Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Үлкендердің ойыны...

11.07.2023 2331

Үлкендердің ойыны 16+

Үлкендердің ойыны - adebiportal.kz

Нұрлан ҚАБДАЙ

(әңгіме)

Біз кешкі мектепте оқитын едік. Жұмыстан кештеу шыққан соң асығыс жетіп, алқын-жұлқын класқа кіре беріп ем, жеңім күршекке ілініп қалып қолтығым дар ете түскені. Ұялған тек тұра ма, әзелгі әртістігіме басып: «Тым болмаса жыртығымды жамап беретін бір шүйкебасты да көп көрдің-ау, Құдай!» - деп күңіреніп отыра кеттім. Репликаны дәл өзімнің әуезіммен Құралбек іліп әкетті:

- Қуарған жейдені қойшы, өзің де тозып біттің-ау, тарланым-ай!

Жұрт ду күлді. Сол сәт... Сол сәт қасымда отыратын Шұға жалма-жан түймелерімді ағыта бастады:

- Беріңіз, тігіп алып келейін. 

Күлкі сап тиылды. Енді бәрі Шұғаның әрекетіне қарап қапты. Қыз үстімдегі жыртық жейдемді сыпырып алды да, жүгіре басып шығып кетті. Сонда барып класс дуу ете түсті. Мен аңтарылып тұрып қалсам керек самайын ақ шалған Әуей кластасымыз:

- Не қып тұрсың, состиып? Жүгір... гүлге... – деді иегімен есікті нұсқап, - Бір талдап әкел, байқап қоймасын...

***

Жүгіріп гүл сасатын дүңгіршекке келдім.

- Гүлді кімге аласыз? Ойланып қалдым. Кімге алуым мүмкін?

- Сүйіктіме, - дедім содан соң, - Бүгін туған күні еді.

Неге екені белгісіз «сүйіктіме» деген сөзді ішімнен және бір қайталап мырс ете түстім. 

- Қанша тал аласыз? 

Бәсе, қанша тал? Шұға өзіммен қарайлас қой...

- Әдемі бір букет беріңіз. Айтпақшы, ішке бір талдап тасуым керек.

Сатушы мынаның есі дұрыс па деген кісіше бажырайып бетіме бір қарады да иығын қиқаң еткізді. Сосын қайшысын жалаңдатып гүл таңдауға кіріскен.

***

- Тез қайтыңыз, - деді сатушы бір тал қызыл раушанды ұстатып жатып, - Алдап кетпейсіз ғой, ә? 

Қалтамдағы умаждалған бес мыңдықты алып алдына тастай салдым:

- Жетпегенін келгенде берем.

...Міне, екінші тал раушанды қыл мойнынан шымши ұстап құстай ұшып келем. ...Үшіншісі ...бесіншісі. Жынды адамша жолды ары-бері кесіп өтіп, бір-бірден гүл тасып жүргенімді көрген жұрт не ойлағанын құдай білсін. 

Бір шоқ болды-ау, өлдім дегенде.

Шұға әлі жоқ. Мектептен өте бере төрт үйден кейін тұратын, сыртынан байқап қалғаным бар. Бәсе, үйіне кеткен ғой. Кімнің қолтығы сөгіліп, кімнің түймесі қашан үзіліп түсер екен деп сөмкесіне ине-жіп салып жүреді дейсің бе. Гүлді бедерлі жылтыр қағазға орап, белін сатушы берген қызыл копрон жіппен бауып, жіптің ұшын шашақтай шиыршықтап жіберіп партаның астына жасырдым. Сосын маңдайдың терін бір сылып тастап, сылқ етіп отыра кеттім. 

- Алғысты ескі жейдеңе айт...

- Сабақ сайын киім жыртуды әдетке айналдырып алмасаң не қылсын...

- Негізі біздің Ғайша да жамау жамай алатын еді. Солай ма, Ғайшажан?

- Тоқаш, аузыңды жапшы, а!

Күндізгі қара жұмыстан қалжырап жеткен қыз-жігіттер дуылдасып, сергіп қалғандай. Бір кезде Шұға да кіріп келді-ау. Жүзі албырап, ұяла басып қасыма келді. Әдемілеп бүктелген «сотқар» жейдені үн-түнсіз қолыма ұстатты. Класс демін ішіне тартып тына қалған. Мұғалім де күлімсірей қарап қалыпты. Мен аса бір маңғаз қалыпта асықпай киіндім. Санап тұрып түймелерін салдым. Бағанадан жағын таянып, мына әрекетімді кірпік қақпай бағып отырған Бейбіт «ыһ-һым» деп жөткірінді. Ізінше «ыһ-һым» деді бүткіл класс бір деммен. Мен Шұғаның ақ жүзіне үңіліп аз тұрдым. Ал ол болса ұяттан екі беті нарттай қызарып, жанарымен жер шұқи берді. 

- Жейдең қалай, Нұреке? – деді Жәміш даусына күлкі араласып.

- Жейдесі жейже-ақ қой, шіркін! - деп оны Тоқаш іліп әкетті.

- Сабақты бастаймыз ба? – деді мұғалім де төзімі таусылып.

Мен жалма-жан парта астындағы гүлді суырып алып, қызға көлденең тарттым.

- Шұға, бүгін кешке кездесуге шақырсам келермісің? «Келермісің» деген жері тап бір тетар сахынасынан айтылғандай аса салтанатты шықты.

Шұға жанары мөлтілдеп үнсіз бас изеді. Сол-ақ екен қыз-жігіттер дуылдасып қол шапалақтады. Артқы жақта отырған Дәуіржан атып тұрып, қалтасынан ақша суырды:

- Тұрлаш пен Шұғаның кешкі серуенін өзім демеймін. 

Ақын неме емес пе, алшаңдай басып қасыма келді де, әлгі қаттап бүктелген ақшаны сарт еткізіп алақаныма салды. Мен де қарап қалмай:

- Кімде бүтін шұлық бар? – дедім. Жұрт ду күлді. Шұға да жадырай жымиды. Құдай-ау, баяғыдан бері қалайша байқамағанмын, Шұға сұлу екен ғой.

- Ал енді сабағымызды бастайық, - деді ұстаз бәрімізді сабырға шақырып.

Сабамызға түсіп, асай-мүсейімізді шығарып жатырмыз. Ал Шұға алдындағы гүлді қайда қоярын білмей әуреге түсті-ау. О неменің жылтыр қағазы бұл қозғалған сайын қоса шытырлап елдің назарын ерексіз аудара берді. Шұға одан сайын ұялып маған бір, гүлге бір, көзінің астымен мұғалімге бір қарайды. Мұғалім мәрт екен, кілт бұрылып біз жаққа, Шұғаға қарады:

- Тәәәк, сен қыз үйіңе барып, шашыңды бұйралай берші... 

Шұға үнсіз ғана орнынан тұрып, кітап-дәптерін қолтығына қысқан күйі есікке беттеді.

- Гүл! – деп қалай баж ете түскенімді өзім де аңғармай қалдым. Онымен қоймай тап бір гүлді ұмытса өзімді қоса ұмытардай атып тұрыппын, орнымнан. Класс ду күлді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар