Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
«Күлтөбеде» бүгінгі проза: жас қалам – жаңа роман...

10.05.2024 1813

«Күлтөбеде» бүгінгі проза: жас қалам – жаңа роман 14+

«Күлтөбеде» бүгінгі проза: жас қалам – жаңа роман - adebiportal.kz

Махамбет университетінің филолог магистрант жастарымен «Күлтөбе» хабарында тағы да бас қостық. «Күлтөбедегі» әдеби басқосуда хабар қонақтары магистранттарға жаңадан жарық көрген төрт роман ұсынылып, таңдау еркіндігі  берілді. Топ болып, жұп болып талдады. Бастысы жаңа төрт романмен оқырман толықтай танысты. Магистранттар романның тек оқырманы болған жоқ, жан-жақты талдауға тырысты. 

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» білім беру бағдаламасы бойынша оқитын 1-курс магистранттарына әдебиетке қатысты жүргізетін сабақтарымның өзіндік жұмыстары аясында «Күлтөбе» хабарын жүргізіп келемін. Әр жыл сайынғы магистранттар – хабардың қатысушылары. Магистрант жастар оқуға, талдауға таңдаған кітаптардағы туындыларға әдеби талдау жасап, өз пікірлерін ортаға салып келеді. 

Әдебиетті «өміртану құралы», «адам жанының айнасы» деп жиі айтамыз. Әдебиеттің мұндай сипаттарды игерудің бір сыры оның өмірдегі көкейкесті мәселелерді көтеріп, адам жанының құпия қойнауларына тереңдей үңіліп, талдап тануға бейімділігінде жатыр. Көркем өнердің өзге түрлеріне қарағанда, әдебиеттегі көркемдік әлемі жан-жақты ойластырылып, жинақтаудың ең жоғарғы дәрежесіне жеткен дүние болып дараланады. 

Әдеби талқылауға қандай романдар  алынды деген сұрақтан бастасақ... Олар Қазақстан Жазушылар одағының «Жас қалам – жаңа роман» жобасы аясында жақында ғана жарық көрген Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Әлібек Байболдың «Мұтылған» атты романдары мен жас қаламгер Әлихан Жақсылықтың «Заманауи қазақ прозасы» сериясымен шыққан «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы. 

Әдеби сұхбат магистранттар Дәметкен Сағынбаева мен Самал Қажгереевалардың талдауымен басталды. 

Рита Сұлғанғалиева, модератор: 

- Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы «Жас қалам – жаңа роман» жобасы аясында жарық көрді. Жаңа романның әдебиетке әкелген жаңалығынан бастасақ...

Дәметкен Сағынбаева, магистрант: 

- Жазушы Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы –

мазмұны жағынан да, пішіні жағынан да жаңашыл шығарма. Автор шығармасына «Абыл мен Қабыл» атты діни аңызды негіз етіп алады, бірақ қайталамай, өз авторлық шешімін ұсынады. «Таңсәрі», «Талтүс», «Алагеуім» және «Түн қараңғысы» атты төрт бөлімде кейіпкерлердің отыз үш жылдық ғұмыры баяндалады. Тақырыбы – сиам егіздерінің ішкі қақтығысқа толы тағдыры. Идеясы – өмірге көзқарасы екі түрлі егіздердің образы арқылы ақ пен қара, жақсылық пен жамандық қайшылығын көрсету. Жазушы, ақын  Ақберен Елгезек кітаптың таныстырылымында: «Жалпы әлемдік әдебиетте көтеріп жүрген тақырыптардың бірі, соған ұқсайтын тақырып. Бірақ бөлекше алып шыққан өзінің романы. Абыл мен Қабыл, менің ойымша, кейінгі қазақ әдебиетінде үлкен бір жаңалық болады» деп пікір білдірген еді.

Енді сұрағыңызға келсем, осы орайда романның өн бойында мен байқаған жаңалықтарға, ерекшеліктерге тоқталсам, әңгімені автордың біздің әдебиетке жаңа образ әкелгенінен бастау қажет деп есептеймін. Иә, сиам егіздері бұған дейін қазақша жазылған еш шығармада бой көрсетпеді деуге негіз бар. Мақсат Мәліктің өзі де: «Бұл қазақ әдебиетінде көп қозғалмаған тақырыптардың бірі, жоқ деп те айтуға болатын шығар» дейді. Бір тұлғаның екіге жарылу концепциясы кеңінен жазылып жүр.  Бірақ біздің әдебиетімізде тәндері бір жүрекке байлаулы, мінез-құлықтары әр түрлі сиам егіздерін арқау еткендер жоқ.

Сиам егіздерінің дүниеге келуіне автор экологиялық апаттың қатысы жоқ екенін Дәрігерді сөйлету арқылы түсіндіреді: «Бірақ екеуін зерттей келе жасаған қорытындымыз мынадай: екеуінің жаратылысына қандай да бір экологиялық апаттың немесе радиациялық сәулелердің қатысы жоқ». Бекторы да Дәруіштің көзінен «саңырауқұлақты», яғни атом жарылысының бейнесін көре береді. «Қарашығына ұялаған беймәлім саңырауқұлақ қайтадан жылтырап, Бекторы өзін тартып бара жатқандай бұлқына берді» деп жазылады. Дәрігер аспирант кезінде С. қаласындағы бірінен соң бірі патологиялық аурумен дүниеге келген балалардың денсаулығын зерттейтін ғалымдар тобына қосылғанын да әңгімелейді. Мұндағы С. қаласы Семей болуы әбден мүмкін. Қысқасы, бұл егіздердің дүниеге келуін автор мистикамен байланыстырады. Шығарманың әлеуметтік әлеуеті де зор. Егіздер арқылы цирктегі аңдар құқығы, ізгілік, саясаттың көзбояушылығы, сыбайлас жемқорлық секілді өзекті мәселелер қозғалады. Тағы бір байқағаным – терек ағашы. Аңыздың өзінде Қабыл Абылды осы теректің көлеңкесінде жатқанында өлтіреді. Романда да Қабыл Абылды сүйреп теректің қасына әкеледі, сол жерде жерлейді. Дәруіш те базардағы еменнің саясында тұрақтайды. Байқағанымыздай, шығармадағы әр деталь ойластырылған, оларда бір мән, бір жұмбақ бар. Роман трагедиямен аяқталады. Егіздер де, Дәруіш те, Қарға да өледі. Құйын, аудан әкімі, министр ұсталады. Жүсіпбек Қорғасбек: «Сондықтан роман авторының өзі түзген сюжетті өзінің жоқ етуі де қажеттіліктен туған амал деп білдік. Бұл тұрғыдан жазушы шығарма соңында өзі үңіліп көрген құпиядан өзі шошып кеткендей әсермен бой тітіркентеді» дейді. Соңы не болар екен деп қызыға оқыған оқырман үшін күтпеген авторлық шешім болуы мүмкін. Алайда осы ерекше көркемдік тәсілдер, астарлы ойлар арқылы жазушы көп нәрсені жеткізе білді, таптаурындарды бұзып, шекарадан шыға білді. Оқырман көкейінде төңкеріс жасай алды деп  ойлаймын.

Модератор: 

- Романдағы уақыт пен кеңістіктің суреттелуі, яғни көркемдік мекеншақ  (хронотоп) категориясы мәселесіне келсек...

Дәметкен Сағынбаева, магистрант:

- Романдағы назар аударатын мәселенің бірі  шығармадағы хронотоп категориясы, әсіресе уақыттың шарттылығы, мекеннің тұрақсыздығы. Абыл мен Қабылдың бір күнін «Таңсәрі», «Талтүс», «Алагеуім» және «Түн қараңғысы» деп бөліп алып, дүниеге келгеннен бастап отыз үш жылдық ғұмырын сөз етеді. «Бәлкім, біздің эрамыз болар. Бәлкім, біздің эрамызға дейінгі аралық па екен? Талай тау кетіліп, шөгіп, жойылып, мидай жазыққа айналды ма екен? Қара қарға уақыт дәргейіне мойынсұнған емес» деп уақытқа бағынбаған Қара қарғаның діни аңыздағы уақиғадан жиырмасыншы ғасырдың аяғында біздің жерге келуін, Дәруіштің жылдар өтсе де қартаймауын айта аламыз. «Қалаға келгенім беріде ғой, ал бұл құрлыққа алғаш аяқ артқанымда көлеңке болуға жараған мына емен тұрмақ, ана тау да жоқ болатын» деген Дәруіштің сөзі де дәлел. Яғни, бұнда уақыт шартты, автор уақытпен шебер ойнай білген. Осы тұста фантастикалық суреттер мен образдарды байқаймыз.

Модератор: 

- Романның композициялық құрылымы жүйелі, шебер ойластырылғаны анық байқалады. Формалық ерекшелігінде назар аударарлық тұстарына тоқталсақ...

Дәметкен Сағынбаева, магистрант:

- Романның композициялық құрылымы туралы сөз еткенде, лирикалық шегіністердшің өте көп кездесетіні назар аудартады деген ойдамын. Автор бір оқиғаны тоқтатып қойып, екіншісін бастайды. Оны кідіртіп, үшіншіні жалғайды. Жалпы, осы төрт бөлімдегі оқиғалық желілерді жіктейтін болсақ: Абыл мен Қабылдың бір күні, Қара қарға мен еменнің астында екінші адамды өлтірген адамның жер қазып, мәйітті көмуі (яғни аңыздың өз желісі), Бекторының Желтоқсан оқиғасы болған күні көрген қорлығы мен құрсағына бес жылдан соң сәби бітуі, Бекторы мен Дәруіштің кездесуі, сиам егіздерінің дүние келгеннен Дәрігердің бақылауында болуы, Құйынның Абыл мен Қабылға мемлекеттік күтуші болуы, Құйын мен аудан әкімі, мәдениет министрімен байланысы, Абыл мен Қабылдың өзара қарым-қатынасы. Осындай көп линиялы оқиғаларды автор лирикалық шегініс арқылы әрі бір-бірінен байланысын үзбей баяндайды. Бұны формалық ерекшелік деп айтсақ та болады.

Модератор:

- Романдағы кейіпкерлерді сөйлетуде автор қолданған көркемдік тәсілдің қай түріне көп жүк артылған?

Дәметкен Сағынбаева, магистрант:

- Романның көп бөлігі Абылдың көзқарасымен баяндалады. Абылдың ішкі монологы арқылы беріліп отырады. Ол өзіне, өзгеге іштей көп сұрақ қояды. Мәселен, «Қабылдың ішінде бұққан арам ниеті бар ма, бар болса қандай? Қабыл екеуміз неге ылғи ит пен мысықтай ырылдасып жүреміз?» деген толассыз «неге?» дейтін риторикалық сұраулар көп. Бұл өз кезегінде психологизмнің бояуын қанық қылып тұрғандай...

Самал Қажгереева, магистрант: 

- Шығармада көзге түсетін көркемдік тәсілдің бірі монолог дер едім. Монолог арқылы әрбір кейіпкердің болмыс-бітімі, өмірлік ұстанымы, өмір туралы көзқарастары айшықталған. Абыл: «Біз кімбіз? Тағдырға есеміз кеткенмен, тіршілік кешуге қақымыз бар. Еңбек етуге қауқарымыз жетеді. Мемлекеттің қамқорлығынан бас тартамыз. Бізге беймәлім қоғамдық қордан да құтыламыз» (133-бет). 

- Қабыл: «Таң атсын. Егер Құйын мен қарға қайтып оралмаса, Абылмен ісім болсын. Маған көндігіп жүрмін деп бұлданады, тегі алда-жалда дәрігердің қаупі расталса, бәрібір бетін ашып сөйлесуге  тура келеді. Өмірді кім қиып кеткісі келеді?...» (218-бет.) Шығарма бойы Абыл мен Қабылдың монологтары арқылы жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның қарама-қайшылығы көрініс табады. 

Сонымен қатар  кейіпкерлер  бейнесін сомдауда диалогтың да өзіндік қызметін атап өту керек. Диалог  арқылы жекелеген кейіпкерлердің тұлғасы толығып отырады.

Абыл мен Қабылға бекітіліп берілген көмекші Құйын мен аудан 

әкімінің диалогына үңіліп көрелік: 

...Құйын: «Жастар – болашақ кепілі» бағдарламасын жыға білмесе де, әлсін-әлсін басып шұлғып қояды. Ойына сап ете қалған ұсынысты айтуға  асығып:

- Басеке, оның түк қиындығы жоқ. Кездесуге Абыл мен Қабылды алып 

бармадық па?... Көр де тұрыңыз, бұл өзі керемет кездесу  болатынына кепілдік беремін... Екеуі тағдырын басынан-аяқ баяндап бергенде ауыздарын ашып тыңдамаса, маған келіңіз, - деп желдірмелетіп айтқанда «Бұл идея алдынан бері неғып келмеген?» деп аңтарылған  аудан әкімі Құйынның ығына жығыла берген.

- Керемет идея екен! Жаныңда жүргеннің  жақсылығын байқамайсың деген осы.

- О не дегеніңіз, сіздей жандарға  көмек қолын созу біз секілді пақырдың басты парызы  ғой... 

Осы диалогтың өзінен Құйын бейнесі арқылы автор  бас пайдасын ойлайтын, қолдан келсе, қармап қалатын адамдарды суреттейді.

Модератор:

- Мақсат Мәлік прозасында, әсіресе шағын жанрдағы әңгімелерінде мистикалық мотивтер жиі кездесетін. Жаңа романында қай деңгейде көрініс тапқан? 

Дәметкен Сағынбаева, магистрант:

- Романда мистикалық сарын басым деп айтуға болады. Абыл мен Қабыл жайлы аңыз бар, Дәруіштің Бекторының аяғы ауыр екенін болжауы, кейіпкерге мифологиялық кейіпкер Бекторының есімін беруі, Абылдың Қабылдың өзінен бөлініп бара жатқаны жайлы түс көруі секілді тылсым оқиғалар бар. Сөндіріп қойған радионың таңда өзімен-өзі қосылуы, Қарғаға тіл бітуі, Абылдың шарана кезіндегі есін білуі, Бекторының ойда жақта аяғы ауыр болып қалуы, ала жіптің егіздерді өлтіруі секілді абсурдизмге тән тұстары да бар. «Былай қарасаң, осы қарапайым нәрседен-ақ конфликті басталып тұр. Бірақ радионы кім қосып кететінін бәрібір білмейсің және соны білгің келіп романның біраз бетін оқып тастайсың. Мен ерінбей санап шықтым да, романнан осындай бес-алты жұмбақ таптым» дейді романға жазған пікірінде жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. Расымен, романда шешімі белгісіз тылсым детальдар көп. Автор Мәдениет министріне, аудан әкіміне, Дәрігерге ат қоймаған. Құйын атына заты сай, жан-жағын жайпап, бірді-бірге соғып жүреді. Қалғандарының да болмыстарына тән өз есімдері бар. Жазушы осы нәрсеге аса мән берген деп ойлаймын. 

                                                                                                    Жалғасы бар…

Рита Сұлтанғалиева, 

М. Өтемісов атындағы БҚУ 

қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар