Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Абдолла Қарсақбаев фильмдеріндегі ұлт тағдыры...

02.10.2016 6777

Абдолла Қарсақбаев фильмдеріндегі ұлт тағдыры

Абдолла Қарсақбаев фильмдеріндегі ұлт тағдыры - adebiportal.kz



карсакбаев.jpg

ХХ ғасырдан бергі адамзат өмірін киносыз елестету тіпті де мүмкін емес. Кейде кешегі толқын өмір сүрген дәуірдің ақ-қарасын айыру, жете тану үшін сол кезеңде түсірілген танымал фильмдерге жүгініп жататынымыз рас қой. Кітаптың бәрі классикалық болмайтыны сияқты, көркем фильмнің бәрі бірдей шедевр бола бермеген. Алайда біз қазақ киносында өзіндік ғажап қолтаңбасын қалдырған режиссер Абдолла Қарсақбаев фильмдері жайында ой өрбітуді жөн көрдік.


Жазушы Қалихан Ысқақ бір естелігінде қаламдас досы Сәкен Жүнісовтың бірде өзін Алматының қиыр шетіндегі жалдамалы суық пәтеріне шақырып, «Жапандағы жалғыз үй» атты жаңа романының қолжазбасын түнімен оқып бергенін, Сәкен серінің арагідік: «Әттең, тізгінді жібермейді ғой, еркін көсілтпейді ғой, шіркін!», - деп қинала бас шайқап, қол сілтеп ашынғанын жазған еді. Бұл да болса, бодандық дәуірдегі көптеген өнер адамының басынан кешкен жағдай еді.


Иә, Сәкен серінің бұл романы тың игерудің қазақ даласына әкелген экономикалық-мәдени игіліктеріне қоса, ұлт руханиятына келтіріп жатқан зардаптарын да түсінер басқа жұқалап болса да еппен жеткізіп отырады. Өйткені соцреализм трафареті ауқымынан шығандап шығуға, елдің өткені мен мұраты жайлы еркін көсілуге мүмкіндік бермейтін. Десе де:


Айтарын ашып айтқан абайламай,

Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!!, -


деп Мұқағали ақын айтпақшы, кейбір тәуекелшіл тұлғалар «абайламай» жазып, мүсіндеп, түсіріп кеткен дүниелерін қызыл империяның қырағы сүзгісінен амалын тауып өткізгендігіне тарих куә. Сондай «абайламаған» жанкештілердің бірі – белгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев. Туғанына биыл 90 жыл толып отырған Абдолла Қарсақбаевтың аты аталғанда, ол түсірген қайталанбас ғажап көркемфильмдер – «Менің атым Қожа» мен «Алты жасар Алпамыс» сияқты туындылар есімізге оралары анық.




Абдолла Қарсақбаевты «қазақ балалар фильмінің атасы» деп атайтыны тегін емес болса керек. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың балаларға арналған тамаша хикаятының мазмұны мен идеясын синтетикалық өнер – кино арқылы мейлінше аша, көрерменді қызықтыра түскендігі режиссердің шеберлігі ғой. Расында кейбір әдеби туынды фильмның көлеңкесінде, немесе фильм туындының көлеңкесінде қалып қоятын жағдай жиі болып жатады. Ал қазақ өмірінің өз ішінен шыққан шығармашыл тұлғалар Абдолла Қарсақбаев пен Бердібек Соқпақбаев – бірін-бірі толықтыра отырып, өлмес халықтық туынды жасады. Яғни тандем сәтті болды. Екі корифей де қазақ баласының өздеріне етене психологиясын қапысыз бере алған шеберлігіне тәнті боласыз! Біздің әңгімеміздің арқауы – Абдолла Қарсақбаев фильмдеріндегі ұлттық қанық бояу. Қанық бояу дегеннен шығады, «асфальттің бетінде өскен қазіргі көптеген режиссерлеріміздің түсірілімдерінен май шаммен қарап таппай жүргеніміздің өзі де осы ұлттық бояу ғой. Өз ұлтының нәзік реңкін қапысыз сезініп түсірілмеген дүние өзге елге қайдан қажет болсын! Ал кешегі алыптар мұндай індеттен аман болған екен. Бұған төменде көз жеткізуге тырысамыз.




Кезінде көптеген халықаралық деңгейдегі талай-талай биіктерді бағындырған «Алты жасар Алпамыс» фильмі де тұнып тұрған халықтық педагогика емес пе! Әсіресе, Алпамыс пен Мұнар ата арасында өрбитін диалогтардан ата мен бала арасындағы ұлттық тәрбие иісі аңқиды:


– Сіздің мектебіңіз не, ата?

– Менің мектебім – тау мен дала, балам!

– Дала сізді қалай оқытады сонда?

– Дала көруді, естуді, ойлауды оқытты.

– Сіз қалай оқисыз?

– Мен бұлтқа қарап оқимын!


Ұлттық атаулының бәрі тәрк етіліп, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген жалаң ұранмен ұлт руханияты жадағайланып жалаңаштана бастаған кезеңде бұл фильмді көрген көкірегінде саңылауы бар қазақ ұланы неге селт етіп, ойланбасын?!


Абдола Қарсақбаевтың «Балалық шақтың кермек дәмі» атты фильмі 1982 жылы түсірілген екен. Сыр бойында тірлік кешкен елдің соғыс жылдарындағы тыл өмірін арқау еткен фильмнің негізгі идеясына бармай-ақ қояйық. Бізге қажеттісі – қай туындысында болмасын айқын бедерленіп тұратын ұлттық таным, тәлім-тәрбие.


Фильмдегі тасқыннан есі шығып, қотарыла көшкен жұтаң елдің ауыр халін суреттеу барысының қым-қуыт динамикасы көрерменге үлкен әсер етеді. Көлки жайылған суға батып бара жатқан самаурын мен шеңбірек айналып ағып бара жатқан шаңырақ, маңырай жүгірген жетім лақ.




– Бесікті тастап кету – ырымға жаман! – деп суға ағып бара жатқан бесікті ұстап алатын кәрі әжейдің аузымен айтылатын мына бір сөз де тым астарлы:


– Өз топырағынан айрылса, ағаш екеш, ағаш та қурап қалады. Өз аулымызға ораламыз ба, жоқ па! Бұл зобалаңды сол сексенінші жылдардың басындағы өз топырағына өгей болған қазақтың тілі мен ділі емес деп көріңіз.


1967 жылы түсірілген «Қилы кезең» фильмін қарап отырсаңыз, отаршылдық дәуіріндегі дәрменсіз, қорғансыз күйге түсіп, сергелдең қазақтың сорлы халін жан-тәніңізбен сезінесіз. Фильмдегі ел ағасы Жүністің он алтыншы жылы ақ патшаға қарсы бірге аттанған, бүгінде өзін тұтқынға алып отырған қызыл командир Тоқтар Бәйтеновке айтатын:


– Сенің жігіттерің менің жігіттерімді, менің жігіттерім сенің жігіттеріңді не үшін өлтірді? Түсінбеймін! – дейтін сөзі сол заманның ақиқаты еді. Қазақ үшін бөліспей жатқан ештеңе де жоқ болатын. Фильмде туған жерден еріксіз «Елім-айлап» ауа көшкен қазақ аулының ауыр трагедиясы, қызыл солдаттардың асудың биігіне «Максим» пулеметін құрып қойып бейуаз халықты қойдай қыруы – қылы биліктің өз қаржысымен көрерменге алғаш рет жол тартып отырған кинотуынды болатын.




– Күндердің күнінде қазақтарға жер бетінде жұмақ орнататын боласыңдар! – деп мысқылдайды тәкаппар Жүніс қарт. Режиссер қарапайым еңбекші халыққа керегі – тыныш өмір ғана екенін Жүністі тұтқындап әкеле жатқан Бәйтеновты көре сала, кетпенін тастай салып, немересін көтере қашатын диқаншы шал арқылы анық сездіргендей.


Арғы бетке өтуге ишарат білдірген Жүністің ұсынысынан бас тартып сенделе басып, құлама жардың ернеуіне сырғанай тырмысқан қызыл командир Тоқтардың дел-сал күйі де алмағайып заманда екіұдай хал кешкен қазақ халінің көрінісі еді. Абдолла фильмдерінің басты ерекшелігі неде?


Әлі күнге бір сұрақ мен аңғарман,

Сұрап келем ақылды адамдардан.

Өзге жұрттың хандары жақсы болып,

Біздің хандар қалайша жаман болған? –


деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағанындай, Абдолла Қарсақбаев фильмдеріндегі қазақтың байлары, ақсақалды қарттары мен ақ жаулықты әжелері, тіпті құйттай балақандарына дейін өр кеуделі, үлкен жүректі, ақылды да айлалы, айтар сөзін діттеген жеріне тигізетін алғыр шешен. Жүніс қарт, Мұнар ата, асыл аналар, пысық тентек Қалихан, ақылды тентек Қожа, алғыр ұлан Алпамыс – бір-бірін қайталамайтын ғажайыптар галереясы. Олардың ғажаптығы осында – әлденеше буын қазақ көрермендері соларға еліктейді, тіпті фильмде солардың аузынан шыққан айтылымдарды жатқа соғатындар да көптеп табылады. Бұл дегеніміз – ұлтының, адамзаттың рухани өмірінде мәңгілік бірге жасаудың кепілі ғой! Мұндай деңгейге, дәрежеге ұлтын сүйген ұлық тұлғалар ғана жететіні анық. Абдолла Қарсақбаев – дәл осындай тұлға!


Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар