Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Н. Айтұлы: Қазір біреу бірдеңе көреді де, соның қазақ нұсқасын жасап алып, жаңашылдық дейді

29.06.2018 2139

Н. Айтұлы: Қазір біреу бірдеңе көреді де, соның қазақ нұсқасын жасап алып, жаңашылдық дейді

Ақын Несіпбек Айтұлы – бүгінде қазақ әдебиеті тарихында өз атын қалдырып үлгерген ақын. Қазіргі әдебиеттегі аға буынның жастар не жазып жүргенінен қаншалықты хабардарын әрі бүгінгі әдебиеттің бағыт-бағдары туралы пікірін білмекке қаламгерді сөзге тартқан едік...

Бүгінде біраз аға буын: «жастарды оқымаймын... Әдебиетте ауыз толтырып айтар жаңалық жоқ...»,- деген сынды әңгімелерді жиі айтып кетті. Жалпы, әдеби үдерісті бағалау үшiн, оның қазанында қандай дүниелердiң қайнап жатқанын бiлiп, саралап отыруы керегі айтпаса да түсінікті. Сонда ағалардың қайнаған қазанға үңілмей жатып бас шайқауы, әдебиетке деген көзқарастарының салғырттығы ма, әлде?

- Иә, бұл ойыңызға орай жастар жағында да «Ағалар бізді оқымайды... Алдыңғы толқын біз туралы пікір айтпайды...»-деген де ой қалыптасқан. Осындай пікір соңғы 15-20 жылда бой көрсете бастады. Біз де жас болғанбыз. Әрине, біздің тұсымызда қоғам басқа, дәуір басқа, әдебиетке деген көзқарас та басқа еді. Ол кезде билік тарапынан әдебиетке үлкен қамқорлық та болатын. Ал ағалар мен кейінгі буын арасында белгілі бір деңгейде байланыс үзілмеген еді. Оған дәлел сол ағалардың өзінен кейінгі буынның шығармашылығы жайлы пікір-тілегін айтып, маңдайларынан сөзбен сыйпап отыратын. Ол кезде бүгінгідей емес, Жазушылар одағының жұмысы да қайнап жататын. Жыл сайын пленумдар мен талқылаулар өткізіліп, жыл қортындылары болатын. Газет-журналдар сынға, әдеби процеске өте жіті назар аударып, жақсысын – жақсы, жаманын – жаман деп сараптап отыратын. Әдебиетте осындай бір үлкен дәстүр қалыптасқан еді. Әрине, ел тәуелсіздік алған жылдары экономикасы ғана емес әдебиеті, мәдениеті де белгілі бір деңгейде құлдырап кетті. Біз басқа қоғамға тап болдық. Былайша айтқанда нағыз әдебиеттегі жылымық кезең сол тұс болды ғой. Себебі, әдебиет тікелей биліктің қамқорлығында болмағандықтан, жоғаырдағыдай бірізділіктен айырылып қалдық. Бүгінде білесіздер, Жазушылар одағының жағдайы бұрынғыдай емес күнкөрісі төмен, тіпті мемлекет тарапынан арнайы қаржы да бөлінбейді. Сондықтан әдебиетте көп нәрсе өзгерді. Ол кезде қаламақы деген болды. Газет-журналға жазған мақалаларыңа, баспадан әзірленіп шыққан кітабыңа қаламақы аласың. Қазір кім кімге қаламақы төлеп жатыр?! Ондай жүйе уақытпен бірге кетті...

- Осы қаламақы жүйесінің жоқ болып кетуі – әдебиеттегі кейбір жанрларды өзімен ала кетті деуге бола ма?

- Әрине! Мысалы, сын – азапты жанр. Сын жазатын адам қазіргі бүкіл әдеби үдерісті бақылап, талдап, таразылап отыру керек. Шығып жатқан жаңа кітаптарды, жаңа есімдері көзден таса етпеу керек. Сонымен қатар, отырып сол жайлы кәсіби әрі таза әдеби тұрғыда талдау керек қой. Оның бәрі уақыт алады. Ал біз сыншылардың уақыты түгілі, БАҚ бетіне шыққан мақаласына қаламақы бере аламыз ба? Жоқ! Сондықтан да, жағдайы жасалмаса, алтын уақыттарын кім арнайды осы жанрға?! Сын жазылды деген күннің өзінде оны қабылдай алатын автор бар, қабылдай алмайтын автор бар. Оның бәрінің сөзін, мінезін көтеретін жүйке тағы керек...

Ілгеріде Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев, Зәки Ахметов, Серік Қирабаев, Сайлаубек Жұмабеков, Тұрсынжан Шапай, Сағат Әшімбай сияқты үлкен-үлкен сыншылар болды. Олар әдеби процесті жиі бақылап отыратын. Сол үшін қомақты қаламақы да алатын. Бұл бірінші мәселе. Ал екіншісі, қазір шығып жатқан кітаптардың тираж мәселесі. Бұл кейінгі буынмен аға буын арасындағы байланыстың үзіліп қалуына алып келді. Өйткені жарық көрген кітаптардың тиражы аз, ол біздің қолымызға түсе бермейді. Ал, біздің әлеуметтік желілерге, интернетке икемделіп кеткеніміз шамалы. Осының бәрі белгілі бір деңгейде аға буын мен орта буын арасындағы түсініспеушілікке алып келіп жатыр... Міне, негізгі жағдай осыған алып келді. Сондықтан да аға буынды шуылдап кінәлай берудің қажеті жоқ. Сосын, шын таланттарды біз бағаламай, көрмей жатыр деуге келмес. Кезінде Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергеновтер, кешегі Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбайлар, бүгінгі Ұлықбек Есдәулет, мына Бауыржан Жақыптар, Ғалымжан Елубай, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Маралтайларды ешкім көтермелеген жоқ. «Мынау ақын!» - деп ешкім ұрандаған жоқ. Олар әдебиетке өздері келді, қалыптасты. Талант – біреудің пікірін шығармашылығына бетперде қылмай-ақ танылады. Қазіргі бір «айқайшыл» топ биттің қабығындай бір кітабын шығарады да, ұрандатып жүргені. Өйткені, жаңағы мен атаған есімдердей қазіргілер таза шығармашылықен айналысып жүр ме? Жоқ! Олар шығармашылықтан гөрі, жарнамамен айналысқанды жақсы көреді.

- Сонда ақындар жарнамадан алыс болу керек пе? Ол да уақыттың, заманның талабы емес пе?

- Жақсы дүниені айту – әдебиет алдындағы парыз. Бірақ, қазіргі жастардың жарнамасының түрі: топтасып-топтасып алып, әлеуметтік желілерден бірін-бірі мақтап, қолтығына су бүркіп отырады. Ұйымдасқан. Саналы түрде. Олай дейтінім, тіпті шығармашылығынан іліп алар дүние жоқтары көп. Бірақ жазғандары – түкке татымайды, ал ысқырықтары жер жарады.

Әдебиеттегі тағы бір басып айтатын дүние – әдебиеттің жүгін өзгеге артып қоюға ешқашан болмайтындығы. Әдебиетте жүрсің бе, жүгін бірге, бөліп көтеру керек. Мені көп ойландыратыны осы. Өйткені, қазіргі 40-тан асқан буын «Жазарымызды жаздық» - деді ме, шалқасынан түсіп жатып алды. Әрі кетсе, әлі кафелерді кезіп бір-бірінің жазғандарын мақтап қоюдан аспай жүр. Олар неге әдеби зерттеумен айналыспайды? Әйтпесе, сол буынның жасында Мағжан, Сәкен, Ілиястар қандай артына әдеби еңбектер қалдырды. Әрібірден соң солардың еңбектері арқылы әдебиет бізге жетіп жатыр ғой?! Уақыт өтіп жатыр. Жеке өз шығармашылығымызбен әдебиетті сақтап қала алмаймыз. Қазақ әдебиетінде қалыптасқан, толысқан буындар енді әдеби зерттеулермен түбегейлі айналысу қажет...

- Сіз белгілі бір деңгейде кейінгі буынның шығармашылығын бақылайсыз ба? Кімдерді ерекше атап айтар едіңіз?

- Өзім оқып, көзім көріп жүрген жастар бар. Сол жастар дегеніңіздің өзі қырыққа келіп қалды. Мысалы, Дәулеткерей Кәпұлы, Көкшетауда Алмас Темірбай, Ақберен Елгезек, Мұратқан Шоқан, Шығыста Аскерхан Ақтай, Батыста Бауыржан Қалиоллаларды атауға болады. Ал қыздардан, жас деуге келмес, бірақ қазіргі буының белді ақыны Гүлнар Салықбай дейтін ақынды ерекше атағым келеді...

- Қай кезде де әдебиеттің құнын түсіріп жүретін бір жекелеген адамдар болады. Оларды «Халтурщиктер» деп те атап жүр. Қазіргі әдебеиттің айналасында жүрген осындай «қаламгерлер» ме? Жалпы, сіз «Халтурщик» деген ұғыммен қаншалықты келісесіз?

- Қазіргі қазақ әдебиетінде сіз айтып отырғандай халтурщиктер көп деп айта алмаймын. Оны айтып жүрген кімдер?! Халтурщик – ең нашар жазатын адамдар. Ол бұрынғы әдебиетте де болған. Ал қазіргі халтурщик деп жүргендер әдебиетке қатысы жоқ, көлденең көк аттылар. Қазір кітап шығару оңай болды. Кімнің қалтасында ақшасы бар, сол кітап шығаруға құмар. Олар әдебиетке әуестенуші жастар болса бір сәрі. Жасы жер ортасынан асқан, тіпті 70-80-ге келген шал-шауқан, кемпір-кешектер. Қазір дастархан басындағы батасын, туған күнге, мерейтойларға арнаған шатпақтарын жинап, кітап етіп жұртты адастыруда.

Жұрт осыған қарайды да, осылардың бәрі әдебиетші, ақын-жазушы екен дейді. Осындай адамдар бүгінгі қазақ әдебиетінің құнын түсірді. Әдебиетке қатысы жоқ адамдармен, әдебиеттің шынайы бел ортасында жүрген адамдарды шатыстыруға болмайды. Кеңес заманында кітап шығару үшін арнайы талқылаудан өтетін, мемлекеттік жоспарға кірген кітап қана шығарылатын. Қазір ондай сүзгі жоқ, соның салдарынан халық шатысып, нағыз әдебиетті тани алмай отыр. Ақын кім, әуесқой кім оны жұрыт ажырата алмайды. Тіпті халықтың көркем әдебиетке деген көзқарасының төмендегені соншалықты, ақындар айтысын поэзияның шыңы деп есептейді. Бұның бәрін өз орнына қойып анықтап берер сарапшы болу керек. Ал қазіргі әдебиетпен әуестенуші жастардың өзі қандай кітап оқуды да білмейді. Сүйте тұра интернет желілерінде бірін-бірі «классиксің» деп жатады. Айналайын-ау, классик деген сөзді айту үшін, ойлану керек қой. Классик – уақыттың сынынан, халықтың тезінен өткен, бүкіл ұлт болып мойындаған, А.Құнанбайұлы, М.Әуезов, М.Мақатаев, М.Жұмабаевтар ғой. Тым болмаса, солардың жазғанын жиі оқып тұрса ғой. Аяқтарын, тілдерін тартар еді...

- Бүгінгі жастар әлем әдебиетіндегі түрлі ағымдары алып келіп жатыр. Содан да болар, қазіргі ақындар поэзияда көзге көрінбейтін, жұмбақ, өмірде жоқ абстракциялы дүниелер жазуға құмар. Осы жайында пікіріңізді білсек...

- Түсініксіз өлең жазғыш жастар анау Қасымның тұсында, мынау Мұқағалидың , тіпті біздің тұсымызда да болды. Бұндай экспериментке талай ақындар барған. Солардың көбі қазір ұмытылды. Өз тамырыңнан өніп шықпаған дүние, ол басқа жерге апарып отырғызған көшет сияқты болады. Сондықтан, бүгінгі жастарда басқа әдебиеттен оқығанын, оқыған күйінде көшіріп әкеліп жаңалық жаратқандай болып жүргендер көбейіп кетті. Әрине, әлем әдебиетін білу керек, оқу керек. Бірақ оны түрлендіріп өз әдебиетіңе сіңіре білуің керек. Кешегі Абай қандай, Абай салған дәстүр қандай? Біз содан айырылып қалдық қой. Қазір біреу бірдеңе көреді де, соның қазақ нұсқасын жасап алып, жаңашылдық дейді. Ал қара өлеңді ондай дүние басып не жойып жібере алмайды. Демек, қазақ бар жерде қара өлең мәңгі жасайды. Ең басты мәселе – тіл. Егер, тілдің жілігін шағып, майын ішкен жандар болса, батыс-шығыс ағымдарының бізге әсері болмас еді.

Біздің әдебиет – жаңалықтан баяғыда өтіп кетті. Еліктеу арқылы – ұлттық әдебиетті лайлай беруге болмайды. «Измін» қанша жерден тықпалағанмен М.Мұқағали айтқандай: «Қазақтың қара өлеңінен артық поэзия жоқ». Біздің поэзия құлаққа тыңдауға құрылған, әнге де тез айналады. Ал батыстың поэзиясы – байдың қатындары ерігіп отырғанда көзбен оқитындай құрылымға құрылған.

- Осы әдебиетті батыс, шығыс деп бөліп қарау қаншалықты дұрыс? Сонда әлемге ортақ әдебиеттің формасы қандай болуы керек?

- Әдебиетте форма бірінші мақсат емес. Менің ұғымымда әдебиетте мазмұн бірінші болу керек, ой болу керек. Оны қандай формада жеткізетіні – ақынның талантына байланысты. Қара өлең формасымен де керемет дүние айтуға болады. Ал батыстың шұбатылған дүниесін біздің қазақ екі-ақ жолға сыйдырады. Сондықтан, қазақ тілінің шешендігіне, оның көркемділігіне, бүгінге жеткен поэзиясына күмәнданып, шәк келтіруге болмайды. Ол дарынсыздардың тыраштануы – толмаған Толстойлар мен шала Шекспирлердің шаруасы. Қазақтың нағыз философиясы – мақал-мәтелінде. Өйткені одан күшті, қуатты жазылған дүние жоқ. Бұл құндылық ғасырлардың сүзгісінен сығымдалып-сығымдалып бізге жеткен құйма алтындар деуге болады...

- Тіл туралы көп айтып жатырсыз. Тәуелсіздік алғалы екі мүшел болса да қазақ тілінің оңалғанын көре алмадық. Тілге осындай салғырттық танытсақ, әдебиеттің жай-күйі де оңалмайтыны белгілі ғой?

- Әдебиетсіз де өмір сүріп жатқан елдер бар. Құдайға шүкір, қазақ әдебиеті осыған дейін жеткенде, осыдан кейін хәлі мүшкіл болып кете қоймас. XX ғасырда-ақ біздің әдебиет жетер шыңына жеткен. Енді құлдыраса тілдің әсері. Тіл құлдыраған сайын, әдебиет құлдырайды. Ол анық. Өйткені әдебиеттің жаны – тіл. Ал тіл бар, ұлт бар жерде оның әдебиеті, өнері ұлтпен бірге жасайды. Егер біз ұлттық қасиетімізден, музыкамыздан айрылып қалатын болсақ, онда біздің бүкіл менталитетіміз өзгереді. Адамның бүкіл жан дүниесі өзгереді. Онда біз түріміз қазақ, басқа тілде сөйлейтін өзгеше бір тұлғаға айналамыз. Сонда ғана әдебиет өледі.

Қазақ әдебиеті деп неге айтамыз? Қазақтың тілінде сөйлеп, жазып жүргендіктен біз қазақ әдебиеті демейміз бе? Мен орысша сөйлеп, орысша жазып жүрген ақындарды қазақ ақыны деп айта алмаймын. Ол тек қазақ азаматы, бірақ қазақ поэзиясының өкілі емес. Түптеп келгенде қазақша ойлап, қазақша жазған адам ғана қазақ ақыны бола алады. Ал сенің қазағыңның жартысы қазақ тілін білмейді. Соның салдарынан әдеби тіліміз күн сайын төмендеп, жұрттың бәрі ауызекі тілден аспай барады. Бір сөзі орысша, бір сөзді қазақша сөйлейтіндерден қандай әдебиет күтесің? Қазір әдебиеттің проблемасымен емес, тіл проблемасымен айналысу керек. Ұлттық тіл мен ұлттық ойлау жүйесінен айрылып қалмау үшін, күш салуымыз керек. Әдебиет содан барып шығады. «Ораза, намаз –тоқтықта» -дейді Абай. Қазақ тілінің қолданысқа толыққанды кірмеуі, бір адамның айғайымен шешілетін дүние емес. Әрбірден соң бұл – мемлекеттің қасыреті... Осының бәрі құлдық психологияның салдары. Тіпті, біздің рухсыздығымыз, намыссыздығымыздан да шығар. Өйткені, екі қазақтың бірі білген тілді екіншісі неге білмейді? Неге білгісі келмейді? Сол қазақы самарқаулық. Уызға жарымаған ұрпақтың барар жері де осы ма екен, кім білсін. Шын мәнінде, тілдің мәселесі тұрғанда әдебиет туралы көсіліп отыру да дұрыс емес. Біздің жазғанымызды оқитын, қадірлейтін ұрпақ болмаса, қазақ тілді ұрпақ болмаса осының бәрі неге керек? Бұл әдебиет туралы дау қуып жүретін кез емес, тіл үшін жан-беріп, жан алысар сәт қой...

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар