Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастамасын қолдап, оқуға деген құштарлық – қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды құндылықтардың бірі екенін атап өткен.
Тұтас әлемде жаһандану дәуірі жалғасып, заманауи технологиялардың үстемдік құруымен байланысты кітап оқу үрдісінің тұралап қалғандығынан бұл мереке көптеген елдерде ресми түрде бекітіліп, айтулы күн ретінде аталып жүр. Президент кітаптардың ұлттың зияткерлік және мәдени прогресінің негізі екенін тілге тиек етті. Жоғары оқу мәдениетін қалыптастыру - Қазақстан Үкіметі үшін де, бүкіл қоғам үшін де басым міндет болуы тиіс.
Осы мақсатта Үкіметтің 2024 жылғы 29 маусымдағы Қаулысының негізінде Қазақстанда жаңа мереке – 23 сәуірде алғаш рет атап өтілетін Ұлттық кітап күні пайда болды. Осынау атаулы мереке халық арасында кітап оқуды насихаттауға септігін тигізеді. Бұл – қоғамның, соның ішінде жастардың мәдени, рухани жетілуіне жасалған маңызды қадам.
Қоғамды дамытудағы басты факторлардың бірі – оқырман ұлт қалыптастыру. Бұл міндет кітапқа деген қызығушылық пен оқу мәдениетін нығайту арқылы жүзеге асады. Жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту – Қазақстанның рухани, мәдени, ғылыми мүдделері мен білім беру салаларын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі.
Қазіргі таңда электронды форматтағы ақпарат көздері танымал болғанымен, қағаз нұсқадағы баспа кітаптардың орны ерекше. Олар оқырманға жағымды эмоция сыйлайды, жайлылық пен рухани тыныштыққа ие болуға мүмкіндік береді. Баспа кітаптар әсіресе аға буын мен әдебиет әуесқойлары арасында үлкен сұранысқа ие. Осы орайда мемлекет кітапхана саласын жаңғыртуға айрықша көңіл бөлуде.
Қазақстанда 800-ге жуық мектеп кітапханасы жаңартылып, 280 мың оқушы ерекше мүмкіндіктерге қол жеткізді. 2024 жылы мектеп кітапханалары 1,6 миллион жаңа кітаппен толықтырылған. Сонымен қатар кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында 1 775 маман арнайы курстардан өткен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кітапханаларға ерекше назар аудару қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Ол заманауи форматтағы тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды құрудың маңыздылығын көрсетіп, олардың ұлттық жады мен мәдениетті сақтау орталығы ретіндегі орнын тілге тиек қылды.
Сондай-ақ қазіргі таңда елімізде қаламгерлерге де ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2017 жылдан бері қазақстандық авторлар жаңа туындыларын жазғаны үшін арнайы қаламақы алады. Бұл шара әдеби шығармашылықты ынталандырумен қатар, жастарға патриоттық тәрбие беруге ықпал етуді көздейді. Мәдени, әдеби сапалы элита қалыптастырудың да алғышарты болмақ.
Еліміздегі арнаулы кітапхана жүйесі де қарқынды дамып келеді. 2024 жылы оқырмандар саны 54,5 миллионға жеткен. Бұл мекемелерде жас буынды оқуға тарту мақсатында әртүрлі жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде Ақтөбедегі «Үркер» шығармашылық клубы немесе Астанадағы «Оқы, Астана!» бастамасы кітап мәдениетін жандандыруға тікелей бағытталған. Осындай мақсатта “Әдебиет порталы” интернет-жобасының бастамасымен жүргізіліп жатқан кітап оқу челленджі де әлеуметтік желідегі оқырманның жаңа кітаптар туралы ақпарат алуына септігін тигізуді көздейді.
23 сәуірде Ұлттық кітап күніне орайластырылған шаралар Қазақстанның кітап мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенеміз. Бұл мерекенің аясында өткізілетін байқаулар, фестивальдер мен көрмелер науқаншылық емес, шынайы мақсаттарды көздеп, қоғамның кітапқа деген қызығушылығын арттыруы тиіс. Соның ішінде елімізде дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан ASTANA EURASIAN BOOK FAIR атты ең үлкен кітап көрме-жәрмеңкесінің орны ерекше. Бұл жерде оқушылар мен студент жастар қаламгерлермен кездесіп, пікірлесіп, қолтаңбалы кітап алу мүмкіндігіне ие болады. Ашылу салтанаты бүгін өткізіліп жатқан шара Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында 23-27 сәуірде, күн сайын сағат 10:00 – 20:00 аралығында оқырман қауымға қолжетімді бағада Қазақстан кітап нарығының ең озық кітаптарын ұсынатын болады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.