Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ғалым Әріп. Маңғыстаулық қаламгерлер

27.06.2018 2795

Ғалым Әріп. Маңғыстаулық қаламгерлер

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз өткенімізді ұмытпай, оны бүгінімізге жалғап, келешегіміз нұрлы болуы үшін қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, оны қастерлеуге әдебиетімізді де тиімді пайдалануымыз, олардың жауһарларын барынша тірнектеп жинақтап, халықтың өзіне қайтадан ұсынуымыз қажет. Осы ретте егемен еліміздің рухани әлеуетін әлдендіруде, әдеби-көркем шығармаларды ел игілігіне ұсынып, насихаттауда ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан «Әдебиет порталының» қоғам өміріндегі орны айрықша. Жуырда осы порталдың «Рухани жаңғырудың» бір түбірлі тармағы саналатын «Туған жер» бағдары аясында аймақтар әдебиетіне кең ауқымда жол ашып жатқаны өте құптарлық.

Оның үстіне осынау жоба, яғни «Әдебиет порталындағы» аймақтар онкүндігінің киелі Маңғыстау өңірінен бастау алуын да орынды санаймыз, әрі портал қызметкерлеріне ыстық ықыласымызды білдіреміз.

Қасиетті Маңғыстау аймағы даңқты ерлік жолдарымен, бүкіл республика бойына қан жүгіртіп отырған «қара алтынымен», Қазақстанның бірден-бір теңіз қақпасы болуымен ғана емес, орасан зор рухани мұраларымен де мақтана алады. Қазақстандағы мемлекеттік реестрге кірген тарихи-мәдени ескерткіштердің жартысынан астамы осы өңірде орналасқаны, Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Сисем ата т.б. ұланғайыр көне ғимараттарымен қатар, Тамшалы, Шерқала, Қызылқала, Айрақты, Маната т.б. таңғажайып табиғат тамашалары, бағзы апандар мен үңгірлер, обалар мен қорғандар, үйіктер мен арандар т.б. тәрізді бағзы тарих үлгілерімен ерекшеленеді.

Бірер жылдықта Маңғыстау қаламгерлерінің таңдамалы 50 томдығын шығаруға қол жеткіздік. Ондағы Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, Қалнияз, Аралбай, Түмен, Сәттіғұл сынды ақпа-төкпе ақын-жыраулардан бастап, бүгінгі балауса жас ұрпақтың талантты өкілдері қостаған Маңғыстаудың 93 қаламгерінің шығармаларында ежелгі өлкенің аңыз-әпсанасы да, салт-дәстүрі де, ел қорғаудағы ерлік дастандары да, бүгінгі тәуелсіз шат заманның тамаша табыстары да, достық, жастық, махаббат мақамдары да кең көрініс табады.

Қаламгер аға буын өкілдері – Әбіш Кекілбаев, Айтмағанбет Құдайбергенов, Естөре Оразақов, Шоғай Шалқаров, Маршал Әбдіхалықов, Есбол Өмірбаев, Есенғали Бөкенбаев, Уәйіс Қайралапов, Қазданбай Қосжанов, Сайын Назарбек, Жұмат Тілепов, Сержан Шәкірат, Бисембі, Дүйсембі Әріповтер, Бектұр Төлеуғалиев, Сәбит Әбішев, Бесінбай Бегеніш сынды ақын-жазушыларымыз маңғыстаулық әдебиеттің көкжиегін бұрынғыдан әлдеқайда кеңейтіп жіберді. Бұған дейін белгісіздеу болып келген жазушы Шоғай Шалқаровтың «Ақбөбек» романы, Айтмағанбет Құдайбергеновтың «Аққолтық» повесі мен «Ақбөбек» пьесасы, Естөре Оразақовтың «Дәрігер парызы» трилогиясы, Маршал Әбдіхалықовтың «Сүйінғара» романы, Қазданбай Қосжановтың лирикалық өлеңдері әдеби сын тұрғысынан түбегейлі зерттеліп, лайықты бағасын беруді қажет етеді.

Шоғай мен Айтмағанбет ағаларымыздың «Ақбөбектері» бүгінгі біз түсініп, түйсініп жүрген оқиғалардан гөрі күрделірек, тек қана екі ғашықтың арасындағы көзсіз махаббат емес, онда Маңғыстау өлкесінің сол кездегі әлеуметтік жай-күйі, әдет-ғұрпы, қаймағы бұзылмаған тілі мен ділі, Адайдың өз ру жіктерінің қарым-қатынасы, ар-намыс, салт-дәстүрден аттап кетудің, ақ батаны тәрк етудің соңының не болатыны көркем тілмен нақты суреттеледі.

Маңғыстауда тұратын шығармалары оқырмандарға кеңінен танымал 15 ақын-жазушы Қазақстан Жазушылар одағына мүше. Олардың ішінде республика жұртшылығына танымал Бектұр Төлеуғалиев, Сайын Назарбектов, Ғалым Әріп, Айтуар Өтегенов, Әбілқайыр Спан, Медет Дүйсенов, Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Темір Мыңжас, Рахат Қосбармақ, Гүлжауһар Сейітжан, Көмек Ыбыраев, Анар Шамшадинова, Отыншы Көшбай, Үміт Жәлеке, Қалбай Әбдіраман, Мырзатай Болат, Серік Бердияров, өзге қалаларда тұратын маңғыстаулықтар Жұмат Тілепов, Ермек Аманшаев, Оңайгүл Тұржан, Өтеген Оралбаев, Болат Жетекбайдың шығармаларын халық сүйсініп оқиды.

Әрине, аймақ үшін мүшелікке бұл сан өте аз. Бірақ бұлардан да басқа шығармаларының көркемдігі жөнінен одаққа мүшелікке өтуге әбден лайық тағы осыншама қаламгерлердің бар екенін ескерсек, көңілге медеу. Олардың қатарына Әзірбайжан Қонарбаев, Ислам Қосжан, Айнахан Есет, Рза Оңғарбай, Бірғали Байекеев, Мейрамбай Қибасов, Орақ Байғалиев, Қожахмет Демеубергеновті, т.б. жатқызуға болады. Жинаққа еніп отырған жас қаламгерлердің шығармаларының өзі бір төбе. Астанадан, Алматыдағы Жазушылар одағынан аймағымыздың алыстығы да белгілі дәрежеде кері әсер ететіні сөзсіз.

Ең бастысы – бкөркемдігі келіскен жақсы шығармалар туғызу. Біздіңше, Ақбөбек оқиғасы, Иса-Досан ұлт-азаттық, кеңес заманындағы Адай көтерлістері, ондағы Тобанияздың, Қазақ республикасының алғашқы басшыларының бірі Жалау Мыңбаевтың, өткен ғасырдың 90-жылдарындағы дара туған ұлт перзенті, «Парасат» қоғамдық қозғалысының негізін қалаушы Сайын Шапағатовтың сом тұлғалары келешек ұрпақ іздеп жүріп оқитын әдеби бейнеге айналуы, ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі Маңғыстаудың инновациялық-индустриялық өркендеуінің бүгінгі жасампаз келбеті біздің жасамыс та, жас та қаламгерлеріміздің еншісіне берілетін азаттық аңсаған бабаларымыздың аманаты болып қала бермек. Оған, әрине, қаламының қуаты зор қаламгерлер керек, ал ондай қаламгерлер болашақта өлкемізден шығатынына шүбәсіз сенемін. Әрине, оған тек ізденіс, зерделі зерттеу, жігер, еңбек, туған жерге деген шынайы махаббат қана керек.

Маңғыстау қаламгерлері республика көлемінде болып жатқан әдеби үдерістерге де атсалысып тұрады. Жақында болған Қазақстан Жазушылар одағының Құрылтайына біздің өңірден 7 талантты қаламгер қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов мырзамен келісім бойынша алдағы уақытта өлкенің бір табиғаты тамаша жері «Тамшалыда» Маңғыстаудың барлық қаламгерлерінің басын қосып, оған ардагермен бірге талантты жастарды да тартып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дөңгелек үстел басындағы әңгіме өткіздік, сондай-ақ жоғарыда аталып өткен 50 томдықты 100 томдық етіп қайта басып шығарсақ, оған бұған дейінгі көптомдыққа кірмей қалған ақын-жазушыларды қоса енгізсек деген ниет бар.

ҒАЛЫМ ӘРІП,

Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры,

ҚР Мәдениет қайраткері.

Ақтау


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар