Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

06.05.2019 612

АҚ ТОМПАҚ

Адамзат баласымен бірге жасасып келе жат­қан қарлығаш құспен біздің де бал дәурен балалық шағымыз бірге өтті десе болады. Көктемде қарлығаштар үйреншікті жеріне ұшып келгенде, бала көңілмен қатты қуанатынбыз. Ақ тамақ қарлығаштар да өздері қанаттанып ұшқан мекендеріне аман-есен жеткеніне қуанатын болса керек, көкте тынымсыз шықылықтап самғап ұшып жүретін.

Қыс бітіп, көктем туғанда қарлығаштар атақонысына ұшып келіп, ұя сала бастайды. Біздің ауылға қарлығаштар мамыр айында оралатын. Мен оларды бірден байқаймын.

Біздің үйдің маңындағы қорада қарлығаштың ұясы бар. Ол ұяны қораның кіреберіс жердегі есігінің жоғары жағына, қабырға тұсына Ата Қарлығаш пен Ана Қарлығаш екеуі, майда құмдарды тұмсығымен ерінбей тасып, қабырғаға тақай жапсырып салған еді. Ұяны алты - жеті күн өткенде салып бітірді. Жердегі майда-майда шөптерді ауызымен тістелеп алып, салған ұяның ішіне төсеніш етіп төседі. Қарлығаш Ана сол салған ұяның ішіне бес, алты, жұмыртқаны басып жатты.

Менің анам «Қарлығаш ұя салған жерде береке-бірлік, молшылық болады» дейді. Сондықтан қарлығаштың ұясын бұзбау керектігін білемін. Киелі құстың біздің қораға ұя салғанына мақтанамын.

Екі - үш апта өткенде жұмыртқалар жетіліп, ішінен кішкентай-кішкентай балапандар шыр-шыр етіп, жарып шыға бастады. Басқа да қарлығаштар Ата Қарлығаш пен Ана Қарлығаш секілді, ауылдағы үйлердің қабырғасына жапсырып ұя салады. Екі - үш апта өткенде олардың да басқан жұмыртқаларынан балапандар жарып шыға бастайды. Бұл жер бетіне көк шөптер шығып, гүлдер жайқала гүлдеп, жеміс ағаштары бүршік жара гүлдеген кез еді. Ата Қарлығаштар мен Қарлығаш Аналар ұядағы балапандарына азық тауып, ызыңдаған маса, шыбындарды ұстап әкеліп, ауыздарына бір-бірлеп салып тамақтандыратын еді. Күндер өткен сайын ұядағы балапандар үлкейе бастайды. Үлкейген сайын оларға Ата Қарлығаштар мен Ана Қарлығаштар ұшуды үйретеді.

Біршама уақыттардан соң қарлы­ғаштар балапандарын ұясы­нан шығарып, ұшуға баули бастады. Сүп-сүйкімді айыр құйрық қар­лығаштың балапандары алғаш рет қанатын қақ­қан сәтіне куә болдым. Қауырсын қанаттары әлі бекіп үлгермеген балапандар ұшуға талпынып көтеріледі де, қайтадан жерге топ етіп қонады. Үй иелерінен сескенбейді де, үрікпейді де. Балапандар талпынып ұшады да, желі сы­мның үстіне қонады. Сәл отырып қайтадан жерге қарай құлдилай төмендейді. Аналары оны мұқият қадағалап жүр. Екінші күні қарлығаш ба­лапандарының кәдімгідей ширығып қалғанын бай­қадым. Алдыңғы күнгідей емес, қанаттарын батыл қағып, көкке қалықтап ұша бастады.

Балапандардың ішінде біреуі ерекше болатын. Ол өзгелеріне қарағанда ақ, томпақтау еді. Ақ томпақ басқа балапандар секілді аспанда қанатын жайып, ұша алмаушы еді. Себебі оның бір қанаты екінші қанатынан қысқа болатын. Сондықтан ол ұшуға қиналатын, аспанға қанатын жайып ұшқан өзге қарлығаш балапандарға қызыға қарайтын. «Шіркін... мен де, мына қарлығаштар секілді аспанда биік ұша алатын болсам ғой, Әкем мен Анама көмектесер едім» – деп армандап отырған кезде, Ақ томпақтың қасына Ата Қарлығаш пен Ана Қарлығаш келіп:

- Ақ томпағым! Сен неге жабырқап отырсың? – деді.

- Ана, Әке, менің неге қанатымның бірі екіншісінен қысқа? Мен неге өзге қарлығаштар секілді аспанда қалықтап биікке ұша алмаймын? – деді.

- Ақ томпағым, сенің жаратылысың сондай болды, сені ешкім өзгерте алмайды. Бір қанатыңнан екінші қанатың қысқа болғаны, сен енді ұша алмайсың деген сөз емес. Сен тынбай еңбек етіп, ұшуды үйренуге күш салуың керек. Әзірге сен өзге қарлығаштардан әлсіздеу болып тұрсың. Сен көп күш жина, сонда, күндердің бір күнінде сен де өзге қарлығаштар секілді ұша алатын боласың.

- Әке, Ана, сіздер рас айтасыздар ма?..

- Әрине, Ақ томпағым! Сен енді жабырқаушы болма! – деп, Ата Қарлығаш пен Ана Қарлығаш балапанына жаңа күш-қуат бергендей болды.

Ата-анасын тыңдаған Ақ томпақ қуанып қалады. Алдағы күнде, аспанда қанат қағып қалықтап ұшарына сенді. Бірақ күндер өткен сайын Ақ томпақ ұшамын деп әрекеттенгенімен, ұша алмады. Ұялас балапандар бұл уақытта үлкен Қарлығаштар секілді, қанатын кеңге жайып, таулардан биік ұшып, мұхиттардан асып, орман ішін аралап, ағаш, бұтақтардың арасынан оп – оңай өтіп, жердегі жем, құрттарды, шыбын, масаларды, өздері аулап жейтін болды. Ал Ақ томпақ «мен де бір күндері ұшармын» деген оймен ұясында жата берді. Азығын Ата Қарлығаш пен Ана Қарлығаш екеуі әкеп беретін. Мұны көрген өзге балапан қарлығаштар:

- Ақ томпақ жалқау, Ақ томпақ жалқау, Ақ томпақтың қолынан ешнәрсе келмейді, Ақ томпақ түк те бітіре алмайды, - деп мазақтайтын болды. Бұл сөз Ақ томпақтың жанын жегідей жеді, тіпті бір күндері қатты жылады.

Бір күні оның жанына Қара тұмсық келіп:

- Ақ томпақ, неге жылап жатырсың - деді. Көз жасын сүрткен Ақ томпақ:

– Көрмейсің бе? Менің халім мүшкіл. Басқасы былай тұрсын, ұшуды да үйрене алмадым. Аналар мені мазақтап жатыр ғой – деді.

- Олар сенің не үшін ұядан шыға алмай жатқаныңды білмейді ғой, білсе, мазақтамас еді. Сен неге ұша алмайсың білесің бе?

- Бір қанатымнан екінші қанатым қысқа, мен сондықтан ұшуға ұяламын. Қара тұмсық сен айтшы! Аспанда ұшқан кезде жердің беті қалай көрінеді?

- Қанатыңды қағып ұшқан кезде, аспанда қалықтап, ақ бұлттардың арасына кіресің. Ақ бұлт деген түтіннен құралған булар секілді. Сол булардың арасынан жердің беті әдемі көрінеді. Тәй – тәй басқан кішкентай бөпені көресің. Жерде жайылған киіздің үстінде құртын жайып отырған Апаны көресің. Немересімен бірге тал еккен Атаны көресің. Самаурынға шоқ салып шәй қайнатқан Жеңешені көресің. Балтамен отын жарған Ағаны көресің. Жерге шашылған жем үшін, тауықтардың бір – бірімен таласқанын көресің. Көк шөптің үстінде, қозы, лақтың ойнағанын көресің. Жануарлардың жүгіргенін, сыңғырлап аққан бұлақтың суын көресің.

- Шіркін мен де сен секілді, қанатымды қағып, ұша алатын болсам ғой, сен көрген кереметті мен де көрер едім.

- Сен осылай ұяңда жата беретін болсаң, салмағы ауыр қабаққа айналасың. Сосын тамақ жеуге де икемің келмей қалады.

- Енді не істеуім керек?

- Ұшуға талпынуың керек.

- Қалай? Олар мені кемтар деп мазақтайды ғой.

- Ақылдылар мазақтамайды, ақымақтар ғана мазақтаса өздері білсін, оған көңіл аударма. Сен қанатыңды ары – бері қағып көрші.

Ақ томпақ қанатын ары – бері қағып еді, аспанға қарай сәл көтерілді де, ұясына жалп ете түсті. Қанатын тағы ары – бері қағып еді, аспанға қарай сәл – сәл көтеріледі де, ұясына жалп ете түседі. Қанатын тағы солай ары – бері қатырақ қағып еді, аспанға қарай ұша жөнелді. Сонда оған Қара тұмсық:

- Енді қанатыңды бірдей жайып тұр да, екі рет қанатыңды қақ, - деді Қара тұмсықтың сөзін естімеген Ақ томпақ жерге қарай дүп етіп, құлап түседі. Оны көрген Ата Қарлығаш пен Ана Қарлығаш, басқа да Қарлығаштар шыр – шыр етіп, Ақ томпақтың қасына келеді. Қарлығаш Ана жыларман даусымен:

– Енді не істейміз? Балапанымды Мысық жейтін болды ғой - дейді.

- Біз оны ұямызға шығарумыз керек - дейді Ата Қарлығаш. Ал Қара тұмсық болса:

- Ақ томпақ қорықпа, қазір бір амалын табамын, - деп далаға қарай ұшып кетеді. Далада доп ойнап жүрген бір баланы көреді. Баланың назарын өзіне аудару үшін, Қара тұмсық доптың үстіне қонады. Бала енді ұстай бергенде, Қара тұмсық зып етіп үйге қарай ұша жөнеледі. Артынан қуып келген Бала, жерде жатқан Ақ томпақты көреді де:

- Балапан, сен мұнда қайдан келдің? Ааа, ұяңнан түсіп қалған шығарсың, айналаңда ұшып жүрген қарлығаштар сені ұясына шығара алмай жатқан сияқты – деп, балапанды қолымен алып, ұясына салады. Ата Қарлығаш пен Ана Қарлығаш жақындап келіп:

- Балапаным, Ақ томпағым! Бүгін сен досыңның арқасында қауіп - қатерден аман қалдың. Сен біз секілді қанат қағып ұшуың керек, жаз мезгілі өтіп, күз мезгілі келгенде күн суық болады. Ал, біздер суыққа шыдай алмай жылы жаққа ұшып кетеміз, сен ұша алмай қалып қоясың, сондықтан сен ұшуды үйренуің керек - деді.

Ақ томпақ көз алдына аспанда қалықтап ұшып бара жатқанын елестетіп жатып, ұйқтап қалады. Ертесіне, Қара тұмсық келіп:

- Ақ томпақ, кешегідей қанатыңды қағып ұшып көресің бе? - дейді.

- Қойшы-ей, қорқамын, кешегідей жерге құлап түссем қайтем?

- Сен қорықпа! Кеше сен өзіңе сенімді болмадың. Қанатыңды бірдей жаймадың, екі рет қақпадың. Бүгін соларды жасап көрші, сен біз секілді ұша аласың! – деді.

Ақ томпақ Қара тұмсықтың айтқанындай, өзіне сеніп, екі қанатын бірдей жайып екі рет қағып еді, аспанға қарай ұша бастады. Қанатын тағы екі рет қағып, бірдей жайып еді, одан сайын аспанға биіктеп ұшып кетті. Қуанып:

- Ала-қа-а-а-й! Мен өзге Қарлығаштар секілді ұша алатын болдым - деп айқайлады. Қара тұмсық Ақ томпақтың қасына ұшып барып:

- Иә досым, сен енді ұша аласың - деді. Екеуі ақ бұлттардың арасынан өтті. Көк аспанда қалықтап ұшқан Ақ томпақ жерге қарап еді, шынында да, Қара тұмсық айтқанындай..... Тәй – тәй басқан кішкентай бөпені, жерде жайылған кейіздің үстінде құртын жайып отырған Апаны, немересімен бірге тал еккен Атаны, самаурынға шоқ салып шәй қайнатқан жеңешені, балтамен отын жарған Ағаны, жерде шашылған жем үшін тауықтардың бір – бірімен таласқанын, көк шөптің үстінде, қозы-лақтың ойнағанын, жануарлардың жүгіргенін, сыңғырлап аққан бұлақтың суын көреді. Екеуі аспанды айнала ұшады. Ұшып бара жатып, суда жүзген майда - майда балықтарды көреді. Ақ томпақ пен Қара тұмсық балықты тұмсығымен шап беріп ұстап алады. Ұстап алған балықты өз ұясына әкеп, Ата Қарлығаш пен Ана Қарлығашқа береді. Осылайша Ақ томпақ Әкесі мен Анасына көмектеседі. Өзі армандағандай басқа қарлығаштар секілді аспанға қанат қағып ұша алатын болды. Егер Ақ томпаққа Қара тұмсық келіп, ұшуды үйретпегенде, алға қарай талпындырмағанда, Ақ томпақ аспанда қанат қағып ұша алмас еді. Досы екеуі қанатын қағып, көк аспанда ұшқанда, Ақ томпақтың бірінші қанатының екінші қанатынан қысқалығы да байқалмады. Тіпті басқа қарлығаштардан озып ұшатын болды. Басқа қарлығаштар «Ақ томпақ сияқты ұша алатын болсақ қой» деп армандайтын да болды.

Жаз өтіп, күз де келіп жетті. Күн суыды. Қарлығаштар жылдағы әдетімен жылы жаққа қарай ұшып кетті. Мен олардың келесі көктемде ұясына қайта ұшып келіп, жұмыртқа бастынын білемін. Сондықтан келесі көктемді асыға күтемін.

Тұрсынай Қайратқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар