Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Ақбердінің ауласы» қалай жазылды?

07.09.2018 799

«Ақбердінің ауласы» қалай жазылды?

Жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім аға Таразидың 85 жылдығына орай, «Әдебиет порталы» қаламгердің шығармашылығы, айналасы жайлы көптеп материал жариялауда. Білесіз, Әкім ағамыз алдынан талай шәкірт өткен ұстаз, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры. Тиісінше бұл жолы ұстаздың ертеректегі бір танымдық лекциясын сол күнгі шәкірттерінің қалауымен сұхбат түрінде ұсынып отырмыз.

Лаура Дәуренбекованың дәріс дәптерінен. 1998 жыл

1997-2002 жылдар аралығында жазушы Әкім Тарази әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің «Әдеби шығармашылық» бөлімінің студентеріне «Жазушы еңбегі» пәнінен дәріс оқыды. Біз ҚазҰУ-дегі ағайдың алғашқы шәкірттері едік. Тобымызда 10 студент болғандықтан, өзімізше «Он қалам» деп атадық. Кураторымыз Ләйлә Мұсалы апай ағайдың ассисенті ретінде дәріске бірге қатынасып, «Алдарыңа келіп отырған жазушының шығармасын талқылап, жазылу тарихын сұрау арқылы, жалпы шығармашылық зертхана, шығармашылық процесс ұғымымен танысуларың қажет» деп шегелейтін. Шынында да, Әкім ағаның дәрісінен жазушылардың іс-тәжірибесіне назар аударып, шығармашылықтың қыр-сырын тәжірибе жүзінде талдауды үйрендік. Әсіресе, дәріс барысында қаламгердің өз өмірінен ақпараттар беретін шығармаларды талдау қызық еді. Сондай әсерлі шығарманың бірі Ә.Таразидың «Ақбердінің ауласы» хикаятын автормен талдап, бір сәтке жазушының балалық шағына саяхат жасаған едік. Әкім Таразидің 85 жылдық мерейтойына орай, бұрын-соңды жарияланбаған сұхбат түріндегі сабақты жариялауды жөн көрдім.

Лаура Дәуренбекова: Әкім аға, шығармаңызды неге Ақбердінің ауласы деп атадыңыз? Ақберді ақсақал өмірде болған ба?

– Ақберді ақсақал өмірде болған адам. Ұлы Отан соғысы басталған кезде менің әкем Шу ауданында Мойынқұм деген жерде орта мектептің директоры болған еді. Соғысқа өзі сұранып кетті. Әлі есімде «мені соғысқа жіберді» деп келіп маңдайымнан сүйгенде арақтың иісі бұрқ ете түскен болу керек, көкірегінен итергенім есімде. Мен әкемді жақсы көретінмін. Әкемнің соғысқа жібергендегі қуанғаны әлі күнге дейін көз алдымда, әкем соғысқа кеткеннен кейін, анам үш ұлымен жалғыз қалды. Өзі хат танымаған сауатсыз адам еді, байдың қызы болған. Шаруашылыққа да икемі жоқ еді. Бізге күн көру қиындап кеткеннен кейін анамның ағасы Саттар нағашым бір түнде келіп бізді өзінің үйіне көшіріп алып кетті. Біздің түскен үйіміз нағашымның Ақберді деген қайын атасының үйінің ауласы еді. Бибісара деген жалғыз қызының болғаны да рас. Ақсақалдың үйінің сырты өзбекше стилмен қоршалған, ауласы кең, мал қорасы да үлкен еді. Ақберді сіргелі елінен шыққан батыр еді. Біз сол отбасында тұрдық. Мен негізі мемуарлық шығарма жазамын деп ойламайтынмын. Бұрын мемуар жазған ағаларымның шығармаларын оқып, көбінесе өзін дәріптеу үшін, немесе сүттен ақ, басқалар қара болып шығу үшін жазады деп ойлайтынмын. Мүлде олай емес екен. Бұл шығармада өз басымнан кешкен оқиғалар кездесіп отырады. Бірақ, оларды тек қана Әкімнің басынан кешкен оқиғалары деп қабылдауға болмайды. Ақбердінің ауласында өткен өмірім тек осы шығарманың еншісінде деп ойлаймын.

Гаухар Серкебаева: Кезінде дүйім жұртты аузына қарата білген Ақберді ақсақалды үш ай бойы соғыс жайы толғандырып жүрді. Ақберді өмірде соғысқа қатысқан адам ба?

– Дұрыс байқағансың. Ақберді батыр адам. 1965-67 жылдары Ресей әскері түгел жиналып, Семей арқылы басып кірген. Кезінде Қоқан хандығына қарайтын қазақтың үш жүз рулары Ресеймен байланысы жоқ болды. Аякөзден Ташкентке дейін қырғын болғаны белгілі. Черняевтің әскері Ташкентті алып, артынан Қоқанды алып, одан Перғананы алды. Бұл тарихта болған оқиға. Ақберді сол соғысқа қатысқан адам. Ақберді ақсақал менің бала кезімде, қасына отырғызып алып көптеген әңгімелер айтатын, бірақ мен ол әңгімелердің саяси астарын түсінбейтінмін.

Еркінгүл Солтанаева: Негізгі кейіпкерлердің бірі – Бұраш. Бұраштың образы шығармада аяқсыз қалған сияқты.

– Бұл шығармада аяқсыз қалғаны рас, бірақ, менің басқа шығармаларымда Бұраш кездесіп тұрады. Менің осы Бұрашым үлкен бір образ ретінде келуі керек еді-дағы кейін осылардың бәрі үлкен бір шығарманың эпизодтары ретінде қалуы керек еді. Бұраш негізгі осылардың бәрін жалғастыратын үлкен бір образ болуы керек еді, өкінішке орай мүмкіндік болмады. Бұраш біраз жерге келіп, «Кен» романының ішінде ер жеткен кезі бар, бірақ аты өзгеріп кетті.

Лаура Дәуренбекова: Шығармада Бұраштың қызыл сақасы әдемі бейнеленеді. Бала кезіңізде асыққа жаныңыз жақын болған-ау.

– Бала Бұрашты Әкім Таразимен байланыстыратын болсақ, шынында да менің басымнан кешкен жағдай еді. Қызыл сақаның болғаны рас, оған жанымды салғаным рас. «Мен өлмеймін, денемді де кесуге болады» - деп сенгенім рас. «Балаларға денемді кесуге болады» деп қолымды шымшытып, денемді кестірткенімде рас. Бұл санасыз түрде өзімнің өткен биографиялық өмірбаяным.

Еркінгүл Солтанаева: Анасының зары неге Бұрашқа ән болып естіледі?

– Менің анам жаңа айттым ғой, тұрмысқа, қара жұмысқа жоқ адам деп. Өзі ерке болып өскендіктен болуы керек, сауатында ашуға талпынған жоқ. Көп жылайтын. Бірақ, әндетіп жылайтын. Маған ерекше әсер ететін. Балалық сезімім шығармаға кірген.

Қуаныш Қожаев: Балалардың Бұрашқа «квадрат» деп ат қойғаны да қызық...

– Менің алты жасқа дейін бойым өспей жүрді. Иығым жалпақ. Өзім төбелескішпін. Балалар менің сыртымнан осылай қойған шығар деп ойлаймын. Себебі, қазақша тапалтақ дегеннен гөрі, ауызға орыстың квадрат сөзі тез түседі ғой.

Қуаныш Қожаев: Жәділ неге өзі майданға сұранып кетті?

– Жәділ деген ағамның майданға сұранып кеткені рас. Жәділ менің анамның туған інісі, өмірде бар адам. НКГБ-да қызмет істегені де рас. НКГБ – қылышынан қан тамған мекеме болды. Бірақ, нағашым соншалықты сүйкімді, әдемі еді. Менің балалық көз алдымда ол жауыз емес, сұлу кісі болып қалды. Сондықтан мен бұл шығармамда ол кісінің өз санамдағы образын жасауға тырыстым. Майданға өзі сұранып кетті. Кейін Саттар ағамнан майданға не үшін сұранып кеткендігін сұрағанымда: «Шура деген әйелі болған. Соған қызығып жүрген бастығы соңынан түсіп «сенің үстіңнен арыз жазылады, атыласың, түрмеге түсесің» деп мазасын алған. Ыза болған нағашым соғысқа сұранып кеткен екен.

Қуаныш Қожаев: Жәділ майданға кеткеннен кейін Шура неге Ақберді ақсақалдың ауласына көшіп келді?

– Шура мен Жәділдің махаббаты анық болған, мен сол кісілердің үйінде үш айдай тұрғанмын. Балалары жоқ еді, қаланың ортасында үйлері бар. Бала кезімдегі көз алдымда қалған таза махаббаттары қалды. Шураның Жәділді сыйлағандығы соншалықты Жәділдің ағаларының үйіне көшіп келеді.

Гаухар Серкебаева: Жәділ майданнан мүгедек болып келгеннен кейін, Сапар үйіне жас кеңестер одағының батыры офицер жігітті ертіп келеді, үйге келген қонақты Шура қуып шығады. Өмірде болған оқиға ма?

– Өз басым Шураның жаңағы кісіге кет дегенін естіген емеспін. Бірақ бұл оқиға, болған оқиға. Келген офицер ұзын бойлы, сұлу сары шашты орыс жігіт еді. Көкірегінде «Кеңестер Одағының батыры» деген жарқыраған алтын жұлдызы бар. Сапар ағам Мәскеуге барғанда қонаққа шақырып алып келген. Ол Орта Азияда бір ай жатып жеміс жеуге келген екен. Ол бірақ шала қоштасты да кетіп қалды. Соны түсінбей ойлап жүрдім. Бұл жазушының фантазиясы. Шура мүгедектің әйелі, сүйген жары мүгедек. Ал келіп жатқан қонағының қол-аяғы сау, сымбатты. Ұлт жағынан келгенде өзіне жақын орыс адамы. Оның келіп жатқаны «Жәділдің көңіліне келеді» деп ойлаған болуы керек. Ұлттық намысын, қызғанышын оятуы мүмкін. Шураның Николайды қуып шыққанын жазушылық санамнан қостым.

Айдар Сейдазым: Офицер жігіт кеткеннен кейін Жәділ мас болып, базарда балшыққа батып жатады ғой. Өмірден алынған ба?

– Жәділ сүйген жарының қылығын түсінді. Аяғының жоқтығына қорланды. Одан кейін ішіп кетті, көп ішті. Мен талай рет өзім базардан алып келгенмін.

Айнұр Төлепбердинова: Шығармада Жәділ «абыроймен өлудің» жоспарын құрған тұсы да әсерлі шыққан.

– Менің бірінші басылымымда бұл тірі қалады, бірақ қолжазбада тірі қалмаған. Редакторым бұрынғы совет одағы тұсындағы өзін-өзі өлтіру дегендерді жаздырмайтын. Содан Жәділді тірі қалдыртқан болатын. Мүгедектігін ойлаған кезде тек қана арақ ішіп көңілін таба бастайды. «Қойдым» деп ант бергенімен, тағы ішіп кетеді. Өзінің өмірінің анық біткеніне көзі жеткен соң, абыройым бар кезінде, Шураны қорламай, өз еркіммен кетейін деп ойлады. Жәділдің өлімі, менің түсінігімде өмірдің қиындығынан қашып кету емес, бұл самоубиство емес, бұл ерлік.

Айдар Сейдазым: Рабиға романтикалық кейіпкер. Әнші бола тұра ән айтудан қорқады. «Ән айтсам біреудің кеудесіне құрт түседі» деп келтіресіз.

– Ол күйеуі бар адам ғой, күйеуге тисе де, зорлықпен алып кетсе де, сатып алған болса да, Кәрім оны сатып алды ғой, сонда да бұл қазақтың, жаңағы қазақтың, нағыз қазақтың келіншегі, бұл негізінде өмірде болмаған адам, бұны мен Құмардың образын жасағаннан кейін Құмарға қарама-қарсы бір таза адамның образы керек болды да, өзім білетін басқа ауылда көрген басқа бір адамның образын, осы Ақбердінің ауласына сүйреп алып келдім, сондықтан бұның бірінші әнді доғара қоюы, айтпай қоюы біріншіден бұл ауылда әнші Құмар бар, екіншіден ән айтса бұған жігіттер қызығады. Бұның соғысқа кеткен күйеуі бар, баласы бар, сүймесе де күйеуі бар, солай деп өзін-өзі жасырып ұстап жүрген адам ғой. Бірақ айналып келгенде, мен махаббаттың қорына дақ түсірген жоқпын.

Ұстаз бен шәкірт

Нұрболат Келгенбаев: Танкист өмірде болған адам ба?

– Танкист – өмірде болған менің туған інім, аты Танкист еді, үш баламен келген анамды Бүбісара ақкөңіл адам еді, ауырсынып жүргені есімде, әрине, оны да түсінуге болады соғыс кезі, ашаршылық. Танкист кәзір жоқ, шығармада екі жарым жасар Танкист қаза болған.

Айнұр Төлепбердинова: Шығарманы оқып отырып, Кәрім Рабиғаны өлтіретін шығар деп ойлап едім...

– Кәрім өлтіретін еді, бірақ Рабиғаға жолай алмайды. Рабиғаны сатып алса да, Рабиғаға сүйсінеді ғой, сұлулығына қызығады, сондықтан өлтіре алмай, жапандағы жазықсық шопандардың басын шауып өлтіріп кетеді.

Айнұр Төлепбердинова: Кәрімнің үстіне ұшақтың төнуін драмалық жағдайда қызықты бересіз

– Сол кезде әскери жаттықтыру өтетін. Ұшақ биікке ұшып, үш-төрт шақырым биіктіктен аунап-аунап келіп, тура бір 30-40 метр қалғанда дар етіп қайтадан от алып, қайтадан ұшып кететін. «Ұшақ құлаған екен» деп, жау қасына келгенде, бомбаны тастап, қайтадан қайқайып ұшып кетуге үйрететін болуы керек. Біз алғашқы кезде қорқып үйге кіріп кететінбіз, кейін сүйсініп қарап тұратын болдық. Мен соны осы повестің ішіне кіргізуім керек болды-дағы, жай ғана солай болды десем, оқырманның есінде қалмайды, сондықтан да драмалық жағдайда, енді әйелін өлтірейін деп келе жатқанда Кәрімнің үстіне төнеді, бұл бірақ жабайы адам, түрмеден қашып келген адам, ұшақты көрмеген адам, бірінші рет осылай төніп келгенде «атуға келе жатыр» деп қорқып қаша жөнеледі. Қазақ жазушылары бұған сенбеуі мүмкін. Ұшақ түгіл поезд көрмей өскен жазушылар, поезд түгіл велосипед көрмей өскен жазушылар бар. Мысалға, менің Қалихан досым Алматыға келмей тұрғанда велосипед көрмепті (күледі).

Саягүл Құрманғалиева: «Жаза» романындағы Або өзінің жазықсыз балаларының басын балтамен шабады, Кәрім жазықсыз шопанның басын шауып кетеді, Жәділ туннелге басын тосады, неге олар басқа өліммен өлмейді?

– Бұл да бір психологиялық жағдай, оған арнайы кітап жазса да болады, мен өзі психологияны жазушылық жағынан көп оқып зерттедім, өзін-өзі өлтіре алмаған адамдардың басқаларды өлтіруі, одан кейін кек, біреуден кек аламын деп жүріп таба алмаса басқаларды өлтіріп кететін сәттер болады, содан мен барып өзім көрмесем де осыны жаздым, бірақ сондай бір адамдардың, қашып жүрген қашқынның біздің ауылдағы қойшыны әйелімен бірге өлтіріп кеткенін естігенмін, баланың санасында сол қалған ғой, екі оқиғаны біріктіріп, байланыстырып алып келдім де шығармада пайдаландым.

Саягүл Құрманғалиева: Шығарма баспаның тарапынан өзгеріске ұшырамады ма?

– Редактордың сызып тастаған жерлері көп еді. Қайыршылардың көбейіп кеткенін, алғашқы қайыршылардың келе бастағанын, олардың айтып кететін әндері бар еді, соны жазған тарауымды сызып тастапты. Екінші рет жаза алмай қоятын әдетім, содан кейін мына қалмақтардың жер дауы ол да жоқ, оны да таппай қалдым. Маған айтпай сызып тастаған болуы керек. Қалмақтар жер ауып келгенде жаңағы поезд келіп тоқтады, товарный поезд, сонда екі солдат бір өлікті біреуі аяғынан, біреуі қолынан сүйреп алып келіп Теміртаудың ар жағына лақтырып 30-40-ын тастап кетті біздің көзімізше. Соның біреуіне қарап тұрған едім, тірі қалған шығар деп, арасынан бір шал көзі мөлиіп маған қарап тұрды, мен не істейін, аналар оған құлпы салып кетті, көмектесуге мүмкіндік жоқ және бірдеңе істейін десең, солдаттар сені аямайды, сол жаңағы бір қалған қалмақтың шалының көзі осы күнге дейін көз алдымда, жүрегімде. Бәрін алып келіп аямай лақтыра берген ғой, шешендерді де топырлатып алып келіп лақтыра берген, өзі бәленбей станцияда бәленбей кісілер қырылып қала берген. Соны жазғанмын, бірақ редакторым маған айтпай сызып тастағанын кітап болып шыққаннан кейін байқадым.

Нарбол Қашағанов: Қаракемпір өмірде болған адам ба?

– Қаракемпір өмірде болған, бірақ дәл осындай емес, санамнан, жан дүниемнен қосып, жасап шығардым. Қаракемпірдің анау Тоғай деген ұлы да өмірде болған, өзі есі аздау еді, миы шатыстау еді, оны сол күйінде алдым.

Нұрболат Келгенбаев: Михаил Сулькиннің образын қайдан алдыңыз? Шынымен Шура оны бағып алған ба?

– Ол біздің аулада бар еді. Шураның оны бағып алғаны да рас, аяғы қисық, аяғы қамыт еді. Кейін мен сол Сулькинді ержеткеннен кейін Москвада кездестірдім. Арғы жағын жазу керек еді. Мүмкіндік болмады, жаза алмай қалдым.

Жазира Байболатова: Шығармаңыздағы қызыл тұмсық қара торғай арқылы не айтқыңыз келді?

– Бір қызғаншақ жазушы бар еді, шығармаларымызды оқып алатын да Сайынға, маған еліктеп шығарма жазатын, соған ыза болып қызыл тұмсық қара торғайды кіргізіп жібердім. Кеңестік заманда шегіртке секілді өзін көрсете білгендердің қанаты қисайтып, «сен неге бізбен бірге емессің» деп оған жол бермейтін, сен жұртпен бірдей болуың керек. 37- жылдың өзінде сондай болды ғой, тек қана жақсылар, білімділер кетті, ақылдылар кетті, әдемі, сымбатты жігіттер, қыздар кетті емес пе? Неге? Сол принцип социализмнің принципі болды. Соны шегіртке арқылы көрсеткім келді. Шегірткенің айғырын шымал дегендер жабылып өлтіреді. Шымал өте кішкентай, өте ұсақ жәндік, шегірткенің айғырын, құстарды, әсіресе қонып отырған құстардың қойнына кіріп талап өлтіреді, құстар ұша алмай қалады, шегіртке таланып өледі, екеуі де ызадан туған нәрсе.

Айдар Сейдазым: Шығарманың неше нұсқада жазасыз?

– Менің шығармаларымда осы анау «Жас Алашта» да берген сұхбатымда айтқанымда кейбір жазушылар сенбей кекетіп жүрді. Мен бір-ақ рет жазамын. Менің тек Жәділдің образын түзеткенім бар, қайтадан востановит еттім ғой.

Жазира Байболатова: Шығарманы бірден жазып кеттіңіз бе?

– Иә, бірден бастап кеттім.

Лаура Дәуренбекова: «Кейде қолдан сюжет жасау үшін мен өзімнің тағдырымды да экспериментке салып жіберген кездерім болды, әсіресе жас кезімде» дейсіз. Мысалға?

– Иә, дәл осы шығармада солай болды, айтып отырған Бурашым Әкімнің өмірбаяны негізінде жасалды, бірақ оны ешқашанда Әкімнің өзі деп қарауға болмайды, егер мен мемуар жазатын болсам, әрине Әкімнің өмірінің негізінде жазатын едім. Мына жерде сюжет бәрі соған келіп тұр. Негізгі сюжет Жәділдің өлімі ғой, соған алып бара жатқандардың, менің қалай ауылға түскенім. Жәділді алғаш көргенім, Шураны қалай көргенім, бізге сыйлық алып келгені, бәрі бұрын болған.

Еркінгүл Солтанаева: Ағай, «Жазушылық азап» деген тіркеске қалай қарайсыз?

– Өз ортасын бұзып-жармай, іштегі қазынасын лақ еткізіп ақтарып тастамай, жазушы келмеуі керек. Әдебиетті 10-15 адам ғана жасайды, таңғалдырып, түсініксіз келгендер жасайды. Жоқ жерден бірнәрсе табу, «түсінікті нәрсенің түсініксіз сырын ашу – жазушының үлесі. Демек, дүние құбылыстарының қарапайым суретінен өзгеше тереңдік, әсемдік іздеу – жазушы үшін ләззатты азап.

Жолдаған Лаура Дәуренбекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: әкім тарази, 85 жас, #Жазушылар, әдебиет
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар