Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Айнаш Қасым. Құран дарбазасы

31.10.2019 889

Айнаш Қасым. Құран дарбазасы 12+

Алпай оянған кезде көзін бірден ашпай, бейқам сәтті соза түскісі келіп, манаурап біраз жатты. Қасындағы жарының да жеңіл тыныстауынан қалың ұйқы құшағынан әзір шыға қоймайтынын түсінді. Дыбыстары шықпағанына қарағанда кішкентай ұлы мен қызы да оянбаған секілді. Әйтпегенде, тете болғандықтан ба екен, араларынан қыл өтпейтін екеуі үйде болғанда тұра салып, қол ұстасып, бұлардың қасына келіп, ананы-мұнаны сұрап, еркелеп, айналшықтап қалатын. Екеуін алма-кезек сүйіп, «ана менікі», «әке сенікі» деп еншілеп, кейін бір-бірінің көңілін жықпай, енді «әке сенікі», «ана менікі» болсын деп ілезде алмаса қоятын немесе кейін «екеуі де екеуіміздікі» дейтін. Мұндай көңілшектіктің ұзаққа созылатынын білетін Алпай жұмысқа кешігіп қалармын деген сақтықпен білдіртпей, балақандарын әйелінің құшағына икемдеп, орнынан сытылып тұрып кететін. Бірақ бұл жолы ондай айланың қажеті жоқ. Керісінше, тезірек оянса екен, ауылдың қызығын, қозы-лағы мен құлын, бұзауды көрсетсем екен деп тіледі.

Наурыз мерекесіндегі демалысты пайдаланып, астананың қым-қуат, аласапыран, дамылсыз кеңістігінен қашып, ой сергітіп, бой жазып, аунап-қунап қайту үшін басқалар сияқты елдің солтүстігінің жасыл орманы мен Хазар теңізінің жағалауын таңдамай, отбасымен оңтүстіктегі туған өлкесі Фарс останындағы еліне атбасын тіреген. Өзінің астаналыққа айналғанына жеті-сегіз ғана жыл болды. Даладан үлкен шаһарға келіп, қалаған мамандығы бойынша оқуын аяқтап, жұмысқа тұрған соң жағдайын түзеп, елінің бір қызын алып, үйлі-баранды болған. Тұрмысына риза. Ең бастысы, қылтың-сылтыңы жоқ, мінезі біртоға әйелімен бас қосқаны үшін өзін бақытты санайды. Ер азамат үшін басты байлық осы. Сыртқа көп сыңай танытпағанымен, құлдыраңдаған екі құлыншағын да Құдайдың бере салғаны деп іштей еміреніп, көңілі толып жүреді.

Әке-шешесі, бірінен соң бірі бақилық болып, Құдайдың рақымына бөленуге аттанған. Бір кіндіктен тараған бес ағайындының үлкені өзі. Үш қарындасы тұрмысқа шыққан. Үшеуінің де қайынжұрты елде. Негізі, бұл елдің халқы ертеде сырттан қыз алмайтын, қыздарын бөтенге бермейтін. Заманның өзгерісімен әдет-ғұрып та жұмсара түскен бе, қазір тек елдің қызын аласың немесе күйеу бала өзіміздің тайпадан болсын деген қатып қалған заң жоқ, жастар ерікті.

Қара шаңырақта үйдің кенжесі Арас қалып, әулеттің ошағының отын өшірмей, түтінін түтетіп отыр. Шаруаға ұсынақты, малсақ інісінің тұрмысы тәуір. Әкеден қалған малды шашау шығармай, дөңгелетіп, бір басын екеу, екеуін төртеу ғып арттырған.

Бұлардың тегі сол өлкенің көшпенді үлкен елдерінің бірі «қашқай» деген түркі жұртынан тарайды. Ел ақсақалдарынан «қашқай» сөзінің мағынасын сұрағанда әртүрлі болжам айтқанымен, жауаптары көңіл тұшытпаған. Қазір «интернет» деген білгір шыққалы жақсы болды. Соны ақтарып, әртүрлі деректің ізін кесіп, шиырлағанда тіпті, сонау қиырдағы орыстың шығысты зерттеген бір ұлы ғалымы «қашқай» сөзі «ақ қасқа ат» деген мағынаны білдіреді депті. Тағы бір данышпан айтқан «қашқай» – «қашқын» деген сөз деген мәлімет тапқан. Соңғысын жақтырмай, біріншіні құп көріп, болса болар, аттың қашқайлар үшін көшкенде мінетін көлік, аңшылыққа шыққанда серік екенін ескеріп, көздерін ашқаннан бұл дүниеден кете кеткенше қуаныштары мен мұң-қайғыларында текті жануар жылқымен көшпенді халықтың байланысының мықтылығында еш күмән жоқ деп тегін ары қаузамаған.

Қашқайлықтар күн жылынып, жер бусап, ат қарды тұяғымен тарпып, астындағы қылтиып, болар-болмас бой көтере бастаған көкті жұлып жей бастағаннан-ақ малдарын жазда шөбі шүйгінді жайлауда жаю үшін ешкінің жүнінен басқан қара күркелерін жинап, көш қамына кіріседі. Жаз жайлауды қоныстап, қоңыр күзде қыстаққа ірге тірейді. Көшпенді қашқайлардың саны азайған. Соңғы кезде ағайындарының көбі ауылға көшіп, отырықшылыққа бет бұрып, үй салып алған. Малмен қоса егіншілікпен айналысып, бау-бақша егіп, өнімдерін қалаға апарып сатып, әжептеуір табыс көзіне айналдырған.

Арас сол отырықшы қашқайдың бірі. Әр жолы хабарласқанда Алпайдан бала-шағасын алып, Наурыз мерекесінде елге келіп кетуін сұрады. Алпайдың өзіне салса жиі ат ізін салар еді. Оған ауыл арасы қашық, оның үстіне қызметі тағы бар.

Арас ағасының құрметіне ат шаптырып, той жасамаса да, қой сойып, етін былқытып «бозқурма» жасап, «аласих» кәуап қақтап, ағайын-туысты шақырып, белін қайыстырып дастархан жайып, қонақтарын тәуір күтті. Күйеу балалары мен қарындастары да кезек-кезек мейман етіп, асты-үстеріне түсті. Ән айтылып, сырнай тартылып, би биленді. Қалалықтар үшін таңсық дәм деп таңғы асқа уыз қойды. Қалада ас жемей жүрген жоқ, ең бастысы ағайынның ақпейіл көңілі мен ақжарма ниеттері, салған әндері мен берген баталары елден жырақта жүрген Алпайдың жанына майдай жақты. Отырықшы болдық дегені аты ғана. Тұрақты үйлерін айтпағанда, ауыл тау аңғарында орналасқандықтан, болса да табиғат аясынан ұзап кете қоймаған. Таудан басталып, сай-сайға құятын сарқыраманың гүрілі, қой-ешкінің маңыраған дауысы, ошақта сырт-сырт етіп, маздап жанған от, қазанда әзірленіп жатқан ас, әудем жерде екі аяғын алға созып, жотасын күнге тосып, мүлгіп жатқан төбет, мама ағаштағы байлаулы Арастың тұлпары, – осының бәрі Алпайдың делебесін қоздырды. Болмысындағы көшпендінің қаны тамыр-тамырын қуалап, мұндай керемет көрініске бейжай қарап тұра алмады. Ауыздығын шайнап, жер тарпыған жануарды басын алып қашқанына қарамай, жүгенінен тартып мініп, ауылдың сыртына дейін желе жортып, шыққан соң тізгінді қоя беріп, аттың басын жіберді. Жарықтық тұлпардың да күткені осы екен. Басын алға қарай ұмсынтып, еспе желмен жарысып, үстіндегі Алпайдың салмағын ауырсынбай, жатаған төбелдерді бір-бірлеп артта қалдырып, ызғытты. Атпен шаппағанына көп болғанына қарамастан, бұл да еш жатырқаған жоқ. Тумысынан аттың құлағында ойнаған көшпендінің ұлы атты мысымен әп-сәтте басып, тыпыр еткізбей бағындырып, айдағанына жүргізді. «Ай-хай дүние!» деген Алпайдың даусы қарсыдағы тықыр таудың құзар шыңына жетіп, жаңғырып, өзіне үзіліп қайтты. Шауып келе жатып, салқын желден бе екен, әлде расымен көңілі босады ма, көзінен жас парлап, жүзін жуып кетті. Бұл жастың не жас екенін өзі де анық біліп болмады: қуаныш жасы ма, я туған жерге деген сағынышын тарқатқан шері ме екен, сол сәт жеңілдеп қалғанын сезді.

Кететін күн қарсаңындағы кешкі аста Арас маңызды бір нәрсе айтқысы келгендегі әдеті бойынша сәл жөткірініп, тамағын кенеп: «Алпай, ертең қайтпай, тағы бірер күн аялдай тұрсаңдар қайтеді? Күн райы бұзылып тұр. Бұршақ аралас қатты нөсер жауады дейді», - деді.

- Пәлі, жаумай жүрген жауын ба? Ақыры жиналған соң біз жолдан қалмайық. Тіпті, көлік жүргізу қиындап кетсе, жолай Ширазға соғып, аяқ жазып, «Құран» дарбазасының астынан өтіп, Алладан үйге аман-есен жету үшін дұға тілейміз. Бәленің беті әрмен!

«Құран» дарбазасы – Шираздағы бір кездегі «Құран», «Исфаһан», «Саади», «Ғассабхане», «Казерун», «Шаһ Даи Али Аллаһ» деген үлкен алты қақпадан қалған жалғыз тарихи жәдігер; сырттан келгендерді қалаға бастайтын, қала тұрғындары мен қонақтарды шығарып, ақ жолға салатын негізгі өткел. Дарбазаның төбесіне қолмен жазылған Құранның екі нұсқасы қойылғандықтан ертеде халық әр айдың басында шаһардан шығып, тәбәрік ретінде қақпаның астынан өтіп, қалаға қайта енеді екен. Міне, осындай қасиеттеріне бола інісінің көңілін аулау үшін «Құран» дарбазасын тілге тиек еткен.

Арас айтса айтқандай, таңертең жаңбыр басталды. Алғашында көліктің әйнегіне бір-бірлеп, имене тамып жайылған тамшылар біртіндеп арсызданып, әйнекті сабалауға көшті. Мұндай жауынды парсылар «ат құйрығы» дейді. Шынымен, шыбындап тұрған аттың қыл құйрығы аңдаусызда бетке тигенде сабалап, бет қарауға шыдатпай, теріс айналдырмай ма? Көліктен түспесе де, сезіп отыр.

Балалар жол бойы ұйықтап, қалаға жете бергенде оянды. Тау-тас, дала, маңыраған қой-ешкі көзден жым-жылас болып, көшелерінің бойын жасыл желек көмкерген әсем қаланың дарбазасынан да өтіп, ішке енді.

Алпай әйеліне: «Көлікті бір жерге қойып, біраз аяқ суытып, ас-су ішейік. Қане, балаларды киіндір» деп өзі көзімен айналасын сүзіп, тұрақ қарастыра бастады. Көлікке ыңғайлы жер тапқан соң әудем жерден көрінген дәмханаға баруға шешті. Таңертең ұйқылы-ояу балалары дұрыс тамақтанбаған болатын. Балалардың тез дайындалатын қуырылған картоп пен қытырлақ тауықты жақсы көретінін біліп, қолшатырды екі баланы жетектеген әйелінің төбесіне ұстап, дәмханаға қарай аяңдады. Жаңбыр үдей түспесе, толастар емес. Көше асығып, аптыққан адамға толы. Бәрінің ойы діттеген жерлеріне неғұрлым тезірек жетіп, судан бас сауғалау.

Дәмхананың терезесі «Һафт тан» желекжолына қарайтын үстелін таңдады. Отырған соң тамаққа тапсырыс берді. Ас келгенше барып, беті-қолдарын жуып келді. Бір кезде терезеден жаңбырдың соңы бұршаққа айнала бастағанын көріп, іштей тіксініп қалғанымен, алаңдағанын бала-шағасына білдірмеуге тырысып, салмақты рай танытқансыды. Бұршақ болғанда да бармақтың басындай болып жерге тарсылдап жауғанда дала ақ түтекке айналмағанымен соның ар жақ бер жағындай көрінді. Мұны көрген балалардың үрейлері ұшып, дүниедегі ең қауіпсіз жер аналарының қолтығына тығыла түсті. Әншейінде әр нәрсені сұрай беруден жалықпайтын екеуі тілден қалған. Әйелінің де ащаң жүзі қуқыл тартып, жүзінен қорқыныш табы байқалды. Алпайға ымдап: «Енді қайттік?» деді. Алпай «ештеңе емес, сабыр сақта» дегенді көзімен жеткізді.

Басында елемеуге, мән бермеуге тырысқан жаңбыр енді Алпайдың ойын шегендеп тастады. Екі көзін терезеден алмай, тек сыртқа тесілумен болды. Даяшы әкелген тамақты балалары мен әйелінің алдына қойып, жанарын сырттан ала алмады. Ішінен сел жүрмесін деген ұры ой сумаң етті. Сел болса, апаттың көкесі сонда болмақ. Бұрын «Құран» дарбазасының екі шетінде маусымдық сел ағып өтетін ор жататын. Қандай су болмасын ордың ішімен ағып, қаланы орағытып өтіп, ешкімге зиян келмейтін. Бірақ шамамен он бес жыл бұрын орды қала әкімшілігі тас, топырақпен толтыртып, бетін асфальттатып, селдің жолын ащы ішектей жіңішке жылғамен шектетіп тастағанын естіген. Егер алда-жалда жаңбырдың шектен тыс жаууы салдарынан сел жүрсе, қаланы топан су басатыны анық.

Ішкі түйсігі алдамапты. Бір кезде гүрілдеген бульдозердің үніндей қорқынышты дауыс естілді. Дәмханадағы басқа адамдар да елең етіп, құлақтарын түріп, жапа-тармағай терезеге жүгірді.

Бұл таудан ағып, қалаға құйылып жатқан судың дабысы еді. Буырқанған лай су жолындағының бәрін жапырып-жайпап, өзімен бірге ілестіре ағызып, сұлу Шираздың, «қалыңдық қала» Шираздың бет-жүздігі болған орталық көшесінің әп-сәтте астаң-кестеңін шығарды. Мұндай сұмдықты кім көрген?! Көзді ашып-жұмғанша «Соғра қиямет» басталып, санаулы секундта көше тасыған үлкен өзенге айналды. Айғай-шу, анасы баласынан айырылып, бір-бірін шақырған, жылап, шыңғырып, Алладан көмек сұраған адамдардың жан дауыстарынан дүние азан-қазан болып, қияметтегі махшар алаңын елестетті.

Суға кеткен сәбиінің соңынан жанұшыра жүгірген ана бейбақ шешенің халін ешкімнің басына бермесін. Қолынан келер қайран жоқ сорлы ананың зар илеп, беті-басын ұрғылап, шарасыз күйде ебіл-дебіл жылап, жүгіргеннен басқа амалы жоқ. Кетті, тәнінің бөлшегі баласы мәңгілікке кетті. Тіпті, енді апалаған дауысы да естілмейді. Қара су ажалы болып, баласын жұтты... Ана кенет тосын шешім қабылдап, бар күшін сарқа жинап, сәбиінің артынан суға секіріп, өзі де пәни дүниені тәрк етті...

Бір кезде көшенің бергі жағында қолына дауыс зорайтқыш ұстаған тәртіп сақшысы пайда болды. Оның қаңылтыр арқылы шыққан дауысы күңгірлеп, одан әрмен жұрттың зәресін ұшырды:

– Суға жақындамаңдар! Ары тұрыңдар! Кеткендердің соңынан жүгірмей, өздеріңнің амандықтарыңды ойлаңдар! Кейін қайт деймін!

Сақшының дауыс зорайтқышы Алпайға үрілген Исрафилдің сүріндей елестеп, қолымен көзін уқалап, ішінен көріп тұрғаным, болып жатқан оқиға өңім бе әлде түсім деді. Жоқ, ақырзаман орнамаған екен.

Тасқыннан қорғанып, электр қуатының бағанасына жабысып алған үшеудің біреуінің қары талып, ол да суға құлады. Әттең, дүние... Тағы бір жас өмір қыршынынан қиылды. Қыз жан дауысы шығып, қанша айқайлағанымен жол жиегінде, жоқ, көше өзенге айналғандықтан енді жағада тұрғандардың ешқайсының суға секіріп, қызды құтқаруға жүректері дауаламады. Қияметте дәл осындай болады дейді. Қиямет – ешкім ешкімге қол ұшын бере алмайтын, әркім өзінің қарақан басын құтқару үшін жанталасатын күн деседі.

Сеңдей соғылысып, ығы-жығы, ию-қию болған көлікте есеп жоқ. Көліктер жүргізушілердің ырқынан шығып, бірінің үстіне бірі іркес-тіркес күйде судың ағысымен жаңқадай жан-жаққа ұшып, қатты екпінмен көшенің шетіне жетіп, лай-батпаққа тіреліп, темір-терсек қалдығына айналып жатты. Ішіндегі адамдардың жай-күйін білген жан жоқ. Бұл жерде біреудің біреуге көмектесуі мүмкін емес. Тек бақылап қарап, ішін қан жылап, Алладан дұға тілеуден басқа амал жоқ. Бұл не зауал? Бұл ненің жазасы? Алла күнәһар халықты жазалау үшін аспаннан нажағай, жерден топан су қаптатады деуші еді. Бұл халық соншама не жазды? Бұл ненің өтемі?

Әйелі балалар мұндай қорқынышты көрмесін деп екеуін жамылғысының астына енгізіп алып, теріс қараған күйде құшағында әлі ұстап отыр.

«Құран» дарбазасындағы он бес минутқа созылған алапат селдің ащы естелігі шираздықтардың, жолаушы Алпайдың отбасының есінде мәңгілікке қалады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар