Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақниет Озат: Қаржылық ынталандырудың жеткіліксізді...

20.12.2016 3804

Ақниет Озат: Қаржылық ынталандырудың жеткіліксіздігі аударма сапасының төмендігіне әкеліп соқтырады

Ақниет Озат: Қаржылық ынталандырудың жеткіліксіздігі аударма сапасының төмендігіне әкеліп соқтырады - adebiportal.kz


1385039_429776953795180_100681649_n.jpg


Осыған дейін бұл сұрақтарға Елдос Тоқтарбай жауап берген болатын. 


– Қазақ қаламгерлерін шетелге өз деңгейінде таныта алмай жатырмыз. Әлеуметтік деңгейі төмен деген елдердің әдебиетшілері бұл сатыдан өтіп, Нобель сыйлығына ұсынылуда. Аударма саласына не жетіспейді?


Соңғы уақыттардағы Нобель сыйлығын алған шығармаларды оқи отырып сол деңгейдегі туындылар қазақ әдебиетінде де бар екендігі ойлантпай қоймайды.


Өткен, осы шақта да біз әлем әдебиетін орыс тілінде оқып, сол тіл арқылы ғана шет тілге аударып жүрміз. Таласбек Әсемқұлов ағамыз айтқандай орыс аударма мәдениеті өте сергек болып келеді.Ресейде аударма мектебі ерте қалыптасқан. Әлем әдебиетінің жауһарларын біз осы тілмен оқып түсіндік. Бірақ осы үрдіс қазір өзгеріп бара жатқандығы байқалады. Халықаралық сыйлыққа ие болу үшін сіздің шығармаңыз тілдік контингенті көп ағылшын тіліне аударылу керек. Шығарма түпнұсқадан бір аударылып, аудармадан қайтара басқа тілге тәжірмаланған кезде сапасының төмендей түсетінін ескерсек, ағылшын тілін жетік білетін аудармашылар біз үшін қазір ауадай қажет. Біріншіден аудармашының зияткерлігі, сол елдің мәдениетін тани білу қасиеті (лингвоелтанушылық), екіншіден мәтінмен жұмыс кезіндегі: түпнұсқа тілдің өктемдігінен құтылу, шығарманы аударылатын тілдің болмысына бейімдеу, жазушының өзіне тән стилін жоғалтып алмай жеткізу өте қиын шаруа. Тілдік табиғат тұрғысынан қазақ тілі өзге тілдердегідей еркін емес, сөздік құрылымы тұрақты. Осының өзі аудармашының шеберлігін, тапқырлығын айрықша талап етеді. Бұл іске нағыз- кәсіби мамандар керек.


«Проза аударушы- құл, поэзия аударушы-қарсылас» деген түсінік бар. Шыныменде, прозаның жүгі әрқашанда ауыр. Өзім қара сөзді қалыптасқан прозашының өзі аударғаны дұрыс деп ойлаймын. Әлем әдебиетіндегі қазақ тіліне тәжірмаланған дүниелер аз болмаса да, оның сәтті шыққандары саусақпен санарлық қана және оны қалыптасқан жазушылар аударғаны жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі іспеттес.


Кейде маған бұл мәселенің шешімі қаржыға келіп тірелетін сияқты көрінеді. Себебі біздің елде осындай мехнаты көп жұмыс үшін көп ақша алмайсың. Қазіргі кездегі ең үздік көркем аудармашылар дайындайтын Женева оқу орнының түлегі, әр шығарма беті үшін жобалап алғанда 250-300 доллар алса, ресейде 8000-10000 рубль (орыс тілінде бір шығарманың 7-8 нұсқасына дейін болуы, мүмкін, осыдан болар), қазақстанда 800-1300 теңге алады екен. (Г.А.Тұтқышбаева дерегі) Көп жағдайда баға тұтас көркем шығарма үшін келісіліп, бұл бағадан төмен төленіп жатады. Қаржылық ынталандырудың жеткіліксіздігі өз кезегінде бәсекелестіктің жоқтығына, аударма сапасының төмендігіне әкеліп соқтырады.


Әдеби сын тоқырап қалды. Оның үстіне сын қабылдаудағы мәдениетіміз де анау айтқандай жоғары емес. Қайтпек керек?


Әдеби сынның тоқырап тұрғаны рас. Сонда да сын айтылып жатыр, мүлде тоқтап қалған жоқ. Бірақ мен сол сыншылардың бойынан екі кемшілікті байқаймын.


1. Уақыты өткен, қайырылып келмейтін заманды, адамдарды сынау,кей жазықсыз ағалардың жағасынан алу бар. Әйтеу бір бітпейтін кек қуып жүр. Бір қызығы бұл жалпы сипат алғандығы таң қалдырады. Ойымша бұл құр елеспен айқасқандай әсер береді, нақты келіп кетер пайда жоқ. Сен енді социальдық реализм түсінігіндегі адамаға ештеңені қайта түсіндіріп, дәлелдей алмайсың. Иә, ол кезде сынның мүлде тұншықтырылғаны рас. Бірақ ол күндердің қайта келмесі де рас қой. Біз өткен шақтың есесін толтырамыз деп жүріп, осы шақтағы сын жағдайын ұмытып кететін сияқтымыз.


2. Сыншы әрқашан өзі талдайтын мәтіннен жоғары тұруы керек. Бұл тиісінше сыншы адамның эрудиттілігін , кітапты көп оқуын талап етеді. Осы арада Флобердің бір шығарманың табиғатын тану үшін 2000 кітапті ой елегінен өткізгендігі таңқалдырмай қоймайды. Бізде бір-екі шығарманың басын қайырып қана сыншылар қалыптасып шыға келеді. (әрине, өз ойынша) Ананы сынадым, мынаны сынадым деп есіріп отырады.


Қазақ әдебиетінде сын жүйелі қалыптаспаған, енді даму жолына түспек. Байқасам, қазіргі үздік батыс сыншылық өнерінің қалыптасуы 20 ғасырдағы философиялық ойлау жүйесімен тікелей байланысты. Ендеше қазіргі сыншыларға осы дүниелерді меңгеру кезек күттірмейтін шаруа.


– Рулық, географиялық, ұжымдық айналада әдебиет жасау белең алып кетті. Әдебиет деген жалқының олжасы ғой. Осыны қалай тежесе болады?


Қазір кітап шығару өндірісі көп жағдайда нарық заңына тікелей байланысты. Ереже қарапайым: ақшаңыз барма шығарасыз. Сондықтан біреудің қажылыққа немесе құдалыққа қалай барғаны, өз ата-бабасының шежіресі , олардың қазақтың маңдайына біткен қайталанбас тұлғалар екендігі туралы кітаптар көптеп шығарылуда. Бұл кітаптарды ешкім оқып жатқан да жоқ. Дегенменде көп нәрсе оқырман деңгейіне байланысты. Бізде талғам өте төмен. Ол үшін біз оқырманға қазақ, әлем әдебиетінің сапалы шығармаларын ұсына алуымыз керек.  






adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар