Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Каспий – Достық теңізі» республикалық мүшəйрасынд...

24.09.2017 10688

«Каспий – Достық теңізі» республикалық мүшəйрасында жүлдеге іліккен жырлар

«Каспий – Достық теңізі» республикалық мүшəйрасында жүлдеге іліккен жырлар - adebiportal.kz

23 қыркүйек күні Маңғыстауда «Каспий – достық теңізі» тақырыбында республикалық ақындар мүшәйрасы өтті. «Caspian Youth Forum» халықаралық жастар форумы аясында өткен мүшайраға 18-35 жас аралығындағы ақындар қатысты. Мүшәйрада белгілі ақын Қалқаман Сарин төрағалық етіп, маңғыстаулық жас ақындар Асылбек Жаңбырбай мен Жанар Айлашова қазылар алқасында болды.

Сайыс тәртібі бойынша, шығармалар Маңғыстау жері, Рухани жаңғыру, Каспий – достық теңізі аясындағы тақырыптарды қамтуы тиіс. Ал қатысушы осы тақырыптар төңірегінде бұған дейін жарияланбаған 2 өлеңі мен еркін тақырыпта 1 өлең ұсыну қажет болды. 50-ге жуық ақыннан 150-ге жақын өлең келіп түсті. Сайысқа қатысушылар ішінен 9 ақын іріктеліп, жүлдеге ілікті. Олар:

1-орын: Әли Тілеген (Маңғыстау). Жүлде: 500 000 теңге.

2-орын: Мерген Тоқсанбай (Көкшетау), Ажар Ерболған (Астана). Жүлде: 150 000 теңге.

3-орын: Жасұлан Майлыбай (Астана), Ербол Алшынбай (Астана) Жүлде: 100 000 теңге.

«Маңғыстауға тағзым» арнайы жүлдесі: Жандос Демесін (Маңғыстау). Жүлде: 75 000 теңге.

«Каспий Меруерті» арнайы жүлдесі: Айдана Сегізбаева (Шығыс Қазақстан облысы). Жүлде: 75 000 теңге.

Ынталандыру сыйлығы: Жанерке Ғинаятқызы (Орал), Аманжол Жаңай (Маңғыстаулық) Жүлде: 50 000 теңге.

Кеш те болса, оқырмандардан кешірім сұрай отырып, сол жүлдегер ақындардың Каспий теңізі туралы өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

Тілеген Əли:

ЖАҒАДАҒЫ ЖҰБАТУ

Бір қыз бар теңіз жаққа асығатын,

Бір мұң бар кеудесінде жасыратын...

Теңіздей тулайтын да, тасынатын,

Теңіздей шулайтын да, басылатын,

Сол қызға жүрегімен ғашық ақын.

Соны ойлап әр таңымды атырамын,

Ол бірақ тыңдамайды ақын әнін...

Біреулер желге ұшырып жіберіпті,

Жанының жұлып алып жапырағын!

Білмеді ол өкінерін, аһ ұрарын...

Көргенде сол арудың күрсінгенін,

Жүрегім шыдамайды, құрсын, менің.

Ол тағы бара жатыр мұңға батып,

Сүйрелеп теңіз жақтан құр сүлдерін...

Жатқандай жанарында бір сыр керім...

Кім екен саған берген тұмса мұңды?

Неліктен жан-дүниең мұнша ауырды?

Жыладың жанарыңнан жас тамшылап,

Жыладың, құшақтап ап құрсағыңды.

Солдырып алғансың-ау гүл шағыңды...

Мен сені жұбатардай, не білемін?

Білерім – өлең оқып беріп едім.

Орныңнан тұрдың дағы кете бардың,

Сауалым қинағандай сені, менің.

Басылмай бара жатты еңіреуің...

Барады мойнына артып мол күнəні...

Амал не өкінгенмен... болды бəрі.

Алдында махаббаттың сен адалсың!

Қалқам-ау, сен адалсың, ол – кінəлі.

Найсапты өмір ертең қор қылады...

Мен оны содан кейін көре алмадым,

Ол қайта бұл маңайға оралмады.

Кеудеме мың сан күдік ұялатты,

Сол қыздың жағалаудан жоғалғаны.

(Қасірет, қасірет бұл – қоғамдағы...)

Тағдыры көп қылғанмен əбігерін,

Қыз еді – жүрегі аппақ, жаны керім.

Сен оның жан жарасын жазып берші,

Көк теңіз – көк халатты дəрігерім!

Сол қызды көргім келед тағы менің...

Мерген Тоқсанбай:

ТЕБІРЕНУ

(Каспий теңізіне)

Маған мынау түнгі қара көк аспан,

Теңіз болып елестеуші еді о бастан.

Ай сəулесін мың сан толқын бөліп ап,

Омырауына жұлдыз етіп қадасқан.

Шексіз!

Шетсіз!

Түпсіз қара көк теңіз!

(Оған мəңгі құмармын Мен! Сөкпеңіз!)

Ақ көбік боп толқып жатыр əнекей,

«Құс жолымен» бабаларым өткен із.

Маған ылғи қастерле деп көнені,

Ой тереңін тұмар қылған ел еді!

Сөз биігін сыңар қылған ел еді!

Сарыарқама сыймай кеткен кезімде,

Көк теңізге түсіп кеткім келеді!

Көк аспанға ұшып кеткім келеді!

Ұлың солай көкке қарап жетілді.

Күндіз көрсем, қиял тербеп не түрлі,

Ақбұйра боп толқып жатқан аспанда,

Ақша бұлттар ақ жал толқын секілді!

Теңізді аңсап еңкіш тартып күнде еңсем,

Шіркін, шіркін шын теңізді бір көрсем!

Ағын суға ағып кете салар ем,

Теңізге кеп құятынын білген соң!

Көк теңізді көзбен көрер сəт тілеп,

Пешенемде қыран құстай бақ түлеп!

Алпыс екі тамырымда қан ойнап,

Алпыс екі дариядай ақты кеп!

Теңіз!

Теңіз!

Ақ арманым ол менің!

(Жете алмасам тірі жүріп өлгенім!)

Еркелігін сүйсем дағы бұлақтың,

Мөлдірлігін көрсем дағы көлдердің,

Бір тамшыңды татсам-ау деп шөлдедім!

Жетсем-ау деп күш сап қалар ма екенмін,

Жағаңа кеп ұшпақ табар ма екенмін,

Айнакөлді* айнала ұшқан аққумен,

Ақтауға кеп қыстап қалар ма екенмін?!

Уа, Қарт Каспий!

Уа, достықтың теңізі!

Теңіз сендей болу керек негізі!

Бес жағыңда бес ел сенің бес балаң,

Ортақ арман, мақсат, мұрат, лебізі.

О, Қарт Құлзым!*

Ыстық едің маған шын,

Бағымды өзің шамшырақтай жағарсың.

Ай сəулелі менің осы жырымды,

Толқыныңның омырауына қадарсың!

Түсініктер:

Айнакөл – Бурабайдағы көл.

Құлзым – Каспий теңізінің көне атауы.

Ажар Ерболған:

КАСПИЙ - ДОСТЫҚ ТЕҢІЗІ

Ғарыш!

Ғасырлар жазған ғазалды

Зәу көкке әкеп тізсең де,

Өмірге толы көздерден

Мөлт еткен өлең үзсең де,

Достықтан ғажап емес ол!

Жер!

Қарашығында қалғып мұң,

Кезсе де сені көп тағдыр,

Кезсе де мейлі, ай-арман,

Жұлдыздан жүзік таққан кіл,

Достықтан қымбат емес ол!

Тау!

Асқақтығыңда жатса да,

Даланың сұлу паңдығы,

Асқарыңды айтып аспаның,

Бас исе дағы барлығы,

Достықтан биік емес ол!

Теңіз!

Теңіз де көп қой ғаламда,

Мұхитқа табан тіреген!

Мұхитсыз өзі бір мұхит,

Каспиім неткен киелі ең!

Достықтан тұнық, тұңғиық,

Каспиім – бірлік бесігі!

Өзіңе арқа сүйеген

Бес елдің бағы – бес елі!

Жасұлан Майлыбай:

ҚҰЛЗЫМ - ДОСТЫҚ ТЕҢІЗІ

Қарқуар ұшқан Құлзым-ай

Тұнған да тұсың шөл десіп,

Қонған да жерің көр десіп.

Құшағыңды ашып қысқанда

Мамық деп баурың тосқанда

Тастан да болды жер-бесік.

Оған да қыңбай қасарып,

Жартаспен көрдің белдесіп.

Маңғыстау деген қиянды

Жеті жұрт тастап шыққанда

Кетпедің Құлзым сен көшіп.

Көнеккөз тарих дерегі,

Қалтарыс қалған жоқ еді.

Гирканнан тартып Хазарға,

Қарсы да тұрып ажалға,

Суалған кезің жоқ еді.

Жаланып шыққан сан жасақ

Айбатын шегіп келсе де

Қайратын салып көрсе де

Қуа алған кезі жоқ еді.

Содан да бері ақ айдын,

Жауды да қаскөй көп көрдің

Көрген де сайын кектендің.

Долдана шауып жағаға

Толқындарыңды көкке ұрдың.

Содан да бері кәрі су,

Әрі де аунай, бері аунай

Заман өзгерді дегенге сене алмай.

Достық әні қалықтаған қалаға,

Өзіңе туыс жағаға,

Аптығың басып келе алмай.

Неше бір тағдыр өткердің.

Айналайын ақ айдын

Күлім деп кел, толқып кел

Аққуыңды ертіп кел.

Ербол Алшынбай:

ТҮС. КАСПИЙ

Теңіздер де аңсайды жанұшырып,

Зарығады, шаршайды, қаны суып.

Ішті өртеген өксігі буырқанып,

Соғылады жартасқа сағы сынып.

Сол толқында бар білем налалы өткен,

Зымыстан қыс, шерлі жаз, қара көктем.

Таутайлақтың дауылы тулағанда,

Қанжары бар боздақтың ала кеткен.

Сыр айтайын мен оған не деп енді,

Улы кекке толтырды ол кенеремді.

Дауыл сайын қағады қынсыз қанжар,

Теңіз жаққа қараған тереземді.

Ұмтыламын мен оның балдағына,

Патша құдай жеткіз деп арманыма.

Таутайлақтың демінен тұрған дауыл,

Дөңбекшиді жеткізбей қанжарыма.

Шулы толқын бір кетпей құлағымнан,

Сақ-сақ күлер келді деп мына құрбан.

Созған қолым ілінбей, бірде ілініп,

Сол қанжарға кекпенен суарылған.

Көк теңіздің көкжайқын атырабы,

Аласұрып тағы да жатыр әні.

Арасынан жарқыдлап алмас қанжар,

Тау тайлақтың толқыны шақырады.

Айдана Сегізбаева:

ЕСІМІМ МЕНІҢ - КӨК ТЕҢІЗ

Тұңғиық теңіз ғаламы

Тереңге мені баулыды.

Ақ етек кеме барады

Желбіреп аппақ жаулығы.

Көңілді болып көрінбе,

Көзіңде сенің көкшіл мұң.

Көк аттыларға тегінде

Жұлдызы қарсы кекшілмін.

Сұлусың, құмды топырақ,

Теңізді құшып өтетін.

Аққулар неткен ақымақ

Бұл жерден ұшып кететін.

Бабаның дәстүр-салтымын,

Отаным отты бағзы өлкем.

Жағада тұрам жарты күн,

Жанардың ұшы ақ желкен.

Асаулықты да үйрендім

Теңізді мінген толқыннан.

Сабырды ойға түйгенмін,

Тып-тыныш жатқан қалпыңнан.

Жанарым менің атты ұлға,

Тұңғиық!

Батып кетпеңіз...

Еркелеп жүрген ақ құмға

Есімім менің - Көк Теңіз!

Жандос Демесін:

ТЕҢІЗ. БАЛАЛЫҚ ШАҚ

Арғы жағы Каспийдің, бергі жағы -

Бала кездің болатын мендік әні.

Жағалауда жүгірген қайран шағым,

Қызығымен аңсатты-ау, белгі қане?

Шығысыңды білмейтін батысыңды,

Бала көңіл нені ұғып, не түсінді?

Көкжиекпен астасқан Кәрі Каспий,

Біздер үшін әлемнің шеті сынды.

Жағасында құстары сап құратын,

Теңіз менің жаныма қатты жақын.

Орап алып тулаған толқынымен,

Жағалауға біздерді лақтыратын.

Қыр баласы демейді маған ешкім,

Мен теңіздің ұлымын, жағада өстім.

Көк айдынды қалдырып көз алдыма,

Балалықты, уақыт-ай, ала көштің.

Жағалауда бал күннің жыры қалды,

Ыстық шағыл, тұл бойым жылу алды.

...Құлдық етіп Аллаға, сәжде қылсам,

Теңіз жақтан табамын құбыламды.

Жүректегі айтылып небір мұңым,

Толқынына жуғанмын көңіл кірін.

Әр кеш сайын қызарып жалқындана,

Көк теңізге құлайды менің күнім.

Арғы жағы Каспийдің бергі жағы,

Маған мәлім болғандай енді бәрі...

Балалығын сағынған жүрегімнің,

Тыңдап көрші, досым-ау, шерлі ме әні?

...Өткен күндер - жағадай толқын шайған,

Белгі қане?

Жанерке Ғинаятқызы:

ХАЗАР

(Каспий - достық теңізі)

Сен - тірісің!

Сен тіріде барым - бар!

Маңдайымнан Күн сүйіп тұр тұғырлы.

Сен сүрсін деп Қара теңіз жарылған-

Жаxандағы ең, ең Ұлы ғұмырды.

Сенде xақтың назары бар, рас-ау,

Саған ылғи жетелейді күй анық.

Көкжиегің қызарады тым асау -

Толқыныңа батқан нұрдан ұялып.

Сенің маңғаз мінезіңді сүйдім мен,

Тынышыңды, тынышындай қабірдің.

Болмысыңа бес тарланды идірген

Жерге біткен жұлдызы сен Тәңірдің.

О, Хазарым!

Сен - шексіздік шайыры!

Ғасырлардың жамылып ап кебінін,

Саған келіп бас сүйейді Жайығым,

Саған келіп бас сүйейді Еділім.

Сен арбайсың,

Арбалмауға күшім кем.

Кеудем жұтты жете алмаудың зарығын.

Жерлік мейір үстем болу үшін де

Сен аман бол, Жарығым!

Аманжол Жаңай:

ЖАҒАДА ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Көрінбейді ойсызға өмір анық,
Қай күнімді санайын артымдағы?
Ақ бурадай аузынан көбігі ағып,
Қарт Каспийдің тулайды толқындары.

Қуып келіп бір-бірін тербетіле,
Толқын қайта ілгері тартылады.
Ақ қанатын сабалап көл бетінде,
Аққу арман ұшуға талпынады.

Топырағын бір уыс ұстап едім,
Кете барды мұздаған жаным жылып.
Өлеңімнен аумайды құстар менің,
Жүрегімді жүр ме екен сағындырып?

Жағалауда ақынды ғашық қылып,
Құлағынан кетпестей құстың үні.
Қайғы толы өр кеудең тасып тұрып,
Мұз болып та қатпайды қыстыгүні.

Толқын-көңіл тағы да жаға құшып,
Жырмен жудым кір шалған ақ тұлғаны.
Аспанымда ән салып барады ұшып,
Қарт Каспийдің әдемі аққулары.

Суын шыға келердей су астынан,
Сезім шіркін пырақтай жосып-ұшқан.
Махаббатты мəңгіге ұластырам,
Динарамды күтумен осы тұстан!..

Дайындаған: Айгүл Дəден


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар