Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қоғам құны қалай өлшенеді?...

19.08.2016 3777

Қоғам құны қалай өлшенеді?

Қоғам құны қалай өлшенеді? - adebiportal.kz


«Жақсы кітап – жақсы қоғам тәрізді. Сен қай кітаптарды оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін» деген Н. Пирогов пікірі елдің ауызында жиі айтылуда. Ал бұл текстің астарында кітап оқымайтын қоғамның бос кеңістікке айналып, құлдырауға кететінін меңзеу тағы бар. Әлем жан ұшыра ой етегіне жармасқан шақта ұлы көштен қалыс қалуға біздің де хақымыз жоқ. Көзі қарақты азаматтарымыздың қандай кітаппен сусындап, санасына сіңдіріп жүргені қызығушылық тудырды. «Жақсы қоғамды» құруға ниетті оқырмандарға әсер еткен көркем шығарманың желісін һәм үзіндісін сұрастырған едік...


Арнұр Асқаров, журналист. 


Менің ең сүйікті шығармаларымның бірі әлем әдебиетінің классигі Лев Толстойдың «Крейцер сонатасы» повесі. Шығарманы оқығаннан кейін бірнеше күнге дейін әсерінен айыға алмай жүрдім. Бұл оқырманның көркем әдебиетке деген талғамын арттырып қана қоймай, өмірге деген көзқарасына жақсы жағынан әсер ететін туынды деп санаймын.


Шығарманың сюжет арқауы тұтастай дерлік адвокат Позднышевтің аузымен байндалады. Төменде, Позднышевтің сөзінен үзінді келтірдім.


«Пoзднышeв әлсін-әлсін шылым тартып, бағанағы станцияда алғызған шайын әлі сoраптап oтыр.

- ...Айтуларын айтады-ау... Бірақ бәрінікі дe өтірік... – дeді oл. – Нeні айтасыз? – дeп сұрадым мeн. – E, баяғы бірдeмe дe: әлгілeрдің махаббат дeгeндeрін, oларының нe eкeнін айтам. Eндeшe сoл махаббат дeгeнің мeні қайда апарып сoққанын айтып бeрeйін, тыңдайсыз ба?

- Тыңдауға өтe құмар eкeнімді тағы айттым. Oл сәл үнсіз тұрды да, алақанымeн бeтін бір уқалап, бастай жөнeлді. – Айтқан сoң, басынан бастап айтайын: қалай жәнe нe сeбeпті үйлeнгeнімді, үйлeнгeнгe дeйін қандай бoлғанымды баяндап бeрeйін. Үйлeнгeнгe дeйін жұрт қалай бoлса, мeн дe сoлай, яғни өз тұстастарым құралыптас өмір сүріп жаттым. Өзім пoмeщик, өзім унивeрситeт кандидаты, oның үстінe ақсүйeктeр ағзамымын. Үйлeнгeнгe дeйін жұрт қалай өмір сүрсe, мeн дe сoлай, яғни зинақoрлықпeн күнім өтті, өзімнің барша құрдастарым тәрізді мeн дe зинақoрлық жасап жүріп, тірлік салты oсыда дeгeнгe шeк кeлтірмeйтінмін. Өз басым өзімді eркe тoтаймын, әжeптәуір парасатты адаммын дeп oйлайтынмын. Мeн өзім әзәзіл бoлмайтынмын, жұрттан алабөтeн талғампаз да eмeспін-ді. Өзімнің көптeгeн замандастарым тәрізді oсыны өмірімe басты мақсат тұтпай, зинақoрлықпeн сабырлы, салиқалы, тeк тән саулығы үшін ғана шұғылданатынмын. Жүкті бoлып қалар нeмeсe ғашық бoп қалып, аяғыма oралғы бoлар дeгeн әйeлдeргe жoламайтынмын. Бәлкім, кім білeді, бала тапқандары да, ғашық бoлып қалғандары да бoлған шығар, бірақ мeн oндай eштeмe бoлған жoқ дeгeндeй сынай танытып жүрe бeрeтінмін. Жәнe мұнымды жақсы қылық дeп қана қoймай, мақтан eтeтінмін. ... Ал eң жeксұрынның өзі oсы ғoй, – дeп шар eтті oл. – Зинақoрлық тән қарeкeті ғана ма, көрінгeн тәртіпсіздік зинақoрлық бoла бeрмeйді, ал зинақoрлық, нағыз зинақoрлық дeгeніміз тәнімeн тәнің қауышқан әйeлмeн адамгeршілік қарым-қатынасты мoйындамау бoлып табылады. Ал мeн сoл мoйындамаушылықты өзімшe үлкeн дәрeжe дeп санаппын. ...Дeгeнмeн шын мәнісіндe мұның өзі масқара ғoй, масқара, масқара!..»


Аягүл МАНТАЙ, әдебиеттанушы 


Кейбір шығармалар болады, әр оқырман оқуға тиіс әлемдік деңгейдегі көркем дүние болмаса да, ондағы бір ой санаңда сілкініс туғызады. Мысалы, менің есте сақтау қабілетім нашар, бірақ өзім сегіз жыл бұрын оқыған Буниннің «Деревнясындағы» (бұл жазушының ең жақсы дүниелерінің бірі) ауру шал есі кіресілі-шығасылы боп жатса да, келініне «Ажал келіп есік қақса, мені үйде жоқ деп айтшы» деп өтінетіні жадымда.


Бұған дейін өмірден мән таппай қиналған кез келген адам ажалдың өзіне жақындағанын сезген сәтте өмір сүргісі келеді. (Өз өміріне «үкім» айтатындар туралы әңгіме басқа). Өлімнен қорқу – адамды саналы һәм бейсаналы түрде өмірге жақындатады.


...Осы жерде өмірде болған бір оқиға есіме түсіп отыр. Өте кәрі, өлмелі кемпір көшеде аяғын ілбіп басып, сүйретіліп келе жатқанда өзіне жақындаған қабаған итті көреді. Ит артына түскенде кемпір таяғын тастай салып, кәдімгі жүгіруден жарысатын спортшы секілді жылдамдықпен жүгіріп, иттен құтылады. Жүгірмек түгілі, сүйретіліп әзер жүрген кемпірдің «рекорды» ғалымдарды таңғалдырады. «Ит мені өлтіреді» деген қатты қорқыныштан кемпір сол сәтте өзінің қалай желаяқ болып кеткенін байқамай да қалады.


Қысқасы, адам жанының жалғыздығын керемет суреттеген И.Бунин адамзаттың өзі ешқашан жеңе алмайтын эгосын табиғи күйінде жеткізеді.


Бұрын өзім оқыған кітаптардағы әсер еткен сөйлемдерді дәптерге түртіп жүретінмін. Қалың үш дәптер болып еді. Қазір Мәскеуде тұрып жатырмын, сол себепті, елдегі кітаптарымды «кітап оқиды» деген қыздарға сыйладым, ал көк дәптерлерімнің қайда қалғанын білмеймін...


Негізі өзің оқыған кітаптардағы ойлы сөйлемдерді дәптерге ғана түртіп қойып, ондағы жақсы ойларды болмысыңа сіңірмесең, өзіңнің тұлғалық болмысыңды жетілдірмесең, бәрі бекер. Кітапты көп оқығанымен өзіне тән пікірі жоқ, жаттанды біліммен ғана шектеліп қалған адамдарды білем. Бұл, әсіресе, әдебиеттанушы үшін қасірет.


Адам кітапты уақыт жоғалту үшін емес, хаосқа ұшыраған қазақ қоғамының бүгінгі жағдайын пайдаланып, жасанды «білімді адамның» тәжін кию үшін емес, өз ішіңдегі рухани аштықпен күресу үшін оқу керек.



Ербол Алшынбай, ақын


ҚАСІРЕТ – КЕМЕҢГЕР...


Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» шығармасы менің ой-санама түбегейлі өзгеріс жасады десем артық айтқандық емес. Жазушының адам жанын суреттеудегі шеберлігі алдына жан салмайды. Мағжан Жұмабаев айтпақшы, «теңіз терең емес, адам жаны терең» ғой. Біздің қоғамға, әсіресе «сөз өнері» немесе «дерт өнерінің» айналасында жүрген жастарға дараланып, жалқыланып шығармашылық ізденіске бой түзеу керек-ақ. Мәселен, романда кездесетін автор пікірі менің көңіл көкжиегімнің ондығына дөп түсті. Оқырманмен бөлісуді жөн санадым.


«...Кейін көп ойланған. Алғашында асау көңіл ештеңені мойындағысы келмей шапшығанымен, артынан ақыл тоқтата келе Гүлшат айтқаннан артық ақыл таба алмаған. Шын махаббат қашанда қайғы ғана әкеледі. Бұл – фәнидің бұлжымас заңы, себебі, махаббат жүрегіңнен жаңа жол ашады, айырыққа қояды. Махаббат дерті келгенде ненің ақиқат, ненің жалған екені ашылады, ненің мәнді, ненің мәнсіз екенін түсінесің. Сол сәтте өзіңнің тамырың фәниде екенін көресің, қайғың – осыны білгеннен. Махаббат келгенде өзіңнің мұратың неде екенін танисың, алыстан құзар шың көзіңе шалынады, бірақ сен ол шыңның басында емессің, сен жердесің. Қайғың – осыны бігеннен. Алдыңа келген – елес, бар болғаны елес. Түсіңде жаратқанның әуезін естігендейсің, ал оянғанда жаныңды аялаған сол әуезден айырылдың. Білесің, бір нәрсе болды, бірақ шындыққа айналмады. Самалдың лебіндей келді де кетті. Егер махаббат қайғы әкелмесе, онда ол махаббат болмағаны. Себебі, махаббатпен қайғы, махаббат пен қасірет – егіз. Махаббат жаратқанның алқауымен келген деседі. Екі жүрек бір-біріне жақындайды, арасы қыл өтпейтіндей болып табысады, бірақ сол жақындықтың өзі екеуінің екі бөлек болғандығынан.


Адам жүректен ары бара алмайды. Қайғың – осыны білгеннен. Мұрат жақын, қол созым жерде, бірақ бәрібір жете алмайсың. Махаббат үміттендіреді, бірақ арманыңа жеткізбейді. Ол үмітіңді ақтамайды. Қайғың – осыны білгеннен. Бала жасынан қуаныштан, бақыттан қорқатын, себебі бақыттан кейін, қуаныштан кейін келген қайғы екі есе ауыр. Ол қасіретке ғана сенетін. Қасірет – кемеңгер. Қасірет ешқашан алдамайтын адал, себебі ол қашанда жаныңнан табылады...»


P.S. «Қытай елінде Ұйғырдың жас ақыны шығарған кітапқа 800 мың доллар қаламақы беріліпті», «Мәскеудің метросында жастар түгелімен кітапқа шұқшиып отырады екен» немесе «Ұлыбританияда газет-журнал сиясы кеппей жатып қалың данамен сатылып жатыр» деген пікірге қызыға қарап жүргенімізді несін жасырайық. Талғам атты дегдарлық жан-жақты ізденіс барысында пайда болады ғой. Байқағанымыздай аталмыш авторлардың ұсынған ойларындағы ортақ шешім экзистенциалдық проблеманы көтеруімен құнды. Мәселен, махаббатқа ұмтылу, өмір мен өлімнің арасында жантала күресу, адамның ішкі иіріміндегі қайғы-қасіретті жеңу сияқты мәңгілік тақырыптар кім-кімге болмасын әсер етпей қоймайды...


Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар