Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Күз бен қыз» кітабының тұсауы кесілді

17.11.2017 3018

«Күз бен қыз» кітабының тұсауы кесілді

Бұрнағы күні Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының "Өнер" залында қызылжарлық ақын, бірнеше республикалық мүшайралардың жүлдегері Нұргүл Оқашеваның жуырда ғана баспадан шыққан "Күз бен Қыз" атты кітабының тұсаукесір болып өтті. Әдеби кешті ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин жүргізіп отырды. Шараға есімдері елімізге танымал қаламгерлер мен өнер иелері, ақынның шығармашылықта қатар жүрген достары және оқырмандар қатысты.


Қалқаман Сарин Нұргүл Оқашеваның әдеби ортаға сонау студент кезінен танылғандығын айта келіп, бүгінгі шараның маңызына тоқталды. Сонымен қатар, қатысушыларды ақынның өмірімен, шығармашылықтағы жетістіктерімен таныстырды. Кітаптың тұсауын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман мен композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жолман Тұрсынбаев, әдебиеттанушы Омар Жәлел мен ақын Маржан Ершу кесті.


- Нұргүлдің ақындығы өз алдына, журналистік қабілеті де қарымды. Осыдан бірнеше жыл бұрын қолына қалам ұстаған қаршадай қызды облыстық "Солтүстік Қазақстан" газетіне жұмысқа қабылдаған едім. Небір сайыпқырандардың ізі сайрап жатқан қарашаңырақтың қарышты дамуына Нұргүлдің де қосқан үлесі зор. Бүгінде өзі де бір газетті тізгіндеп отыр, - деді Кәрібай Иманжанұлы.


Содан кейін ақынның үзеңгілестері сөз алып, жылы лебіздерін арнап, өлеңнен шашу шашты. Жиын барысында халықаралық, республикалық конкурстардың жүлдегерлері Эльвира Нұрғожина мен Бүркіт Жанайдың әсем әндері тыңдарман жүрегінен орын алды. Әдеби кеште Нұргүл сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін оқып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар