатта қарастыруға болмайтынына баса назар аудартады. Өкінішке қарай ХХ ғасыр басында Мағжан ескерткен бұл сипатты қаперге алмастан, Наурызды басқа аспектіде қарастыратын, оны мерекелеуге құлықсыздық танытатындар да баршылық.
Сонымен бірге Мағжан Наурыз мейрамында әзірленетін Наурыз көжені істеудің мәні мен оның құрамы туралы да жазады. Көжеге соғымның тек басы салынып, көп сүт құйылып, барлығы көжені талап ішуі керек және сүтті көже – жазбен ұшырасудың, бас салып асып жеу – қарлы қыспен қоштасудың нышаны екендігін айта келе былай деп тұжырымдап, Наурызды тойлаудағы өз ұсынысын жазады: «Міне, қазақтың жаңа жылының барлық маңызы – шаруашылық маңыз.
Сондықтан қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек…»
Ал келесі бір көрнекті Алаш көсемі Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы №75 санында жариялаған «Қош келдің, Наурыз!» атты мақаласында әлем халықтарының, қоңсылас орыс жұртының, сондай-ақ бауырлас қазақ пен қырғыздың дәстүрлі мейрамдары туралы былай деп жазады: «Жер жүзiндегi жұрттардың бәрiнiң де түрлi-түрлi мейрамдары болады. Мәселен, дiн мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секiлдi. Өзгелердi былай қоя тұрып, өзiмiздiң сыбайласымыз – орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың мақалы да бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп».
Бiздiң қазақ айранға бай болғанымен, мейрамға жарлы екендiгi осыдан да көрiнедi. Жалпы мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екi рет келетiн ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, бiздiң қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз. Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы.»
Көшпелі қазақ халқы Наурыз мейрамын ежелден бері сағына күтіп қарсы алатын себебін Міржақып Дулатовтан артық түсіндіріп берген адам жоқ шығар, сірә: «Дұрысында, қазақтың тамағы да, киiмi де, үйi де, күйi де, көлiгi де, отарбасы да, телеграфы да, телефоны да мал емес пе? Малсыз қазақтың күнi бар ма? Сол малын аман сақтау үшiн қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегiп, еңбек сiңiрiп, малымен бiрге жатып, бiрге тұрып, бiрге жүрiп, бiрге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын шаруашыл, еңбекшiл қазақ қыстың өткенiне, жаздың жеткенiне қалайша өзгелерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды қалайша мейрам етпесiн!»
Наурыз мерекесінің жалпы ұзын-ырғасы белгілі болғанымен, оны халқымыз қанша ғасырлардан бері мейрамдап келе жатқаны беймағлұм. Зерттеуші ғалымдар бұл мерекенің жасын бес мың жылдан ары ұзатады.
Наурыз мейрамы туралы өзінің «Бір сөз, қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты жазбасында Хакім Абайдың да қысқаша мәлімет бере кететіні бар: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады, ол уақытта жаңа дінге кірген соң енді бір Бұхардан басқа шәһарлардың да, жер-сулардың да, халықтың да бұрынғы аттарын бұзыпты. Сондықтан да болғанға ұқсайды. Әйтеуір сонан соң қазақ аталыпты.»
Абай мәліметіне ой жүгіртіп қарағанда, ХІХ-ХХ ғасыр тоғысында Наурыз мейрамы исламдық салт-жоралғылармен астаса бастағанын аңғарамыз. Ал бағзыдан жеткен фольклорлық туындыларда Наурыз туралы ұғым-түсініктердің алуан түрлі сипаты көрініс тапқан.
Бұл сипаттамалар мақал-мәтелдерден бастап, эпостық жырларға дейінгі ауқымды қамтиды: Атап айтқанда: «Жаңа жылды наурыз білдіреді», «Наурыз тумай сүтке жарымаймыз, құда келмей дауға жарымаймыз», «Көктем туа наурыз келер, күн менен түн теңелер», «Жыл бойы қайда болсаң, онда бол, белдезерде» үйде бол» сияқты мақалдар – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні екенін ескерсек, бұл айтылымдардың үлкен мәні бар. Мысал үшін «белдезерде үйде бол» дегені – өзге уақытта қамсыз ел қыдырып жүрсең де, белдезерде, яғни жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында үйіңде шаруа қамында бол деген ойды айтып отырғаны анық.
Әдетте қазақтық (түркілік) аңыстағы түрлі баламалар ұсынылып жүргенімен, «наурыз» деген сөздің өзі парсының «жаңа күн» деген мағынаны білдіретін біріккен сөзі деп қарастырылатыны әмбеге аян. Ұлттық фольклордың бір тармағы қазақ шежіресінде «наурыздың» кісі есімі ретінде кіріктірілгенін көреміз. Ауызша бұл шежіре бойынша Қазақ шалдың екі баласы Наурыз бен Алаш екендігі туралы былайша жырмен баяндалады:
Қазақтан Наурыз, Алаш – екеу туған
Наурыздың деп атайды, үлкен жасын.
Ұрпақсыз өлген Наурыз жазғытұры,
Келер жыл көктемде беріпті асын.
Қазақтың балалары содан бері,
«Наурыз» деп қойыпты атап, жылдың басын.
Кезінде Алаш батыр болған екен,
Ерлікпен жайған жұртқа ауазасын.
Яғни қазақ шежіресі бойынша жастай ұрпақсыз өткен ағасы Наурызды ұмытпай есте сақтау үшін бауыры Алаштың жыл басын осылай атауы екен-міс. Бұл туралы фольклорлық жырда Наурыз өзінің інісі Алашқа былай деп тапсырады:
Сенен басқа қарам жоқ,
Артымда қалған балам жоқ,
Қайғымды кімдер шегеді.
Мен өсиет тастап артыма,
Өзіңнен қалған жалпыға,
Қарағым, Алаш, туысым,
Мен өлген айдың ішінде,
Бірнеше қазан ас жылына,
Тарқат менің атыма
Садақа «Наурыз көжені».
Алаш-Наурыз даңқ болып,
Менің атағым сонда жүреді.
Осыны айтып қарт Наурыз,
Қайтып келмес сапарға,
Дүниеден өтіп жөнелді.
Алаштан қалған ұрпақтың
«Наурыз көже» асатын
Ағасы Наурыз Алаштың,
Өсиет қылған сөз еді.
Бір қазан ас садақа,
Жеті түрлі дән қосып,
Атандырып «Наурыздық»
Әр жылы халқым береді.
Сол себепті даңқ болып,
Алаш-Наурыз ат болып,
Әлі қалмай келеді.
Бұл жырдағы оқиғаны нақты болған шындық ретінде қабылдамаймыз. Наурыздың шығу тегін шежіремен астастыра құрған, халық қиялынан шыққан аңыз. Атап өтерлігі – Наурыздың қазақ есімнамасына ежелден кірігіп кеткендігі. Қазақта Наурыз, Наурызбай, Наурызхан, Наурызгүл сияқты есімдер ежелден бар. Қазақ тарихында бірі сұлтан, бірі сардар екі бірдей Наурызбайға қатысты фольклорлық туындылар бар.
Шапырашты шабады «Қарасайлап!»,
Жасыл туы желбіреп, бөрілі байрақ.
Шамалған мен Қаскелең батырларын,
Наурызбайдың бір өзі кеткен жайлап, -
дейді, сонау қазақ-жоңғар соғысының даңқты батыры Наурызбай батыр Құттымбетұлы туралы жырда.
Қазақ фольклорында ырым-тыйым сөздердің өзіндік орны бар. Ырымдар мен тыйымдар – халықтың наным-сенімдері мен өмірлік тәжірибелеріне негізделеді. Осыған орай Наурыз мерекесін тойлау күніне қатысты мынадай ырым-тыйымдар бар екен: Наурыз күні кетік ыдыстарды пайдаланбай, тастайды. «Жаңа күн – жаңа өмір, жаңа жыл» деп біледі. Бұл күні кетік ыдыспен ас ішсе – көне пәле, көне сүрдек қалады, жаңа күннің жаңа ырысын көре алмаймыз деп жориды. Яғни бұл ырымдар жамандық атаулы ескі жылда қалып, жаңа жыл тек жақсылықтың бастауы болсын деген сенімнен шыққаны анық.
Қазақ фольклорында бата-тілектердің өзіндік орны бар. Фольклортанушы ғалым Болатжан Абылқасымов өзінің «Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры» атты хрестоматиялық еңбегінде бата сөздердің түрлері жөнінде былай дейді: «Атқарылатын іс-әрекеттің түріне және айтылу ситуациясына қарай батаның бірнеше түрі болады: жолға шығардағы бата, дастарқан батасы, шай батасы, үйленген екі жасқа бата, тұсаукесер батасы, бесікке салу батасы, келінге бата, Наурыз батасы т.б».
Наурыз баталар да әр дәуірдің мұрат-мақсаттарына сәйкес бірсыпыра өзгерістерімен түрленіп, осы ғасырға жетіп отыр. Ертедегі Наурыз баталардың бірінің кіріспесі былайша басталыпты:
- Наурыз келіп, қар кетті,
Ақ қар, көк мұз жұтатқан.
Шаруа елінен зар кетті.
Наурыз келіп, жаз кірді,
Жаз періште «Әз кірді».
Күнеске тосып арқасын,
Жан біткенге наз кірді.
Мұнда қаһарлы қыстан қысылып шыққан жұрттың жаңа жыл шығып, Наурыз мерекесі келгенде арқа-басы кеңіп, шаттанған күйі бар. Сондықтан да болар, бұл айды «Жаз періште, Әз» деп әспеттеп отыр:
Жапырақсыз бұтақтар
Арбағай да сарбағай,
Желек жаппай қалмағай.
Арық-тұрақ төрт түлік,
Көк жеп жапа-тармағай,
Қабырға жаппай қалмағай!
Көтеремнің төрт бұты
Ербегей де сербегей,
Енді шығын бермегей.
Бұл жолдарға саятын болсақ, кешікпей ағаш бұтақтары арбағай да сарбағай бүрлеп желек жамылып, қыстан арық-тұрақ шыққан малдың аузы көкке тоятын болмақ.
Бізге келген бәлекет
Қармен бірге қаңғырып,
Таудан ары өрлегей,
Мұсылман бетін көрмегей!
Уа, бәлекет, бәлекет!
Еріп аққан сумен кет,
Көтерілген бумен кет!
Қызарып батқан күнмен кет,
Қарайып батқан түнмен кет,
Ағарып атқан таңмен кет!
Жақындамай мал-басқа,
Тау-таста өлген аңмен кет!
Наурыз бата мәтінінің мұндағы мазмұнынан – жаңа жылда мал-жанға пәле-қала тимесін деген тілек, яғни онда «Бәдік айтыстағы» тәрізді аластау және мұнда батаның «оң бата», «теріс бата» дейтін екі бағытының да сипаты мен сарыны жатқаны аңғарылады.
Қазақ фольклорының аса ауқымды саласы – эпостық жырлар. Эпостық жырлардың өзі сонау көне заманнан қазіргі кезеңге дейін қамтитын дәуірлік және қаһармандық, ғашықтық сияқты жанрлық ерекшеліктеріне ие десек, Наурыз мейрамы туралы бұл жырларда аз айтылмайды.
Қара қыпшақ Қобыланды немесе Тоқтарбайұлы Қобыланды батыр – Қазақ хандығы құрылар алдында ХҮ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. «Қобыланды батыр» қаһармандық жырында батырдың аузымен «наурыз» сөзі айтылады. Қараман құрдасының: «Билігің әйелде екен, жорыққа аттана алмадың» деген сөзіне бола жары Құртқаның басын шауып тастамаққа үйге қарай шауып келе жатып, назары Қыз Құртқа мінген Тайбурылға түсіп, райынан қайтқан сәті жырда былай сипатталады:
Қобыландыдай бөрінің,
Тайбурылды көрген соң,
Құртқадан қайтып қаһары,
Бурылға түсті назары.
Қобыланды сонда сөйледі:
- Көлден ұшқан қаздаймын,
Қаз жайлайтын саздаймын.
Наурыздан соңғы жаздаймын,
Ақылы жоқ мен байғұс
Бүйтіп жүрген Құртқаны
Шауып тастай жаздаймын.
Наурыз мерекесі туралы болмаса да, наурыз айы туралы «Қыз Жібек» жырында былайша айтылады. Ер Төлегеннің сексен жігіт қосшы алып, он бес жігіт басшы алып Ақжайыққа жөнеліп бара жатқан уақыты:
Ерлерге басшы болсын бір Құдайы,
Қырық түйе болды артқан қант-шайы.
Азық-түлік бәрін де қамдап алып,
Жөнелді туысымен наурыз айы.
Наурыз туралы жұмбақтар да бірен-саран кездеседі. Біз назарға алып отырған мына бір өткен ғасырлардан жеткен қисындық жұмбақта тікелей Наурыз мерекесі жұмбақталмаса да, оның жауабын шешу барысындағы Ерімбет жыраудың іс-әрекетін ерекшелеп отырмыз: «Қарасақал Ерімбеттің жұмбағы» атты ауызша жұмбақта қазақ әдебиетінің белгілі тұлғасы Ерімбет Көлдейбекұлының ел жиналған ортада, жұртшылыққа жерге қатысты жұмбақ айтқаны, ақыры ол жұмбағын халықтың шеше алмағаны айтылады: «Тосыннан қиыстырылған жұмбақты шеше алмай, халық дағдарып қалады. Ақырында жұмбақтың шешуін түсіндіру Ерімбетке қымбатқа түседі. Ел ықыласын бұзғысы келмеген ол бір сиырын сойып, наурыз тойына таратады.» Бұдан біз кешегі ХІХ-ХХ ғасырларда наурызда мал сойып тарату дәстүрі болғанын аңдаймыз.
Біз Наурыз мейрамының Алаш ардақтылары жазбаларында фольклор жанрларында көрініс табуына шолу жасадық. Ал наурыз айы мен мейрамның көркем әдебиеттегі көрініс, сипаттарын кезең-кезеңімен жеке қарастыру қажет болады. Мысал үшін классик жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында Құнанбайдың істі болып, дуанға шақырылып кеткен оқиғаны оған қарсылас рулар адамдарының Наурыз мейрамы тәрізді қарсы алған қуанышын сипаттайтыны бар: «Бірақ, әйтеуір, кеше ел шауып ығыр ғып отырған Құнанбай өз ықтиярынсыз дуанға шақыртылып кетіп отыр. Соғысқан, белдескен күнінде жеңе алмай қалғаны тағы бар. Осының өзі де Жігітек, Бөкеншіні қатты қуантқан. Қазіргі күндер – ол рулардың үсті наурыз күніндей мәре-сәре. Айтшыласқан елдей ойнақ салу, бала-шаға емес, үлкендердің өздеріне де пайда болды.»
Қорыта айтқанда Әз Наурыз – халқымыздың сан ғасырлық өмір сүру қалпының терең қайнарынан туындап шығып жатқан шынайы мереке. Сондықтан да ол Ұлыстың ұлы күні аталған. Бұған жоғарыда келтірілген Алаш арыстарының ой тұжырымдары мен әр жанрдағы көрініс сипаттары дәлел бола алады. ХХ ғасыр жүзінде коммунистік дәуірдің қыспағына ұшырап, қаншама жылдар бойы атап өтуге тыйым салынғанына қарамастан, алпыс жылдан астам уақыттан кейін қайтадан ресми түрде халқымызбен қайта қауышқан Әз-Наурыз бүгіндері өзінің жаңа кең тынысын тапты. Әлемнің көптеген халықтарына ортақ бұл мейрамның ұлттық даралық сипаты барынша айқындала түсті. Мұның өзі де мерекені халқымызбен етене болдырды деуге негіз бар. Осыған орай Наурыз батаның бір парасындағы: «Ұлыс оң болсын! Ұлыс бақты болсын!» - деген тілек жолдарының мағынасы да қазіргі күні өзекті болып отыр.
Ұлыстың ұлы мерекесі халқымызбен бірге жылдан жылға түрленіп, мән-мағынасы артып тойлана бергей!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.