Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Құлтөлеу Мұқаш. Сағат ағасы Ұлықбек ақынға неге өк...

29.11.2018 5769

Құлтөлеу Мұқаш. Сағат ағасы Ұлықбек ақынға неге өкпеледі екен?

Құлтөлеу Мұқаш. Сағат ағасы Ұлықбек ақынға неге өкпеледі екен? - adebiportal.kz

Төмендегі сұхбатты осыдан он жылдай бұрын көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің аузынан жазып алған едім. О тұста Қазақ радиосының Әдеби-музыкалық бағдарламалар редакциясында қызмет ететіндіктен, танымал мемлекет қайраткері, атақты әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың туғанына жетпіс жыл толуына орай арнайы хабар даярлауға тиісті болдым.

Ол бағдарлама дер кезінде эфирге шықты. Онда сонау Алаш арыстары секілді туған халқының кемел келешегі жолында аянбай тер төккен тұлғаның күрескерлік болмысын жан-жақты ашуға тырыстық. Бірақ сөзге тартылған тағы да сегіз-тоғыз адамның лебізінен кейін белгілі уақытқа лайықталған хабардың толып қалатыны өз-өзінен түсінікті. Сол себептен ел назарына енді ұсынылғалы отырған мына әңгіменің тек оннан бір бөлігі, нақтырағы, бір-екі сөйлемі ғана қамтылған-ды. Бұл дегеніңіз қаншама қымбат уақытын бөліп және замандас ағасы туралы жан-жүрегімен шынайы лебіз білдірген сөз иесіне де, көпшілік тыңдарман, оқырман қауымға да жасалған зор қиянат екені түсінікті.

Ал осындай жағдайларға байланысты пайдаланбаған пікірді сол бетімен тартпаға тығып тастауға біздің де моральдық құқымыз жоқ шығар.

– Сағат ағамыздың жазған дүниелерімен ертеден-ақ таныспын-ды. Ал өзін алғаш тоғызыншы класта жүрген кезімде көріппін. 1970 жылы Алматы қаласының Жаңа жылды қарсы алып жатқан әсерлі бір сәтіне куә болғаным бар.

Сонау Шығыс Қазақстанның бораны бұрқыраған қарлы аймағы ­– Зайсаннан қара пимамен келіп, Екінші Алматы вокзалынан түсе қалған кезде... қар жоқ... Күн жып-жылы... Осындай көрініске тап болған мезетте не істерімді білмей, қатты ошарылған түрімді көрсең...

Қара асфальтта пимамен қалай жүресің! Етігім бар. Бірақ үлкен шабаданның түбінде ораулы жатқан оны қолма-қол шығарып кие қою да оңайға түсе ме!

Бір жақсысы, әкеме еріп келгенмін. Әлгіндей қысылған, қиналған сәтте қасыңда қамқор ақылшың болғаны қандай жақсы. О кезде бозбала шаққа өтіп, қылтиып қалған кезіміз...

Одан салып ұрып, қонақ үйіне келсек, орын жоқ. Бұл да енді бірталай әбігерге түсіргені рас. Дегенмен, әйтеуір, біраз абдырағанмен, түсетін жер таптық.

Менің басты мақсатым ­– республикалық «Лениншіл жас» газетіне өлеңдерімді беру болатын. Бір-екі күннен кейін газетте жазылған адресі арқылы іздеп келіп, редакцияның есігін қақтым. Іштен:

– Иә, келіңіз! – деген дауыс естілді.

Кірсем, үлкен, абажадай бөлмеде көзәйнекті бір жігіт отыр екен. Қол беріп амандасқан соң ол: ­

– Иә, інішегім, кімге келдің, неге келдің? – деп жөн сұрады. Мен:

– Осыдан біршама бұрын мұнда бір топ өлең жіберіп едім. Соған Оралхан Бөкеев деген ағам жауап жазыпты. Енді сол кісінің өзімен жолығып, тағы да екі-үш өлеңімді көрсетіп алғым келеді, ­– дедім.

– Е-е, дұрыс, бауырым. Өзің мектеп оқушысы сияқтысың ғой, қай класта оқисың?

– Тоғызыншы класта...

– Дұрыс, дұрыс. Ал мен Сағат Әшімбаев деген ағаң боламын. Қазір Оралхан да, басқалар да түскі үзіліске шығып кетті. Біраз бөгелетін шығар. Сондықтан өлеңіңді мен де көріп бере аламын ғой, кәне, әкелші, – деді.

Сағат Әшімбаев – таныс есім. О кезде «Лениншіл жасты» жібермей оқимыз. Сонда оның рецензиялары, түрлі пікірлері, мақалалары жиі жарияланып тұратын. Әсіресе, Сәкеңнің жас ақындардың жаңа буыны шығармашылығына шолу жасап, жан-жақты талдаған мақаласы көкейіме қонып, біраз ойлантып еді.

Содан, оған қолымдағы оқушы дәптерін ұстата бердім. Ішінде аз ғана өлең бар. Көп емес. Үш-төртеу ғана. Жедел қарап шығып, бір кезде:

– Сен тоғызыншыда оқимын дейсің бе?! – деді түріме таңырқағандай кескінмен аңтарыла қарап.

– Иә.

– Біз де тоғызыншы класты оқып едік, біз де өлең жазып едік, бірақ оларымыз мынандай өлең емес-тін. Сен ақын екенсің, бауырым! – деп, бірден бағасын беріп тастады.

Ақын екенсің дегенге іштей марқайып, дардай болып қалдым.

– Басқа өлеңдерің бар ма?

– Бар. Бірақ оларды ертең әкелсем...

О кезде «Лениншіл жастың» бүкіл редакциясы үлкен бір бөлмеде отыратын сияқты. Таңертеңіне кіріп келгенімде журналист жігіттер:

– О-о, ақын бала келді! – деп шу ете қалды.

Сөйтсем, Сәкең менің өлеңдерім туралы бәріне айтып, мән-жайды мәлімдеп қойған көрінеді. Сағат аға:

– Кел, кел, Ұлықбек! Сен іздеп келген Оралхан ағаң әне, – деді.

Осы кезде сонадайда отырған бойшаң аққұба жігіт кербұғының мойнындай ұп-ұзын мойынын созып, мен жаққа маңғаз бұрыла бір қарап қойды. Сөйтіп, кейін бәрі дерлік қазақтың қабырғалы жазушыларына айналған Кәдірбек Сегізбаев сынды бір топ жігіт мені дереу қаумалап ортаға алып, жаңадан әкелген жазбаларымды көруге кірісті.

Сол күндерді бүгінде сағынышпен еске аламыз...

Қысқасы, «Келіннің бетін ашса, сол ыстық көрінеді» дегендей, ең бірінші кездескен Сағат Әшімбаевтан бастап, әлгі ағаларыммен өте жақын болып кеттік.

Арада бір жылдан аса орта мектепті бітіріп Алматыға оқуға келгенде Сәкеңе сәлем беріп бардым. О кезде ол пәтерде тұрады, үйіне ертіп апарып, Шәрбану апаймен таныстырды. Оқып жатқан кітаптарын көрсетіп, жазып жатқан мақалалары туралы айтты. Сол күні кешкілік екеуміз қазіргі микроаудан көшелерінде ұзақ әңгімелескеніміз есімде.

Қазір ойлап отырсам, Сағат Әшімбаев анау алғаш кездескенімізде бесінші курс студенті екен. Бірақ жас та болса аса білімді, арғыны көре білетін, тереңнен ойлай білетін, өз заманының нағыз зиялысы, өте интеллектуал дейтіндей, кесек азамат болып шықты. Былайша айтқанда, өз дәуірінің озық тұлғаларының бірі.

Кейін оқуға түскен соң да жиі жолығып, кеңесіп, пікірлесіп жүрдік. Сонда ағалық қамқорлығын аямайтын. Арасында: «Жас адам былай киініп жүргені дұрыс, өзіңді былайша ұстағаның жөн» дегендей ақыл-кеңес беріп қоятын. Ол айтылғанның бәрін ескеріп, қорытынды шығаруға тырысатынбыз. Одан соң, әрине, шығармашылыққа баса назар аударды. Пікірін ешбір бүкпесіз, ынта-шынтасымен ақтарып, жайып салып отыратын әдеті бар. Және айтқан ескертпесіне, осал тұсыңды дөп басатындықтан ба, бірден келісетінсің. Мәселен, «мына өлеңде жалған патетикаға, асқақ пафосқа кетіңкіреп қалыпсың; жалаң гуманизм деген болады, кішкене, соған қарай әуестене беретін сияқтысың» деп ауызша айтқан сындарының өзі маған үлкен сабақ болды.

Ол өзі жай ғана сыншы емес, үлкен эстет еді. Этика, эстетика дегеннің керемет білгірі десек қателеспейміз. Адамдық болмысы сондай таза, кіршіксіз болғандықтан ба, білдірген лебізінің бәрі көңілге қона кететін. Сәкеңнің ұлттың, халықтың тағдырына алаңдаушылық қасиеті сол сәттердің өзінде-ақ күшті екенін келе-келе аңғарып жүрміз. Сонда ол көп әңгімесінде қазақтың табиғаты, елдің болмысы жөнінде, діліміз бен тіліміз туралы толғанатын. Әмбе қозғайтын тақырыбының ауқымы өте кең-ді. Әлгі тұстарда Москвада өткен бір үлкен кеңеске бірге барып, мейманханада отырып әңгімелескен жағдаймыз еске түседі. Сол сапарда да әжептәуір шешілді. Қазақ әйелінің қоғамдағы орны, ер-азаматтардың елдік мүдде бағытындағы міндеттері... Қоршаған ортаны сақтау, туған жердің экологиясы жайына дейін тосын толғамдарын айтып, таңырқатты. Жалпы, қай тақырыпты қозғаса да, тереңнен толғап, жеріне жеткізе баяндайтын. Ақын Жарасқан Әбдіраш кезінде Сағат туралы:

Белинскийден бастайды,

Жирмунскиймен жасқайды, –

деген әзілді бекер айтпаған.

Шындығында да, оның қойын-қонышы толған цитата еді. Және оны керекті жерінде керемет білгірлікпен қолданатын. Ол өзі әрбір жинақтан теріп алған дүние емес, оларды оқып, тереңнен түсініп, бүкіл жан-жүрегінен өткізіп барып, соның ішінен қалқып, сүзіп алған ой тұжырымдары қашанда даяр тұратын. Бірде маған орыстың Гулыга дейтін философы туралы әңгімелеп, «сен соны қалайда іздеп оқышы, талай жаңалыққа кезігетінің анық, ол қазіргі заманда қалыпқа сыймайтындай таңғажайып ойлар айтады, назар аударшы» деген-ді. Кейін Георгий Гулыга еңбектерін оқып көріп, мынандай да айрықша дүниелер болады екен-ау деп қайран қалдым. Ойлары өте тосын. Әлгі, «Ликбез», яғни «ликвидация безнравственности» деген ұғымды қайта əкелу керек» дейтін адам осы кісі...

Сәкеңнің оқымыстылығы, аса біліктілігі, алғырлығы анадайдан-ақ көзге ұрып көрініп тұратын-ды. Ел-жұртқа жете қоймаған дүниенің өзін осы ағамның әлдеқашан оқып алғанын аңдап, таңырқайтынбыз. Әмбе оларды қызбалана әңгімелеп, маңайындағыларды ылғи тәнті ететін. Ел аузында Оралхан Бөкеев айтыпты дейтін әзіл бар. Орекең бірде: «Ой, ол кітаптарды оқып, бас қатырып неғыламын! Ертең-ақ бәрін шемішкеше шағып, бүге-шігесіне дейін түсіндіріп айтып беретін Сағатым бар!» – депті-мыс. Міне, осы сөздің шындығы басым. Әдебиеттің саналуан ағымдары, жаңадан шығып жатқан тенденциялар болса, соны бәріне алдымен барлау жасап, дер кезінде талдап, нақты баға беріп тастайтын жақсы бір қасиеті болды. Әлгінде айттым, сонау оқуға жаңа келген бозбала шақта, нақтырағы, 1971 жылы болу керек, Сағат ағамызбен жақын сырласып, әңгімелесу әсерінен бір өлең жаздым. Екі-ақ шумақ. «Жалын» журналында жарық көрді. Соны көп ұзамай-ақ өзіміз қатарлы жастар тез жаттап алып, ауыздан-ауызға тарап кетті. «Қара жер, Сағат Әшімбаевқа» деп аталады.

У-шу қала, төбеде күн тұр күліп,

Мен келемін жүрегімді жыр буып.

Асфальт жол ­–

жатыр алда шыңылтыр,

Жатыр алда – «көкірегін» нұр жуып.

Көзді арбап,

жарқылдайды ол айнаша,

Мен келемін ойларыммен арбаса.

Асфальт жақсы-ау,

құрып кеткір табанның

Қара жерге іңкәрлігі болмаса!

Қара жер мен асфальт... Урбанизация... Оның тұмса табиғатты біртіндеп тықсырып, дүниені тарылтып, қуырып бара жатқандығы туралы мәселе қазір тіптен ушыға түскені анық. Ал осыған Сәкең ертеден-ақ жан ауыртып, мазасыздана бастаған.

Дүниетанымының кеңдігі, көзқарас айрықшалығы дейміз бе... Өресінің биіктігі сонша ­– кез келген күрделі тақырыпта асқан білгірлікпен, даналықпен ұтқыр ой айтып, зерделі пікір білдіретін мол парасат иесі-тін.

Бүгінде жұрттың бәрі де Абайға барғыш, бірақ күндер, айлар, жылдар өткен сайын биіктей беретін Абайға жас Сағаттың ертеден-ақ ерекше зерттеу көзімен жіті үңіле білгенін көреміз. Оны өзінің «Сын мұраты» дейтін кітабындағы еңбектерінен анық байқауға болады.

Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» хабары да, негізінен, қазіргі кезде жиі айтылатын Тәуелсіздік мұраттарына, Ұлттық мүддеге бағытталған екен. Ол сол хабарлары арқылы Әдебиеттегі алған өз орнын да, тұғырын дейміз бе, әбден биіктете түсті. О тұс тоқыраудың батпағына батып, отаршылдықтың орынан омақасып шыға алмай жүрген кез ғой. Міне, осы уақытта Елдік туралы ой қозғау үшін айрықша азаматтық ерлік керек екені аян. Шынында, «Қарыз бен парызда» көтерілген жәйттердің мәні бүгінгі таңда арта түспесе, ешбір бәсеңсіген жоқ. Ал сондай бағытта хабарлар ұйымдастырып, бүкіл жұрттың көкірегіне сәуле түсіре білуінің өзі Сағаттың ересен қайраткерлігін танытқан құбылыс-тын.

Осындайда әртүрлі қызықты жәйттер де ойға оралады. Бір жолы Сәкең, оның көршісі, жазушы Дидахмет Әшімханұлы үшеуміз театр фойесінде кездесіп қалдық. Жаңадан қойылмақшы спектакльдің тұсаукесері өтпекші еді. Шүйіркелесіп сөйлесіп тұрып, әңгіме қызығымен, кіру уақытының жеткенін әйгілеп дүркін-дүркін қоңырау соғылғанына қарамастан, едәуір бөгеліп, тұрыңқырап қалыппыз. Әлден мезгілде ес жинағандай, селт етіп, бір-бірімізді кимелеп, есікке қарай асығыс лап қойған сәтте мен байқамай Сағат ағамның өкшесін басып кеттім. Басқанда, тіпті, ыңғайсыздау болды ­– туфлиінің шешіліп қалғаны! Өзі асығып бара жатқанда мұндай қолайсыздық, әрине, кімді де болсын ренжітеді. Сәкең артына жалт бұрыла қарап, аяқ киімін дереу қайта киіп жатып:

– Өй, өкшені неге басасыңдар?! – деді кейістік білдіріп.

Сонда Дидекең:

– Сәке-ау, енді өкшеңізді басып келе жатқан інілеріңіз емеспіз бе? Біз баспағанда кім басады?! Оған несіне ренжисіз? – дегенде күліп жіберді. Осы сөз кейін ел ішінде кең тарап кетті...

Бертініректе, 1985 жылы, мен Мәскеудің Әдебиет институтының жоғары курсын бітіріп келген соң бұрынғы қызмет орныма қайтадан орналаса алмай, бірталай әуре-сарсаңға түскен жағдайларым болды. О заманда жұрттың жан-жағына екі шоқып, бір қарап, бір-бірін аңдыған тұсы еді; туған жеріңе, өмірбаяныңа қарайды дегендей, әр жерлер мені жұмысқа алмай, діңкелеп қалғаным бар. Кішкене сандалыңқырап, бос жүруге тура келді. Бала-шағаның қарны аша бастады. Жұмыс табылмады. Сонда Жазушылар одағының съезінде Сағат ағамен ұшырасып, амандастық.

– О-о, Ұлықбек, келіп қалдың ба, оқуың бітті ме? – деп сұрады.

– Иә, бітірдік оқуды.

– Қайда орналастың?

– Әзірше жұмыс табылмай жатыр, Сәке.

Расында, бір жылға жуық сенделіңкіреп қалған сәт еді.

– Сен онда бір ыңғайлы сәтіңде бізге келіп кетсейші. Ақылдасайық...

Сәкең о кезде Қазақ ССР Телевидение мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары.

Барып едім, отырғызып қойып, қырық бес минут шамасында лекция оқыды. Ол «дәрісі» телевизия табиғаты туралы еді. Бұл саланың қоғамдағы орны, оның ішінде Лениннің «Өнер атаулының ішіндегі ең маңыздысы – кино» дегенінен бастап, телевизияның өмірде атқаратын салмақты міндеті туралы алыстан сермеп, байсалды әңгіме айтты. Арасында: «О заманда мұның аса дами қоймаған тұсы еді; әйтпесе Ленин өнердің шыңы деп киноны емес, сөз жоқ, телевизияны мысалға келтірер еді. Бұл, біле білсеңіз, барлық өнердің ішіндегі кереметі. Кейін өзің де көресің, басқа салалардың бәрі осынған тәуелді болып қалады. Бұның ақпараттық құдыреті, барлық бағыттағы насихатшылық рөлі, адамзатты тәрбиелеудегі, адам бойына сұлулықты, ізгілікті сіңірудегі, рухты көтерудегі алатын ықпалы ғажап» – деп төндірді. Үлкен-үлкен ойшылдардан, зерттеуішілерден мысалдар келтіріп, көзімді ашқандай болды. Шынында да, әлгі сәтте телевизияға қызыққаным сондай, осында еңбек етуге құлшындым.

Қысқасы, жұмысқа қабылданып, «Қазақстан» арнасының Жастар редакциясында алты-жеті айдай тележурналист ретінде бір кісідей қызмет еттім. Сондағы бір бітірген шаруам – әнші Жәнібек Кәрменов туралы телефильм түсірдім. Сағат Әшімбаев шақырмаса, мен бармасам, ол түспес еді. Демек, осы игілікті іске бірден-бір мұрындық болған – Сағат ағамыз.

Әйткенмен, жоғары оқу орнын жазба журналистика бойынша бітірген адам, оның үстіне ақындығымыз бар, келе-келе бұл саланың өзіме аса қол еместігін аңғарған едім. Және сол кездегі телевизияда қалыптасқан ахуалға, басқа да бір түрлі себептерге байланысты онда ұзақ істей алмайтынымды білдім. Сағат ағаның қаншама жібергісі келмей, қимағанына қарамастан, о кісі бір іссапарға кеткен кезде өзге қызмет орнына ауысып кеттім.

Сәкең, әрине, кейін ренжіді, өкпеледі. О кісі, аңдауымша, мені өз маңайында тұрақты кадрлардың бірі ретінде ұстап, «оң қол, сол қол» дегендей, білікті телевизия маманы қылып қалыптастырғысы келді. Алайда, амал не, менен тележурналист шыға қоймады. «Зорлап қосқан тазы түлкі алмайды» дегендей, ыңғайыма келмегендей.

***

Сағат ағамыздың бүгінде аты әлемге жайылған дарынды інісін қалайда өз маңайынан ұзатпай, үлкен елдік мұраттар жолында қанаттаса еңбек ету ниетін түсінуге де болар.

Бірақ әркімнің өз орнында жүргеніне не жетсін!

­


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар