Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазіргі көркем прозадағы автор-нарратор-кейіпкер...

05.09.2017 19670

Қазіргі көркем прозадағы автор-нарратор-кейіпкер

Қазіргі көркем прозадағы автор-нарратор-кейіпкер - adebiportal.kz

Әдебиет порталында, шілде айында әдебиеттану ғылымындағы "Наррация эволюциясы" атты мақаламызды жариялаған болатынбыз. Ондағы шетел ғалымдарының осынау терминді түсінудегі мазмұндары, сюжет пен нарратология мәселелері қысқаша баяндалған болатын. Енді осы тақырыпты ауқымы жағынан ғылыми тұрғыда зерттеу мүсіп, қазіргі көркем прозадағы автор-нарратор-кейіпкер арасындағы байланыстарын аша түспек ойдамыз. Мысалдардың барлығын өзіміздің жазушылардың еңбектерінен алып отырмыз. Сонымен сіздерге қызықты тақырыпты ары қарай зерттеп, оқырман назарына ұсынып отыратын боламыз.

Жалпы нарратологиялық деген термин сюжетке қатысты аталатын терминдердің бірі екенін өткен сандағы мақаламызда айттық. Сонымен тағы қайталап айтар болсақ, қатар, кейде баяндау тәсілі жағынан «нарация» деп те аталады. Бұл тәсілдің мәні - классикалықтың (әрекет жүйесі), морфологиялық тәсілден (мотивтер жүйесінен) айырмасы мәтін көпдеңгейлі жүйеде қарастырылады және оқиға желісі осы деңгейлердің қатынасымен анықталады. Қарапайым тілмен айтқанда, әлеуметтік, этикалық мәселелер, автордың орны мен оқырманның ара қатынасы, ең бастысы оқиғалардың қызметі мен шығарманың баядалуы мен тілі – осының бәрі жеке мәселе емес, мәтін желісін қамтитын тұтас жүйе. Көркем туынды – автор мен кейіпкерлер әлемінің, олар «ғұмыр кешетін» көркем кеңістіктің бір-бірімен тығыз байланысқа түсетін «алаңы». Қазіргі әдебиеттану ғылымында көркем мәтін құрылымында автор, автор бейнесі, нарратор, кейіпкер ұғымдары жаңа талдаулар нысанына алынуда.

Нарраталогия деген атау әдебиеттану ғылымының бір бағыты ретінде «нарратив» сөзінен туындағаны белгілі.

Әлем әдебиетінде нарротологиялық концепциялар Р. Барт, Ж. Женетт, М. Риф­фатер, А. Прието және орыс әдебиеттануында М.Ю.Лотманның мен Р.Якобсонның сюжеттер түзілімі (сюжетосложение) теориясы туралы зерттеу еңбектерінен шыққан.

Нарратология – баяндау мәтіндерін (нарративтерді), нарративтердің табиғатын, формасы мен қызметін зерттейтін пән. Нарратив (ағыл. және фр. – narrative) – өзара байланысқан оқиғаларды оқырман, не тыңдарманға сөздер мен бейнелер (образ) арқылы жеткізеді. Нарративтің негізгі идеясы ретінде финалды субъективті көзқарас негізінде түсіндіру болып табылады.

Орыс филологы, әдебиеттанушы Г.К.Косиков тұжырымынан мысал келтірсек: «Нарратив (ағылшынша: narrative) – әңгімелеу, баяндау. Нарратология теориясы сюжеттік баяндаудың құрылымын (ағылш. plot,story; франц. histoire, récit; intrigue; неміс. geschichte) және сюжет түзілісінің барлық заңдылықтарын зерделейді. Нарраталогияның негіздері Аристотельдің «фактілердің реті» түрінде қорытындыланатын «әрекетке, оқиғаға еліктеуден» («mimēsis praxeōs») туындаған «баяндау» («mythos») ілімінде жатыр».

«Қазіргі нарраталогия кейбір фабулаларға (тарих, интрига) қатысты сюжеттік-баяндаушылық мәлімдеу (дискурс) аумағында барынша кең түрде ғылыми ізденістер жүргізуімен ерекшеленеді» дей отырып, В.Тюпа әңгіме тек көркем мәтінге, тіпті вербальды мәтінге ғана қатысты еместігін, нарратативтілік категориясы кеңінен таралып, концептуалдық тұрғыда байи түскенін тілге тиек етеді.

Жекелей алғанда, «нарративтілік» категориясы түрліше түсіндірілетінін де айту керек. Қазіргі нарраталогия ғылымының көрнекті өкілі, американдық тарихшы әрі әдебиет сыншысы Х.Уайт нарративті құрылым түсінігін, оның ішінде тарихнамалық дискурс мәнін, құрамына интриганы қоса отырып, барынша кеңейтті. Ол: «Интрига құрылымы мағына тарихының сомдалуында, оны құрайтын оқиғаларды «тұтас, бәрін қамтитын немесе архетиптік пішінде» түзетін баяндау арқылы біріктіру жолымен жүзеге асырылады», – деген тұжырымды ұсынады. Француз, литва лингвисті және әдебиеттанушысы А.Ж.Греймас пен Ж.Курте нарративтілікті «кез келген дискурстың суреттеу ғана емес, ұйымдастырушы принципі де» деп айқындайды.

ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында А.Данто, М.Бахтин, Ж.Женнет еңбектерінде нарративтілікке қатысты пікір-тұжырымдар талқылауға түсті. В.Тюпа нарраталогияның басты проблемасы мүмкін, А.С. Дантоның сөзі арқылы тұжырымдалған болар деген пікір айтады [58, 5 б.]. Ол сөзді келтірер болсақ: «Барлық әңгімелеу – бұл дегеніміз оларды бір-бірімен жіктеп, топтастыратын және кейбірі жеткіліксіз сипатта болғаны себепті шығарылып тасталатын оқиғаға бағынышты құрылым».

Артур Дантоның бұл анықтамасынан әу бастан айтылып келе жатқан баяндау, әңгімелеу теориясының заңдылықтарының көрініс беретінін ескеріп, Шмид пікіріне біз де қосыламыз.

Француз әдебиеттанушысы Жеррар Женетт өзінің «Нарративті дискурс» еңбегінде (1972 жылы жарық көрген) ішінара баяндау тероиясына тоқталады. Оның пайымдауынша: «Нарратив тұрғысынан саралағанда, баяндау оқиғада айтылатын тарихпен тығыз байланыста жүзеге асырылады».

Нарратив – постмодерн дәуірінде көп қолданысқа түскен сөз. Қазіргі кезеңде бұл термин «баяндау» немесе «сюжет» ұғымдарының орынына қолданылуда. Бұл латынның narrare — «баяндау тілі» сөзінен шыққан. Постмодернист философтары бұл терминді историографиядан алғаны белгілі. Ол тарихи оқиғаларды сол оқиғалар туралы әңгімелер контексінде қарастыратын «нарративті тарих» концепциясын құрудан пайда болған дейді» зерттеушілер. Нарративті тарихтың ерекшелігі – ол болған оқиғаны объективті түрде бағалауға ұмтылмайды, оқиғалар интерпретациямен тікелей байланысты болады.

Дәл осы әдісті мәтінге қатысты да қолдануға болады. Постмодернистік концепция аясында басты назар тарихи оқиға емес, оның құндылығын ескере отырып, мазмұнын жеткізу әдісіне көңіл аударылуы керек.

Француз философы әрі семиотигі Ролан Барт айтқандай: «Повествование разворачивается ради самого рассказа, а не ради прямого воздействия на действительность, то есть, в конечном счете, вне какой-либо функции, кроме символической деятельности как таковой»

Психолог Ром Харре мен философ Йенс Брокмейердің анықтамасы бойынша, «нарратив — бұл әр индивидтің шеберлік деңгейімен және оның әлеуметтік-коммуникативтік қабілеттері мен лингвистикалық шеберлігінің ұштасуымен шектелетін, мәдени-тарихи түрде жеткізілетін лингвистикалық және психологиялық құрылымдардың ансамблі». Өмірде болған кез келген оқиға туралы хабарлама «белгілі бір келісімдермен» сәйкестікте айтылған тарихи форманы иемденеді. Осы тарихтың көмегімен адам өз өмірі туралы көзқарастарынан туындаған жеке тәжірибесін реттеуге ұмтылады. Қалай дегенмен, нарратив тарихтың негізгі мазмұнын фабуладан процесске немесе баяндау әдісіне өткізеді.

Бізге өз өмірімізді түсінуде белгілі бір логикалық ережелер көмегінен гөрі, сюжет заңдылықтары бойынша қарастырған қолайлы дейді нарративті зерттеуші психологтар. Оның үстіне өмір «өз өзінен» пайда болмайды: біз балалық шағымыздан бастап әлем туралы өз көзқарасымызды жақын адамдар мен үлкендердің әңгімелеріне сүйене отырып қалыптастырамыз».

Әдебиеттегі нарратив бұл – көркем шығармадағы фактілер мен оқиғаларды баяндаудың бірізділігі. Бірақ оны сюжетпен шатастырмау керек: нарратив – бұл фабула емес, фабулаға негізделетін құрылым. Сонымен қатар нарратив белгілі бір заңдылықтар бойынша қалыптасады. Мысалы: кеңес фольклорисі Владимир Пропп ертегілік наративтің базалық құрылымын жасамақ болды. Ол нарративті шағын бөлшектерге бөлуді ұсынды – нарратемаларға: характерлер, персонаждардың қызметі, сиқырлы құралдар немесе белгілі бір жағдайлар. Мысалы «кейіпкер сиқырлы көмекшісін кездестіреді» нарратемасын біз «Иван Царевич и серый волк» орыс халық ертегісінен кездестіреміз. Лингвист Альгирдас Жюльен Греймас көпшілік мәтіндерге қолдануға болатын универсальді нарративті схеманы ойлап тапты. Онда алты актантты рөлдер көрініс береді (яғни, персонаждар орындайтын функциялар): жіберуші, қабылдаушы, субъект, объект, көмекші және оппонент.

Нарратология, нарратив теориясы, әңгімелеу теориясы - әңгімелеуді тұтастай зерттейтін ғылыми пән. Кейде әдебиеттануға кіріспенің ерекше сапасы ретінде, кейде жалпы гуманитарлық пән ретінде қарастырылады. Нарротология өз алдына мынадай міндеттер қояды: нарративтің жалпы анықтамасын беру; олардың арасындағы айырмашылықты анықтау; нарративтің мүмкін болатын құрылымын ашуға ұмтылу, нарративті дамыту. Қазіргі заманғы нарратология 1960 жылдардың аяғында әдебиеттануға ерекше бөлім болып қосылды. Алайда нарротологияның негізі 1920 жылы орыс формалистері арқылы қаланды: В.Шкловский, Б.Томашевский, В.Пропп, Б.Эйхенбаум, М.Бахтин, т.б. Яғни бұл зерттеушілерге біздің ғасырларымыздан бастап әңгімелеу теориясының негізгі тұжырымдарын қайта қарап шығу ұсынылды. Нарратологияда мынадай категориялар қарастырылады: оқиға, сюжет, фабула, тарих, әңгімелеу сатысы, әңгімелеу түрі, айтушы мен айтылымның ара-қатынасы, автор мен нарратор ( әңгімелеуші), автордың, кейіпкерлердің, оқырманның көзқарасы, нарративті деңгейлер, әдістер, т.б.

Нарратологияның нысаны нарратологиялық шығармалардың құрылуы болып табылады. Ең алдымен, нарративтілік сөзінің мағынасын ашып алайық. Әдебиеттануға кіріспеде нарративтілік екі түрлі түсінікте қарастырылады. Біріншісі әңгімелеудің классикалық теориясында пайда болған. Бұл термин неміс теориясында нарратология емес, әңгімелеу теориясы деп аталған. Бұл бойынша нарративті немесе әңгімелеу қатарына шығарма коммуникативті құрылым ретінде қосылған. әңгімелеуде мәтіндегі дауыспен тығыз байланысты адам- әңгімелеуші болып саналады. Классикалық теорияда әңгімелеудің маңызы нарратордың әңгімені дұрыс қабылдап, оны оқырманға жеткізуінде жатыр. Нарратордың қатысуымен әңгімелеудің ерекшелігі анықталады. Нарратив туралы екінші түсінік құрылымдық нарратологияда қалыптасты. Осы тұжырымдама бойынша, әңгімелеуде коммуникацияның құрылымдық белгісі ғана емес, сонымен қатар, айтылып жатқан әңгіменің құрылымдық белгісі де шешуші роль атқарады. Нарратив термині суреттеу терминіне қарама-қарсы. Ол мәтіннің нақты құрылымын мазмұндайды. Тарих деген түсінік оқиғаны білдіреді. Ал оқиға жағдайдың өзгеруі болып табылады немесе кейіпкердің ішкі толғанысы, жағдайы болып есептелінеді. Сонымен құрылымдық мағынада нарративті шығарма оқиғаларды бейнелеп, тарихты мазмұндайды.

Классикалық түсінікте нарративтілік тек қана сөйлеу шығармашылығымен шектелмейді, сонымен қоса, нарраторлық қасиетке ие. Құрылымдық анықтау нарратология аумағына шығарманың барлық түрлерін кргізеді. Бұл көзқарас бойынша нарративке роман, повесть, әңгіме ғана емес, сонымен қатар, пьеса, балет, мүсін өнері, сурет өнері, кинофильм жатады. Керісінше, нарратив қамтитын аумаққа мыналар кірмейді:әлеуметтік, ортаның бейнеленуі, салынып жатқан сурет, портрет, өткенді қайталау, циклдік үдеріс. Нарративті және суреттеуші мәтін арасында шекара анық болмайды. әр нарративте суреттеу элементтері болады. Суреттеу элементтерісіз іс-әрекет те жүзеге аспайды. Бір жағынан суреттеуші элементтер көрнекілік ретінде де қолданылады. Классикалық анықтама бойынша, нарративтер арасында суреттеуге жақынырақ келетін очерк болып табылады.

Қаламгер шығармасында өз ойын оқырманға жетік түсіндіруі үшін, кейіпкерлер мен образдарды пайдаланады. Бір оқиғаны әртүрлі тұрғыдан баяндайтын бірнеше кейіпкер-нарраторларды енгізіп, автор шығарма мазмұнына әңгімелеудің алуан түрлі тәсілдерін қолданады. Олар: сентиментальдық және романтикалық стильдер, анекдоттар, әзіл-оспақтар, ертегілер және детективке сықақтар, мысалдар мен нақылдар. Мысалы, автор негізгі ой өзегін астарлап жеткізгенде, оқырманға идеясы бірден түсінікті болмайды. Автордың эмоциясы метофоралық сөздер есебінен пернеленген; астарлы сөздер бейнелілігі мен оқырмандардың өмірлік тәжірибесіне негізінде ғана түсінікті болады. Нарратор - көркем туындыда тарихты мазмұндау, оқиғаны баяндау қызметтері бөлінген тұлға. Бұл бағытта жазылған еңбектердің қатарында В.Шмидтің «Нарратология» еңбегі, сондай-ақ «Нарратология» атты ғылыми пікір тұжырымдар жинақталған 2 томдық жинақты атауға болады. Нарратор түрлеріне әңгімеші мен баяндаушы жатады. Әдебиет теориясында автор мен нарратор ұғымын дәйекті түрде қарсы қояды яғни автор туындыдан тысқары болса керісінше сол көркем туындының бөлшегі, онсыз баяндаудың болуы мүмкін емес. Әдебиеттегі мұндай тұлғаларда әнгімеші, баяндаушы терминдерімен атайды. Нарратор түрлері көркем туындыда атқарар қызметтерімен ерекшеленеді, неге біз авторды нарратордан бөліп қараймыз? Бір ғана автор әр түрлі туындыда түрлі мәнерді таңдайды. Мысалы, М. Әуезовтің «Көксерегі» мен «Қаралы сұлуын» алайық. Болмаса Ж.Аймауытұлының «Ақбілегі» мен «Әншісін» алайық. Бұдан өзге егер автор, мысалы, сатиралық бет пердені жасауда, баяншыдан әдейі алыс қашықтықты ұстап, онымен мүлде сәйкес келмейді.

Әдеби туындының қайнар көзі ретінде автор нарраторды яғни тарихты оқиғаны әнгімелейтін нақты немесе жалған тұлғаны жасайды. Ақырында көркем туындыда баяндалатын ойдан шығарылған оқиғаны нарратор шындыққа айналдырып, нақтылық сипат бере отырып, басынан өткендей, өмірде болғандай етіп жеткізеді. Нарратор автормен кереғар қалыпта ғана тұрмайды, бұл екі тұлға арасында түбегейлі айырмашылық жиі байқалады.
Нарратор тұлғасының лирикалық эпикалық драммалық туындыларда көрінуінің де шектеулі шекарасы бар. Егер лирикада тек өз сезімін бейнелейтін лирикалық мен әрекет етсе драмада нарратор оқиғаға тартысқа орын беріп «қағажу» көреді. Ал эпикалық туындыларда нарратор автормен оның суреттейтін әлемі арасында өзгеше делдал қызметін атқарады. «Шұғаның белгісі» мен «Қазақ солдаты» туындыларындағы автор мен баяншы арасындағы қарым қатынас өзгеше сипатта болса, «Тар жол, тайғақ кешу» романында автор мен баяндаушы арасында тығыз сабақтастық бар. Көптеген қаламгерлер баяндаушыға өз міндетін толықтай жүктейді. Қаламгердің жеке өмірі мен шығармашылығы арасындағы байланыс өте күрделі. Кей жағдайда баяндаушы образы шын жүзін көлеңкелегісі келген, жасыруға тырысқан жаңа маска екендігін Андре Моруа айтқан болатын. Өз өмірін басқаша қырынан жаңғырту үшін жазушы «жаңа маска» киеді дейді ол.

Нарратология, нарратив теориясы, баяндау теориясы – жалпы алғанда, баяндауды зерттейтін ғылыми пән. Нарратология әртүрлі нарративтің жалпы белгілерінің көрінуін, олардың арасындағы айырмашылықтарды айқындау, нарративтің пайда болуымен дамуы заңдылықтарын бір жүйеге келтіруді мақсат етеді.

Нарратология екіге бөлінеді:

  • классикалық (бұл жағдайда нарративтіліктің белгісі ретінде нарратордың қатысуы жатады);
  • құрылымдық (бұл жағдайда нарративтілік баяндалатын мәтінге қарама-қарсы уақыттың дамуы бойынша анықталады).

Нарратологиядағы әдеби мәтін 2 жоспар арқылы қарастырылады:

  1. баяндалатын оқиға (мазмұн жоспары) арқылы;
  2. хабарлау ретінде (көрініс жоспары).

Осы диахрония негізінде нарратологияның басқа да түсініктері пайда болады: фикционалдылығы (жасандылығы, ойдан шығару) және фактуалдылығы (бар болуы, іс жүзіне асыру), нарратор (баяндаушы) типтері, баяндау инстанциясының иерархиясы, сатысы (шынайы және абстрактілі автор, нарратор, идеальный және нақты оқырман, оқырман бейнесі), автор бейнесі (баяндаушыны бөліп ажырату немесе оқырманмен тілдесу және ойнау мақсатында баяндаушы-кейіпкердің жеке мінез-құлқы мен биографиялық белгілерін айшықтау) және т.б.

Сонымен қатар, бастапқы 2 жоспарға негізделген баяндау теориясында үшінші жоспар да бар, яғни баяндалатын оқиғаның және баяндаудың бағыттылығы – коммуникация, адресаттылығы, сөздің түп тамыры (адрестность). Бұл жоспар автор мен оқырманның өзара қарама-қайшылығынан туындағандығы көркем мәтінде автордың оқырманға дайындаған әртүрлі провокациялары көрінеді (оқиғаның ойдан шығарғандылығына үлкен мән беру немесе керісінше,баяндалатын оқиғаның шындығы), автордың бет-пердесі, баяндау стратегиялары «мәтін ішінде мәтін», метабаяндау (осы мәтінді құру үдерісінде жоспар мәтінін құру, мимезисті құрту), мета мәтінділікті (алғы сөз, эпилогтар, новеллалар), бір оқиғаға әртүрлі көзқарасқа ие болатын баяндау жүйелерін немесе бір оқиғаны әртүрлі мазмұнмен құру.

Көркем мәтіндегі баяндау терминін сөздердің барлық типтерінің (баяндау, бейнелеу, әңгімелеу) жиынтығы ретінде түсіну қажет.

Баяндау – белгілі бір әңгімелеушінің немесе баяндаушының (дыбыс шығаратын) сөйлеу актісі.

Оның ерекше белгілері, ерекшеліктері:

  • пайда болу деңгейі бойынша: әңгімелеуші көбінесе бір уақытта батыр болып шығармадағы оқиғаларды көзімен көруші және тіпті автордың образы болып көрінеді (батыр-әңгімелеуші, автор-әңгімелеуші); жеке хабарлаушы көрсетілмейді; абстрактылы, оның ішінде хабарлау қызметін атқарады;
  • жеке көзқарастың болуы немесе болмауы: баяндаушы – жасаушы-автордың (автор-творец) көзқарасына жақын көзқарас, алайда үнемі онымен сәйкес келе бермейді; кейде баяндаушының көзқарасы болмаған жағдайда жасаушы-автордың идеяларымен толықтырылады; әңгімелеуші – шығармада дара, эмоционалды бағалау позициясын иемденеді (обладает), кейіпкерлердің өзіндік көзқарасына жақын, автор-жасаушының позициясынан жеңіл ажыратуға болады;
  • тілдік әрлеуішпен: әңгімелеуші үнемі мен-баяндаушы формасымен көрінеді (мен оған таңертең келдім); бағалау, эмоциялы сөздерді қолданумен, әңгімедегі оқиға барысына көңіл аудару, стильді әңгіме арқылы азайту; баяндаушы бұл жағдайда бейтарап (нейтрален): мен жіктеу есімдігімен көрсетілмеген, сөзді қолданудың оқиғалар мен кейіпкерлерді тура бағалауға әсер етпейтін кейіпкер әлеміне және пәндік әлемге қатысы бар; нысаналы көріністерді, бейнелерді (объектные изображения) есепке алмағанда стильдің төменділігінің жоқтығы; баяндаушының тілі нағыз, шын (реальный) автордың тіліне өте жақындығы;
  • жақындығы немесе нағыз автордан алшақтығы бойынша: әңгімелеуші көбінесе (биографиялық) шын автордан үнемі ерекшеленеді: әлеуметтік деңгейлермен, әңгімелеуші көбінесе (бейресми) маргинальді, өзінің моральді және мәдени бейнесін көрсету мақсатында, сонымен қатар оқырманмен ойын (игры) мақсатында (ирония, өзіндік ирония, юмор, комика) шын автордан демонстративті түрде ерекшеленеді; баяндаушы шын-авторға және шығарушы-авторға (автор-творец), алайда ол да әңгімелеуші сияқты бөгде инстанцияны ұстағандықтан сәйкес келе бермейді; көбінесе бұл жақындық баяндаушының бейтарап позициясына негізделген;
  • жанрға жататындығы бойынша, баяндаудың формаларымен жанрдың әртүрлілігі бойынша: әңгімелеуші баян етудің жеткізу формаларында, әңгімелерде, новеллаларда, повестерде, романдарда, роман-эпопеяларда, эпостық, лирикалық және лироэпостық жанрларда (жанрлы-композициялы форма) көрінеді; баяндаушы – баян етудің тек жеткізу формасынан басқа жоғарыда аталған жанрлардың бәрінде көрінеді.

Нарратология автордың проблемасымен және авторлық сәйкестікпен, ұқсастықпен (идентичность) тығыз байланысты, әрине бұл мәселелер бүгінгі күнге дейін әдебиет теориясы тұрғысынан талқылануда.

Қазіргі кездегі нарратология – кейбір фабулалармен (тарихымен, интригасымен) қатысы бар сюжетті-баяндауышты талқылау (дискурсты) аясында ғылыми ізденістің кеңінен қолданылуы. Бұл орайда, көркем мәтін жөнінде ғана сөз боп жатқан жоқ екендігін, тіпті вербальді мәтіндер жөнінде де сөз қозғалып отырмағандығын айта кеткен жөн. Тарихшы, философ, мәдениет саласының өкілдерінің еңбегі нәтижесінде нарративті категория кеңінен қолданылып, қолданылу аясы толықтырылып, байыды. Қазіргі кездегі нарратология зерттеулер бағытында және көптеген еңбек сіңірген философ Поль Рикерді, тарихшы Хайден Уайтты, әдебиеттанушы Вольф Шмидті атауға болады.

Көбінесе, «нарративтілік» категориясын әртүрлі түсіндіруге болады. Историография аясында нарратологиялық экспансияның басында тұрған Артур Данто нарративтілікті өткен шақтың ашық райының «хабарлы сөйлемімен» байланыстырады. Қазіргі кездегі нарратологияның классигі аталған Х.Уайт «Нарративті құрылым» түсінігін интригамен байланыстырып, мағынасын анағұрлым аша түсті (оның ішінде – историографиялық дискурстың): «Интриганы құру тарихи мағынасына көңіл аударудан тұрады» оны құрайтын «біртұтас, жалпыны қамтитын немесе архетиптік формадағы» оқиғаларды хабарлап біріктіру жолымен. Нәтижесінде, А.Ж.Греймаспен және Ж.Курте былайша кең ұғымды түсінік ұсынды: «Кез-келген дискурсті тек фигуративті ғана емес, сонымен қатар ұйымдастыру принципі» ретінде анықтау.

Бахтин М.М: «Алдымызда 2 оқиға» - деп жазды, - шығармада айтылған, әңгімеленген оқиға (бұл жағдайда өзіміз де тыңдарман-оқырман ретінде қатысамыз); оқиғалар әртүрлі уақытта болып жатыр (әртүрлілігі және ұзақтығы бойынша) және әртүрлі жерлерде, сонымен қатар олар үздіксіз біртұтас боп біріккен, алайда, күрделі оқиғаларда оқиғаның толықтығының шығармасы ретінде көрсетуге болады. Біз бұл толық оқиғаны бүтіндігі мен бөлінбейтіндігінен деп қабылдаймыз, бірақ біруақтылы оның сәттерінің әртүрлі екекндігін түсінеміз.

Бахтиннің келтірген пайымдауы 70-ж.ж.-ң бас кезі болатын. Осы кезде Батыс Еуропада қазіргі нарратологияға арналған Л.Долежал, Ж.Женнет, Дж.Принс, В.Шмид сияқты классиктердің еңбектері жарық көрет бастады. 1972 ж. Жерар Женнет «Нарративті дискурс» кітабында былай деп жазды: баяндау, әңгімелеу дискурстық баяндау болмауының жоқтығынан белгілі бір тарихты әңгімелеу үшін қолданылуы мүмкін. Нарратив ретінде баяндау мазмұнадалатын тарихқа байланысты болады (әңгімеленетін оқиға); дискурс ретінде (әңгімелеу оқиғасы) ол оны туғызатын наррациямен байланысты пайда болады.

Нарратологияның ортаңғы мәселесі А.С.Дантоның сөзімен былайша тұжырымдалған: «Кез-келген әңгіме – оқиғалардың бір-бірімен байланысты және олардың кейбірінің жеткіліксіз мәнді екендігін көрсететін құрылым».

Кэте Фридеманнан кейін былай деуге болады: Нарративтілік түсінігі «Гносеологиялық тұжырымдарды қабылдаған Канттық философияға» негізделеді, яғни біз әлемді сол күйінде, бәз қалпында емес, ақыл-ой елегінен өткізу арқылы ғана түсінеміз. Оқиғалар жөнінде толықтай дұрыс білу мүмкін емес. Оқиға мен ақыл-ой арасында мазмұнадаудың коммуникативті ортасын сындыратын, бөлетін вербализацияның коммуникативті актісінің призмасы үнемі болады (тіпті жаңа ғана пайда болған ойдың өзінде де).

Оқиғалардың мәтінтүзушілігінің коммуникативті табиғатын зерттейтін пәннің ғылыми деңгейін нақтылау үшін нарратологиялық поэтикамен және риторикамен байланысын анықтап алу қажет.

Нарратология – баяндау теориясы, әдебиеттанудың бір саласы ретінде немесе мүмкін болатын барлық «нарративтің» жалпы құрылымын ашуға ұмтылатын, яғни кез-келген жанрдың және кез-келген функционалдылықтың баяндалатын шығармаларды ашуға ұмтылатын ерекше жалпы гуманитарлық пән ретінде қарастырылады (В.Шмид).

Қазіргі кездегі нарратология 1960 жылғы құрылымдаудан (структуризация) туындады, алайда оның негіздері 1920 жылғы орыс формалистерінің (В.Шкловский, Б.Томашевский, В.Пропп, Б.Эйхенбаум), сонымен қатар М.Бахтиннің жұмыстарында да көрінді. Нарратологияның ірі өкілдері болып Р.Барт, Л.Долежал, Ж.Женнет, М.Баль, В.Шмид, Дж.Принс, С.Чэтман, Ю.Мюзарра-Шредер, Я.Линтвельт, М.-Л.Райан, кейіннен Р.Барт, Ю.Кристева, М.Л.Пратт, М.Риффатерр, П.Ван ден Хевель, Ж.Курте және т.б саналады.

Нараторлар қызметі көркем туындыдағы оқиға желісінің «шекараларын» белгілеуде ерекше көрінеді. Мәселен, «Шұғаның белгісіндегі» баяншы мен әңгімешінің сюжеттік құрылымдағы орнын былайша анықтаймыз: Повестің кіріспесінде, өзіміз шартты түрде пролог деп атаған бөлігінде жол үстіндегі жолаушылар туралы хабар беріледі. Оны айтушы – баяншы, болмаса сол баяншылық міндетті атқарушы автор. Баяншының суреттеуімен осы екі жолаушының (оның біреуі, әрине, өзі) түр-сипаты, мінген аттары оқырманға таныстырылады.

«Біз екеу едік.

Менің астымда – жортақылау тапал торы ат, жүргіштеу. Ер-тоқымы ескілеу, байлардың малға мінетін ер-тоқымы. Үстімде қонған үйімнен сұрап киген шидем күпі. Қолтығымдағы жыртығынан жел өтіп, мазамды алыңқырап келеді. Жолдасым отыз-қырықтардың шамасындағы жер ортасы адам, сиректеу сақал, мұрты бар; қара бұжыр, күлімсіреп дөңгеленіп тұрған қара көзді, пішініне қарағанда бір түрлі сөйлемпаз адам секілді. Астында қойшылар мінер қаракер бесті, үсті-үстіне ұрып отырмаса, кейін қала береді».

Баяншы өзінің сырт сипатын толық суреттеп, қасындағы сапарлас серігіне мінездеме де жасай кетуді ұмытпайды. Мінген көліктеріне де ерекше мән береді. «Біртүрлі сөйлемпаз адам» деуінен-ақ алда айтылар әңгімеге дәлелдеме берілгендей. Жолдың жайын айта келіп, ол (әңгімеші): «...Обаның белесінен тура ассақ, алдымыздан бір кішкене сүрлеу келеді. Сол сүрлеумен барып Шұғаның белгісінен қара жолды қиып аламыз», – деп алда айтылар оқиғағаға «сүрлеу» салады.

« – Сіз білмейтін шығарсыз, жассыз ғой. Уақытында Шұғаның әңгімесін бұл өлкенің баласына шейін біліп болып еді... Ой, шіркін, өзі де Шұға десе Шұға еді-ау, – деді».

Жолдасымның бұл сөзінен мен Шұғаға ынтықтым. Анығын сұрап білгім келді».

Сөйтіп, әуелгі суреттелетін оқиға жол үстіндегі екі жолаушы, келіп қалған күз көрінісі болса, әрі қарайғы уақиға желісі әңгімешінің айтуымен беріледі. Осы арада М.Бахтиннің мына сөзін келтіре кеткен орынды: «Біздің алдымызда екі уақиға тұр, бір уақиға – туынды туралы айтылғаны да, енді бірі – айтылған әңгіменің өзі (осы соңғысына біз өзіміз де тыңдаушы-оқырман ретінде араласамыз); бұл уақиғалар әртүрлі уақытта (ұзақтығы жағынан да әртүрлі), әр түрлі жерде өтеді және сол уақытта біз толыққанды туынды ретінде тани алатын біртұтас, бірақ күрделі уақиғаға бірігеді. Біз бұл толыққандылықты оның тұтастығы мен бөлшектенбейтіндігі деп қабылдаймыз, бірақ сонымен бір мезетте оны құрайтын сәттердің барлық айырмашылықтарын да түсінеміз" б.. Айтылып отырған екі уақиға повесть мәтініндегі жол үстіндегі екеу және екі жолаушының біреуінің әңгімесінен өрбіген оқиға желісі. Екі уақиғаның бірінің басында баяншы (автор десек те болар) тұрса, екіншісінің басында әңгімеші (Қасымжан) тұрғаны белгілі. Әңгімеші мен баяншы нарратордың балама пішіндері. Көп жағдайда біреуі болмаған мәтінде міндетті түрде екіншісі болады. Ал, «Шұғаның белгісінде» екеуі де бар. Әңгімеші – болып өткен оқиғаның жай ғана бақылаушысы да, белсенді әрекет етушісі де болуы мүмкін. Қасымжан – әрі әңгімеші, әрі сол өзі айтқан оқиғаның куәгері, қатысушысы.

Әңгімеші демекші, мысалдар келтірсек, А.Пушкиннің бірінші жақтан баяндалатын «Капитан қызы» туындысының әңгімешісі – Петр Гринев, Ғ.Мүсреповтің «Қазақ солдаты» романының әңгімешісі – Қайрош Сарталиев, А.Бектің «Арпалыс» романының әңгімешісі – Бауыржан Момышұлы. Бұл үш әңгімеші де оқиғаға тікелей араласатын кейіпкерлер, тіпті орталық қаһармандар.

Теориялық еңбектердегі тұжырымдарға сүйенсек, ең әуелі, әңгімеші өзі баяндаған оқиғаның жай ғана куәсі болуы мүмкін. Әңгімешінің ролі мұнда жай ғана оқиғаны сипаттаушы болады. Әрине, ол оқиғаға әр түрлі деңгейде баға береді. Бірақ, оқиғаға араласпайды, бар болғаны сол оқиғаға куәгер болып қана қалады. Әңгімеші туралы академик С.Қасқабасов фольклорлық прозадағы хикая жанрының ерекшелігіне қатысты былай дейді: «...хикая көп жағдайда куәлік сипатта болады: баяндалып отырған оқиғаны әңгімеші өз басынан өткен деп айтады, немесе елдің көбі білетін атақты адам, я болмаса танысым көріпті деп куәландырады», «Кейде хикаялар естелік түрінде әңгімешінің өз атынан баяндалады, яғни әңгіме бірінші жақтан айтылады". Фольклорлық прозада нарраторлық қызмет осылай көрінеді екен. Б.Майлиннің әңгімешісін осы фольклорлық прозадағы хикая жанрындағы әңгімешісімен салыстыруға болады. С.Қасқабасов мысал ретінде келтірген «Мамай батыр» хикаясында батыр үйіне келген қонақтарға жезтырнақпен кездескен хикаясын баяндайды. Бұл әңгімелеу, ғалымның көрсетуінше, ертегі типтес шығарманың ішінде баянадалады. Келген қонақтар Мамай батырға қандай арманың бар дегенде үй иесі бір арманы ретінде осы оқиғаны әңгімелейді. Б.Майлиннің туындысында да оқиға екі жолаушының бірінің қойған сауалынан өрбиді. Яғни, бұл үндестіктен қаламгер Майлинннің ұлттық фольклорда бар тәсілді жаңа қырымен көркем прозада жаңғыртып, жаңа сатыға көтергені деп қорытынды шығаруға негіз бар.

Тағы бір жағдайда әңгімеші оқиғанының тікелей қатысушысы, яғни оқиғаның бір кейіпкері болуы мүмкін. «Бұл қызмет арқылы әңгімеші өзіне бейнеленген көркем әлемнің бар «жүгін» жинақтайды. Мұндай жағдайда әңгімешінің баяншыдан айырмашылығы сонда, оқиғаның себебінен мағлұматы болмауы, оны түсіндіруде қателесуі де мүмкін. Әңгімешінің қате талдауы бір мезгілде суреттелетін оқиғаның себебіне айналады. Басқаша айтқанда, әңгімешіден кейіпкердің айырмашылығы кәдімгі функиялармен бірге оған оқиғаны баяндау қызметі жүктеледі». Әңгімешінің әрі оқиға кейіпкері болуы баяндауға тың қарқын дарытады. Әңгімеші атынан баяндау сюжет дамуындағы белсенділікті де барынша арттырады. Өйткені бір жағынан оқиға дамуын сырттай бақылау, екінші жағынан, сол оқиғаға қатысушы болып, салдарын бірге көру әңгімешінің болмысын барынша күрделендіру арқылы көркем туындының эстетикалық әсерлілігі мен қуаты жоғарылайды.

Шұға мен Әбдірахман арасындағы қайғылы махаббатты әңгімелеуші Қасымжан осы оқиғада белгілі бір роль атқарады, сондай-ақ оқиғаны әңгімелей отырып, өзінің және басқа кейіпкерлердің күйініш-сүйініш сезімдерін, бастан кешірген халдерін толығымен оқырманға жайып салады. Солармен бірге күйініп, бірге қайғыру сезімін тудырады. Айтылар әңгімеге тыңдарманын еліктіре баяндау – фольклорлық туындылардағы басты шарт болғаны белгілі. Осындай шеберлік Б.Майлин әңгімешісінің бойында бар. «Өй, өзі де Шұға десе Шұға еді-ау!» деген тамсаныс тек әңгімеші тарапынан ғана емес, бейнеленген әлемдегі кейіпкерлер аузынан, соңында осы әңгімені беріле тыңдаған, оқыған адамдар аузынан да шығады.

Әңгімешінің айтар оқиғасы – Шұға мен Әбдірахманның махаббаты, бас кейіпкері – Шұға. Шұға туралы сөз ерекше ілтипатпен, тамсаныспен, құрметпен айтылады. Сонымен, әңгімеші, екі жастың махаббатының куәгері, оқиғаның ортасында болған Қасымжан таныған Шұғаның келбеті мен мінезі былайша суреттеледі:

«Шұға десе Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді... ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін... Бұл күнде ондай қыз қайда. Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайтынын да білмейсің, ешкіге құсап шошандап жүргені. Заман бұзылған ғой... иә...». Бұл – повестің екінші тарауында, яғни оқиға басталмас бұрын берілген мінездеме. Соңғы сөйлемнен әңгімешінің заманға деген наразылығы, өткенге деген көзқарасы да қабат көрінеді. Осы көзқарас үшінші тараудың басында айқындала түседі: «Ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың исі де жоқ». Әңгімеші тек сол оқиғаны жеткізуші ғана емес, заман, адам туралы өзіндік көзқарас-пікірі, берер бағасы бар адам. Оның бұл сөзінен өкініш, шарасыздық, наразылық аңғарылғандай болады. Алашшыл тұлға, көрнекті ақын М.Жұмабаевтің «Өткен күн таң-тамаша ертегі ертегі ғой» («Батыр Баян» поэмасынан), «Өткен күн ертегімен таласқандай/ Уа, дүние, ол күндерде Алаш қандай!» («Қорқыт» поэмасынан) деген мағынадағы жан шерін танытатын толғаныстары Б.Майлиннің кейіпкер-әңгімешісінің сөзімен үндес келеді. Алмағайып заманға тап келіп, тағдыры тәлкекке түскен халықтың жан күйзелісінің сезілуі шығарма шынайылығына өз әрін қоса түседі. Онсыз оқиға жадағай, жалаң қалып, тыңдаушыға шынайы болып әсер етпес те еді. Әңгімеші тамсанған замандағы жайлау сәнінің суреттелуі де әсерлі, нанымды.

«Апырым-ай, адамзатта ондай сұлу болады екен-ау!.. Аққудың көгілдірігіндей осы аппақ. Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгіштермен безеп тастаған қызыл пүліш қамзол, басында үкі таққан түлкі бөрік, өзі сұлу адамды мүлде одан жаман жандандырып, құбылдырып тұрды». Бозбала біткеннің арманына айналған, халықтық фольклордың тамаша бір үлгісі «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүністің «Қытай менен Қырымнан / Тәмам жақсы жиылса / Аузындағы сөзі едім» дегеніндей, ел аузына мінсіз сән-салтанатымен іліккен Шұғаның бейнесін осындай деңгейге жеткізе суреттеу әңгімешінің «қара жаяу» еместігін паш еткендей. Ал, әңгімешіні өзі бейнелеген әлемнің шебер баяншысы ретінде даралап шығару автордың талант деңгейіне байланысты.

Шұғаның Әбдірахманға деген махаббаты да кіршіксіз. Сол махаббат жолында құрбан болған аяулы жанның аз ғана ғұмырының жарқын сәттері Әбдірахмандай көзі ашық, көкірегі ояу азаматпен байланысты. Әңгімешінің суреттеуінде, бір-біріне сай екі жастың сүйіспеншілігінің еш айыбы жоқ. Алайда, екі жасты екі айырған, азаматтың басын жаламен істі етіп, аяулы қызды дертке шалдықтырған адамдардың іс-әрекеттері оқиғаны шиеленістіре түседі. Қызы Күлзипаны «ел мақтаған» Әбдірахмандай жігітке беруді көксеген Айнабай әрекеті Әбдірахманды жаламен қамауға алдырумен аяқталады. «Есімді білген соң Әбдірахманға біраз жолдас болдым ғой, құдай біледі, қазақ баласына инедей қиянаты жоқ еді. Қадір білетін жұрт қайда?» деп назырқанады әңгімеші.

Әбдірахманның Шұғаға деген сүйіспеншілігі әңгімешінің айтуында әсерлі берілген. Шұғамен алғашқы тілдесу, хат жолдау сәттеріндегі көңіл күйі, болысқа айдап бара жатқан кезедегі жол үстіндегі кездесу сәті оқырманның көз алдынан өткендей болады. Екі жасқа тілекші, жанашыр болған Қасымжанның (әңгімеші) жан күйзелісін тыңдаушы терең сезінеді. Шұғаның құсадан дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалуы, ақыры Есімбектің Әбдірахманды ақтап алып, екі жасты қосуға бел буғаны, Шұғаның соңғы сәттегі қамығуы, Әбдірахманың оралуы, ақырында Шұғаның сүйгенін көре алмай «арманда жан тапсыруы» бір ырғақпен әңгімеленгенімен, жанды сурет, әсерлі оқиға ретінде есте қалады. Бар оқиға Шұға тағдырымен қабысып, күллі суреттеу Шұға айналасына жинақталады. Қасымжан әңгімесінде Шұғаның сұлулығы, мінезі, лебізі дерлік ерекше әсермен көрініс береді. Әбдірахманның алғашқы өлең-хаты, болысқа айдалып бара жатқанда шығарған өлеңі – осының бәрі Қасымжанның айтуымен тыңдарманын (оқырманын) ерекше әсерлендіреді. Сөйтіп Шұғаға деген ықылас артады. Бұл эстетикалық әсер шығарманың мінсіз құрылымында. Ал, мұндай шеберлік, «композицияның мінсіз қиысуы» (З.Қабдолов) Б.Майлин қаламының қуатында. З.Қабдолов тұжырымына сүйене айтсақ, «Бұл не? Бұл әншейін Қасымжанның ғана тамсануы дейсіз бе? Әлде Шұғаның жаназасына жиналған жұрттың аһ ұруы деп тұрсыз ба? Әрине, екеуі де! Сонымен бірге, сол екеуінен де бұрын, бұл – авторлық тенденция!».

Автор ретінде Б.Майлин осы шығарманы тудырушы, сол арқылы өзінің көркемдік әлемін бейнелеуші. Біз авторды көркем туындыдан бөлектеп тастай алмаймыз. Себебі, көркем шығарманың күллі құрылымы – композициясы мен сюжеті, тақырыбы мен идеясы, ондағы тартыс, шиеленіс пен кейіпкерлердің болмыс-бітімі, мінез-құлқы автордың позициясы арқылы көрінеді. Автордың талғамында қорытылып, тілдік бояуымен түзілген көркемдік кеңістігі шығарманың эстетикалық нысанын танытады. Жазушы туындыға әрі автор, әрі кейіпкер ретінде қатыса отырып, өзінің ойын «ортақ үнмен» беретінін ескерсек, нарративтілік құрылымынан біз қаламгер көзқарасын аңғара аламыз. Қасымжан әңгімешінің әсерлі әңгімесі арқылы оқырманға баяндалаған көркемдік шындықтың көз жетпесе де көңіл түйсінер тұңғиығында, яғни «астарында» жатқан қаламгерлік «үн» баяншы мен әңгімешіге тең бөлініп, күрделі бұл нарратор-тұлғалар эстетикалық жүкті «жұмыла» көтерген.

ХХ ғасырдың басында жазылып, қазақ прозасының классикалық үлгісіне айналған, әлі күнге дейін оқырманын ерекше әсерге бөлейтін «Шұғаның белгісі» повесінің көркемдік құпиясының кілті де осында тұр.

Біз бұл ұғымдардың әдеби-теориялық мәнін түсіндіру үшін ең әуелә мәтіндік талдаудан бастамақпыз.

Қазақтың көрнекті қаламгері М.Мағауиннің 2004 жылы жарық көрген «Қыпшақ аруы» хикаяты пішіндік құрылымы жағынан авторлық-нарраторлық тұтастықты жаңа қырынан танытқан туынды. Бұл повесть жарық көрісімен, қазақ әдебиетіндегі тосын құбылыс ретінде бағаланып, 2005 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанынан құрылған «Жас ғалымдар кеңесі» «Қазіргі қазақ прозасы: М.Мағауин «Қыпшақ аруы» деген тақырыпта әдеби пікірталас ұйымдастырды. Аталмыш пікірталастың мәтіні жазушының 75 жасқа толуына орай «Жұлдыз» журналының 2015 жылғы №2 санында жарияланған. Жазушының әр жылдары жарық көрген «Көк мұнар», «Аласапыран», «Сары қазақ», «Шақан шері», т.б. ірілі-ұсақты туындыларындағы көркемдік тәсіл мен кейінгі жылдары жазылған «Жармақ», «Қыпшақ аруы» туындыларындағы көркемдік тәсіл арасындағы ұқсастық-айырмашылықтарды саралағанда, автордың көркемдік таным кеңістігін тағы бір қырынан танимыз. Дәстүрлі әдіс-тәсілдерді өзінің қаламгерлік шеберханасында түрленте білген жазушыға әдеби даму, жаңа ізденістер барынша етене.

Не себепті «Қыпшақ аруы» хикаятын арнайы зерттеу нысанына алмақпыз? Біз бұл сауалға жауапты туындыға тікелей талдау жасау арқылы түсіндіреміз.

Ұлттық әдебиеттану саласындағы алғашқы теориялық еңбектің авторы А.Байтұрсынов авторды әуезелеуші, толғаушы, жазушы, ақын, сарындаушы деп атайды.

Автордың әуезелеуші, яғки баяншы, болмаса әңгімешімен тұтастықта көрінуі әлемдік көркем прозада бар тәсіл. Ұлттық прозамыздың бастауында тұрған классик жазушы Бейімбет Майлиннің 1915 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алушы қазақ жастары шығарған «Садақ» атты қолжазба журналында жарияланған «Шұғаның белгісі» повесінде де әңгімені жазушы-әуезелеуші бастайтын. Алайда, автордың аты-жөні туындыдағы оқиғада аталмайды. Сондықтан да оны «әуезелеуші» (А.Байтұрсынов) немесе «баяншы» деп анықтап тұрып атап-түстеп бере алар едік. Ал, «Қыпшақ аруына» келсек, әңгіме бағыты басқашалау болмақ. Осы тұста көркем туындыдағы «автор бейнесі» мәселесіне назар аударуға тура келеді.

Жалғасы бар...

Әйгерім Наурызбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар