Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Олжас қандай ақын, «АЗиЯ» ненд...

08.09.2016 5080

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Олжас қандай ақын, «АЗиЯ» нендей кітап? - 2 -

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Олжас қандай ақын, «АЗиЯ» нендей кітап? - 2 - - adebiportal.kz


(Басы. 1 бөлім)

2.


Қайраткер ақын Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»-сы мен «Атамзаманғы түркілер» атты еңбектеріне арналған бірінші сұхбатымыз тартысты пікірталаспен өтті. «Бұл өзі өте күрделі сұхбат екен (Серік А. Шымкент қаласы)», – дескен әдебиет сүйер қауым сынға шөлдеп қалғандай көрінді.



Жүсіпбек Қорғасбек.jpg


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мырзеке, өткен сұхбатымызда: «Олжас Сүлейменов керемет те ақын емес, бірақ жаман да ақын емес», – деп айтып қалдыңыз. Осы пікіріңізді дәлелдеңізші.











Мырзан КЕНЖЕБАЙ.jpg


Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Жұрт айтады ғой: «Абай Құнанбаевты есейгеннен кейін түсіндім», – деп. Өзім біраз орыс­ша білетін адаммын. Соның «Глиняная книгасын» оқыдым орыс­ша.













Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қазақшасы «Қыш кітабы». Ол кісінің қазақша аударылмаған кітабы қалған жоқ. Өлеңдері мен поэмалары аса көп те емес, бір қарасаңыз.


Мырзан КЕНЖЕБАЙ: «Бессмертный муравейін» оқыдым орысша. Оның қазақшасын кейін оқыдым. Жас кезімізде қазақ мектебінде оқыдық. Неге екенін білмеймін, мұғалімдеріміздің көбі орыс болды. Класс жетекшіміз де орыс кісі болды. Сонда Пушкиннің өлеңдері миыма тез жатталып қалатын. Лермонтов­ты жаттап алу одан да жеңіл. Ал Олжастың өлеңдеріне қарап, әшейін бір жатқан публицистика деп ойлайтынмын. Олжасты әлем мойындаған ақын деп айта алмаймын. Себебі, Олжасты он орап алатын ақындар бар. Олжасты құрыған, төменқол ақын деп тағы айта алмаймын. Өйткені, Олжастан да жаман ақындар бар. Сондықтан мен Олжасты қатардағы және орыс тілінде жазатын ақын деп есептеймін. Жаңа «Бессмертный муравейін» оқыдым деп айттым ғой. Ең бірінші Некрофил мен Биофил екеуі келе жатады. Некрофил деген, «некро» деген жаман сөз. Ал «био» деген өмір, тіршілік деген сөз ғой. «Двое (прохожих) наступили на мравья, влачившего соломинку рисовую», – дейді. Сосын: «Некрофил стоит над трупом мравья. Любая смерть располагает его к раздумьям», – дейді. Қазақшалағанда: «Кез келген өлім оны ойға жетелейді» дейді. Сөйткен Некрофил құмырсқаға қарап тұрады да, өлеңді қоя береді: «Прощай, насекомый брат, прекрас­ный организм! Кто, скажи, виноват, что ты пробирался низом», – дейді. «Бұл философия ма, не?» деп ойладым. Кейін қазақшасын қарасам, қазақшасын да келістірмеген. Совет заманында біз ура­шыл ақындарды ұнатпайтынбыз. Сол кездегі Олжастың «Земля, поклонись человеку» поэмасында мынандай екпінді жолдар бар: «Если надо – с именем Ленина Этот подвиг Мы повторим!..». Бір қарасаң, Олжас өршіл, даусы гүрілдеген. «Ал, мына Ленині несі?» деп сол кезде ренжіп қалғам. Мен ойлаймын, Құдай Олжасқа туабітті ақындықты қондырмаған. Оған өлең әкенің қанымен, ананың сүтімен келген емес. Ол орысқа кірме ақын. Кейіннен ғана өлең жазуды қолға алып, үйренген. Оның қанында ақындық жоқ. Бірақ, жақсылап тұрып өлең жазуды меңгерген.


Әмірхан БАЛҚЫБЕК.jpg


Әмірхан БАЛҚЫБЕК: Мырзан аға айтады: «Олжасқа өлең қанмен келмеген» деп, әкесінде де, шешесінде де жоқ де­ген секілді. Әкесі репрессия құрбаны болды. Бұл кісі тегін емес. Абылай ханның туыстасы болған, жоңғарлармен соғыста өлген Олжабай батырдың ұрпағы. «Бұл кісінің тегінде ақын болды ма, болмады ма?» дегенге келетін болсақ, атақты Жаяу Мұсаны алайық. Жаяу Мұса осы кісінің арғы ата-бабаларының бірі. Демек, бұл кісінің тегінде қазақ әдебиетінің тарихында, әнінің тарихында, батырлық рухының тарихында орын алған адамдар бар.









Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Оның тұқымында орысша өлең жазған адам жоқ дегенді айтып отырмын.


Әмірхан БАЛҚЫБЕК: Олжекең көп нәрсеге талабы болған кісі. Бір сөзінде айтады: «Мен композитор болғым келді. Опера және балет театрында болған бір байқауда Нұрғиса Тілендиев тыңдап көріп: «Бауырым, сен бұл іске келмей-ақ қой. Басқа дүниемен шұғылдан» деп айтқан» дейді. Төртінші класс оқып жүрген кезінде Лев Толстойдың «Война и мирын» да, «Анна Каренинасын» да оқыпты. Төртінші кластан бастап классиканы білу –оңай емес деген сөз. Бұл кісінің ішкі талабы әдебиетке алып келді. Жаңа Мырзекең айтып отырғандай, үлкен ақын не­месе жазушы болайын деген жоқ. Аударма бөліміне түсті. Қазақ ақындарының шығармаларын қазақ тілінен орыс тіліне ауда­ру. Бірақ: «Қазақтың ақындары қызықтау екен. Ұйқас санайды екен. Ал маған ондай өлеңдер ұнай бермейді. Эпикалық сарынға салғым келеді. Жыраулар поэзиясын, батырлар жырын оқығам. Қазақтың ақындарымен тіл табыса алмағаннан кейін, өзім өлең жазайын деп, өлең жаздым», – дейді. Олжабай батырдың өзі айтып кетіпті деген сөз бар: «Жетінші буыннан мықты, білімдар адам шығады», – деп. Осы тұрғыдан келген кезде, Олжекеңе біз білімдар адам деп қарамауымыз керек. Ғұлама деп қарауымыз керек. Мейірхан Ақдәулет ағамыз айтады: «Құдай адамға та­лант берсе, барлық жағынан береді ғой. Олжекең прозамен айна­лысса, ұлы жазушы болатын еді», – деп. Өйткені, ол кісі 1960 жылдардың өзінде сюрреализмге барған. Біз социалистік реа­лизммен жүріп, қалып қойдық. Жаңа сіз айтқан «Қыш кітабы», «Құмырсқасы» – сюрреализм. Әлидің суретін анау-мынау қазақ түсінбеуі мүмкін. Ал Олжекең түсіне алады. Өйткені, ол кісінің араласқан ортасы басқа орта болды. Үлкен суретшілермен арала­сты. Әбілхан Қастеев, Шәкен Аймановтармен. «Қазақ киносының алтын дәуірі» деп атап кеткен «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдері түсірілген кезді айтамыз ғой, соның барлығы Олжекең редактор болатын кездер екен. Асқар Сүлейменовті, Қалихан Ысқақты қасына жинаған да Олжекең. Сайын Мұратбеков, Әкім Таразилар сол жерде жұмыс істеген. Кейде салыстырмалы түрде «Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі» деп айтып жатамыз ғой, сол дәуірдегі ең талантты жігіт еді. Әбіш Кекілбаевтың өзі де: «Біздің ұраншымыз, жол бастаушымыз Олжас болды», – дейді. Қалихан ағаның өзі де, Әкім Тарази де, Сайын Мұратбеков те айтты. Мысалы, «Сөз төркінін» алғаш аударғандардың бірі Сайын ағамыз болатын. Сосын марқұм болып кеткен Сәбетқазы Ақатаев «АЗиЯ»-ны алғаш аударуға қатысқан кісі. Шыңғыс Айтматовтың өзі мойындады Олжасты. Олжекең Мәскеуде өлең оқитын бол­са, алдында шулап отырған анау-мынау орыстар сап тиылады екен. Көргендер айтады. Олжекеңді көп адам түсіне бермейді, шындап келгенде. Оны абайлап оқу керек. Қазақта ақын ақын болып өлу керек деген түсінік бар ғой. Сөйтіп, өмір бойы өлең жаза беру керек сияқты. Мен сол сөзді түсінбеймін. Ақын деген жандүниенің қалыбы. Олжекең осы жағынан келгенде ақын. Ол кісі 1983 жылдан кейін өлең жазған жоқ. Әлі де жазатын шығар, бірақ жарияланған жоқ. Дегенмен барлық еңбектерінде ақындық көзқарас, ақындық шабыт білініп жатады. Академиялық кітаптар неге оқылмай жатады? «АЗиЯ» неге оқылады? Академиялық кітаптар қасаң, қатқыл. Сілтеме жасау керек деген сияқты. Ал «АЗиЯ»-ны оқитын болсаң ақын жазғаны бірден білінеді. Арқаң қозады. «Көтеріл, қыпшақ» деген өлеңі бар. Қадыр ағаның аудар­масына Мырзағаның көңілі толмауы мүмкін.


Уа, аруақ!

Бейбіт күннен өлмейді ер,

Жебедің бе,

Қан майданда жебей гөр!

Мейлі маған жасын лақтыр,

Жай таста!

Бас сауғалап көрген емес айқаста.

Бірінші боп жығылмаспын,

Жығылсам,

Жығылармын ең ақырғы шайқаста.

Жұлдыз болып ғұмырымды өткерем,

Аруларды сүйіп тұрып,

Серт берем.

Балатонға барар жолды сілтесең,

Уа, аруақ, Айғырымды ерттер ем,

Аялаған,

Әлдилеген жан құрсын!

Ағып өтем,

Әнімнен түз жаңғырсын.

Менен калған тостақ ізге қақ тұрып.

Ата жауым содан шөлін қандырсын!

Соқпақ-жолсыз сәті болмас сапардың,

Атпен бірге жығылармын,

Жатармын.

Тасбақаша тарғыл құмды жамылып,

Мәңгі ұйқыға,

Қатты ұйқыға батармын, – біз түсінбейміз. Оған дайындық керек. «Балатоны не?» десең, сөйтсе бұл Венгрияның атақты территориясы екен.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қадыр Мырза Әлидің аударма­сын жақсы айтып кеттіңіз. Қадағаның да, Әбіш Кекілбайұлының да аудармасы бар екен. Ұлықбек Есдәулет пен Асқар Егеубай да аударыпты. Кейінгі жастардан Алмат Исаділ мен Ерлан Жүніс те талпыныс жасапты. Ол кітап «Сүмбіле жұлдызы» деген атпен жарық көрген екен. Оның алдында «Айналайын» деген де ау­дарма кітабы шыққан болатын, Кеңес заманынан кейінгісін айтам. Сапасы әртүрлі болуы мүмкін. Сосын бір өлеңді бірнеше ақынның түпнұсқаға ұқсамайды, қызығы сонда. Мысалы, «Алма» деген өлеңі орыс тілінде сәл басқаша, қазақ тілінде сәл басқаша.


«Приехал я в край, где лишь пихты и ели,

где ели под тяжестью неба присели,

где между стволами ветры белели,

их называли так нежно: «метели», – деген жолдар:

Бұл сапарым болды маған ауыр сын,

Мен барған жер – тұнып тұрған самырсын.

Құлап бара жатқандай бір аспаның,

Боран, боран, көрсетпейді басқаны, –

болып аударылған.


Бұл жерде «ағараңдаған бұрқасынның» елесі де жоқ, қарасаңыз. Оның орнына «құлап бара жатқандай аспан» қосылған. Еркін ау­дарма болғанның өзінде образ өзгеріп кеткендей әсер қалдырады. Атауларға дейін басқаша жүр. Ал, Мырзеке, сіздіңше, Олжас Сүлейменов өлеңдерінің қазақша аудармасының сапасы қандай?


Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Аудармасы керемет болу үшін әуелі түпнұсқасы керемет болуы керек. Олжаста ақындық бар. Бірақ поэзия деген байғұстың өзі сұлу қыз сияқты. Кейде поэзия адамды қуантады, болмаса алға ұмтылдырып, шабыт береді. Ішкі нәзік сезімді қозғайды. Поэзия деген сол. Олжастың өлеңінде ойшылдық бар, жоқ деп айта алмаймын. Афоризм, пафос бар. Бір ауыз сөзбен айтқанда, оның өлеңі өте салқын. Поэзияға тән нәзік сезім жоқ. Салқын ой, салқын ақыл. Мысалы, «Волчата» деген өлеңін оқыдым. Соны Қадағаң «Қасқырдың күшіктері» деп аударады. Өлеңнің ішінде де «күшіктер» деп жүр.


Голодные волчата позабыли,

Как властно пахнет в зврослях укроп.

Они, прижавшись к ранам, жадно пили,

Густую, холодеющую кровь, – деген шумақты:

«Жақын түгіл, аяр еді жат тегі,

Оянбайтын бір ұйқыға батты өлік.

Жарақаттың аузын жалап күшіктер,

Шешесінің жылы қанын жатты еміп», –

деп аударады. Ой, айналайын, ол бөлтірік қой. Түпнұсқаның өзінде де Олжас: «Бір адам жолда келе жатыр еді. Бір кезде «он увидел волка» дейді. «Точней – волчицу» дейді. Сосын «а вер­нее мать» дейді. Сонда «волк» та, «волчица» да, ақыр аяғында «ұрғашы қасқыр» да кетті. «Мать» деген сөзді неге алып отыр? Өйткені, алдында «узнать» деген сөз бар. Осы сөзге ұйқас керек болды да, «мать» деген сөзді ала салды. Шын жүректен шықпаған өлең. Қаңғып келе жатқан адам бір, әйтеуір шартты түрде алынған өлең ғой. Ол шын жүректен шықпаған өлең болмағаннан кейін оның аудармасы да оңбайды. Осы қазақтар: «Ой, Олжекеңнің Қадыр Мырза Әли аударған «Арғымақтар» деген өлеңі бар», – дейді. «Арғымақтарды» оқып отырсаң, онда қазақы даланың иісі, сахараның иісі, жылқының, қазақтың иісі шықпайды. Өйткені, Олжас жылқыны, қазақы өмірді, сайын даланы білмейтін адам. Олжас жылқыны ипподромнан көрген. Ол жылқыны цирктен көрген. Ауылда өскен жоқ ол. Олжастың жылқы туралы өлеңін оқып отырған кезде, Абайдың «Аттың сыны» деген өлеңі бар ғой, ондайды сезіне алмайсың Олжастан. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» бар ғой, Құлагерді қалай суреттейді. Ағылшындар өзі жақсы көретін әйелді жылқыға теңейді. Неге десең, оларға жылқының сауыры ұнайды екен. Ал Олжас: «Жылқының арты круглый» дейді, мысалы. Жылқыны білетін адам өйтіп жазбайды ғой.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл жерде стиль деген бар. Ол­жас Сүлейменов көркемдіктен гөрі пафостың ақыны емес пе, эпик ақын ретінде де көрінеді, жыраулықты ұстанады орысша болса да, стилі соған келетін шығар.


Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Жоқ, ол келе бермейді. Жылқы туралы жазған өлеңі сырттай ғана жағалауы, тамашалауы ғана. Сондықтан мына аудармасы келіспейді. Мынаны қараңыз: «Қыпшақтардың, ой-хой, құба жондары-ай» дейді. Қыпшақ демей-ақ, қазақ десе болады. Қыпшақтар деп арыға кетіп отыр.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мырзеке, Олжас Сүлейменов көркемдіктен гөрі рухтың ақыны дегенім ғой. Қыпшақ даласы дегенде эпикалық сарын жатыр емес пе? Бәлкім, аудармада соны ұстай алмаған болармыз?


Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Түпнұсқасы келіспеген өлеңді қанша аударсаң да жақсы шықпайды. Әбіш Кекілбаев ағамыздың аударған түрін қараңыз. Әбіш сөз білмейді деп адам баласы айта алмайды. Мына жерде ол да Олжастың жаңағы «узнать», «мать» дегені сияқты:


Арғымақ жүр көк шалғынға –

көк кілемге сүртіп мүйіз ұлтанын, –

дейді. Ұлтан деген аяқ киімнің табаны. Ал жылқының ұлтаны бола ма екен? Аударған түрі осы. Демек, оның орысшасы келісіп тұрған жоқ. «Мен Александр Блокты, Пушкинді аудардым» деп мақтанатындар бар. «Олжасты аудардым» деп мақтану керек пе? Асқар Егеубаев аударады, аударған түрін қараңыз:


Дауылдарға атойлап,

Алыстан да жақыннан.

Байрағымдай шақырған,

Момышұлы Бауыржан,

Қошқарбаев Рақымжан, –

дейді. Осы аударма ма? «Махамбет» деген өлеңі бар. Олжас Сүлейменов, не десең о де, Махамбетті білмейді. Білмейтін себебі, бір мысал келтірейін. Махамбеттің 250 жылдығы болғанда: «Махамбетті біз французшаға аудардық», – деді. Орысшаға Абайды аударып келістірген жоқпыз. Махамбетті қалай аудар­сын? Осы жерде Әбіш ағамызға да сөз тиіп кетеді.


Шарт сынған, шатақ кескінді,

Жұртың да біліп айтыпты.

Желкеден сұққан көк сүңгі,

Бақайдан бір-ақ қайтыпты, –

дейді. Біріншіден, Махамбеттің желкесінен көк сүңгі сұққан жоқ. Басын шапты қылышпен. Екіншіден, «желкеден сұққан көк сүңгі, бақайдан бір-ақ қайтыпты» деген болмайды.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Енді эмоциясы шығар. Олжас Сүлейменов Махамбет туралы бірталай өлең жазыпты. Бір өлеңі «Молитва батыра Махамбета перед казнью» деп аталады екен. Соны Әбіш ағамыз «Махамбет батырдың дар алдындағы дұғасы» деп, ал Алмат Исаділ «Махамбет батырдың өлер алдындағы сөзі» деп алып аударған екен.


«Бисмилля!

Я в далеких походах забуду себя.

Я в битвах – по году.

В обидах – по горло,

Я родился в седле,

Умираю в цепях,

Меня водят пешком, как собаку, по городу», –

деп тақұл-тұқыл басталады.

Осы жолдарды Әбіш ағамыз:

Біссіміллә, бісіміллә!

Айқаста жортып айшылық,

Кеңірдектен кекке малшынып,

Шайқас десе елірген

Ер едім-ау.

О, тоба-ай!

Ер үстінде туып ем,

Бұралқы иттей бұраулы,

Күлкі боп күллі шаһарға

Жер үстінде келемін, – деп шалт аударыпты. Шыны керек, біраз образ дарытқан. Өршіл рух берген. Қынаға малып алғандай десе де болар.

Ал бүгінгі жас Алмат Исаділдің аудармасында:


Біссіміллә!

Алыс жаққа жорытқанда,

Жорықтарда бөгіп қанға,

Жүрегімді суыттым.

Айлам бар ма –

Айлап, жылдап майдандарда,

Ашу, ыза бойды алғанда,

Өзімді өзім ұмыттым...

Ер үстінде туған едім,

Шынжырымен матап мені,

Бара жатыр бунап өлім...

Ата жауым қара жаяу қалдырды,

Мойыныма

Итке ұқсатып, қарғыбауын салдырды, –деп шұбалып кетеді. Өршіл рухтың жырынан гөрі, лирикалық өлеңге келіңкірейді.


Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Оған да келісейік. Бірақ, келіспейтін жерлері де бар. Махамбетті масқаралайтын жерін қараңыз:


Тайқазанға тақ тойып,

Құнан қой мен құнанды,

Сыпырып-сипап кетіпсің, –

дейді Әбіш ағамыздың аудармасында аударма түпнұсқадан алыс кете алмайды бәрібір. Махамбет деген мешкей ме екен, тайқазандағы құнан қой мен құнанның етін сыпырып соға берген біреу ме екен сонда?


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Енді гипербола деген бар ғой. Көз жасымды көл қылдым дегендей.


Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Бірақ Махамбетті өйтуге болмайды ғой. Француздар, орыстар не ойлайды? Пантагрюэль, Гарган­тюа екен деп ойлайды. Бұл Махамбетті көтеру емес, Махамбетті масқаралау. Әбіш Кекілбаевтың аудармасының тағы бір жерінде: «Шүйіріп шүңірек көзіңді», – дейді. Бұл Әбіш Кекілбаев айтатын сөз емес. Тіл білетін адам бұл жерде буыннан, ырғақтан ада­сып кетіп отыр. «Кім қарап жатыр осыны» деп Әбіш Кекілбаев айта салды. Қазақ «көзіңді шүйіріп» деп сөйлемейді, «мұрныңды шүйірме» дейді. «Шүйіріп шүңірек көзіңді, қарқылдап тұрып күліпсің», – дейді. Тайқазандағы құнан қой мен құнанның етін жеп алды, бір кезде қарқылдап күлді. Бұл жерде Олжас айтқан Махамбет бар ма? Бұл жерде Махамбет көргенсіз, тамаққа той­майтын, жартылай жабайы ғой.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мырзеке, мынандай бір нәрсені оқып қалып едім. Высоцкий туралы естеліктерді қарап отырсам, былай деп жазыпты: «Францияда поэзия күндері өтті. Соған Воз­несенский, Евтушенко, Окуджава, Олжас Сүлейменов барып еді», – дейді. Сол жерде өлең оқыған ақындардың барлығына, Кеңес аумағынан шыққан орыстілді ақындарға жоғары баға берілген екен. Әрине, заман да, уақыт та болар. Сіз айтып отырған сөздердің шындығы жоқ дей алмаймыз. «Мойындалды, мойындалмады» деген кезде, мүмкін бізге осында пафос, рухтың ақыны ретінде Олжас Сүлейменов керек болған шығар. Әлемге де сол қырынан танылған шығар деп ойлаймын. Біздің қазақ ақындары аударма жасаған кезде жатық қылып аударамыз, қара өлеңге ұқсатамыз деп, ақ өлеңге ұқсатамыз деп шатасқан болуы мүмкін. Себебі, аударма шыныменде түпнұсқамен сәйкес келмейді. Осы жағын Әмірханнан сұрасақ жақсы болар еді.


Әмірхан БАЛҚЫБЕК: Кеңестер заманында белгілі бір ақындарды шығарып отырды деген түсінік бар бізде. Солардың бірі Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатов болды. Расул арқылы авар халқын бүкіл әлем таниды. Сол кісінің өлеңдері тура­лы түрлі түсініктер бар. Орыстар қолдан жасады дейді. Бұл кісіні де айтуы мүмкін, тегінде ақындық жоқ еді, қолдан жасалған ақын ғой деп. Ал шындап келгенде оның әкесі Дағыстанның белгілі ақындарының бірі. Демек, Расулдың да қанында ақындық бар де­ген сөз. Біреулер: «Оның өлеңдерінің әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ еді. Түпнұсқасында түк жоқ, аударма арқылы орыстар, еврей­лер таныды» деген сияқты сөздерді айтады көре алмағандықтан. Бүйтіп қарайтын болсақ, біз бәрін жоққа шығарамыз. Олжекеңді түпнұсқасымен салыстырып оқитын болсақ, рас, кейбір дүниелер келе бермейді. Ал негізгі аударма Қадыр ағамыздың аударма­сы. Сонау 1982 жылы Қадыр ағамыздың шабыты шау тартпай тұрған уақытта бір томдық «Атамекенді» аударды. Одан кейін Ұлықбек ағамыз, Асқар Егеубаев ағамыз аударды, ынталы жа­стар аударып жатыр. Кеңестер Одағы тарағаннан кейін Олжасқа қарсы сөздер айтылып кетті де, жастардың көңілі қалып қойды. Кезінде орыс тілін сіздер ауылдан біліп келсеңіздер, қазір қалада жүрген жастардың өзі орыс тілін біле бермейді. Мұның арғы жағында Олжас Сүлейменовті түпнұсқадан оқу деген жоқ деген сөз. Қазір әдебиетке келіп жатқан жастардың 90 пайы­зы Олжекеңді түпнұсқадан оқи алмайды. Олжекеңді білу үшін Қадыр Мырза Әлиге сүйенуімізге тура келеді. Поэзияда дарын тепе-теңдігі жағынан Олжасқа жақындап келетін осы Қадыр ағамызды айтуға болады. Қадыр аға Олжекеңді өзегінен түсінген адам. Олжекең жыраулар поэзиясынан пайда болғанын өзі де ай­тады. «Жыраулар поэзиясын, Махамбетті аударғым келді» дейді. Бірақ, Махамбетті аудара алмады. Оны Вознесенский де аудара алмаған. Дегенмен «Стрела Махамбета» деп өлең арнады. Мой­ындады. Өйткені, Махамбет кез келген ақынның ыңғайына келе салы, Есенинді Олжас сияқты пафостың ақыны аударатын бол­са, ол сәтсіздікке ұшырайды. Есенинді Исраил Сапарбай, Қадыр Мырза Әли секілді лирик ақындар аударуы керек. Павел Васи­льев деген ақын бар. Қазақстанның ақыны, 26 жасында репрес­сия құрбаны болған, Зайсанның тумасы. Ілияс Жансүгіровтердің өлеңдерін аударған. Ал біз Олжекеңді Маяковскийден шыққан деп айтқымыз келеді. Ал шындап келгенде мұның түпнұсқасында Павел Васильев жатыр. Әр ақын өзінің биігінде, аттас нүктесі бо­лады. Өзінің ыңғайына келетін, жақсы көретін ақындары болады. Осы жағынан алғанда Маяковский мен Павел Васильев бірдей. Павел кезінде Есенинмен бірдей мойындалған ақын.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сонда аудармасын таппаған ақын деп отырсыз ғой.


Әмірхан БАЛҚЫБЕК: Иә. Олжекеңмен бір сөйлескенімде: «Дұрыстап аударылуы керек еді-ау», – дегенді айтқан. Қанша дегенмен, Қадыр ағамыз қазақыландырып жіберген. Кейбір жерлерінде сыдыртып өте шыққан, кейбір жерлерінде ойын түсінбей қалған деген секілді. Енді Олжас Сүлейменовті аудару оңай емес, ол философ ақын. Оның өлеңдерінен көңілжықпастық, сентиментальды лириканы іздей берудің қажеті жоқ. Одан ой іздеу керек. Одан пәлсәпа, кеңістікті іздеу керек. «Олжастың «АзиЯ»-сы кеңістіктегі мазмұн», – деп Асқар Сүлейменов ағамыз айтады. Қадыр ағамыздан аударма оқып берейін енді.


Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Жоқ, сен орысша бір өлеңін оқышы.


Әмірхан БАЛҚЫБЕК: Оның «Догони» деген қызық өлеңін оқып берейін онда.


«Догони меня, джигит,

Не жалей коня, джигит.

Если ты влюблен и ловок,

Конь умрёт, но добежит.

Я люблю тебя, джигит.

Догони же,

Поцелуй,

Голос от стыда дрожит,

Среди этих звонких струй.

Меня ветер обгоняет.

На груди моей лежит,

Обнимает, обнимает,

Ой, зачем отстал джигит!

Издевается луна,

Я одна.

Опять одна, Мои руки побелели,

Кровь по крупу скакуна,

Злые люди,

Злые люди,

Вы обидели меня.

Дали смелому джигиту,

Дали сильному джигиту,

И красивому джигиту

Ишака,

А не коня!..», – дейді.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Енді осының аудармасын оқыңызшы.


Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Оның аудармасын оқымай-ақ білемін. «Злые люди» деген сөзді келтіргенде: «Құрып кеткір, қу халық» – дейді. Түпнұсқасы керемет өлең болатын болса, ол еш уақытта жерде қалмайды. «Расул Ғамзатовтың орысша аудармасы керемет» деп өзің айтып отырсың жаңа. Не себепті? Өйткені, оның түпнұсқасы керемет, өлеңді өз тілінде жазды. Ол авардың жаныменен, авардың жүрегіменен жазды өлеңді. Ал Ол­жас Сүлейменов орыс та емес, қазақ та емес. Сондықтан оның өлеңі анандай болып шығады. Оның қазаққа қарсы бір сөзі бар: «Қазақ бөшке сияқты. Оның сыртында құрсау бар. Егер басқа халық болмаса, қазақ құрсаусыз шашылып қалады», – дейтін. Сөйтіп жүрген адамның өлеңі, аудармасы жақсы болып шығады дегенге сенесің бе? Өзіне өзі қарсы келеді. «Согласитесь, талант – притворство», – дейді. Өстіп жүрген ақынды қалай мен ақын деп айта аламын. Шыныңды айтшы. Асқар Егеубаев аударыпты: «Құшақтап отырып, мылтықтың сауырынан», – деп. Әй, аттың сауыры дейді. Қазақтың өлеңін біреу қазақшаға аударғаннан кейін, ол керемет ақын болмайды. Қорыта келгенде, бағана сөзімнің басындай айттым, Олжасты керемет ақын деп айта алмаймын. Өйткені, одан өткен керемет ақындар бар. Өте құрып кеткен, на­шар ақын деп тағы айта алмаймын. Өйткені, одан нашар ақындар да бар. Қатардағы ақын деген аты бар. Орысша өлең жазғаннан кейін Совет заманында атағы шықты. Орысша жазғандардың сол кезде аяғы жерге тимеді. Керемет қылып аспанға көтерді, соны­мен қалды.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы екі бөлімді сұхбатымызда өзіміздің эмоциямызды да, симпатиямызды да жасырған жоқпыз. Дей тұрғанмен, Мырзан Кенжебайдың пікірі өзінде қалсын, Әмірхан Балқыбектің пікірі де өзінде қалсын дегім келеді. Олжас Сүлейменовтің Пушкиннің поэзия туралы бір сөзін мысалға келтіретін жері бар. «Өлең сәл ақымақтау болу ке­рек». Бұл Пушкиннің сөзі. Осы сөзді біз біржақты ғана түсінбей, кең мағынасында түсінуіміз керек деп талдау беретін Олжас Сүлейменов шыныменде өлеңнің қыр-сырын меңгермеуі мүмкін емес. Пафостың ақыны дейміз. Рухтың ақыны дейміз. Белгілі бір дәрежеде әдебиетімізге, рухымызға, халқымызға қызмет ете алды деген ойды айтпасқа болмас. Негізі Олжас Сүлейменов уақытында еркін ойдың ақыны болды. Біз не үшін оған қызықтық? Жабық тақырыпқа «АЗиЯ» арқылы бара алғаны үшін де қызықтық. Не үшін өлеңдеріне қызықтық? Біз айта алмай, ішімізде бұлқынып жүрген ойларымызды пафос, публицистикалық сарынмен болса да айта алғаны үшін біз Олжас Сүлейменовті бағаладық. Осы сөз бүгінгі сұхбатымыздың нүктесі болса, ешкім ренжімес деген ойдамын. Қызу, тіптен бір-біріне мүлдем қарама-қайшы пікірлер айта алғандарыңыз үшін сіздерге мың да бір рахмет. Ондай пікір тудырмаса, Олжас Олжас бола ма?



Жүсіпбек Қорғасбектің “Кітапхана: Сұхбаттар” атты кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар