Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұларбек Дәлейұлы: Ақын-жазушыларымыз Шыңғысханның ...

09.12.2016 3028

Ұларбек Дәлейұлы: Ақын-жазушыларымыз Шыңғысханның руын өзіне тартып әлек...

Ұларбек Дәлейұлы: Ақын-жазушыларымыз Шыңғысханның руын өзіне тартып әлек... - adebiportal.kz


Ularbek_1.jpg


Осыған дейін бұл сұрақтарға Аягүл Мантай жауап берген болатын.



Қазақ қаламгерлерін шетелге өз деңгейінде таныта алмай жатырмыз. Әлеуметтік деңгейі төмен деген елдердің әдебиетшілері бұл сатыдан өтіп, Нобель сыйлығына ұсынылуда. Аударма саласына не жетіспейді?


Қазақ қаламгерлерін әлем тануы үшін оның шығармаларына аударма ғана жасау жеткіліксіз. Бұл іске мемлекет тастүйін әрекет жасауы керек. Оған Жапония, Қытай, Түркия, т.б. елдерден мысалдар да толып жатыр. Дамыған, өресі биік елдер әр жыл сайын бір ақынын не жазушысын әлемдік әдебиет сахнасына шығарып, Нобель сыйлығына дайындайды. Қаржыны да, түрлі жарнаманы да аямайды.


Біздің елдің халықаралық деңгейдегі саясатының үлкен бір тармағы міндетті түрде осы сала болуы керек.


Әлем жұрты Қазақ Елін ЭКСПО-сы немесе универсиадасы һәм толып жатқан саммиттерінен ғана емес, биік ұлттық мәдениет деңгейінен, ұлттың жан дүниесіндегі таза рухани кеңістігі арқылы да тануы керек. Оны жан-жақты көрсететін тың күш – қаламгерлердің ірі-ірі шығармалары.


XV-XVI ғасырлардағы Испания жүрегіндегі ауыр жарасын Сервантестің «Дон Хикот» романы арқылы, күллі Латын Америкасының рухани салдануын Гарсия Маркестың «Жүз жылдық жалғыздық» романы арқылы білген жоқпыз ба...


Әдеби сын тоқырап қалды. Оның үстіне сын қабылдаудағы мәдениетіміз де анау айтқандай жоғары емес. Қайтпек керек?


Әдебиеттің тоқырауы – сол ұлттың жан-дүниесінің қаншама тар қапасқа қамалып, тығырыққа тірелгенін дәлелдейді. Әдебиеті біткен ұлт – елсіз аралда жалғыз қалған адамның ауыр күйінен де қауіпті. Жастар арасындағы қаптап кеткен қорқынышты азғындық, өз-өзіне қол салу, зорлық-зомбылық, себепсіз кісі қанын жүктеу, т.б қасіреттің барлығы – біздің ұлттың рухани әлемі тұйыққа тірелгенін айғақтап тұр. Жазушы Төлен Әбдіктің әлемдік сыйлықтардың қай-қайсысына да лайықты туындысы «Парасат майданы» атты ғажап туындысында бұл жайттың бәрі ғажап шеберлікпен баяндалған.


Ал, сын қабылдай алмай жатсақ, оған жоғарыда айтқан, арып-ашып, жібіне жеткен рухани әлеміміз-ақ жауап беріп тұр.


Рулық, географиялық, ұжымдық айналада әдебиет жасау белең алып кетті. Әдебиет деген жалқының олжасы ғой. Осыны қалай тежесе болады?


Бәсеке бар жерде әрқашан ілгерілеу болатыны белгілі. Сол тұрғыдан келгенде, бізде нағыз әдебиет бәсекесі өткен ғасырдың еншісінде қалып қойды. Негізгі халық кітапты ұмытты. Бұрынғыдай бәлен таралыммен тарайтын рухани азықтықтың орнын қазір нарықтың дүлей шаңы көміп кетті. Осыдан барып, әрбір жаңа жазылған дүниелер аздаған әдебиетшілердің арасында ғана талқыланады. Құны кеткен дүниені әркім бір ұстап көріп, бұрынғы заңгерден ақын, кешегі түрме күзетшісінен бүгін зейнеттегі жазушы шығып жатыр...


Қазіргі прозаның орнын «қолдан батыр жасау» науқаны мен рулық шежірелер басты. Ұлт қайғысын айтады деген мықты ақын-жазушыларымыз Шыңғысханның руын өзіне тартып әлек...


Жалпы алғанда, бұл әлектен құтылу үшін қазақ шығармаларын әлем оқырмандарына ұсынып, таза әдеби шығармалар бәсекесін жолға қойсақ, қалғандары өздігінен шешіле берер еді.





Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар