Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қожаберген жырау өмірінен қызықты деректер...

13.07.2017 15870

Қожаберген жырау өмірінен қызықты деректер

Қожаберген жырау өмірінен қызықты деректер - adebiportal.kz
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қожаберген жырауды білмейтін қазақ жоқ шығар. Әйгілі «Елім-ай» тарихи дастанын шығарып, қазақтың өткен тарихын өзінің жырларына арқау еткен батырдың қазақтың рухани мұрасына сіңірген еңбегі зор.
Көшпенді тіршілік кешкен қазақ даласы шабыты қозған шайырлардың, орақ тілді шешендер, өткен тарихын қаузайтын абыздар, қоңыр әуенді тербетіп, екі ішекті домбыраны шерткен күйшілер мен шын жүректен шыққан әндердің орындаушыларымен өмір сүрген. Қазақтың ұлттық руханияты сол жоғары мәдениеттің шырқау шегіне де жеткен. Тіпті осындай сан қырлы қасиеттердің барлығы бір адамның ғана бойынан табылып отырған. Ендеше біз жоғарыда сөз еткен Қожаберген жырау осындай сан қырлы өнер иесі, ақындығы мен күйшілігі, батырлығы мен шешендігі қатар ұштасқан «сегіз қырлы, бір сырлы» дара дарын иесі.
Бір елдің басынан өткен тарихты, сол заманның тар жол тайғақ кешуін көзбен көріп жүріп, өлеңмен өрнектеген жырау. Қолына найза ұстап, қазақ батырларымен жат жұрттың шапқыншылығына төтеп берген батыр. Қиын қыстау кезеңдерде ханның қасынан табылып, кемеңгер ойын айтқан данагөй.
Қожаберген бабаның жеті атасы төрт ғасырға жуық қазақ — қалмақ соғыстарын өз бастарынан өткізген қаһармандар. Қазақ мемлекеттігінің болашағын ойлау Қожаберген бастаған қайраткер дәрежесіндегі ат төбеліндей билер мен батырлардың ісі еді. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік туы көтерілген соң барып Қожаберген жырау халық батырларының есімі мен қатар жарыққа шығып қазақ тарихынан өздерінің тиісті орнын алып жатыр.
Шапырашты Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты еңбегінде: «Қожаберген Толыбай баласы Тәуке заманында әскер басы болған, жау түсіріп, ту алған батыр еді. Ол батырлығымен бірдей сол заманның өзі көзбен көрген оқиғасын мол жырлаған адам. Жасымен құралпы Бұқар оған құлдық ұратын. Бәлкім, егер Қожаберген жырау болмаса,бізге ол заманның көп шындығы жетпес те еді»,-деп жазылған. Ендеше қазақ тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Қожаберген жырау Толыбайұлының тарих сахнасындағы орны мен әдеби мұрасы жайында қызықты деректерді оқырман назарына ұсынсақ.
- Қожаберген жырау 1663 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының Күлтөбе деген жерінде Толыбай сыншының отбасында дүниеге келген. Әкесі Толыбай сыншы, атасы Дәулен батыр, бабасы Таузар сардар өз заманында Үш жүздің әскербасы, Орта жүз қазақтарының ардақты ел билеушілері де болған. Анасы Ақбілек Баянауыл өңірін мекендейтін Орта жүз Сүйіндік арғын Айдабол бидің қызы. Анасы өнері асқан сынықшы, тоқымашы кісі болған. Қожаберген бала кезінен бастап әкесі Толыбай сыншының туған нағашысы — Кіші жүз Әлім ұлының Төртқара руынан шыққан атақты Жалаңтөс баһадүр Сейітқұл ұлы ұрпақтарының қолында болып Үргеніш, Бұқара, Самарқанд медреселерінде оқиды. Себебі Сейітқұлұлының әулеті сол кезде осы аталмыш шаһарларда тұрған еді. Қожаберген медресені бітіріп, имам атағын алса да қожа, молда, ишан, софы болмайды. Себебі он үш жасынан өлең шығарып ақындық жолға бет бұрады, ал он жеті жасында кемел ақындар қатарына қосылады. Аңыз әңгімелерді хисса - дастанға айналдырып жыр етеді. Сол уақыттан ол батыр ағаларына еріп жорыққа аттанады.
- Дауылпаз Қожаберген жырау - ұлы ұстаз. Ол 1710 жылы 27 жасар Қанжығалы Бөгенбайдай шәкіртін бүкіл қазақ қосының сардарбегіне ұсынды. Ұлы Қорқыт ата, Асан атадан кейінгі Көмекей әулие атанған Бұқар ата оның сүйікті шәкірті. Ол болса, ұлы Абылай ханның ақылгөй данасы болды. ХVІІІ ғасырда қазақ елінің тәуелсіздігін қорғап қалған батырлар Қожаберген батырдың да шәкірттері. Атақты үш жүздің соңғы ханы Абылай өзінің Қожаберген бабадан бата алуды мәртебе тұтты. Өз аулында мешіт-медресе ашып, бала оқытып, ислам дінін насихаттайды, шеберхана салдырып, елді қол өнеріне баулып, егін салуды қолға алады.
- Қожаберген жырау жоғарыда айтқандай, Үргеніш, Бұхара, Самарқанд медреселерін бітіріп, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген. («Тіліне араб, парсы едім жетік», - деп «Елім-ай» дастанында келтірілген). Оқып, діни сауатты білім алған, батыр имандық жолды таңдамай, ел басқару ісінде өзін сынап көрген. Әз Тәуке ханның Ордасында Қожаберген батыр елшілік миссиясын жүргізгені жайлы деректер «Елім-ай» дастанында кездеседі. Қожабергеннің араб, парсы тілдерін жетік білгендігіне байланысты ол Әз-Тәукенің сенімді елшілерінің бірі болған.
- Қожарбергеннің әкесі атақты сыншы болған. Адамды, жылқыны, құсты, итті басқа да жан-жануарларды, гауһарды, маржан тастарды, қару-жарақты тағы басқа нәрселерді сынып білген. Толыбайға сыншы деген атақты қазақ, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, татар, ноғай халықтары берген. Оның Қарабас есімді баласы сыншылық өнерінің арқасында тұтқында отырған жерінен үш рет құтылып, аман қалған.
- Қожаберген өзіне дейінгі қазақтың ақын-жырауларының өлең-жырларын, қисса-дастандарын, шығыстың жеті жұлдызы атанған Жәми, Сағди, Фирдоуси, Низами, Рудаки, Физули, Науаи шығармаларын медреседе оқып жүргенде жаттап алған. Сонымен қатар ол ертеде өткен Рашид ад-Дин, Мырза Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири және өзінен аз бұрын өткен Әбілғазы баһадүр сияқты білімпаздардың қалдырған шежірелерін түгелдей оқып тауысқан.
- Шығыс ғұламаларының еңбектерімен жастай сусындаған Қожаберген қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, «Ата-тек» деген дастанын шығарды. Бұл дастанды жазуда Қожаберген қазақ халқын Оғыз түріктерінен шығарып жазған. Түріктен тараған ел тоғыз дейді, Тартатын күй аспабы – қобыз дейді. Башқұрт пен қазақ, ноғай, қарақалпақ, Төртеуін шежірешілер Оғыз дейді.
- Қожаберген жыраудың тұмарындай болған «Елім-ай» дастанын жоғары бағалаған қазақтың халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлы болатын. Батыр ағамыз: «Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры - әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?»,-деп баға берген. Ал қазақтың көрнекті ғалымы, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов: «Көшебе керей Қожаберген ақын Толыбайсыншыұлының «Елім-ай» дастаны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол «Елім-ай» ерлік хиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!» – деген тұжырым айтады.
- Қожабергеннің әдеби мұрасын жинап, сақтаған — Сегіз Сері. Ол жыраудың «Елім-ай», «Баба тіл», «Жеті Жарғы», «Қабанбай батыр», «Ер Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Ер Едіге», «Орақ батыр» т.б. төлтума шығармаларын жинап, бізге жеткізген. Осы дастандарының бәрінде де ақын елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақырып, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын армандап, соны жырға қосады. Бұл жағынан алғанда, Қожабергеннің жыр еткен тақырыбының саяси жағынан өте маңызды екенін көреміз.
- Қожабергеннің ақындық талантын танытқан, тарихқа атын қалдырған «Елім-ай» жыр-дастаны. Ел басына түскен ауыр апатты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңін жыр тіліне көшірген. Шығарма 7 бөлімнен тұратын 3683 шумақ, яғни 14732 жол өлең. Қазақ әдебиетінде 11 буынды, 4 тармақты, қара өлең ұйқасымен шығарма жазудың негізін салушы осы Қожаберген жырау десек, қателеспейміз. Оның көлемді дастандарының бәрі бұған дәлел бола алады. Жыраудың бұл дәстүрін кейін оның інісі Дәстем салдың немересі Жанкісі ақын, шәкірттері Көтеш, Жанақ ақындар одан әрі дамытып әкеткені белгілі.
- Осы уақытқа дейін көптеген тарихи еңбектерде кітаптарда Керейден шыққан екі Қожаберген туралы айтылады. Тіпті кейбір зерттеулер ол екі батырды бір Қожаберген ретінде сипаттайды. Ендеше жоғарыдағы сөз еткен Қожаберген жыраудан бөлек, Абақ Керейдің Шұбарайғыр рнуынан шыққан батыр Қожаберген Жәнібекұлы бар. Ашамайлы Қожаберген әйгілі батыр, жырау. Атақты әнші Сегіз серінің ұлы атасы. Абақ Қожаберген ойраттың азаткер батыры. Енді осы екі Қожаберген батыр кімдер дегенге келер болсақ, екеуі де Жоңғар заманында өмір сүрген атақты батырлар болғаны тарихи шындық. Ашамайлы Керейден шыққан атақты жырау, батыр Қожаберген Толыбайұлы 1663-1763 жылдары өмір сүрген болса, Абақ Керейден шыққан Қожаберген Жәнібекұлы 1723-1785 жылдары аралығында өмір сүріпті. Екеуі де жоңғарға қарсы күресте бірі қарт, бірі жас батыр сарбаз ретінде көзге түскен. Қожаберген жырау 1663 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының «Күлтөбе» деген жерінде Толыбай сыншының отбасында дүниеге келген. Орта жүз Ашамайлы Керейдің Бәйбіше Көшебе руының Таузар тайпасынан шыққан атақты батыр, әйгілі суырып салма ақын Қожаберген Толыбайұлының есімін еліне танытқан, тарихқа атын қалдырған.
Әйгерім Наурызбай

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар