Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қази Данабев: Сағыныш екен бала кез...

03.04.2017 4255

Қази Данабев: Сағыныш екен бала кез...

Қарақұмдағы іздер

Қази Данабаев әдебиет есігін өлеңмен ашты. Өлеңдері де ауызға салғаннан еріп жүре беретін қант қиығындай тәтті, таңғы шықтай мөлдір болатын. Бала Қазидың алғаш өлеңдері «Балдырған» журналында басылды. Көп ұзамай Оспанхан Әубәкіров жас ақынға ақыл-кеңесін айтып, Алматыдан жырақтағы Қарақұмға хат жолдады. Сондағы Қазидың қуанышын айтсаңшы! Ауылдың үлкен-кішісі "Балдырғанды" қайта-қайта оқып, мәз болған. "Мадам Бовари - өзім" дейді Флобер. "Ақ кептердің ажалы"әңгімесіндегі Ертістің образы нақ Қазидың өзі.

Кенет Қази прозаға ауысып кетті, сірә, ұшан-теңіз ойын осы жанрда ғана жан-жақты жеткіземін деген бек сенімі болар. Проза-ауыр артиллерия, ол елтең-селтең сезім пернелерінің илеуіне көне қоймайды. Қазидың бұл жанрға да саналылықпен барғандығын ішіміз сезеді. Оның бұл сапары да табыссыз болған жоқ.

Талант туған жеріне тартып туады деген де сөз бар. Оның растығына Қази шығармашылығымен таныса бастағанда-ақ анық көзіміз жетті. Қазидың көзін тырнап ашқалы көргені – Қарақұмның бұйрат-бұйрат құм төбелері мен аңызақ желі. Сол желмен жөңкіле көшкен қаңбақ... Құмға тамыр сіңірген сексеуіл мен жыңғыл. Сүреңсіздеу көрініс, адам қызығатындай оқыс жағдайды да аңғара қоймайсыз. Шынтуайтына келгенде, Қази үшін мұнан артық жер жұмағы жоқтың қасы, оның Мекке-Мәдинесі – Қарақұм. Ал осы шөлді аймақта өмір сүрген адамдардың көңіл-күйлеріне Қази шығармалары арқылы назар салыңызшы, олардың жүрек дүрсілін Қазидың көзімен карап, көңілімен түйсініңізші! Сіз сонда тіпті басқа әлемге тап болар едіңіз. Кіршіксіз таза әлемге! Қарақұмның етек-жеңі жиналмайтын аңғал-саңғал табиғатымен үйлесіп жататын қожанасырлау адамдарының мінезі, олардың қам-қарекеті, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, тіпті бір-біріне деген пендешілік реніштері де жеке-дара, іс-әрекеттері де өзгеше. Бірақ соған қарамастан қарақұмдықтарды өзгелермен шатастыра алмайсыз. Қази шығармашылығында олар тіпті бөлек адамдар.... және оларды әлдекімдермен алмастыра қоюың да мүмкін емес. Жеке-дара, кейіпкерлерінің мінез-құлықтары тек қарақұмдықтар болып шыңдалған. Әрі жеке-дара бояумен өрнектелген.

"Ауыл айшықтарындағы" Ізханды, не Ізханға ұқсас пендені сіз еш жерден кезіктіре алмайсыз. Ізхан – Қазидың меншіктеген Ізханы! Оны өзгелермен алмастырып жіберу де қолыңыздан келмейді. Қазидың суреттеуіндегі Ізхан – қазақтың Никулині. Екеуінің айырмашылығы ұлттық ерекшелігінде ғана. Ал іс-әрекеттерінде иненің жасуындай айырма жоқ. Ізхан ескі мәшинәнің жүргізушісі. Көне көлікті жөндеуден титықтаған шопырдың қолынан кілт түспейді. Аяқ астынан ауылға ауданнан өкіл келіп, шопандарды аралайтын болады. Өкілдің аты – өкіл, Ізхан бөтен кісінің алдында шаруаға қырсыздығын сездіргісі келмейді, ұстамайтын тормыздың тетігін ышқырындағы резинамен байлап қояды. Сирек деталь, әрі нанымды. Қази оны аса табиғи күйінде суреттей білген. "Жаратылыс" әңгімесіндегі Мыңғыстың да бір басына әпенделігі жетіп артылады. Жас жігітке ауыл басшылары жаңа трактор бермей әуреге салады. Мыңғыстың диплом алмаса да, Алматыда бір-екі жыл институтта оқығаны бар. Оны әкім-қаралар ескерусіз қалдырады. Жан-дүниесі шерге толы Мыңғыс пәлсәпалық трактаттар жазуға кіріседі. Іске қырсыз дала қазағының Алматыдағы жүріс-тұрысы өз алдына әңгіме. Ренжисіз бе, күлесіз бе, өзіңіз біліңіз.

"Ақ жалау", "Қазанбай", "Азалы күн" әңгімелерінің жұлыны түгелдей Қарақұм адамдарының тыныс-тіршілігіне арналған. Кейініректе жазылған "Шөңтөбе, Шотай, Балдәурен" повесі дәстүрлі "Жалын" бәйгесінің жүлдегері атанған.

Қазидың суреткерлік талғамы тым биік болатын. Өзіне қатаң талап қоя білетін Қази өзгелерден де сондай биіктікті талап ететін. Көп оқып, көп ізденетін. Көп оқитын дегеннен шығады-ау анда-санда Сыр өңіріне жол түсе қалған сәтте өзге таныстарымыздың бәрін ысырып қойып, бірден Данабаевты тауып алатын едік-ау. Оның қашанғыдай ақжарқын мінезі, құшағын ала жүгіретін достық пейілі... Бізді ұшақтан түскен бойда қонақүйге жақындатпастан қала орталығындағы қызыл кірпішті еңселі шаңырағына сүйрелейтін. Бәріміздің де уақытқа тәуелді екендігімізді несіне жасырамыз. Сол бірге болған бірер сағаттың ішінде-ақ Қази бізді де кәдімгідей қанаттандырып, байытып тастайтын. Алдымен өзі суыртпақтап Алматыдағы әдеби ортаның қаіргі хал-ахуалын сұрап білмек болады, өзі құралпы жігіттердің не жазып жатқандығын да қағыс қалдырмайды, енді бірде Қазидың арасында екі иығы селкілдеп рақаттанып күліп алып, әдебиет туралы шешіле әңгімелегенін көрсеңіз! Алты мұхиттың ар жағындағы пәлен деген қаламгердің "мынадай шығармасын оқыдың ба?" дегенде кәдімгідей қысылыңқырап қалатындығымыз рас-ты. Ол әсіресе тарихи дүниелерді бақайшағына дейін талдап беруге сондай шебер-ді. Ал аласалау жазу үстөлінің үстіндегі ескілеу жазу машинкасының қасында тарихи кітаптар үйіліп жататын.

Қази қашан болмасын ақ қағаздың киесінен қорқатын. Ол өз басынан өткізген өмірлік құбылыстардың қыр-cырын жақсы білем-ау дегеннің өзінде де, алас-қапаста отыра қалып, сүйкей салудан бойын аулақ ұстайтын. Ол жазбай жүргеннің өзінде де жазып жүретін, әрине, басына, зердесіне. Өмірдің құпия-сырын толыққанды түсіндім,білдім-көрдім,толыққанды сезіндім деген адам оңбай қателеседі. Жазушыға керегі де осы қауіп.... мұны өз шығарамашылығына сенімсіздікпен қарау дегенмен әсте шатастыруға болмайды. Ол қауіп-алған тақырыбымның бүтін-болмысын,жұлын-жүйкесін сол күйінде дөңгелентіп бере алдым ба деген қауіп... Үнемі қайта айналып соғуды қажет ететін қауіп. Тасқа басылғанды балталасаң да бұза алмайсың деген түсінік бар. Қағазға түскені-сенің мұраң,сондықтан оның бөлек-салақ күйде бір қайнауының ішінде жатпағандығы абзал ғой. Жазба, жаныңды қинап жатқан кім бар.Ал ақ қағаздың киесінен қорықпай, қолға қалам алған екенсің, жазғаның үнемі ондыққа тиіп жатсын, жұрттың жүрегін дір еткізерліктей ішінде бірнәрсесі болсын. Дәні болсын деген жаттанды ұғым қанымызға сіңісті болып-ақ алған, ал бұл жерде дәннен гөрі жүректі бір дір еткізгені маңыздырақ, соның салмағы мықтырақ.

Ана жылдары құрметті демалысқа шыққан қарияның да, әке-шешесіне хат жазарлық қана сауаты бар кеңсе қызметкерлерінің де өткен ғасырда өмір сүрген ата-бабасының рухын жырлағансып,жабылып жазып жатқан тұста Қази сәл үнсіз қалды. Сірә, сонысы дұрыс еді. Шығармашылықтың, рухани құндылықтың еріксіз екінші планға ысырылғандығын сезіне білді, материалдық байлықтың басакөктеп төске өрлегендігін де кәдулгі тамыршыдай тап басты. Сөйтті де Қази алтын уақытын босқа өткізбей, қолға түсе бермейтін аса сирек кітаптарды Орта Азияның, Ресейдің кітапханаларынан сұрау салып алдырып оқыды. Оның көбімізден оқ бойы алда жүретіндігінің басты себебі де осы болатын. Және ол көбімізден өмірді де өзгешелеу түсінетін, дәл Данабаевша қабылдайтын. Жаттанды,жауыр болған пікірлерден де бойын аулақ ұстауға тырысатын.

Тағдырдың дәл осыған келгенде қолтарлық жасағандығын қарасайшы! Адал дос, ардақты азамат, қарымды қаламгер Қази жайлы әңгімені де өткен шақпен өзегіміз өртене баяндауымызға тура келіп тұр. Бұлай болар деп кім ойлаған. Біз бір-біріміз туралы есетілік айтайық, кітабымызға алғысөз жазайық деп ойлап па едік?! Кеше ғана құлын-тайдай бірге өскен айта бастасақ, сырымыз да, жырымыз да таусылмайтын.... Қази дос, сенің қайда асыққаныңды қайдам, бәріміздің қабырғамызды қайыстырып, бәріміздің санамызды сансыратып, үн-түнсіз ана дүниеге аттанып кете бардың. Біз бір топырақтан дүниеге келсек те бір-біріміздің жан-дүниемізді толықтай түсініп те болған жоқ едік қой. Сенің екі иығың селкілдеп, барыңмен рақаттана күлетін күлкің қандай еді! Сен достың жетістігіне бүкпесіз қуана білетін адал жүректі азамат едің. Қызылордаға Алматыдан іссапарлап бір қаламгер баратын болса, бірден сенің әдірісіңді беретінмін. Бұрын –соңды аралас-құраласыңның жоқтығына қарамай, сен де қалам ұстағандарды шын ниетіңмен қарсы алатынсың. Олар сенің үлкен жүректі азаматтығыңды ұзақ уақытқа дейін тамсана айтатын. Ара-тұра "Қазидың жағдайы қалай екен?" деп үнемі сұрастырып жүретін. Сенің зор тұлғалы бітіміңе қарап, нағыз қазақтың нар жігіті ғой деп іштей тамсанатын да қоятынбыз. Ал алған беттен қайтпайтын өжеттігің екібастан. Тұрмыста да, шығармашылық жолда да сен жұрттың соңынан салпақтауды жаныңмен қаламайтынсың. Алда жүрдің,ортада жүрдің.... Сенің озық ойлылығыңды, алғырлығыңды,кісілігіңді, әрі көп білетін білімдарлығыңды Сыр бойындағы көп ағайындар сөзсіз мойындайтын еді. Көзіңнің тірісінде де сен шет-жағасын көріп кеттің. Өзім араласқан біраз жігіттер "Қази не дейді екен, алдымен Қазиды тыңдайық" деп саған кәдімгідей арқа сүйейтін. Тұстастарыңды былай қойғанда, жасы үлкен ағаларыңның да саған ықыластары ерекше еді.

Аздап сырқаттанып жүргендігіңді де ішіміз сезетін. Ал сен бар болмысыңмен соны бізге сездірмеуге тырысытың. Сенің өмірге деген құштарлығыңды қайтіп айтып тауысамыз! Соңғы рет Астанадағы орталық клиникалық ауруханада жаттың, күліп-ойнап қарсы алып, күліп-ойнап шығары салатынсың. Қапыда қатарымыздан кетіп қалатындығың ойымызға кіріп шықпайтын. Сен біздің мұрынымызға иісі бармайтын қайдағы бір ем-домның түрін айтып, тағы да сұңғылалығыңмен үнсіз мойындататынсың. Бауырға жасанды жасуша енгізуге (трансплантация) барыңмен сеніп бақтың. "Жақсы болып келе жатырмын, сәтін салса аяғыма мініп кетемін" деп армандайтынсың. Қытайға да барғың келген. Сенің әңгімелеріңді тыңдай отырып, осының бәрін қайдан оқып жүр деп те таң қалатынбыз. Палатада өзіңмен бірге екі аяғы сал болып қалған он екі-он үш жастағы, Оңтүстіктен келген екі көзі мөлдіреген бір бала жатты. Сен өзіңнен гөрі сол бала тағдырына көп алаңдайтынсың. "Жақсы адамның жанына жаттың да ауырғаны батады" - деп Әйтеке атамыз бекер айтпаса керек. Елге барған соң осы бала туралы бір керемет дүние жазамын деп айтып қалғандығың да есімде. Өкініштісі,сол шығарманы да өзіңмен бірге әкеттің. Бала да көп ұзамай көз жұмды.

Сырқаттанып жатқандығыңа қарамай менің соңғы жинағымды да бастан-аяқ оқып шықтың. Пікір білдірдің,пікірлерің де мірдің оғындай дәл, нақты. Сол сөздерің құлақ түбінде әлі күнге дейін күмбірлеп тұр.

Сенің кітабыңа алғысөз жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірсейші. Амал жоқ, осылай болды. Бармақ тістегеннен енді сенің орның түгенделе қоя ма?! Тәубе, тәубе дейсің,ішіңнен мың-cан мәрте қайталап. Артында ізің қалды,жарың, балаларың,немерелерің қалды.

Із, артында із қалғаннан артық бақыт бар ма! Сенің тағы бір ізің – осы кітап. Қарақұм өңіріне түскен сенің іздеріңді әлі де осы жинақтың өн бойынан іздейтін боламыз. Мынау сөзсіз Данабаевтың іздері дейтін соны іздер. Оны әлдекімдердікімен шатастыруға болмайды. Ол тек Қазидың іздері.Енді сол іздердің соңы соқпаққа айналғандығын тілеуден басқа не қалды біздерге...

Қуаныш ЖИЕНБАЙ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Хикаяттар

САҒЫНЫШ ЕКЕН БАЛА КЕЗ...

Көкек пен қазан

... Ең алдымен менің есіме иесіз даладағы қыстаулар оралады. Шіркін, сол қыстаулардың кірпіші алтыннан қаланса керек-ті, жылулығын әлі күнге дейін сезінемін. Аяғымды басып жүгіріп кеткен кезім-ау деймін, өйткені, мені далаға көтеріп шығарып жүрген жанды әлі де елестете алмаймын. Дала шуақ болатын, соған қарағанда, жердің беті енді ғана қыза бастаған көкек айы. Ал көкектердің дауысын сол маңайдан естіп "Бұлар қай жақтан дыбыс беріп тұр" деп төңірегімді шола қарайтынмын. Көкек заманында байдың қызы екен, суға бара жатқан әкесінен әлденелерді сұрап "Айтшы, көке, айтшы, көке" деп мазасын алып қоймағасын: "Өй, көкек болғыр" деп ұрысқан соң Атшакөкекке айналып кеткенін кейінірек білдім. Сол кездері ел арасында:

Бір құс бар ауылымда көкек деген,

Алдымда тереземнің секектеген, - деген ән еститінмін.

Менің сәби кезімнен тасалап тұрып, жанға жайлы әуенін қайталай беретін сол көкектер қайда жүр екен?

Көкектен де асып түсетін дүниенің қызығы мол болушы еді. Бәрін де байқап көру үшін күнде-күнде үй ауласынан шеткерілеу жатқан қазанға келемін. Қазанның бір жағы сынып, тоқымдай орны ойылып түсіп қалған. Адам тәрізді, селтиген қос құлағы бар, жаны бар мақұлықтай. Маған сонадайдан қарап тұратын. Қолыма қандай темір түсетінін қайдам, әлгі қазанды бүйірінен ұрсам болды дыңылдаған дыбыс шығады да шым-шымдап төңірекке түгел тарай бастайды. Қазанды ұрған соң ізінше ыңылдай көтеріліп, төбемнен түспей қоятын сол бір ғажайып дыбысқа құштармын. Мүмкін менің ғашықтық сезімім қазанның үніне деген нәркес сезімнен бастау алып, сол дыбыстың өзі сияқты әріге ұласып кеткен шығар. Ол - жер бетінде жоқ әдемі әуен-ді, атылған мылтықтай тарс етіп кең далаға жым-жылас сіңіп те кетпейді, көз алдыңда, құлағыңның тұсында ілгері-кейінді толқындап әткеншек тебеді. Жарық дүниеге көз ашып қарағаннан есімде қалған көкек пен осы қара қазанның салған алғашқы әнім менің, сондықтан да күн сайын ерінбей-жалықпай келіп құлақ қоя тыңдайтыным. Қазір де түрлі қалалардың мұнаралы басындағы үлкен қазандарды ұрғылап, оның даусын қала халқына таратып жатқандарды көргенде сәбилік шағым көз алдыма елестейді. Сондықтан да жер бетінде мен үшін қазан мен көкек үнінен киелі де, кепиетті ештеңе жоқ.

ҚАҢЫРАҒАН ҚЫСТАУЛАР

Айналамызда ел көрінбейді, олар қайда кетті деп сұрап жүрген мен де жоқпын. Апамның атымды атап, оқта-текте шақыратыны бар.

- Сержан қайдасың?..

Сондайда әлгі қаңыраған қыстаулар да: "Сержан қайдасың? Сержан қайдасың?" деп жан-жағымнан әңгірлеп қоя береді. Шешем екеумізді даусын мазақ еткендей айнытпай қайталайтын қорқынышты қыстаулардың қалайша сөйлейтініне таңмын. Үрейім ұшқандықтан аяғымды апыл-тапыл басып, үйге қарай қалтақтай жүгірем. Үй екі бөлме-ау деймін, әкем соның төр жағында төсекті қалың салдырып тырп етпей жатады да қояды. Бұған дейін әкемнің басымен арпалысқан боз айғыры болған; ердің қасында бауынан ілінген дорба бар, дорбаның ішінде жылаған кезде қолыма қыстыра қоятын тәттінің неше түрі бар. Өзі төсек тартқаннан бері боз айғыр көрінбейді, тәттілер де көзден ғайып болды. Кейінірек сұрастырсам, әкем әспіге шалдығып, басқармалығынан түскен. Боз айғырды арқыратып жаңа бастық мінді, қиыны - боз айғырдың үстінде ұмыт кеткен дорба. Науқастың қимылдауға селі көтермегесін, көшкен жұртта жалғыз үй қала бергенбіз.

Әлі күнге дейін елсіз-сусыз жерде нені қорек етіп отырғанымыз мен үшін әлі жұмбақ, сөкет те болса айтайын, өзім емшек емемін. Дегенмен осы кезең біздің оттың басы үшін үлкен ауыртпалықты бейнелейтіндей. Өйткені, әлгі ескі қыстаулардың арасында мені қолтығына қысып ала қашу үшін тығылып жүрген үбіжіктер бар.

АПАЛАРЫМ

Кіндіктен жалғыз емеспін, менің Бибінұр, Бибанар есімді апаларым болды. Бибанар екі жастай үлкен, айла-тәсілден құралақан емес, әлденеге таласа қалсақ, бетімді тырнап алады. Сондықтан, шөп-шаламнан құрастырған ойыншыққа жармаспас бұрын, кейін шегіншектей отырып, бір қолыммен бетімді басамын да, екінші қолыммен тартыса бастаймын. Күшім жетпегендіктен кұнібұрын жеңілетінімді біліп, аузым былжырап жылайтыным және бар; естіген жан болса әлсізге көмектеседі, әйтпесе қолымдағыдан айрылып қала беремін.

Бибінұр қамқор, білегімнен ұстап жетектейді, жүре алмасам, арқасына салып алуға да қауметі келеді. Бірде мені арқалап, ақ қабақтың баурайына жайылып жүрген ботаны ноқтасынан жетектеп түсе бергенде, ойнақтап келіп берсін... Екеуміз де екі жаққа құлап түстік, жылап жүрміз, біріміздің-бірімізге жанымыз ашиды... Үрейімізді ұшырып, дегеніне жеткен бота, бас жібін сүйреткен күйі есік алдына барып, әлі есімізді жия алмай жүрген біздерге "менімен ойнаған қалай болады екен?" дегендей масаттана қарайды.

Маған су топырақтан қабырғасын тұрғызып, үстін малдың сағымен жауып, үй жасап беретін Бибінұр көптен бері жоқ. Елегзіп, бауырымды іздеймін, бірақ оның ізінен сұрау салуға шамам қайда? Ер жетіп, ес білген кезде байыбына жетсем, Қани деген атамыздың Ақтілеу деген жалғыз баласы өртеніп өліпті. Әке-шешесі жылап-сықтап үйден шықпай:

- Бибінұр, бізге ермек болсын баламыздың орнына... Асырап алдық демейміз, кейінірек өздеріңе қайтарып береміз, - дейді.

Әжемнің қарсылығына қарамастан, туыстарының көңілдерін қимаған әкем мен шешем Бибінұрды: "Бар, сол үйге бала бол" деп берген де жіберген. Өртенген баланың күйігі сол бір оттың басына оңайға соқпағаны рас, бірақ үлкен апамның үйден қол үзіп кеткені маған да ауыр соқты. Сағынып себепсізден себепсіз көп жыладым.

Бибінұр барған туысқанымыздың үйіне де "ермек" бола қоймаған, сирағы майысып барып құдықтан су әкелу, самаурынның түтініне қақалып-шашалып жүріп шай қою сияқты жұмыстар - кішкене қыздың мойнына мінген. Осы хабарды есіткенмен, баласын алып қайтуға әкеміз құдайдан қорқыпты. Бірақ, бірінші класқа барған жылы каникулда Бибінұр біздің, яғни, өзінің үйіне қашып келді. Есі кіріп қалған қыз туысымыздың үйінен көрген ақірет-азарларын жылап айтқан соң, "барып, бала бол" деп айтуға ешкімнің жүрегі дауаламады.

ҚОРҚЫНЫШТЫ ТҮН

...Біз сол баяғы ескі жұртта отырмыз-ау... Үйіміз күтпеген жерден қуанышқа толды да, Бибінұр мен Бибанар мәз-мәйрам. Мен ес білгеннен бері біздің үйдің желпініп отырғанын көргенім сол, оқыс қуанышты тосырқап қараймын. Абыр-сабырдан бойымды аулағырақ салмаққа әкемді айналып, қолтығының астынан көз тастағам. Бибінұр оқудан оралған екен, шашының арасын айрып өргендіктен, жатырқап жүрмін. Мені қуалап ұстап алғысы келеді. Азар да, безер шыға қашамын. Өйткені, жанында бейтаныс адам бар. Ол - менің әскерден демалысқа шыққан көкем.

Көптен бері көрінбей кеткен пешеней-кәмпит отбасымызға ойын-сауығымен оралды, апаларым өлең айтты да, менің тәттіден аузым босамады. Тіпті, кәмпит ораған қағаздардың өрнектеріне дейін жұтып қойғандай әдемі, сондықтан оны да тіске салып шайнаймын. Себебі, әдемі нәрсе тәтті де болуы керек қой.

Көкем көп болмады үйде. Мен солдат киімдерін киіп, құмарымнан шығып үлгермедім, оянған кезде төрдегі төсегінен таба алмадым.

- Көке-е!..

- Көкең келеді күнім... Жаңа ғана қала жаққа жаяу-жалпы кетті, - деп шешем ту алыста сағымдары ойнап, теңіздей толқыған көкжиектерді көрсетеді. Бірақ, "келеді" дегенді түсінбеймін, көкем маған қазір керек өйткені.

- Көке-е!..

Бірінші класқа барғаны болмаса Бибінұр да алдағанға сене салатын бала емес пе, біз үшеуміз ұбырып-шұбырып, апамның көзін ала бере, даладан көкемді іздеп тауып алуға шықтық.

- Қалайда көкемді қуып жетемін, - дейді Бибінұр арқасындағы маған.

Ауылдан ұбырып-шұбырып өріске шығатын мал жоқ болғандықтан, иесіз қыстаулардың төңірегіне түз шөптері қаулап өсуші еді, ал еркектей бастаған жантақтың бойынан бірімізді біріміз көрмейтінбіз.

- Көкем, ана бұтаның арғы жағында тығылып отырған шығар, - дейді кішкентай Бибанар жан-жақты қолымен нұсқап. Әріректе бірдеңе қарауытып қимылдайды...

- Көке, көке!

Солай қарай тұра жүгіреміз. Барсақ, желмен шайқалған қураған жантақтың саяудай-саяудай түбіршіктері болып шығады. Кеше ғана арамызда жатқан көкемді елегзи іздеп жүріп, біраз жерге барып қалғанымызды байқамадық, төңіректі қараңғылық пердесі тұмшалай бастағанмен, қанша дауыстасақ та көкем жауап қатпады.

Үстімізден қанаты сусылдап, ілгері-кейінді қарлығаштар ұша бастады ма, түнерген аспанның төсінен белгісіз нәрселер үрей үйіріп біздерді жан-жағымыздан қаумалай түсті. Иесіз қыстауларды басыма көтеріп жылауға кірісіп едім, екі апам маған қосылды. Қызыл іңірдің кезінде жетімсіреген үшеуміз қоңыр қозыдай болып маңырап тұрмыз. Даусымызды есіткен апам артымыздан жүгіріп келді.

- Құлыным, құлыным!.. - Қою қараңғылықтан қорқынышым бар, қарнымның ашқаны айырбас, апамның омырауына басымды тығып, бүрісе отырып өксимін. Апам басымнан сипайды.

- Қарғаларым-ау, тұрған жерлерің мидай жазық қу мекиен дала ғой, ... елсіз жерде үбіжік жүреді... Бұл жақта не ғып жүрсіңдер, қаңғалап?

- Көкем, көкем қайда?.. - Мен одан арғысын айта алмай, еңіреп қоя бердім. - Көкемді сағындым...

ДҮЛЕЙ

Қарақұлақ сырттан жөнінде жұрттың аузынан жиі естимін. Қасқырды көрмесем де атынан-ақ қорқам, сонда да болса әжемнен қайталап сұраймын.

- Әже, әже, қасқыр қыз көрсем қайтем дейді?

- Қыз көрсем қызыл өңешіме салып аламын дейді.

- Кемпір көрсем қайтемін дейді?

- Кеңк-кеңк күлемін дейді.

- Шал көрсем қайтем дейді?

- Шалқамнан түсіп жатамын дейді.

- Ал, ұл көрсе ше?..

- Ұлы қабақтан асып қашамын дейді...

- Әже, әже, Сержан ұл ғой...

- Ұл! Сержаннан қасқыр қорқады, оны көргеннен зәресі қалмай, қабақ-қабақтардан асып қашып кетеді.

Мен тұрған жерде қасқырдың жоламайтынын естіп апаларым мәз болады, өзім де мәртебеленіп қоқиланып қаламын.

Апам айтады: "Қоралы бала-шағамызбен үйіріліп қашанғы отырайық, әкең таяқ сүйеніп жүруге жарағасын-ақ ескі қоныстан көштік" дейді. Ол кезде жердің ызасы бетіне жақын жата ма, әлде табиғатта сондай бір белгісіз құдірет пайда болды ма, көктемгі жауыннан тұрып қалған көл аумағындай қақ суы жыл он екі айда жерге сіңбей мөлдіреп жатады екен. Халық сол суға егін салып, қауын, қарбыз, тары, жүгері егеді.

Біз де сондай бір ауылға көшіп барыппыз. Менің есімде қалғаны: жаздыкүні жағалай тігілген үйлер, дабырлап сөйлеген қыз-келіншек, егіс басына аттанып бара жатқан ер адамдар. Әкем мені алдына отырғызып егінге ала кетеді. Міне, осы кезеңнен біздің ауырмалықты бөлісіп арқалаған әжемнің бейнесі менің есімде ұмытылмастай сақталыпты. Кенеттен ауыл үстін аласапыран қылып, қазан-аяққа дейін төңкеріп, бүкіл әлемді алай-түлей еткен алапат дауыл көз алдымда. Мен қорыққаннан әжемнің маңайына бұғып жата кеттім, басымды көтерсем, төбемізде үй жоқ. Қасымыздағы жүкаяқ үстімізге құлап, әжемді басып қалған, шырылдап ұшып тұрдым. Менен сәл ғана қауметтірек кемпірді қолынан тартқылап, жүкаяқтың астынан суырып ала алмай әуремін. Қайдан жүргенін кім біліпті, қасымда өңіреп-мөңіреп бұзау тұр.

Ел айтады: Біз егінде жүр едік, сонау құм қолтығынан айдаһар сияқты қара бұлт көтерілді де, ауылдың төбесіне қарай шырқап шыға берді. Сол кезде егіндікке тауықтың жұмыртқасындай бұршақтар тасырлап түсе бастады. Егіс басындағылар, күн саябырсыған кезде, бала-шағаларын ойлап ауылға қарай шапты. Келсе, киіз үйлер жоқ. Әр жерде шашылып уық-кереге, шаңырақтар жатыр. Шетінен жау шауып кеткендей жайрап қалған. Елде Айман деген ісіне мығым, әр уықты шегедей қадап, бас құрды шіреп байлап, босағасына дейін қазықтап көметін жесір келіншек бар еді. Соның үйінің жұрты ғана қалыпты. Ауыл адамдары атқа мініп ізім-қайым жоғалып кеткен үйдің ізіне түссін. Бір-екі қыр асқан кезде биік қабақтың ықтасындау жерінде еш жері бүлінбей тікесінен тұрған үйді көріп, жұрттың бәрі Айманның мұқияттығына жағаларын ұстап, таң қалып келді. Ал, қалған үйлердің бәрі керегелерін қайта көктеп, шаңырақтың күлдіреуіштерін жамап-жасқап жаңадан салып, тамтығы қалған ағаш үйдің сүйектерін құрастырып баспана жасады. Есімді еміс-еміс білетін кезде көрген табиғаттың аласапыран күйін көз алдыма елестету әлі қиын.

Бұның ауырмалығы елге тиді. Қарбыздар қақ-қақ бөлінді, басылған тарылар жапырыла жатып қалды, ел ішінде бей-берекетшілік басталып, ауылда үлкен төбелес болды. Кім-кімді ұрып жатқанын білмеймін, біреудің есігінің алды апыр-топыр болып, өзара қырқысқан дүрмекті көрдім. Арашаға аурудан тұрған әкем де барған, солардың аяғының астында қалса керек, ойбайымды салайын. Шешем әкемді қолтығынан демеп, үйге қайтып келеді екен:

- Айыру бермесе, бірін-бірі түтіп жесін, - деп келеді.

СӘТСІЗДІКТЕР

Біз қыстауға көштік. Үйде дауыл кезінде әжемді басып қалатын кебеже бар еді, соны көшкен кезде түйенің бір жағына қомдап, ішіне Бибанар екеумізді мойнымыздан қылқитып отырғызып қоятын. Баратын қыстауымыздың түбінде өзекше сор бар, соған жете бере, түйе батпақтан аяғын тартып ала теңселіп тұрып, құлай кетті. Қоршау ішінде отырған әжем байғұс домалап сордың үстіне түсті. Оны көргесін ұялас балапандай Бибанар екеуміз кебеже ішінде жылап қоя бердік.

Күн жауын-ды. Әкем мен шешем бірімізді жетектеп, екіншімізді қолтықтай жүріп, әжеммен бірге өзектің бергі бетіндегі иесіз қыстауға әкеліп тастап, түйе мен заттарды аман сақтап қалу үшін кейін қайтты.

Ымырт үйіріліп, қас қарая бастаған. Әр жерде сұңқылдап бірдеңе дыбыс береді.

- Бұл не? - деймін.

- Байғыз ғой, - дейді әжем қыздырманың аузына жалғыз қолымен шөпшек жиыстыра жүріп, сірәсі, от жаққысы келеді. Тамызық тұтанып, бөлме ішіне жарық түсті, бірақ пеш тартпады ма, бөлме ішін көк түтін кернеп кетті. Біз қиқылдап жөтелгесін, әжем үйдің есігін ашып қойған. Сәл-пәлден соң, пеш гүрс етіп, опырыла құлады. Пеш түбіне ыңғайласып орналасқан әжемнің от үстемелеймін деп түрегеліп кеткені әбүйір болды. Аман қалдық.

Талай рет төніп келген қатердің қолын періште қақты ма, от пен судың ортасынан аман қалып, ілгеріге мойнымызды создық. Түн ішінде балшыққа малшынған түйесі мен сынған-бүлінген сандықтарын артып, әкем мен шешем келеді екен.

АЛҒАШҚЫ МАШИНА

Сол жылғы қыс мен үшін үлкен жаңалық ала келді. Аулымыздан тұңғыш рет машина көрдім. Тоқтаған соң, қорғалақтап қасына барғам - алқынып қалған төбеттей ырс-ырс демігіп, ішектері шұрылдайды.

- Адам-ай, орыстың ойлап таппайтыны жоқ! - Әжем де әлгі машинаны қолымен ұстай жүріп, бір айналып шықты. Кетер кезінде дүр ете қалған машина қалш-қалш етіп, шымырқанған ат секілді табанының астын тарпып, бір-екі уыс топырақты атып-атып жіберді де, зырылдап ала жөнелді.

- Адам-ай, орыстың ойлап таппайтыны жоқ-ау...

Есігіміздің алдында бір-екі төбетіміз болатын, әлгі машинаны тырағайлата қуып, қыр асып кетті, әрине, олардың қандай шаруа бітіріп қайтқанын білмеймін, бірақ мен содан кейін машинаға ұқсап, азанда от алып оянып, жүрсем, башпайларыммен топырақ шаша жүгіріп, ұйықтар кезде де пысылдап жатып көзім ілініп кететін. Машинаға ұқсап шегінемін деп жүріп, шелек толы суға түсіп кеттім. Шелектің ішіне денеммен бүктетіле сиып кеткеніме қарағанда, тіпті кішкентаймын-ау деген ой түседі.

КҮМІС ТИЫНДАР

Қыстың суреті бәрінен де ғажап, бірақ соны қасына барып өз қолыммен ұстап көрейін десем, менің аяқ киімім жоқ. Сондықтан әжемнің сүйретіп жүрген ескі галошын іліп есікті ашып тұрамын да, төңірекке көз саламын. Әсіресе, ауылдан атты қонақ шықса болды, олардың ізінен абалап иттер де үре ұмтылады, солармен қат-қабат жалаң аяқ мен де жүгіремін... Себебі, үйдегі қонақтар атын жемдеп-сулап сәскелікте аттанады. Бұл кез қардың беті күн сәулесімен құбылып жататын ғажайып уақыт. Жер бетіне ақ түсті қар емес, нарттай жайнаған қызыл масаты төсеп тастағандай құлпырады. Сол қызыл масаты сыдыртқан аттың тұяғынан бұрқылдай көтеріліп, шашасына дейін қызыл бояуға көміп жібергендей ме... әйтеуір ат аяғының түбінен көтерілген қызыл шұғыланың ішінен жылтылдап, күміс тиындар шашырап ұшқандай болады. Тиынды жақсы көремін, ол менің омырауымда да, апамның шашбауы мен әкемнің қалтасында да кездеседі. Сондықтан шығар: "Е-е, қонақтың қалтасынан саудырап тиын түсіп жатыр екен ғой" деп ойлаймын. Солардың бірін де қалдырмай теріп алғым келіп, аттылының ізінен тұра жүгіремін. Оппа қарды ойып түскен тұяқтарының ізі ана жерде, мына жерде кішкентай шұқыр болып жатады. Қалтырап-дірілдеп тұрсам да, сол інгешектерге қолымды дендете жуан білекке дейін тығып сүңгітіп, әлгі тиындарды іздеймін. Қолыма, саусағымның басы тиісімен еріп жүре беретін мұздай қар ілінеді. Қанша рет еңбегім зая кетіп, құр алақан қайтып жүрсем де, қонақтың ізінен ере жүгіруді ауылдағы иттер де, мен де қоймадым. Сол кездері көзіме елестеп кететін күміс тиындар шынымен қарға шағылысқан күн сәулесі ме екен, әлде немене? Сәби жүрегіме қылаң беріп жатқан елеңнің алғашқы ұшқыны ма? Себебі, бүгінгі күнге дейін қыс айларында қар бетінен сол күміс тиындардың жарқылын көргендеймін.

ҚАБЫЛБАЙ

Үйге өткінші жүргіншілер жиі соғады. Ондайда менің жүрегім өзімде жоқ, кімнің де болса алдына жатырқамастан отырып аламын. Бұл әдетім көлденең келген көк аттылардың бәріне бірдей ұнамайтын шығар, әйтеуір менен құтылғанша асығатындай. Бүйірінде атша шауып отырған баланы қолының сыртымен байқатпай ығыстырып көреді. Оған тапжылатын мен жоқпын. Ақыр болмағасын әлгі кісілер де бас білген тайдай жөнге келіп, ыңыранғаннан басқа үн шығармайтындай болады.

Бір күні біздің үйге тілі сақау, күлдіргілеу сөйлейтін, желкесінде шоттиып шыққан шиқаны бар Қабылбай деген кісі келді. Жантайып жатқан әлгі ағаны ат қылып мінейін десем, шиқаныма тиіп кетеді деп ойлай ма, басын бұғып зар қақсайды.

- Атыңды естіп жүй едім, бая, мен саған өйең үйиетейін, - деді бір кезде. Тілін қызықтап тұрдым да, бұл ұсынысына қуана келістім.

- Үйрет.

- Домбия бай ма?

Біздің үрім-бұтағымыздағы үлкен кемшілік сол, біреуі домбыра шертіп, "әу" деп ән айтуды білмейді, сондықтан ондай аспап үйімізден табыла бермейтін. Қабылбай қатты қысылғандай болды. - Апимай, ә... Шашпа, бая, - Содан кейін қазан-аяқ жаққа жүгіріп барып, қолына оқтау алып оралды. Оқтаудың да құлағын бұрап, күйін келтіргендей шертіп біраз отырды да:

- Өйең шикіңді айтпағаныма көп болып еді. Мына баяның тауы шағимасын деп...

Үйде өзге де адамдар бар еді, "дұрыс, дұрыс" деп жатыр.

- Шу бай ма, - деді Қабылбай, - Қазии тамағы түшкии кеуіп қаяды ғой.

- Бар, бар...

- Қызыл шай әкел, - деді әкем есік жақтағы шешеме.

Қабылбай шайдан бір ұрттап алды да, бар даусымен айқайға салды; қолындағы оқтауы шұнаң-шұнаң етеді. Жұрттың бәрі қыран-топан күлкі, "жыраудың" онымен шаруасы жоқ.

Паявоз...

Айқылда,

Сайқылда,

Жанған оттай жайқылда...

Бала да болсам, күлкі шақыратын біраз өлең айтқызып, түн жарымына жеткенше отырған шығармыз. Мен ұйықтап қалыппын, бірақ оянысымен Қабылбайша қолыма оқтау алып, "Паявоз, айқылда, сайқылда, жанған оттай жайқылда" деп өлең айтуға кірістім. Бұрынғыша қонақтардың мазасын алмай, қайта сақауланып өлең айтып көңілін көтеремін.

"ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН"

Тағы да жаз. Біз қонған шұңқырда үй аз, бала басы да санаулы. Ойындарының бағытын кейде ұқпай қаламын, сонда да болса қатарларына қосып алады. Өзім де ұзақты күнге үй көрмей, айналма болған қойға ұқсап, солардың жанынан шықпаймын. Көбісі жасы үлкен қыздар, мені жиі-жиі түртпектеуіне қарағанда, аса сүйкімді емеспін. Кейде есемді жібергім келмей ойыншыққа таласып та көремін, бірақ ешкімге әлім жетпейді.

Бір күні бәріміз шұбырып ауыл маңындағы ай тақырға бардық. Сол тақырдың бетінде үлкенді-кішілі тастар жататын, соларды жинаймыз. Оған мен де қатысамын. Бәрімізді бастап жүрген Нәзира деген қыз:

- Ал, енді үй саламыз, - деді.

- Қалай, қалай?..

- Қазір көрсетемін.

Шынымен адам отыратындай кең бөлмелі үй соғар деп ойладым ба, тергіштеген шақпақ тастарды етегіме салып үйе бердім. Нәзира тастарды қатарластырып тізіп, төрт бұрыштың нобайын келтірді де, "төр үй" деп біреуін бөлекше қоршады. Мен саралап жүріп жинаған тарғыл тастарды осы төргі үйге жұмсады. Сосын, ауыз бөлме, шылаң, қора – бәрі салынды. Есік деп қалдырылған ашық жермен кіріп-шығып жүрміз. Нәзира бәрімізді тәртіпке келтірді.

- Мен қазір келіншек боламын, сосын шелегімді алып барып, түйе сауып келемін. - Бұл арада "түйе" де - тас, "шелек" те - тас әрине, бәрінің орнын белгілеп қойды. Бір қыз – кемпір, бір қыз – бесіктегі бала, іңгәлап жылайды, оны тас "табақпен" жауып, қылқылдатып сүт ішкізеді. Ара-арасында, баланы емізіп те алу керек, Нәзира "емшек" береді. Байқап отырмын үй ішінде орнын таппай құр қалған мен сияқтымын.

- Мен не боламын? Мен ше? - Нәзираның қыңқылдап қасынан кетпедім.

- Сен маған бай боласың.

- Орә, орә! - Бұндай оңайдан табылған ақылға қалған қыздар қолдарын шапаттап қуанды да, мен енді "бай" болуға кірістім.

- Сен отыр, - деп алдыма тас "дастархан" жайды да, "самауырдан" "кесеге" шай құйып беріп отыр. – Енді сенің жатуың керек.

- Мынау төсек, - деп "төргі бөлмедегі" тақырдың үстін қолымен сипап жіберді де, басыма жастық деп бір тасты салды. Мен сол тасқа, шекемнің ойылғанына қарамастан құлай кетіп, "қор" ете ұйықтауым керек. Басымды да, жамбасымды да жаңағыдай "құс төсек" жеп барады. Ойынның ережесін бұзбасқа сыр білдірмеймін, аяғымды айқастырып шалқамнан түскенмін.

Тұрып-ақ кетер едім, "келіншегім" жүгіріп келеді де құлағыма былдыр-былдыр сыбырлайды да:

- Түсіндің бе? - дейді.

- Түсіндім. - Мен қауақтай басымды изеп белгі беремін.

- Шай ішіп, домбыраңды тартып жат, - дейді.

Мен айтқандарын екі етпей орындаймын ол: - Кешкілік келемін ғой, - деп шығып кетеді. Бірақ оның бұл әрекеттерін түгел ұқпағандықтан, басымды көтеріп:

- Шай қайда? - деймін.

- Сен де бір бәле болдың-ау, - Нәзира мені шынымен некелі күйеуіндей көріп, шаптығып сөйлейді. - Құмыңды ішкір, ішсейші мә, қақсай бермей... Өзімнің қолым тимей жатса, бір жағынан бала, - деп алдыма ірілі-уақты бірнеше тасты лақтырып жібереді.

Е-е, белгілі, мен шынымен кәделеп шай ішеміз деп ойласам, тас кесені ерніммен иектеп сораптауға тиіс екенмін. Төбемнен күн өтіп, мыж-мыжым шығып отырғандықтан, "шай ішесің" деп алдағанына наразылық білдіремін. Нәзира болса тағы да:

- Мына балаға қарай тұр деп – тағы бір тасты ұстатып кетті. Өзі сиыр саууға тысқа беттеді.

Мен "келіншегіме" тіпті риза емеспін. Оның үстіне шекеме батқан қырлы тастың орны зар қақсап барады, қолымдағы "баланы да" ереже бойынша селкілдетіп жылатпауым керек, күннің астында қалғып-мүлгіп басым ауырайын деді ме, жылауға айналдым. "Бай" болудың қиын міндет екенін сол жолы білдім.

Малды байлап, шаруасын бірыңғайлап, уһілеп үйге келген "келіншегім":

- Қазір көзге түртсе көргісіз түн болды. Төсек саламын, - деп тақырдың үстін тағы да сипалап-сипалап. - Жатуымыз керек, - дейді. "Алдымен сен жат" деді де, баяғы көпшік деп қойған үп-үлкен тасын нығарлап көрсетеді. Менің мұндай өтірік өмірге жыным тырысты.

- Жатсаң өзің жата бер! - Мен де ерегісіп алдым. Бағанадан бері үстінде жағдайсыз жатқан тасқа құлай кетуге құлықты емеспін. - Бірінші сен баста.

"Ерлі-зайыпты" екеуміздің арамызда кикілжің осылайша өріс алып кетті. Есіктің алдында жайылып жүрген қой-ешкілер қайтадан адам қалыптарына келіп, біздің "шаңырақтың" қалай қарай қисаятынын бағып, екінші жағынан Нәзираға болысады.

- Жатсайшы, ойын ғой, жатсайшы...

Менің тіпті, сөз өтпейтін миғұла екенімді көрген Нәзира, ертелі шай беріп отырған көк тасты алды да, онсыз да ауырып тұрған шекеме тоқылдата ұра бастады. Бірақ мен қос қолдап ұстаған "баладан" айрылған жоқпын, оған әрине бауыр етім елжіреп бара жатқан жоқ, өйткені тасы түскір үй мүліктеріне өз қолыммен қосқан "үлесім" еді. Сол үшін Нәзираға тұқырайып отырсам да, өз дегенімен қайтпайтын қаркестілігіме әбден күйді ме, "қалап алған байы" екенімді де ұмытып, бірден желкеме мініп, желкеме тізесін тірей тақырға қарай бассын. Өліп барамын, көзім мұрнымның тұсында тақалып тұрған сирағына түсіп кетті де, ауызды салдым келіп.

- Ойбай өлдім, ойбай!..

Жіберер бәлең мен емеспін, тісті бақадай жабысып, басыма тиген тасқа да қарамадым. Әзер дегенде босанған Нәзира аяғын ұстап отыра кетті. Бұдан әрі қарай таяқ жеп қалмау жағын қарастырып, ауылға қарай қаша жөнелдім. "Күйеуінің" опасыз болып шығып, сазға отырғызғанын көрген Нәзира атып тұрды да, бағана "бала" деп ұстап отырған тасты өзіме қарай жіберіп қалды. Абырой болғанда "бала" басымнан асып қаңғалап кетті. Сөйтіп біздің "шаңырақ ортасына түсті", мен басымды қайттап, "некелі әйелімді" сонадайдан көрсем қашқалақтап жүріп, ақыры "ажырасып" тындым.

ҚЫЗЫЛША

Сол жылғы қыс біздің көршіміз Толыбай деген шал, әйелінің аты Қағаз еді. Аты Қағаз болғанмен, заты қағаз емес, көмірдей қара, көзі аларған, тайпақ бет үлкен әйел. Мен ол кісіден тайсаламын. Қағаздың менен үлкен баласы бар, шешесінен түр-түсі аумағандықтан, онымен ойнау да қауіпті тәрізді. Сондықтан жалғыз өзім машинадан қалған ірілі-уақты дөңгелектерді тауып алып, жер жетпегендей күл-қоқыстардың арасында заулап жүремін. Езуім көпіргенше гүрілдеп, титықтайтыным сондай, бір күні жайма қораның шуағына маужырап, далада ұйықтап қалыппын. Толыбай қойды қораға қамайын десе, бір бұрышта пышылдап жатқан "құбыжықты" көріп, дүрлігіп кейін толқиды дейді. "Ішіне ит кіріп кеткен бе?" деп назарын салса, аузынан су ағып, дөңгелегін құшақтай құлаған мені көрген. Содан кейін үйдегілердің бәрі қорқытып-үркітіп, әр түрлі құбыжықтар жайлы айта бастады.

- Далаға ұйықтап қалсаң, шайтан қағып кетеді...

- Қаққанда қайтеді?

- Аузың желкеңе шығып, көзің тас төбеңде жанып тұратын болады?

- Ал, бұрынға аузы-мұрнымның орны тас болып бітеліп қала ма?

- Ол араға қалқиған құлақ шығады, сосын құлағы салбырап кеудеңе соғып, күндіз-түні дөңгелегіңді қуа бер.

Шынымен қорқынышты. Осындай жантүршігерлік оқиғаларды көз алдыма елестетіп отырып, өткен жолы аман қалғаныма қуанам. Олар әлі де менің санама сіңіре түскісі келеді.

- Далаға ұйықтаған кезіңде перінің қызы Бекторы аңдып тұрып, жеп кетеді сені.

- Содан соң не болады?

- Сосын бүйтіп ирелеңдей отырып. - Саусағын қимылдатып көрсетеді. - Бекторының тамағынан өтесің де, ішегімен жүріп қарнына түсесің.

- Қарнынан кейін қайда барамын?

- Одан кейін бе? - Олар да ойланып қалды. - Сосын қойдың құмалағындай жұмалап-жұмалап жерге түсесің де, сені "ап" деп қасқыр жейді.

Қасқырдың атын естісімен үнім шықпай қалады. Осыдан соң біраз уақытқа дейін үйден ұзап кетпейтін болдым.

Бір күні аулымызға беті қисайған бір кісі келді. Аузы желкесіне шыға қоймаған, бірақ жағының қапталында тұр. Сол арадан тамақтанып, сол арадан күледі.

- Аға бала кезіңде далада ұйықтап қалған ба? - дедім. Әкем маған "Өшір үніңді" дегендей көзін алартқасын, аңтарылып қалдым.

***

Анда-санда төбесін көрсетіп, есіктің қыр көзінен кейін қайтатын Қағаздың балықтай қара баласы бір күні, қыр ізімнен қалмады. Мен оны өнеріммен таңқалдыру үшін, ортасына өткізген дөңгелегімді қаттырақ айдап, ши-шидің арасындағы сиыр салып кеткен қатқыл жолмен тоңқаңдап жүгірейін. Анау ойын қызықтағандай, алысқа ұзап кетсем де соңымнан борсаңдап, ішек-сілесі қатқанша күледі. Оның маған соншалық мән бергеніне масаттанып, бұрынғыдан да қаттырақ жүру үшін жан дәрменімді жұмсап, ой-қыр демей ұрынамын. Әбден жүгіре-жүгіре сілесі қатып шаршаған бала, қайтар кезінде май құйрығымнан түртеді. Иманым тас төбемнен шықты, бағанадан бері көршімнің таң-тамаша қалып жүргені өнерім емес, балағы тобығына түсетін ұзын дамбалым бар еді, соның ту сыртындағы тігісі сетінеп кетіпті. Мен дөңгелек айдаймын деп еңкейген кезде, Қағаздың баласы кино көргендей шұқшиып ішек-сілесі қата шиқылдайтын еді-ау. Мәселенің байыбына барғасын қалған абыройымды алақаныммен басып, үйге қарай тұра жүгірдім.

Содан кейін біраз мерзім үйден шықпадым, ұялғаннан емес, төсек тартып ұзақ уақыт ауырдым. Күндіз-түні күйіп-жанып жатамын да, көзімді жұмсам, құдыққа құлап судың түбіне кетіп бара жатқандай аласұрам. Көп ұзамай денемнің әр жеріне қызарып тарыдай-тарыдай дақтар пайда болды да, бара-бара киіздей ұйысып тұтасып қалды.

- Ақұдай, ақұдай, енді тәуір боласың. - Мен үшін көздері құрғамай отырған әке-шешем әр жерімді сипалап көреді. - Бұл қызылша ғой.

Олар айтқандай бірден келеге келе қойғам жоқ, қызуым қайтпай ұйқылы-ояу тірліктің арасында мәңгіріп жаттым. Үй ішінде болып жатқан әңгімені түгел естимін.

- Қағаздың баласы да қатты жығылған екен. Қызылшасы бетіне шықпағасын ба, денесі өртеніп жатыр, - дейді шешем.

- Індет қой, - Жалғыз ұлынан ұзамаған әкем маңдайымды уқалайды. - Бұл өзі доғдырға көрсететін ауру емес...

Ертеңіне де сәмсіреп өң мен түстей бір күйімде жатыр едім, құлағыма еміс-еміс шешемнің үні келді.

- Қағаздың баласы шетінепті-ау...

- Жаңа ғана көзін аша алмай жатқан...

- Көне қоныста барлық баланы баудай орып жатыр дейді, біздің жайымыз не болады екен?.. - Шешем үнсіз жылап отыр. Әкем дыбысыңды шығарма дейтін белгі берсе керек, сыңсыған үн әлдеқайда жоқ болады.

- Құдайға сиына бер, - әкем жәй ғана сыбырлады. - Сен осы арада бақауылдап отыр, мына үйге көңіл айтып, кіріп шығайын.

Бір күні қуығым байланды. Дөңбекшіп, төсегімде бүктетіліп, жылап жатырмын. Әкем мен шешем "не жаздым" күйге түсіп, құдайына "ақ сар бас" айтты, бірақ біздің үйде ондай атаулы мал қайдан болсын.

- Дүние-мүлкім сенің жолыңа садаға, - әкем есіктен бас жібінен жетектеп торпақ алып кірді, құйрығының ұшынан кесіп отқа көңірсітті. - Осыны әруақтарға атадым.

Не құдірет күштің әсер еткенін білмеймін, буыным босап, байланған қуығым жүріп кетті. Әулие-әмбиелерге жалына-жалбарына, алыс ауылдағы атышулы тәуіп болған кісінің ұрпағы деп, адам шақырып, жаңағы торпақты бердік. Тағы да қой сойылды. Сол кештен бастап, маған әлдеқайдан күш ене бастады. Келген қонақтарды қызықтап жатып, жан-жағыма алаңдаймын. Күлдім. Әке-шешем мәре-сәре қуанып, табандары жер иіскемей зыр жүгірді.

Көретін жарығым бар екен, көзім үңірейіп, тізем-тіземе соғып, қалтырап-дірілдеп орнымнан тұрдым. Терезенің жақтауынан тырмысып тысқа қарап едім, дала самаладай жап-жарық. Көкжиектен көтерілген күн, "қалай тәуірсің бе?" дегендей күліп қарайды, мен тұнжырап төмен қарадым.

ТОЛЫБАЙДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Аурудан айықпастан бойым сергігенге, далаға шыққым келді. Оның екінші себебі бар. Мен жаныммен арпалысып жатқан күндері, көңілімді аулағысы келді ме екен, әлде "жалғыз ұлымыздың үстін бүтіндемейтіндей не күн туды?" деп ойлады ма, әке-шешем үстінде жолағы бар, су жаңа костюм-шалбар әкеліп көрсеткен. Соны тезірек иығыма іліп, ауыл маңындағы машина жолдың бойымен, одан әрі шеген құдыққа қарай жүгіргім келеді. "Әлі саған жүруге болмайды, әлсізсің" дегеніне қарамай қыңқылдағысын, шешем үстіме костюм-шалбарымды киіндіріп, есіктің алдына шықты. Жаңа киімнің буы ма, немесе шынымен сауығып кеттім бе, ұшатын құстай қомданып, әрлі-берлі көп жүрдім. Киімдерім құйып қойғандай екен, жеңіме балағыма қанша қарасам да көзім тоятын емес, осы қалпымда үйге кірмей жүре бергім келді. "Салқын тиеді" деген шешемнің сөзіне құлақ аспадым. Түнде жапалақтап қар жауды деген; дүние кіршіксіз таза, әрі жап-жарық екен, соны аман-есен көргеніме сүйінші сұрағандай шапқылап қораның сыртын бір айналсам деймін. Дегенмен, буын-буыным қалтырағасын, сәби көңілім өз-өзіне әлі де сенімсіз.

Қора жақтан "ырқайт, ырқайт" деп қой қайырған Толыбайдың даусы құлағыма келеді. Есік алдынан ұзап шығып, бойым тосырқаған тірлікке көз салып едім, сонадай жерде бір-бірімен иықтасып өріске қарай беттеген қой-ешкілер аққан судай толқындап барады. Менің назарыма отар ішінде дара жүретін "Еділбай қошқар" ілікті. Аяғын ырғаң-ырғаң басып, шабатын аттай кербезденіп, маңғаз жүріп барады. Қызығ-е-еп кеттім! Бір-екі аттап қуып жетіп, қыр арқасына секіріп мініп алсам, жаңа костюм-шалбарым жарқылдап, ауылдың ортасымен жорғадай тайпалтып тартып кететіндеймін. Қиялдап тұрып, өзімнің ай жарымдай сал болып жатқанымды, әлі де бойымды билеген әлсіздік барын, тіпті даусыма дейін қалтырап шығатынын ойдан шығардым. Бар күшімді жинап, таяқ тастам жердегі қошқарға ұрлана жақындадым да, "қолым жетеді-ау" деген шамада, көкшулан жүндеріне қос қолдай тап бердім. Қошқар менен мұндай әбжілдікті күтпеген екен, осқырына атылып қаша жөнелді. Табаным-табаныма тимей зырылдап, миым солқылдап, "Еділбай қошқарға" еріп қанша жүгіргенімді білмеймін. Әбден еліріп алған, мүйізі қарағайдай қызулы қошқар бет алды құла дүз шапқыламады, топырлаған қойдың ортасынан бұрылатындай қалтарыс тауып, жалт бұрылды. Жердің үстіне түнде түскен қар бар, бір отар қойдың тұяғымен езіліп, миы шыққан қойдың құмалағы бар, солардың үстімен аспан мен жерді қоса құшақтап әлдеқалай қарай домалап барамын, домалап барамын. Есеңгіреп қалыппын, қолымды жүрелей жерге тіреп түрегеліп бере киімдерім ойыма түсті. Жаңа ғана иненің көзінен өткендей су жаңа костюм-шалбарымның сау тамтығы қалмаған, өңірінен бастап, балағыма дейін сағал-сағал бет көргісіз. Ішім удай ашып кеткеннен бақырып жылап жібердім. Толыбай аттың үстіне қонып үлгерсе керек, қора жақтан дүрсілдетіп шауып келді де, малмандай болып аяқ баса алмай тұрған менің қасыма домаланып түсе қалды.

- Айналайын-ай, жылағаның Қартбайжанның даусынан айнымайды екен ғой... Өзегімді өртеп жібердің ғой... сол ма деп едім... - Толыбай еңкілдеп келіп, тонының өңірін айқара ашып, баурына басып алды. Үлкен кісінің жылағанын бірінші көруім бе, қорыққанымнан үнім шықпай қалды. Оның жүзін жуған жылы жас суымастан бұршақтап келіп бетіме тамады. Маңдайымнан, қолымнан, мұрнымнан сүйді.

Мен Толыбайдың құшағынан босаған соң, шешем бесік жасындағы баладай көтеріп үйге әкеле жатыр.

- Қарағым-ау, қарағым, саудырап қу сүйегің қалыпты ғой... Шықпа деп айтқаныңды неге тыңдамайсың?..

Мені мазалап келе жатқан ой мүлде басқа, оның сауалын апамнан іздеймін.

- Апа, Толыбай атам неге жылайды?

- Сен неге жыладың?

Көкірегімді әлі де өксік буып тұр. Көзімнің алдында сап-сары ала болып есіліп қалған костюм-шалбарымды саусағыммен шұқып көрсетемін.

- ...Мынаған...

Шешем мені сол айғыз-айғыз, сабалақ күйімде баурына басты.

- Толыбай атаңның баласы сен ауырып жатқанда қызылшадан өліп қалды ғой... Қартбай ше?.. Оның да жалғыз баласы еді, қартайғанда көрген...

- Неге өлді, апа?..

- Қызылша деген бәле өзімен ала кетті ғой... Құдай қарасып, сен аман қалдың... Соны неге түсінбейсің?..

- Баласы өлген адамдар жылайды ма, апа?..

- Қой айта көрме бәленің атын. - Апам мені айқара құшақтап, баурына қатты қысты. - Баласы аман адам жылаушы ма еді?

Мен мұнан кейін де жүгіріп ойнап кете алмай, үйдің ішін төңіректеп көп жүрдім. Әлсізбін. Әкем әлдебір шаруалармен қала жаққа барып қайтып еді, маған түрлі-түсті бояулы қаламдар әкеліп, оны өткір шаппасымен ұштап берді. Ендігі ермегім сурет... Ақ парақ жоқ-ау демеймін, үйдің қабырғасы, есіктің жақтауы, кішкене орындығымыздың аяғы демеймін, қолым қалт етсе сурет саламын. Өзіме опық жегізген "Еділбай қошқар" да осында... Оған жүгіріп бара жатып, тыраң асып құлап жатқан өзім де бармын. Атынан секіріп түсіп, ебіл-дебіл шығып жылап отырған Толыбайды да айнытпай бейнелесем керек. Көзінің алдынан сорғалаған жасын сүйретіп әкеліп тонының етегіне жеткіздім, оған да місе тұтпай, кішкене көлшік жасадым. Басына тымағын кигіздім, сақалын ұмытқам жоқ, байпағын қоса көрсетемін деп екі аяғын және келідей қылдым. Көптен бері көз алдымнан кетпей жүрген көріністі сурет арқылы жеткізгеннен кейін, жаным тыншығандай жайбарақаттанғам.

Әкем есіктің бетіне салынған бұл суретке қарап тұрып, ұқсата алмаса да менің ойымды тереңнен түсінеді.

- Өшіріп таста, үлкен кісіні әлемештеп есікке салып қою ұят болады.

Ал, шын мәнінде, Толыбайды мазақ ету ниетімде жоқ еді, бұл менің өмір тұрғысындағы тырнақалды туындым болатын, ол сезімімді жеткізе алмаған соң, әкемнің айтқанын қылып, әлгі суретті үстінен бастыра бояп тастадым.

СЫРТТАННЫҢ АЖАЛЫ

Әкем әспіден құлан-таза айығып кетпегенмен, ыңқыл-сыңқылына қарамай тіршілікпен қоян-қолтық араласып кетті. Ол кісінің жоқшылық заманнан үйренген бір кәсібі - аңшылық. Ашаршылық заманында әулетімізді аман алып шыққан әкемнің қандыауыз қақпандары мен жүгірткен иті шығар. Бір өкініштісі - әкем осы аңқұмарлығын жақсы заманда да қоя алмады.

- Обалы бар ғой... Қоян-киік демейсің, түйеге теңдеп артып келесің... Бір алған текең де бір айлық азығымызға жетеді ғой... Жұртқа үлестірмесең, көңілің көншімей ме, қойсайшы осы әдетіңді, - деп шешем екі күннің бірінде құдайдың зарын қылады. Оған құлақ асатын әкем жоқ, қысы-жазы далаға қарай елеңдейді де отырады. Аңшылықты мен де теріс көрмеймін, қақпан қарауға ілесіп бірге шығып жүрмін. "Сарықұс" деген тазы мен "Құттөбет" деген күшігіміз бар. Мен ес білер кезде "Сарықұс" қартайғандықтан әбден алжасты да табанының астынан қашқан қоянды көзі көрмей, алдымен иіс тартып алып, сол иісті қуалап шаламын деп жүргенде айдалаға қаңғалап кететін. Нәті иттен дегенмен "Сарықұсты" қаңғыртып жіберуге әкемнің көзі қимайтын болса керек, қыстың суығында да кәрі тазыны аяғының астына алып ұйықтайды. Ақыры, оның ажалы көшкен елдің иттерінен келді. Жұлым-жұлымы шығып таланғасын, қостың қасындағы кепесінен шықпай үш күн жатқан. "Сарықұсқа" тамақ құюға барса, өліп қалыпты. Бишараның тағдыры аянышты болды. Ендігі жерде "Құттөбетті" ертіп жүріп аң аулаймыз.

"Құттөбетті" - әкем иттің сырттаны деп бағалайды. Рас шығар, қасиеті көп мақұлық еді. Жаюлы тұрған етке назарын салмайтын, өткен-тұрған жолаушыларға жөн-жосықсыз үрмейді, бірақ ауылдың маңына ұры көзденіп соғатын бұралқы иттерді жолатпайды.

- Әке, иттің сырттаны деген не? - деймін, құрған қақпандарымызды жағалай көріп келе жатқанда сөз қашырып.

Аңшылық туралы әңгіме болғанда әкемнің ашылып кететіні бар.

...Ертеде маған туыстығы жағынан нағашы, Қилыбай деген кісі өмір сүріпті. Өзі сіңірі шыққан қу кедей екен, тіршілік етуі қиындағасын алыста қалған ағайындарын іздеп, ел тентіреп келе жатады. Әбден шаршап, қарны ашып, жүруге шамасы қалмай қалжыраған кезде мидай жазық далада көшкен ауылдан қалған жабық қораға кездесіпті. Соның ішіне кірген Қилыбай көз іліндіріп, әл-дәрменін жинап алмақшы болып қисайса, ұйықтап кетеді. Әлден уақытта сатырлаған дауыстан оянса, төңірек түгел қараңғылық, көзге түртсе көргісіз түн екен дейді. Бірақ қораның бұрыш-бұрышынан бұған қарап, шоқтай жанған көздер көрінеді. Қилыбай мұның қасқырлар екенін біліп, дүз бөрісінің оттан ғана сескенетінін ойлап, қалтасынан шырпысын алады. Қораның қабырғасына өрген қызыл дүзгендерден алдына үйеді де, шетінен шырпы тигізіп, от қояды. Қора іші самаладай жарқырап, бұған қарай бұрыш-бұрыштан көздері жайнап жылыстай жақындаған он қаралы қасқырдың күжірейген жоталары көрінеді. Қилыбай жетеді-ау деген жерге келіп қалғандары болса, томарды жайлап алып, солай қарай лақтыра бастайды. Бірақ, аштықтан көзі қарайған қасқырлар мұның лақтырған шоғын бүйім көрместен, бір қыңсылап алып, мұны құрсаулауға айналады. Түгел төңіректен жанұшыра жәрдем сұрағанмен еститін құлақ жоқ. Қилыбайдың жаны алқымға келеді. Бір мезет қораның төбесін сатыр еткізіп, буылдырықтан тағы бір бөрі сылаң етіп ішке түседі. Қилыбай "шаруам енді біткен шығар" дей бергенде, бағанадан бері жер табандап жатқан қасқырлар атып түрегеледі де, мұны айналып, жаны қыдыра ышқына қашады. Шығарға тесік таппай қиналғандарды көк желкесінен ұстап алған тайыншадай алпауыт бір шайнап лақтыра береді. Бұл иттің сырттаны екен, бөрілер оны бірден танып қалып бастарын сауғалаған.

Әп-сәтте қасқырлардың бәрін жайратып салған сырттан Қилыбайға қарап тұрып, құйрығын былаңдатып мұның алдына түседі. Көп жүрмей-ақ үйлер көрінеді. Жылқылары шұрқырап, қойлары маңырап, малы мыңғырып жатқан байдың ауылы екен. Көзі қарайып ашығып жеткен Қилыбай боз отаудың жанына таяй бере, есік алдындағы астаушаның ішіндегі қуырдаққа көзі түсіп, бас салады. Оны көргендер: "Бұл етті жеуге болмайды, бұл сырттанға арнайы қуырылған" деп жолатпаған екен.

Қилыбай сөйтіп сыртанның арқасында аштықтан да, ажалдан да аман қалыпты.

Біздің "Құттөбеттің" де сырттан болуы ғажап емес, ол "тоқта", "алдыңда қақпан бар", "әне қоян қашты", "киік", "жат, тұр" деген сөздерді қалпелсіз ұғады. Осылайша әкем екеуміз саяттап жүріп бір ғажап аңға кезіктік.

Белгілі орыннан сүйретпесімен қақпанымызды таба алмадық. Бізден бұрынырақ жеткен "Құттөбет" те әлденеге ақырын қыңсылайды. Әкем түйеден түсіп, әуелі аңның ізін қарады.

- Шашасы сүйретіле тиіпті, сірәсі шошқа болар, - деді қызыл түзгеннің жұдырықтай жігерінен шоқпар жасауға кірісіп жатып. - Алысқа ұзай алмайтын аң.

Мен қорқып кеттім. Шөгерулі түйенің үстінде қалғым келмей, қиғылық саламын.

- Аға, үйге қайтайықшы.

- Қақпанды қайтеміз, шошқаға береміз бе? - Әкем менің үрейленгеніме жайбарақат күлді. - Егер көрем десең, қазір ізіме ер.

Амалымның жоқтығынан, костюмінің етегінен тас қылып ұстап, бір елі қалмай келемін. Әкем шошқаның ізіне түсіп аяғын жаймен басып еппен жүреді. Томар, баялышы ұйысып өскен қалыңдық екен, әрбір бұтаның түбінен өмірімде көрмеген аңым бізді аңдып, атылуға оқталып жатқандай елестеп кетеді. Сәлден соң тоқтадық, әкем қолымен биік өскен томарды нұсқады. Қараймын, көлеңке бетінде бірдеңе ысылдап демалатын тәрізді. Енді солай қарай әкемнің өзі беттеді. Жүрегім жарылып кетуге сәл-ақ тұр. Күтпеген жерден бірдеңе сарт ете қалды. Мен қорыққан көжектей, бүк түсіп отыра кеткенімді білемін.

- Қорқып кеттің-ау деймін, міне, көр шошқаны, - деген дауыстан соң басымды көтердім.

Келсем, тісі сойдиған, тайыншадай, түкті бәле табанымыздың астында сұлап жатыр. Шоқпар қара тұмсықтан тиген-ау, танауынан жылыстап қан ағып жатыр, тұяқ серіппей жан тапсырған. Анда-санда қиқ-қиқ етіп, ішін тартады. Құттөбет шошқаның маңайына келмей, мұрнын көтеріп кейінірек қалды.

- Бұл мәкіру зат қой, жаман иісі болғасын итке дейін жоламайды. Еті харам, - дейді әкем.

Әкем қақпанның серіппесін де орамалымен сыртынан ұстап, қандауызын топырақпен ысқылады. Орамалды лақтырып жіберген соң ғана, сүйретпесінен көтеріп кері бұрылды. Осыдан соң "Құттөбеттің" сырттандық қасиетіне шүбәм қалмаған. Алайда, Құттөбет те иттігін жасады. Басына ноқта кигізіп, үстіне атша мініп ойнайтын әдетім бар еді. Күннің ыстығында әлдеқайдан шаршап келіп, хошы болмады ма, бір жолы "арс" етіп бетіме шапты. Жүзімді қан жуып кетті. Көзімнің алдына тыртық пайда болып, жақсы көретін итімнен қалған ескерткіштей әлі жүр. Осыдан соң-ақ үй ішінің оған деген ықыласы сұлқ түсті, өліміне де сол себепші болды-ау деймін.

Ми қайнаған шілденің ыстығында аңға кеттен әкем, ауылға шауып келді.

- Тездетіп шәйнекке қүйып су беріңдер...

- О, не болды?

- Құттөбет шөлден әлсіреп, бұтаның түбінде қалжырап қалды.

Әкем келген ізімен қайта шауып кеткен, барса басын төмен салған "Құттөбет" қылжиып жатыр екен.

Иттің бұл қазасына үй-ішімізбен қатты өкіндік, оның өліміне себепші болған адамша, көп уақытқа дейін кінәлі болып жүрдім.

***

Үйімізден белсеніп жұмысқа адам шыққаннан кейін, отбасына шыр айналайын деді. Әкем маған ниет етіп, бүлкілдеген жол жорғасы бар құла бие сатып алды. Ізінде "Сұр көжек" деген құлыны бар екен, біз алмас бұрын қасқырға алдырыпты. Содан кейін туған құлынның атын "Тарта шап" қойдық. Өзі мүсіндей сұлу, әрі жорға. Жемді қолдап беремін, таңертеңнен көлеңкеге келіп, мені тұмсығымен түртіп оятып алатын. Шекер, нан демейді, талғамай жейді. Жалынан тартып, үстіне секіріп мінсем де, селт етпейтін қасиеті бар, қайта бүлкілдеп жол жорғасына басады. "Алдағы жазда "Тарта шапқа" салатын ашамай соқтырып беремін" деп жүрген әкем. Есіл-дертім құлынға ауып, өзге дүниеден бейхабар жүргенімде, мектеп жасына жетіппін.

Ауылда Қамысбай деген туысымыздың баласы бар, жасы он бірге келсе де, оқу десе ат-тонын ала қашатын, еркелеу тентек бала еді. Қой ауылда, қыстау басында бірге ойнаймыз. Мұғалімдер жайлы қилы-қилы әңгіме айтатын Қамысбай, жүрегімді шайлықтырып тастаған.

- Мұғалімдер іздеп келген кезде ауыл қабағындағы кебенге кіріп кетсең, таба алмай кейін қайтады. - дейді.

- Ал, ұстап алса ше? - деймін.

- Ұстап алса, құлағыңнан бұрап, атқа өңгеріп алады да, бірден мектепке алып кетеді. Сонда барғасын сабағыңды оқымасаң, қараңғы бөлмеге апарып қамайды, тамақ бермейді, басыңнан тықымай алады.

Әкемнің мұғалімдер жөніндегі әңгімесі бөлек еді, мен енді екі оттың ортасында қалғандай тән-тәнмін. Оның үстіне бояу қаламның тұқылымен кейбір әріптерді жазып, жүзге дейін санау білетінмін. Қосып, алу да қолымнан келеді, алайда, Сайлаубайдың айтқан "үбіжік" мұғалімдерінен соң оқуға жүрегім дауалар емес. Каникулға келген апаларымнан мұғалімдер жайлы сыр тартып көремін. Шынында сабақ оқымайтын балаларды құлағынан тартып, желкелеп, қамап тастайтыны рас сияқты, "бірақ жақсы оқығасын бізге тимейді" деп тағы қояды. Ендігі жылы қандай күй кешетінімді білмей әрі-сәрі болсақ та, ақ қабақтың басында ойнап жүргенбіз. Қамысбай:

- Ойбай, құрыдық, ауылға мұғалім келе жатыр, - деп, кебенге қарай тайраңдап қаша жөнелді.

Шынында, қыр басында аттылы екі адамның қарасы көрінеді, іздерінде жетектеулі түйесі бар ма, әлде не қарауытып желгіштегендей болады. Ол кезде мұғалімдердің оқушыларды осындай көлікпен жинап кететінін білуші едім. Шындап сасайын дедім. Тіпті, болмағасын Қамысбайдың ізінен тұра қуып, биік шоқыда көлбеген кебенге мен де қойып кеттім. Екеулеп жүріп шөптің арасын үңгіп қаза бердік, қаза бердік. Әлден уақытта шөмеле арасынан терең құдық тәрізді шыңырау пайда болды да, біз соған түсіп, ізімізді жасырып жауып, төменге кеттік. Осы қалпымызбен жылжи-жылжи кебеннің бүйіріне жетіппіз. Сол арадан саңлау жасап алып ауыл жақты торуылдап отырмыз.

Келген қонақтар көліктерін байлап үйге кіріп кетті де, ұзақ уақыт шықпай қойды. Көзіміз талғанша қарап отырып, қалай ұйықтап қалғанымызды білмейміз. Дауыстан оянып кетсем, айқайлап жүрген әкем. Одан әрі отыруға дәтім шыдамады. Біздің бұл әрекетімізді ойыннің түрі деп топшылаған әкем ешқандай мән берген жоқ. Тек, үйге жақындай бергенде:

- Сенің "Тарта шабыңды" біреу қателесіп, соғымға сойған екен, өзінікі емес екенін білген соң, етін түйеге артып келді, - дейді.

Құлағым қағас естіді ме, "Ол не?" дегендей селтиіп жүзіне қараймын. Әкем жаңа айтқандарын қайталап берді. Басым мең-зең. Үйге келсем, "Тарташаптың" терісін жайып, етін жіліктеп, тұздап тастапты. Төрде дабырлаған қонақтар бар, ас үйде буы бұрқылдаған қазан қайнап жатыр. "Тарташабымның" жанға жайлы құлын иісі мұрныма келді.

- Бұларың не? - деп жылап жіберіппін...

- Енді қайтеміз? - дейді әкем. - Ағайынымыз ғой, аңдамай сойып тастаған. Әйтпесе, "Тарта шабыңа" тірі пенденің қолын тигізер ме едім.

- "Тарта шапты" да соя ма екен? - Бетімді басып жастығыма құлай кеттім. Түкті түсінетін емеспін, ең болмаса киік, қоян емес, басқа жылқы болса бір сәрі, тең-құрбымдай бірге өскен ақылды құлынның тамағын орып өткен өткір пышақтың ұшы менің де жүрегімді тіліп өткендей... Тіпті, қатемен сойылғанда да сол жерде қалмай ма, оның етін артып біздің үйге әкелгені несі?

Мен "Тарта шаптың" етіне де, оны асқан қазан мен түсірген табақты көрсем де теріс айналам. Әке-шешем мұны сезді. Жанымдай жақсы көретін, құйрық-жалы күлтеленген "Тарта шабыма" деген адалдығымды осылай дәлелдедім, одан әріге қолымда қайраным жоқ еді.

Мұғалімдер осы дүрмектен соң көп ұзамай келді. Мен қашып үлгере алмадым. Алдағы жылдың оқушыларын тізімдеп жүр екен, мені біреуі қасына шақырып, жүзге дейін санатып көрді. Апаларым үйреткен әріптерімді де, шама-шарқым жеткенше санап бердім. Санды санға қосқызып, біраз нәрседен хабарым бар екеніне көздері жеткеннен кейін жаңағы аға арқамнан қақты.

- Келер жылы оқисың... Өзің қой ауылда жүріп, іштен оқып туғансың ба? - деді.

Қуанып кеттім. Осы сөздерден кейін қолыма сөмке ұстатып жіберсе, қазір-ақ мектепке жүріп кетуге әзірмін. Мұғалімнен естіген мақтау сөзімді Қамысбайға айтайын деп үйіне жүгіріп кірсем әкесі топатайға салып насыбай үгіп отыр екен.

- Ол үйде жоқ, бір жаққа кетіп қалды, - деді.

Қамысбайдың қайда кеткенін ішім сезді. Мұғалімдер де таба алмай, сарсаң кесекке түсіп жүрсе керек, "көрдің бе?" деп сұрады. Мен "білмеймін" дегендей басымды шайқадым. Шынында, менің оны көрмегенім рас қой.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар