Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қадыр Мырза Əлінің aқындық туралы айтқандары...

10.03.2017 4787

Қадыр Мырза Əлінің aқындық туралы айтқандары

Қадыр Мырза Əлінің aқындық туралы айтқандары - adebiportal.kz

Өлең өнері қызықтырмайтын, әсіресе, жас кезінде жыр жазбайтын дала перзенті кем де кем. Ол заңды да. Поэзия мен жастықты сырлас сұлулардай мұңдастыратын, жақын достастыратын ортақ бір қасиет бар. Ол – сезім. Жас көңіл шалқымай, шалқу жырға айналмай тұра алмайды! Қысқасы, көркем өнердің тұңғыш тумасы – сезім, сезіну  сырласуға деген құмар-құштарлық. Керек десеңіз, мұқтаждық. Ал, сезім билеген адам – қуанған, күйінген, тебіренген адам – әруақытта шыңыраудағысын шығарады. Тек ақиқатқа ғана жүгініп, тек ақиқатын ғана айту, әрине, жәй ғана айту емес, көркем айту – сөз өнеріне қойылатын бірден бір түйінді талап.

97b6a363b76a08d985b4e76b2d7d5394.jpg

***


Өнердегі ізденудің шеті-шегі болмайды. Бір ғажабы, ғылымда не іздеп жүргеніңді жақсы білесің. Ал, өнерде не іздеп жүргенің өзіңе де неғайбіл. Не іздегеніңді тапқаннан кейін ғана түсінесің. Көркем өнердегі ізденудің түпкі мақсаты – өзгені емес, өзіңді, өзіңдік творчестволық бетіңді табу. Ал, өзін таппаған ақын – ақын ба?! Ол – көптің көлеңкесі, әлдекімнің көшірмесі ғана!


***


Шеберлік шыңына көтерілмеген көркем өнер, әсіресе, өлең өнері – мүгедек, жарымжан. Мың бояудың ішінен өзіңе керекті бір ғана бояуды тауып жағу, мыңдаған дыбыстың ішінен өзіңе керекті бір ғана әуен-әуезді тауып үн қату, мыңдаған мағыналас туыс сөздердің ішінен өзіңе керекті бір ғана сөзді тауып, оны да өз орнына жаңылмай қою, жарты ауыз артық, жарты ауыз кем айтпау – нағыз суреткерге ғана тән қасиет. Ал, олақтық пен салақтық – поэзияның қас жауы, ата дұшпаны. Сезім жалғандығы, ой бишаралығы сөз жұтаңдығымен қосылғанда – жыр тумайды, құбыжық туады.


***


Оқушы жұртшылығымыз әрқашанда әдеби майданның алғы шебінен табылатын шапшаң жанр поэзиядан дүлдүл дәуірдің қарқынын байқап, әсем өмірдің келбетін көріп, асқақ үнді заманның алуан әуенін естігілері келеді. Сондықтан да оралымды озық поэзияны жәй ұйқаса салған жылмағай өлең деп қарамай, біз оны суреткер тарих, ойлы музыка, көркем философия деп ұғуымыз керек.


***


Өлең – сирена. Бүкіл адамзат қауымын былай қойып, бір адамның ғана басына қауіп төнген күннің өзінде де, алдымен өлең айқай салуға тиіс. Алыста, тым алыста жатқан бихабар жүректерді сол дүрліктіріп, мейірбан сезімдерді сол оятуға керек. Бұл – поэзияның міндеті, айқынырақ айтсақ, ақынның азаматтық парызы.


***


Өмірде жүріп жатқан түрлі-түрлі өзгерістер поэзияны аттап өте алмайды. Өмір деген кәрі сұлу қашанда айна – поэзияның алдынан кетіп көрген емес. Оның самайына түскен бір тал ақ шаш – бөген, не маңдайына түскен бір тал сызат – әжім, не бір ұйқысыз өткен мазасыз ауыр түндердің таңба-табы ең алдымен айна – поэзияға, сосын барып, қалың оқырман қауымға аян. Қысқасы, өміртанудың өтімді де ұтымды, керек десеңіз, рахат-ләззатты құралдарының бірі осы өлең-жыр. Өзімен-өзі сөйлескен болып өмір – сұлу бар сырын ең алдымен әлгі айна – поэзияға жеткізетін тәрізді.


***


Ақын – уақыт қолтығына қойылған градусник. Замана денсаулығын тек соған қарап анықтауға болады. «Талант дегеніміз – уақыт алдындағы, халық алдындағы ұлы парыз», –дейді, ұмытпасам, Владимир Огнев. Тауып айтқан. Демек, табиғат берген дарын-қабілетті шайханалар мен мейрамханалардың ырду-дырдуына, от басы мен ошақ қасының күңкіл-сүңкіліне, кіре беріс пен шыға берістің өсек-аянына, жеке бастың күйбең-сүйбеңіне, бір сөзбен айтқанда, ел-жұртың мен замана-дәуіріңе иненің жасуындай да пайдасы жоқ болымсыз ұсақ-түйекке рәсуа-қор қылуға ешқайсымыздың қақымыз жоқ.


***


«Ақын» деген онсыз да абыройлы, сыйымды сөздің алдына «қабілетті», «талапты», «дарынды», «талантты» тәрізді әр түрлі анықтауыштарды қоюдың өзі артық емес пе?! Мұндай-мұндай асыл қасиеті жоқ адам өлең жаза алушы ма еді?! Жаза алғанның өзінде, ұйқастыра білгеннің бәрі бірдей ақын ба? Жоқ, ақынның жөні бір бөлек! Жазғыштар көп болғанмен, ақындар аз. Өте аз...


***


Қалай еткенде де, ақындар, әйтеуір, өздері өмір сүрген қоғамның, заман-дәуірдің поэтикалық тарихын жасаулары керек. Халықтардың экономикалық, рухани тұрмысында болып жатқан немесе болған, не болашақ өзгеріс, жаңалықтар төңірегінде әңгіме қозғамаған ақын елдің ары, заманның жыршысы бола алмайды. Поэзияның тақырыптық аймағына шек жоқ. Нағыз талант найқалмайды.


***


Абай – ұлттың ақыны. Ал ұлттың ақыны сол өзiнiң ұлтына ғана тəн болады да, басқа ұлтқа қанша тықпаласаң да сiңбейдi. Дүние жүзiнде ұлы ақындар көп, ал ұлт ақындары санаулы ғана.


***


Сөздің көркемдік, бейнелегіштік мүмкіндігі мен ақынның шеберлігін шатастырмау керек. Көңілдегі ой өзінің көркемдік қисынын таба алмай жатса, оған сөз кінәлі емес, ақын өресінің жетімсіздігі кінәлі.



***


Ақындық өнеріме, өзім сөз жазған әндер ғана емес, есімді білгеннен осы уақытқа дейін естіген жақсы музыканың барлығы да сәулесін түсірді, өз әсерін тигізді деп ойлаймын.



***


Гетенің «Мен көп нәрсе білемін, бірақ барлығын айта бермеймін» деген сөзі бар. Ішкі цензура дегеніңіз осы. Көрген-білгеніңнің бәрін жаза беру – әдебиет емес.


***


Əдебиетте саған көзіңнің тірісінде қоғамның берген бағасы – анық баға емес. Теңіздің де толқып-толқып тынышталатын кезі болады, сол сияқты қоғамдық толқулардан кейін барып анықталады.



***


Жас кезінде адам өзіне қатты сенеді жəне сенімді болмаса ол əдебиетке келе алмайды. Қайшылықта қатаяды. Бірақ соққы жеу, таяқ жеу деген болады. Содан кейін ақыл кіреді.



***


Мен поэзия оқылмайды десе де жазамын. Өйткені, ол – менің дертім.


***


Қазақ бала мен малдың санын есептемейді. Өлең де солай біздер үшін. Мен өмір бойы, өле-өлгенше өлеңмен жазаланған адаммын.


***


Мен арнауды өте аз жаздым. Соның өзінде көп. Арнамау мүмкін емес жағдайда ғана жазамын. Менің жинағыма қолында паспорты бар адам ғана кіре алады.


***


Өлеңді ұстап тұрған техника емес. Көп айтылған жауыр сөз болса да айтайын, өлеңді ұстап тұрған нәрсе – сезім. Мен бұл жерде сезім деп, өзің шын кешкен, өзіңнің рухани тәжірибеңе айналған шынайы сезімді, шын сезімді айтып отырмын. «Өлеңнің жаны» немесе «өлеңнің рухы» дегеніңіз осы.



***


Бүкіл жүріп өткен жолың, өміріңнің барлық тәжірибесі – профессионализм. Өз басым ақындық пен азаматтықты бір-бірінен бөліп көрген жоқпын.



***


Біз өзімізге дейінгі поэзияны алдық, оны келесі биікке шығардық. Ізімізді басқан қаламдас інілеріме айтарым – әдебиетке келген екенсің, сол әдебиетпен бол. Шын әдебиетші бол. Өлеңдей қасиетті өнерге көлеңке түсірме дер едім.


(Ақынның әр жылғы мақалалары мен сұқбаттарынан)


Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар