Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай әлемі туралы алты кітап...

17.02.2017 33875

Абай әлемі туралы алты кітап

Абай әлемі туралы алты  кітап - adebiportal.kz

Сіздерді Абай әлеміне бастайтын соқпақ ретінде іріктелген алты кітапты ұсынамыз.


Авторы: Мұхтар Әуезов

Әдебиет: «Абай Құнанбаев»

Жанры: Монографиялық зерттеулер

Шыққан жылы: 1995 жыл

Шыққан жері: Алматы


Абай мұрасын зерттеу алғаш Алаш қайраткерлерінің мақалаларынан бастау алды. Ал «қазақтың бас ақыны» жайындағы терең зерттеулердің негізгі өзегі болып, әрине, Мұхтар Әуезов тұрғаны белгілі. Қазақ руханиятының тамыры кеңге жайылып, өркендеуінде Абай тұрса, «мен бір жұмбақ адаммын» деген Абайдың табиғатын барлық қырынан ашуда жол салып кеткен Мұхтар Әуезов болатын. Бұл кітапта ұлы ақынның өмірбаянынан бастап, шығармашылығы және  қалыптастырған мектептері турасында, өлмес мұрасы хақында баяндалады. Оқырман «Абай жолына» қадам баспас бұрын осы еңбекті оқып шықса, Абайдың рухани әлеміне жол тарту.


Авторы: Қайым Мұхамедханов

Әдебиет: «Абай Құнанбаев»

Жанры: Ғылыми түсініктер

Шыққан жылы:  2009 жыл

Шыққан жері: Алматы


Мұхтар Әуезовке ғұмыр бойы адал шәкірт болған Қайым Мұхамедханов – Абайдың әдеби мұрасын зерттеуге аса мол еңбек сіңірген бірегей ғалым. Абай қалыптастырған мектептің шәкірттері туралы терең зерттеулер жүргізген алғашқы ғалымдардың бірі Қайым Мұхамедхановтың ұсынылып отырған еңбегінде Абай өлеңдері мен поэмаларына берілген түсініктемелерінің толық нұсқасы жарияланған.


Авторы: Ханғали Сүйіншәлиев

Әдебиет: «Абайдың қара сөздері»

Жанры: Әдеби зерттеулер

Шыққан жылы: 1956 жыл

Шыққан жері: Алматы


Қара сөздің қасиетін бойына сіңірсе де  «Абай неге проза жазбады?» деген мәселені көтеріп, оған ғылыми деректер келтіре жауап іздеген, қазақ әдебиетіндегі Абай қарасөздерін жаңа тұрғыда зерттеген ғалым – Ханғали Сүйіншәлиев. Бұл кітапты үздіктер қатарында қарастыруымыздың себебі – хәкім Абайдың қарасөздерін  мазмұны, түрі, стилі, тілі туралы мәселелер аясында жан-жақты зерттеген бірден-бір ғылыми еңбек.


Авторы: Мекемтас Мырзахметұлы

Әдебиет: «Абайтану»

Жанры: Зерттеу еңбегі

Шыққан жылы: 2014 жыл

Шыққан жері: Астана


Ұлы Абай мұрасы, оның зерттелуі туралы жазылған құнды деректер мен мұрағат қазыналары зерделенген, Абайтану тарихының қалыптасу жағдайы баяндалған төртінші «үздік» еңбек – Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтануы». Бір ғасырдан астам уақытта ақын мұрасын танып, бағалау жолындағы жетістіктер мен кемшіліктерді бүгінгі күн тұрғысынан қарастырады. Абайтанудың кезеңдерін бөліп, ол туралы алғашқы ғылыми мақалаларды топтастырып, ұлы тұлғаны дүниеге әкелген және өзі қалыптастырған ортасы жайында, шығыстан және батыстан сусындаған ақын болмысының тұнық табиғатын ашуда, оның адамгершілік мұраттары мен жантану ілімінен ізгілік нұрын шашатын бұл еңбек – Абайдың жұмбағын шешуде оқырманның негізгі темірқазығы болары анық.


Авторы: Бейсенбай Байғалиев

Әдебиет: «Абайдың өмірбаяны архив деректерінде»

Жанры: Ғылыми еңбек

Шыққан жылы: 1995 жыл

Шыққан жері: Алматы


Кез келген қазақ Абайдың өмірбаянына қанық екені күмәнсіз. Алайда ақын өміріндегі нақты сандарды жүйелеген, мұрағаттар құжаттарын қазбалап, дәйекті деректерді келтіру ісі кімнен бастау алатынын ешкім біле бермейді. Ендеше біз ұсынып отырған келесі үздік кітаптың авторы – Бейсенбай Байғалиев. Абайдың өмір жолына байланысты кей көлеңкелі тұстар мен күмәнді сауалдардың ақиқатын ашу мақсатында жазылған бұл еңбекте ақынның қоғамдық-әлеуметтік қызметі туралы архив деректері, Абай шығармасы деп қате танылып жүрген архив құжаттарына талдау жүргізілген. «Абай өмірбаянын архив деректерінде» оқу оқырманға Абайды түбінен түсінуге жол ашары сөзсіз.


Авторы: Тұрсын Жұртбай

Әдебиет: «Күйесің, жүрек... Сүйесің...»

Жанры:  Зерттеулер

Шыққан жылы:  2011 жыл

Шыққан жері: Алматы


Абайды: «Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін» - деп айтуға мәжбүр еткен қандай жағдай екеніне жауап іздеген келесі кітаптың авторы оқырмандарына Абайды бірге тануды ұсынады. «Іші у мен өртке толған», «жүрегі қырық жамау» ақынның жандүниесіне еніп, тұңғиығында жатқан жақұт-жауһарды шексіздікке алып шығуды мақсат еткен бұл кітап Абайдың ішкі әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік береді.

 

Кейінгі зерттеушілер қатарында Абайдың әдеби ортасын зерделеген Бауыржан Ердембекті, ақының өлеңдері мен қарасөздеріне тереңдеп жүрген Омар Жәлелұлын және Ғарифолла Есім, Асан Омаров сияқты авторлардың еңбектеріне де арнайы тоқталуға болады. Рухани әлемдегі ең ірі тұлғалардың бірі Абай туралы қаншама зерттеулер жазылса да аздық етеді. Оның даналық теңізіндегі меруерттерге жүрекпен қол созып, «ой қайрағында» шыңдау толастамайтын құбылыс.


Айжан Тәбәрәкқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар