Қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы туралы осы күнге дейін аз жазылған жоқ, аз айтылған жоқ. Бірақ бүгін біз оның махаббат лирикасына тоқталғымыз келіп отыр. Жоқ, Фариза апамыздың махаббатын өлшеп-пісуден яки бағамдаудан аулақпыз. Себебі әрбір жан өз деңгейінде сүйеді, ғашық болады. Біз ешкімді өзіміз секілді немесе өзімізді өзгелер секілді сүйе алмағанымыз үшін жазғыра алмаймыз. Махаббат ешқашан барлығына бірдей болып көрінбейді. Бұл бейне бір Қайыстың Махмұд патшаға берген жауабы секілді: «Сіз менің көзіммен көріңіз!». Әйтпесе Махмұд патшаның көргені қап-қара, тапал бойлы араб қызы еді. Ал Қайыстың көзінде бұл Ләйлә болатын. Қайысты мәжнүн қылған Ләйлә болатын бұл. Демек сүйген жанның көзімен оның сүйіктісіне ешқашан қарай алмайтынымызды ескерсек. біз ешкімнің махаббаты жайлы сөйлеуге яки пікір білдіруге хақымыз жоқ. Біз оның ешқашан бітпестей болып көрінген түндерде, ешқашан атпастай болып көрінген таңдарда не сезінгенін, не сезгенін біле алмаймыз. Бірақ білгендей болып көрінеміз. Себебі бүкіл қастерлі ұғымдардың клишеге айналып кеткен заманында «ғашық болу деген...», «сүю деген...» сынды жалпыға ортақ анықтамаларымыз бар. Әйтпесе ғашық болу тек ғашыққа ғана аян нәрсе емес пе еді?! Осы секілді Фариза апамыздың өлеңдеріндегі махаббат жайлы имене-имене не айтсақ та, хақиқатына жетпейміз. Білмейміз. Көрмейміз. Сезбейміз. Ол хақиқат Фариза апамыздың жүрегінде қалды. Біз болсақ бұл жазбамызды жоғарыда айтып кеткеніміздей бір клише негізінде жазғымыз келіп отыр. Бірақ мұның қаншалық дұрыс яки бұрыс екенін білмей отырған жайымыз және бар.
Сонымен, бұл клише тағы да Ләйлә мен Мәжнүнге байланысты. Бәлкім, Фариза апамыздың өлеңдеріндегі махаббат Ләйлә мен Мәжнүннің махаббаты аяқталған тұста басталған шығар. Бәлкім тіпті бөлек нүктеде қарастыруымыз керек пе еді, ол жағы да белгісіз. Бірақ осы өмірде Ләйлә мен Мәжнүннің махаббаты аяқталған тұста, махаббаттары басталған жандар бар екеніне сенемін.
Әлқисса, күндердің бір күні жүрегін қолына алып Қайыс Ләйләға келеді. Өзінің оған ғашық екенін айтады. Ләйлә оны сынау үшін алыс сапарға жібереді. Қайыстың тарапынан ешқандай сұрақ қойылмайды, қарсы да шықпайды. Сынағын қабылдап жолға түседі. Бірақ сапардың алыс екені сонша, қайтар жолда Қайыс адасып кетеді. Ол Ләйләға қайтар жолды таппай қалады. Солайша, жылдар бойы шөл кезіп жүреді. Аңыздың соңы қайғылы оқиғалар аяқталады. Бірақ шөл кезіп жүріп Қайыс өзін «барсакелмес» сапарға аттандырған Ләйләні кінәламайды. Ләйлә да Қайысты алыс сапарға аттандырғаны үшін өз-өзін жазғырмайды. Себебі Ләйлә мен Қайыстың түсінігінде «ғашықтық –сынақ» еді. Тек сынақтан өткендер ғана сүюге лайық. Жүрегін қолына алып келген күні Қайыстың «Мен саған ғашықпын» дегені, «Мені сына» дегені болатын. Қос ғашықтың махаббаты сынаққа түспейінше бар бола алмайтыны екі бастан белгілі-тін. Сол сәтте Қайыстың махаббатын сынамай қабылдаса Ләйлә Ләйлә болмайтын, сынаққа түспесе Қайыс Мәжнүн болмайтын. Аңыздағы бұл сынақ – алыс сапармен көрініс тапты. Әрине, Қайыс бұл сынақтан өте алмай, Ләйләсына қауыша алмай қалды деуіңізге болады. Бірақ мұндағы «қауыша алмау» ұғымы да тағы сіз бен біздің ойлағанымыздай емес. Себебі Қайыс сынаққа түскен сәтте Ләйләмен қауышқан еді. Міне, жазбамыздағы ғашықтық жайлы клишенің жай-жапсары осындай. Ғашықтық –сынаққа түсу. Сынақ –алыс сапар. Енді осы клишелердің аясында Фариза Оңғарсынованың ақ махаббаты жайлы сөз болмақ.
Фариза апамыздың 2013 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Дауа» атты кітабын оқып отырып, бұл кітаптағы Қайыстың да аңыздағы Қайыс секілді алыс сапарға аттанғанын көруге болады. Ал кітаптағы Ләйлә Қайысты сағынады, аңсайды, жолын күтеді:
Дүние бос қалды ғой сен кеткелі,
Күлегеш достарды қой жер-көктегі.
Ешбірі өзіңдей боп жүрегімді,
Шаттықтан не қайғыдан кернетпеді.
Ұйқыдан сен деп аштым жанарымды,
сенделдім, белден астым - дара шыңды.
Көңілім құздан құлап жүрмін ессіз
Жаутаңдап жетім қалған бала ғұрлы.
Енді бір өлеңінде Қайыстың сапардан әлі келмегеніне ренжиді. Шын жүрегімен бұл сынақтан өткенін қалайды, келгенін қалайды. Бірақ кітап ішіндегі Ләйлә мен Қайыстың махаббаты да алыс сапармен сыналған болатын. Мұны Ләйлә біледі, сезеді, сезінеді. Өмір бойы күтіп өтуге даярмын дейді. Себебі күту де осы сынақтың ішінде.
Ойламадың сен мені, еске алмадың,
алар бір кез адамдар кешкен жалын.
Өмір деген кетеді өкіндіріп,
есіңе алма. Бірақ тек кеш қалмағын.
Аяғансып мұңайма: «Зарлы ғашық
ұзақ түні жүр-ау, - деп, - таңға ұласып…»
Мен өтермін арыма дақ түсірмей,
бірге шығар белестен жалғыз асып.
Бір қарағанда бұл махаббатта Ләйлә сынаушы, Қайыс сыналушы болып көрінетін секілді. Бірақ бұл толықтай қате ұғым. Себебі бұл сынақпен тек Қайыс емес, Ләйлә да сыналып жатыр. Ләйлә Қайысты күтумен сыналу үстінде. Ал сіз күтудің қандай ауыр сынақ екенін білесіз деген ойдамын. Ағылшын ақыны Шекспир «сені күту – тозаққа түсумен бірдей. Бірақ бәрібір сені күтемін» дегені, күтудің қандай ауыр сынақ екенінің дәлелі деп білемін. Осы орайда, Есенғали Раушановтың:
Думан құрса,
Құс біткен жиылып ап,
Үндемейді монтиған бұйығы бақ.
Қиын, қиын өмірде күтіп өту,
Ал күтпеу ше?
Одан да қиынырақ.
-деген жолдары есімізге түседі. Бәлкім, күтпеу одан да қиын шығар, расында. Бірақ біздің кітаптағы Ләйлә «Мен өтермін арыма дақ түсірмей/ бірге шығар белестен жалғыз асып» дейді. Яғни, өмір белесінде Ләйлә арына дақ түсірмей, Қайысты күтеді. Себебі күту де махаббатты білдіреді. Бірақ Ләйлә өзінің қиналып жатқанын айтып, Қайыстың жүрегін ауыртқысы келмейді. Махабатының соңы қасіретпен аяқталмас үшін, Қайыс сапардан оралғанша қасірет шегуге даяр. Бастысы Қайыс бұл сынақты өткеру керек. Сол үшін «аяғансып мұңайма: «Зарлы ғашық ұзақ түні жүр-ау, - деп, - таңға ұласып…» дейді.
Сағынған, аласұрған шақтарыңда
ешқашан батпа мұңға:
есіңе ал менің саған құштарлығым
басылмас өрті еді ғой ұқсаң, күнім…
Әсілі, махаббаттың ең көркем тұсы – өзіңді ұмыту. Өзің күйіп жатсаң да, сүйгеніңді ойлау, соған алаңдау. Маңдайыңа тиген тасқа қарағанда, сүйгеніңді табанына кірген тікені әлдеқайда жаныңды ауыртатын болады. Дәл осы секілді кітап ішінде Ләйлә да өзін ұмытқан. Күтудің алауында өртеніп жатса да, келудің орманында адасқан Қайысты ойлайды: «Мені сағынған уақытта мұңға батпа. Менің саған деген құштарымды есіңе ал» дейді. Сол құштарлықтың күшімен Қайыстың сапардан оралатынына сенеді. Қандай жағдай болмасын, Ләйлә күтеді. Қайыс келуі керек. Қайыстың келетініне сенеді Ләйлә.
Түндер қандай үрейлі жалғыз жанға,
Қалғандаймын күздегі таңғы ызғарда.
Көзім жұмсам, шошытып сұсты елестер,
Тылсым ба, жар, құздар ма…
Мазақтайды тағдырдың түні, желі,
Көкірегім ызадан тілінеді.
Шыр еткендей қоңырау - сонда есікке
Жүрегім жүгіреді…
Жүгіреді...Қайтадан басылады -
Естілмейді ешкімге жасы, зары.
Тағдырымның дауылы азынап тұр -
Бұл әлде басы ма әлі?..
Негізі бұл алып сынақтың ең ауыры Ләйләнің өзіне берілген. Қайыс жүрегін алып келген күні, оны сапарға аттандыру арқылы Ләйлә өзін отқа тастап жіберген. Себебі бұл сынақта Ләйлә жалғыз, ал Қайыста жол бар еді. Қайыс жолға, Ләйлә торға түскен. Ешқашан бітпестей болған түндерде Ләйлә тор ішінде Қайысты іздейді. Сәт сайын Ләйләға қыбыр еткен әрбір дыбыстан бастап, шулап жатқан әлемнің барлығы Қайыстың келгенін айтатын секілді көрінеді. Шыр еткен есік қоңырауына жүрегі өзінен бұрын жетеді. Міне, міне Қайыс есіктен кіріп келетіндей. Бірақ ешкімнің жоқ екенін көріп, жүрегі ішінен тынып жылайды, мұңаяды, жабырқайды. Бәлкім, бұл мұңаюлар, жабырқаулар мен жылаулар сынақтың басы ғана дейді өз-өзіне. Сонда да басының ащылығына қарағанда, соңының тәттілігінен үмітті. Есіктен Қайыстың кірмегеніне налып, көзінен жас төгіп отырғанда:
Телефон шыр етеді:
сонда менің жүрегім дір етеді,
көйлегімнің желбіреп гүл етегі
жүгіремін. Не пайда, сен емессің.
Тек қиялдау көңілді жүдетеді.
Кешке дейін неше рет дірілдетіп,
мәнсіз, әрсіз, алаңмен күн өтеді.
Тіпті телефоннан келген қоңыраулар да Қайыстан келіп түскендей болып көрінеді. Дір еткен әрбір қоңыраудан Қайыстың үнін естіп қалармын деп жүгіреді. Бірақ,
Телефоны құрғырың үндемеді -
оятпады мазалап түнде мені.
Шырт ұйқыдан тұрғызып сүйіктім кеп
кетеміз, жүр демеді.
Ақ айдынға тоғытып жыр-кемені,
желмен ұшып жанымның мұң-желегі,
ағыстармен алысар арман сәттер
ұмытты мүлде мені.
Жақындатпай, алдырмай ой қамалы,
үміт, ыза - жиылып бойға бәрі,
арман оты жарқылдап жанарымда
найзағай ойнамады.
Азаптың да рақат бар мұңдары,
сені сағынғаным да - жанның нәрі.
Осы бір сәт тыныштық болса игі еді
дауылдың алдындағы!
Бірақ «құрғыр телефон үндемеді». Қайыс әлі оралмады. Ләйлә армандарының өзін ұмытқанына сене бастаған секілді. Бірақ бұл махаббаттың мәні осы сапарда емес пе?! Осы сапар ғана олардың махаббатын бар етеді емес пе?! Осы үшін Ләйлә мұндағы азаптың да өз рақаты бар екенін біледі. Тіпті сағынышы да жанына қорек. Тек мына тыныштық, мына жалғыздық Қайыстың оралуымен аяқталса игі еді дейді. Себебі бұл жалғыздықты Қайыстың оралуы ғана жеңе алады.
Сен келмегенде
жанталасам сезімнің тасқыны ұрып,
жанарға жас тығылып,
қоятұғын өзімді жер таба алмай,
жалғыздықтан жиналған шер таралмай,
отырамын ішімде қасқыр ұлып.
Арпалысам өзіммен
бәрін тұл ғып кететін жақ таба алмай,
думанды баққа бармай -
тарылғандай дүние аласұрам,
сосын, сосын таусылып шама, шыдам,
жер боламын біреулер таптағандай.
Саған аян бұл күйім,
бұрқанысым,
өзендердей өзгертер күрт ағысын.
Саған қарай қол созам, арман-әнім,
талықсимын, қайтадан жанданамын
тағы бір шырқау үшін.
Фариза апамыздың кітабындағы Ләйлә жалғыз. Оқыған үш шумақтан Ләйләнің қаншалықты дәрежеде жалғыз болғанын көруге болады. «Жалғыздықтан жиналған шер таралмай» аласұрған жанның бейнесі сіздің де көз алдыңыздан кетпей тұрғанын сеземін. Бірақ Ләйләнің бұл хәлінен Қайыс хабардар болуы қажет: бұл ортақ махаббаттың сынағы. Өзіне қарай созылған қолдың ауа қармап қалмасы үшін қалай да оралу керек екенін біледі Қайыс. Қайыс бұл сапарды Ләйлә үшін бастаған, Ләйлә үшін аяқтауға міндетті. Себебі Ләйлә арқылы Қайыстың бар болатыны секілді, Қайыс арқылы да Ләйлә бар болады. Тіпті кіл ғаламды Қайыс арқылы көреді, сезеді.
Бір-ақ жайды, әйтеуір, білдім бүгін:
маңайымды, тіпті анау жыңғыл гүлін
сен арқылы ораймын жылылыққа,
сен арқылы сіңіріп күннің нұрын.
Үстемдігін жүргізіп заман мына,
адамзаттың болмысы жаңарды ма -
мен, әйтеуір, сезінем сен арқылы
әлемдегі жақсыны, жаманды да.
Десе де, өзін бар еткен Қайыстың қазір қасында болмағаны жанына батады. Бейне бір Ләйләға армандауды үйретіп, сол армандарымен Ләйләні жалғыз қалдырып кеткендей Қайыс. Қайыссыз Ләйлә ол армандарды қайтсын?! Егер Қайыс болмаса барлығының құны бес тиын. Дәл осылай шексіз махаббатқа Ләйлә өзінің қашан, қалай тап болғанына таң қалады. Барлығы жүрегін қолына алып Қайыстың өзіне келген күні басталған болатын.
Еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай
жүруші едім, кезіктім саған қалай?
Қалай таптың сен мені, бұл әлемде
жол сілтеген кім саған маған қарай?
Мен жайлы айтқан кім екен: бұлақ па екен,
мұңымды айтып кейде оған жылап кетем,
сыбырлаған самал ма сайда жүр деп
жетім көңіл, жаны дерт бір ақ бөкен?
Түсті ме әлде Күн көзі жанарыңа,
жанарыңмен мен жаққа қарады ма?
Ұйықтап жатқан шағыңда саусағыммен
Айдың нұры шашыңды тарады ма?
Бәлкім, расында Қайысқа Ләйләні бұлақ айтқан шығар. Бәлкім, айдың нұры Ләйләнің саусақтарымен Қайыстың шашын тараған шығар. Қалай болған күннің өзінде де Қайысты Ләйләға қарай сілтеген құдайдың өзі еді. Құдайдың қалауымен Ләйлә Қайысты сынаған болатын, Қайыс та құдайдың қалауымен Ләйләнің сынағына түскен болатын. Қайтар жолда адасып, шөлге қамалған Қайыстың жүрегіне Ләйлә кейпінде енген де осы құдай-тын.
Аңыз бойынша Ләйлә да, Қайыс та осы шөлде көз жұмады. Бірақ біз бұл жазбаны Фариза апамыздың өлеңдері негізінде жазып отырғанынан кейін, кітаптағы Қайысты Ләйләға қайтаруға болады. Ең өкініштісі, қайтармауға да болады. Себебі кітапта екеуін де суреттейтін өлең бар. Бірі Қайыстың қайда қалғанын іздегісі келсе, бірі онымен қауышқанын баяндайды. Шынымызды айтсақ, соңының дәл осылай екіұшты аяқталуы жазба басында бізге де белгісіз еді. Десе де, «Дауа» кітабындағы «аңыздың» екі нұсқасын да сізге ұсынуды жөн көрдік.
Қорытынды (1 нұсқа)
Отырдың алдыңа алып – қымсынбадым.
Осы ма сүю деген тылсым, жалын?
Ұмыттым өзімді өзім. Соңғы кезде
сен менің есімді алып жүрсің, жаным.
Сен барсың. Басқа ештеңе керек емес:
тастадым жырды, мұңды – құрысын бәрін!
Апыр-ау, бұл не сезім ел кешпеген:
қалмады титтей сабыр, менде ес деген.
Жеттің-ау көп аңсатып… Келмес деп ем.
Саған ессіз бас идім. Белді буғам
еш адамға ешқашан сенбеске мен.
Біреулердің өткінші сезімінен
тұманданған көгілдір сағымды іргем,
содан мөлдір жаныма жалын кірген.
Сенде қандай күш барын біле алмадым.
Әйтеуір табындым мен.
«Мені сына» деп жүрегін ұсынған Қайыс сынақтан өтіп, өз Ләйләсына осылайша қауышты. Ләйлә да оған «жеттің-ау көп аңсатып» деп, Қайысқа өмір тізгінін ұстады. Алып сынақтан өткен қос ғашықтың махаббаты ендігі уақытта сыналмақ емес. Себебі Қайыс орала алды, Ләйлә да күте білді.
Қорытынды (2 нұсқа)
Қуанышты мендегі
сенің қайғың улайды.
Ешбір адам жердегі
білмейді бұл мұң жайлы.
Сүйсе, бақыт емес пе —
мен біреуге тәттімін.
Түсесің де сен еске,
сап болады шаттығым.
Аяз шарпып денені,
сүйген болам бекер кеп.
Сені іздегім келеді
қай жерде отыр екен деп.
Сен жайлы ойды жасқадым
қалмасын деп ол біліп,
Құшағында басқаның
сені ойлаймын. Сорлылық.
Қайыс оралмады. Ләйлә күтуден шаршады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.