Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Семейде поэтикалық дуэль өтті

10.11.2018 1624

Семейде поэтикалық дуэль өтті

Қазақстан Жазушылар Одағының Семей қалалық филиалы, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің ұйымдастыруымен «Жастықтың оты қайдасың...» атты поэтикалық дуэль өтті.

Поэтикалық дуэльге Бауыржан Игілік, Жасұлан Мақаев, Динара Төлеутай, Медет Божан, Назерке Қабаева, Қуаныш Еркінұлы, Райымбек Өмірбаев, Ерік Омарғали, Серікжан Қажытай, Мейір Оразғалиев, Дамир Әбенов, Темірлан Темірбай, Ерасыл Сәрсенбаев, Жақсылық Асқарбеков т.б. жас ақындар қатысып, жиылған қауымды жалынды жырларымен тәнті етті.

Қазылар құрамында: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жағалиев, ақын, драматург Айбек Сапышев, Алаштанушы, қоғам қайраткері Құсмилә Жырғалұлы, ақын Қайрат Сабырбай болды.

Ақындар жеребе тарту арқылы жұптасып, жарысқа түсті. Дуэль үш кезеңге бөлініп, нағыз жүйрікті анықтауға мүмкіндік берілді. Жасұлан Мақаев, Назерке Қабаева, Темірлан Темірбай сынды ақындардың поэзиялары елді ерекше сүйсіндірді. Рухани кештің көркін келтірген шайырлар бірінен-бірі қалыс қалмай, ойлы өлеңдерін оқыды.

Соңғы шешуші кезеңге Бауыржан Игілік, Динара Төлеутай, Мейір Оразғалиев жолдама алды. Сайыс қорытындысы бойынша поэзия әлемінде өзіндік үнімен танылып үлгерген Бауыржан Игілік бас жүлдені қанжығасына байлады. Жас ақын Мейір Оразғалиев бірінші орынды иеленсе, Динара Төлеутай екінші орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ, жас өрен Темірлан Темірбайға үшінші орын бұйырды. Назерке Қабаева арнайы жүлде алды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Дуэльді тамашалауға келген әдебиет сүйер қауым, өлеңге жанашыр жандардың да ризашылықтары, ақындарға деген құрметі жоғары елдің ықылас-пейілдері де ерекше екені байқалды.

Көшпелі «Поэтикалық дуэль» Көкшетауда жалғасатын болды. Қазақстан Жазушылар Одағының Семей қалалық филиалының төрағасы, ақын Мерей Қарт эстафетаны шараға арнайы келген ақын Мерген Тоқсанбайға табыстады.

Adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар