Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Шерияздан Тайконұлы. Кенші толғауы...

08.05.2024 902

Шерияздан Тайконұлы. Кенші толғауы 12+

Шерияздан Тайконұлы.  Кенші толғауы - adebiportal.kz

Кенші толғауы

 

Отызға толмай келіп ем,

Арқаның алтын төсіне.

Бойда жігер, ойда арман,

Лесіп қазақ көшіне.

 

Лаулап оты жастықтың,

Қосылдым келіп толқынға.

Көздеген мақсат индустрия,

Өрмелеп көру сол шыңға.

 

Қиыр да қиын жолменен,

Жүруден ешбір талмадық. 

Қойнауын жердің игерген,

Көшінен кенші қалмадық.

 

Жылдарым сырғып өтіпті,

Атасу, Жәйрем кенді аймақ.

Тұлға боп кенші мен шықтым,

Дәл бүгін соған елде айғақ.

 

Құрамында ERG-дің

Марганец, хром кен қаздық.

Тәуелсіз қазақ елінің

Тарихи сәтін біз жаздық.

 

Ұлытау, Жезді, Желдіадыр,

Бастаған қадам ол батыл.

Ақсумен жалғап соларды,

Басып бір өткен жол жатыр.

 

Ақсудың алып зауыты,

Өндірген шойын қорытпасын.

Толассыз кеттті шикізат,

Күндіз түн шауып жортқасын.

 

Хромтау мен Ақтөбе,

Оған да жеткен қолымыз.

Сайрап та жатыр бүгіндер,

Шимайлап өткен жолымыз.

 

ERG топтың құрамы,

Шұбаркөл еңбек алаңым.

Бөлшегі болып жүрмін мен,

Теріміз сіңген даланың.

 

Біз өндірген кара алтын,

Жылуын шашты жан жаққа.

Зауыттарын елімнің,

Кокспен жатыр қамдап та.

 

Шықпасам да шыңына,

Алдаған жоқ арманым.

Дос болдырып келемін,

Тау-кеннің талай тарланын.

 

Баянауыл толғауы

 

Бұлт қонақтап басында сұлу Баян,

Әсемдігің біздерге әнмен аян.

Таңертең кеш көз тастап биігіңе.

Алтайыма келгендей құшақ жаям.

 

Тау ұлымын рух алған биіктерден,

Айналып мен кетейін сүйікті елден.

Қатар- қатар тастары көз тартады,

Қыз жүгіндей қолымен жиып берген.

 

Айна көлдер айшықтап тау арасын,

Сарыарқада Баяным – сен дарасың.

Әрбір жартас кейпінде әр жәндіктің,

Алдамайды мені де көз қарасым.

 

Жасыбайды жағалап қыдырдым көп,

Сұлулығын көз тоймас ұғындым бек.

Ұлыларды тудырған Қаныштайын,

Өзіңсің ғой Арқада тұғырлым тек.

 

Сабынды көл сабаңа сыймай жатсың,

Арайлы күн, тау асып қимай баттың.

Алау кеште, албұртып сұлу жағаң,

Жамырағын шамадармен алқа тақтың.

 

Толқынымен Торайғыр тоғысқаным,

Төл ұлыңдай өзіңмен ұғысқаным.

Тор жорғадай тізгінге ырық бермей,

Төкпе жырлар сағанда табыстадым,

Табыстадым толқыннан қалыспадым.

 

Дүниенің ақыры бар, басы қайда,

Көңіл шіркін көлдей боп тасымай ма?

Жарқын ғұмыр селт етші тағыда бір,

Жасыл жібек көмкерген Жасыбайда.

 

Туған жерге сағыныш

 

Қобда өзен едім – Алтайдан аққан сылдырап,

Арқада жүрмін өзіңнен бүгін тым жырақ.

Аңсаған кезде туған жер саған елеңдеп,

Кеудені кернеп тасқын боп шығар жыр бұлақ.

 

Сырғалы көл ем – сылдырда сылдыр ән салған,

Өзіңнен ұшты қанатын қомдап қанша арман.

Мекені болып қазақтың сары даласы,

Ұлың жүр бүгін тау суын аңсап тамсанған.

 

Ақ өзен едім – төсінен Алтай бұлқынған,

Бағыты көлдер жетем деп жылдар жұлқынғам.

Қонақтап бүгін Арқаның алтын төріне,

Арнаппын бүгін жырымды мынау сыр тұнған.

 

Арасан едім – алқалы жұртым жайлаған,

Шипалы бұлақ төсінде сансыз қайнаған.

Өзіңде жүрген бақытты бала кездерді,

Қиялмен шолып жыр жазсам ғана жай табам.

 

Татыры едім – Аққолдың жалпақ жайылған,

Армандап сонда жасымнан жырға бой ұрғам.

Іздері жатыр әкемнің анау тауларда,

Қиқу сап күнде қыранын баптап қайырған.

 

Баяғы таулар, баяғы алқап шалқыған,

Орнында көлдер, желпініп желмен толқыған.

Кезегін алып, жетіліп ұрпақ жатырғой,

Қобызды дала, қоңырқай тірлік салтымен.

 

«Қазақпыз!» - деп көтеріп елім шаңырақ

Аталар жүрген Арқаға кеттік жамырап.

Туған жер кешір, кіндігім саған байлаулы,

Сағынған кезде жыр жазам саған аңырап.

 

Ностальгия

 

Қаламынан ақынның жыр боп саулап,

Өтіп жатыр біздерден жылдар аунап.

Қатпарынан өткеннің мен іздеймін,

Кешегі өткен өмірді жасыл бау-бақ.

 

Қалған екен біздерден бүгін жырақ,

Бір кездері қол созған көкшіл қырат.

Көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатыр,

Сыңсып аққан беткейден сыршыл бұлақ.

 

Сыршыл бұлақ ағатын таудан құлап,

Тапқан едік өзіңнен аз күн тұрақ.

Екпініңді кешегі тас құлатқан,

Аңсағанда жазамыз жыр ғып құрап.

 

Ойға түстік баяулап ағысымыз,

Бір арнаға түскендей шабысымыз.

Қырандардай кәнігі шолып ұшып,

Өзгергендей қос қанат қағысымыз.

 

Күздің желі ызыңдап есетіндей.

Көз алдымнан көк мұнар көшетіндей.

Алау жастық алыстап кеткен екен,

Көз салмаймын қияға кешегідей.

 

Өмір өтті жасының жарқылындай,

Ойнақ салған күн қайда тор құлындай.

Он ойланып сан мәрте талпынсам да,

Таба алмаймын кешегі қарқынымды-ай,

Қарқынымды ай тасыған тау суындай.

 

Самалына сары дала кеуде тосып,

Өткен шақты отырмын жырға қосып.

Саяқтыққа салынба сал күреңім,

Салқар көші өмірдің барады озып.

Барады озып Арқада күндер жосып.

 

Рамазан кешіндегі ойлар

 

Құбылып тұрған кезде мына заман,

Жүрекке иман сыйласын Рамазан.

Дастарқаны жаюлы біз қазақпыз,

Ізгілікті ешкімнен сұрамаған.

Ақтаңдақты басынан кешсе дағы,

Өршіл рухы бабалар құламаған.

Құламаған санадан тұрақ алған.

Өткерсе де зұлмат зар заманды,

Өтірік сөз ешқашан құрамаған,

Қаймақтарын нәубетте қалқыса да.

Жетімімен жесірі жыламаған.

Сол үрдісті үздіксіз жалғап кетер,

«Бар ма ұрпақ?» - деп шығар сұрақ алдан.

Көңілімде бір күдік – жаhандану,

Аждаhадай куып жүр шырақ алған.

Сол жайында ой толғап отырғанда,

Бұл жолдарды мен пақыр құрап алғам.

 

Уызына жарымай ана тілдің,

«Қазақ тілі қайда?» - деп болдық сүргін.

Қойыртпақ тіл қала мен даламызда ал,

Мақтанамыз: «Замана бүгін ырғын».

 

Мультфильммен ұрпақтың тілі шығып,

Батырларды робот құл деп ұқты.

Құлтемірдің ерлігін көрген ұрпақ,

Ұлтын қорғар ер болмас ертең мықты.

 

«Діндарлықтың негізі осы екен», - деп,

Жат ағымды қуғандар шыған шықты.

Сақал қойсақ сәніміз келісер деп,

Жастарымыз басқандай қызыл шоқты.

Қарындастар жамылып қара перде,

Діншілдіктің әсіре желі соқты.

 

Аттың жалы түйенің қомында да, 

Қиын-қыстау тар кезең жолында да, 

Бес парызын бабалар түгел өтеп, 

Айырған ғой оңы мен солында да.

 

Жат ағыммен уланса саналары,

Ата дәстүр белгілі тоналары.

Бабалардың ізінен жаңылмасақ,

Айқын болмақ қоғамның оңалары.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар