Заман ауысқанда онымен қоса заңғар тұлғалардың да еңбегіне көп өзгерістер мен таңдау енді. Кейде олардың еңбегін замана шаңы мен тозаңынан аршып алып оқырман назарына қайыра ұсыну да керек болады. Жарсыратыны жоқ, мұндай жандардың біразының есімі мектеп оқулықтарынан алынып тасталса, енді бірінің есімі ел есінен қағаберісте қалды. Мұны тілімізге тиек етіп арнайы айтып отырғанымыз, алыптар шоғырының бірі, қазақтың эпик ақыны, еліміздің ұлы жыршысы Жамбыл Жабаевпен есімі пар аталатын Нұрпейіс Байғаниннің қазақ әдебиетіне қосқан үлесі зор. Биыл Н. Байғанинның туғанына 165 жыл толып отыр.
Әрине, ақынның артына қалдырған бай мұрасында еш қисап жетпейді. Оның бәрін бір мақалаға сыйғызып талдау тіпті де мүмкін емес. Осы жерде біз ақынның хакім Абай туралы бір өлеңіне аз ғана аялдай кетсек пе дейміз.
«Асқар тау, биік шыңсың қол жетпеген,
Білікпен зейініне сөз жетпеген.
Бұтағың көк тіреген сен бәйтерек
Мәуеңе қараса жұрт көз жетпеген....Үлгің деп сенің берген, ақын Абай,
Заманда рахатты жедік жеміс.
Аузыңнан шыққан сөзің гауһар-маржан,
Жырыңның бас-аяғы бірдей тегіс».
Бәріңізге мәлім, Абайдың өлеңге келгенде талабы күшті. «...Тілге жеңіл жүрекке жылы тиіп, Жұп-жұмыр тегіс келсін айналасы» дейді. Байғанин осы шарт пен талапты өлеңді жазған автордың өзі толық игерген жан екендігін айта келіп былайша байлам жасайды. «Аузыңнан шыққан сөзің гауһар-маржан, Жырыңның бас-аяғы бірдей тегіс» дейді. Рас, қаншама уақыт өтсін ұлы жыраудың бұл бағасына алып қосар біздің де ештеңеміз жоқ. Сөз жоқ, Абай қазақ жырының рухани Гипократты. «...Бұтағың көк тіреген сен бәйтерек, Мәуеңе қараса жұрт көз жетпеген» биігі де Абайдың шын болмысын барынша айшықтай түседі. Ақынның тағдыры ол өткізген өмір тәжірибесімен анықталады ғой. Бұл орайда ақынның ғұмыр жолына да аз-кем аялдай кеткеніміз орынды болар.
Нұрпейіс Байғанин 1860 жылы бұрынғы Орал губерниясы, Темір уезінің №1 ауылында (қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы) Байғана отбасында дүниеге келген. Әкесі сияқты ол да жасынан жоқшылықты көп көрсе де, бойына дарыған өнері мен ақындық қуаты оны халық жыршысы болуға қатты қызықтырған еді. Домбыра тартуға, өлең айтуға құмар Нұрпейістің өнері ауыл арасында ерте танылады. Қозы қайырып жүріп тартқан күйлері мен айтқан жырлары елге тарап, небары 16-17 жасында-ақ «бала жыршы», кейіннен «жаяу жыршы» атанған еді.
Ақынның «жаяу жыршысы» мен әйгілі әнші, композитор Жаяу Мұсаның «Атандым сол себептен Жаяу Мұса» тағдырымен көп ұқсастықтар бар. Нұрпейіс Байғанинның жадысы шынымен-ақ адам таңданарлық. Оның «Қобыланды», «Құбығұл», «Алпамыс», «Төрехан», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты халық эпостарын жатқа білгені адамды таңдандырмай қоймайды. Әдебиеттанушы ғалымдар мен ақынның көзін көрген замандастары жыршының «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Қырымның қырық батыры» сияқты байтақ жырларды да толықтай жырлағанын алға тартады.
Профессор Есмағамбет Смайылов: «Нұрпейістің тарихи жырларын тыңдап отырғанда бір қайран қалатын нәрсе – оның үлкен шежіреші, эпик ақын екендігі. Сондай-ақ өзінің халқының тарихын тамаша жырлайтындығы», – деп баға берген екен.

Ақын өмірін айтқанда оның қызметкерлік жолына да тоқтала кетуіміз жөн болады.
1930 жылдары Нұрпейіс Байғанин әртүрлі мекемелерде еңбек етіп, колхозда үгітші әрі ұйымдастырушы болып қызмет істеді.
1938 жылы алғаш рет Алматыға келіп, Жамбыл Жабаевтың мерейтойына қатысады. Осы мерекеде «Ақын шабыты», «Жамбылға», «Көрімдік», «Ғасырдың қарт бұлбұлы» сияқты цикілді жырларын жазды.
1939 жылы Байғанин Қазақстан Жазушыларының ІІ-съезіне қатысып, Жазушылар одағының мүшесі болды. Сондай-ақ ақындардың республикалық слетіне қатысып, Мәскеудегі ауыл шаруашылығының көрмесіне барды. Мұнда оның жырлары орыс тіліне аударылып, Бүкілодақтық радиодан республиканың барлық шартарабына таратылды. Осы жылы ақынға «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы беріліп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бірінші сессиясы Президиумының грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар алғашқы облыстық Кеңестің депутаты болып сайланды.
1940 жылы Нұрпейіс Байғанин қоғамдық еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Сөз жоқ, өз тұсында оның отты жырлары тыңдаған жанды ерекше рухтандырып, зор сезімге бөлеген еді. Нұрпейіс Байғанин тек халық эпостарын жырлаумен ғана шектелмей, ел ішіндегі ескі аңыздар мен тарихи оқиғаларды жаңаша игеріп, замана шындығын арқау еткен өз туындыларын да дүниеге әкелді. Ақынның «Ақкенже», «Нарқыз» дастандары осы сөзіміздің айғағы. Айталық, «Ақкенже» дастанында қазақ әйелінің тағдырын шынайы өмірмен ұштастыра отырып жан-жақты суреттейді. Бұл шығармада әйел затының қоғамдағы орны, мұң-мұқтажы мен кермек тағдыры реалды бейнеленген еді.
Ал «Нарқыз» дастаны — Байғаниннің ең шоқтығы биік шығармасы десек еш қателесе қоймаспыз. Мұнда да қазақ әйелдерін азаттыққа шақырған жарқын идея мен өршіл рух бар. Бұл дастанды кезінде нәзік болмысты әйел жанын бостандыққа жетелейтін асқақ үн ретінде оқырман қауым ерекше жақсы көріп қабылдаған-тұғын. Эпостық жырларымен қатар ақын өткір ойлы, уытты сатираға да қалам тербеген еді. Қоғамдағы әділетсіздікті әшкерелейтін қысқа да шымыр өлеңдері осы сөзіміздің куәсі.
«Сонымен бірге көлемді туындылары – «Кектің дауысы», «Қазақбаймен айтысы» сияқты шығармалары оның ақындық өнеріндегі қуатын тіпті де жарқырата түскен шығармалар еді» дейді әдебиеттанушы мамандар. Біз мысалға тартқан ақынның аталған жырларын бір сөзбен ғана безбенге тартсақ, Байғанин болмысы эпик жыршы ғана емес, өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін де қозғап, халықтың арман-тілегін айшықтаған ойшыл ақын болғанын айқын дәлелдейді.
Байғанин шығармашылығының тағы бір биігі – екіншідүниежүзілік соғыс жылдарындағы адам тағдыры. Бұл жағынан келсек, Нұрпейіс Байғанин тек эпос жыршысы ғана емес, адам тағдырына алаңдаушы қаламгер болды. Соғыс жылдарында жауынгерлерді жігерлендіріп, сондай-ақ езілген ел еңсесін көтеріп рух берген «Жарқын май», «Жау талқандалады», «Отан үшін», «Біз берікпіз» сияқты туындыларын айрықша атап өту ләзім.
Нұрпейіс Байғанин соғыс жылдарында ел қорғаған батырлардың ерлігін жырлаған көлемді эпикалық дастандарымен де белгілі еді. Ол «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» атты дастандары арқылы Кеңес Одағының батырлары –28 панфиловшының бірі Нарсұтбай Есболатов пен Төлеген Тоқтаровтың ерлігін ерекше дәріптейді. Ал «Капитан Гастелло» дастаны ерлікпен қаза тапқан ұшқыштың қаһармандық әрекетін шынайы баяндайды.
Бұл шығармаларында ақын халықтық эпос дәстүрін шебер пайдалана отырып батырлар бейнесін биік дәрежеде сомдаған еді. Осылайша Н.Байғаниннің өлеңдері халық арасында үлкен беделге ие болды. Айталық, оның «Қазақстан майданға» атты өлеңінің негізінде Алматы көркем және хроникалы фильмдер студиясы деректі киноочерк түсірді.
Ақын Қуандық Шаңғытбаев: «Соғыс басталысымен Нұрпейіс ақсақал жас жігіттей жалындап, бар өнерін жеңіс ісіне арнады. Ауылдарды аралап, жалынды жырларын айтты, жауынгерлерге жылы киімдер жинады» – деп еске алады.
1938 жылдан бастап ақынға арнайы әдеби хатшылар бекітілді. Алғашында оның шығармаларын Ахмет Ескендіров қағазға түсірсе, кейін бұл істі Мариям Хакімжанова мен Қуандық Шаңғытбаев сияқты қазақтың белгілі қаламгерлері жалғастырып отырды. Соның арқасында ғана Нұрпейіс Байғаниннің мол шығармашылық мұрасы бүгінге түгел жетті.
Жоғарыда айттық. Нұрпейіс Байғанин халық эпосының сан алуан нұсқасын жатқа орындап, кейінгіге саф күйінде аманаттаған еді дедік. Ашалап айтар болсақ, «Алпамыс батыр» жырын оның аузынан 1964 жылы Ақтөбеге келген фольклорлық-этнографиялық экспедиция мамандары арнайы жазып алған еді. Ұзақ жылдар бойы қолжазба қорында тұрған бұл нұсқа ілгеріде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 33-томына енді. Сол секілді «Құбығұл» жыры қарт ақынның жырлауымен 1941 жылы хатқа түсіріліп, 1964 жылы «Батырлар жырының» үшінші томына енген-тұғын.
Жоғарыда ұлы жырау туралы ғалымдар мен көз көрген замандастарының пікірін дерекке тартқан едік. Ендігі сөзімізді әйгілі ақын, Қасым Аманжоловтың ақынға арнау өлеңімен осы жазбамызды тәмамдасақ дейміз. Қасым қара өлеңмен ұлы жырауға мынадай жыр мүсінін соққан екен.
«Жолға шықтым, қолға ұстап
Ақындықтың желегін.
Бірде шауып ойқастап,
Бірде аяңдап, желемін.
Жыр төселген жолдармен
Желе-жортып келемін.
Көк сүңгідей өңгерген
Қолда батпан өлеңім.
Күндердің бір күнінде
Есті алдымнан самал жел.
Құлақ тостым бір үнге
Әлде тасқын,әлде сел.
Қоңыр самал төске алып,
Үнді қуып жөнелдім.
Алысқа бір көз салып,
Асқар биік тау көрдім.
Асқар таудан жосылған
Ағыл-тегіл сел көрдім.
Аққу ұшып,қаз қонған
Айдын шалқар көл көрдім,
Тәуекел деп,толқыннан
Жүзіп өтіп келдім мен.
Мейлің нанба,мейлің нан,
Бір ғажайып көрдім мен:
Таудай болып отырған
Өзіміздің Нұрекең.
Сел-дария толқыған
Нұрекеңнің жыры екен».
Нұрпейіс Байғанинның шығармашылығымен етене таныс, ақындық қуатынан хабардар адам Қасымның бұл айтқанын еш терістей алмас еді. Кез келген өлеңінің ішкі ағысы «тасқын» мен «сел», ал аумағының «айдын көлдей» кең екендігінің бәрі де рас. Шынымен-ақ ғажайып өлең.
Байғанин шығармашылығындағы мұндай қуатты ақыннан асырып кім айта алар дейсіз...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.