Суретте елді аузына қаратып отырған етженділеу аққұба жігіттің есім-сойы – Абыл Кекілбаев. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтің тұңғыш немересі. Түнеукүні астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада, «JASTAR» COWORKING-орталығында таныстық. Абыл сондағы «Болашаққа – үміт, жастарға – сенім» аталатын кездесуге шақырылған екен. Пәлен жылдан бері қалғып кеткен журналистік әуестігіміз оянып, аяқ астынан, бер жақтан біз де бара қалған едік. Соның нәтижесі: өздеріңізге халықтың дидарындағы абыз Кекілбаевтің емес, үйдегі ата Әбіш өмірінің кей сәттерінен там-тұм естелік ұсынып отырмыз.
ИНЖЕНЕР
Абыл ата жолын қумапты. Бірақ атасының ақылымен инженерлік мамандықты таңдаған екен. Инженер болғанда да, қазақтағы қат қызмет – аэронавигация саласының білгірі. Сөйтетін жөні бар. Әуелі Алматыдағы авиация академиясын бітірген. Ары қарай әуетранспорт жүйесі бойынша Ригадан магистрлік білім алып қайтады. Содан кейін Назарбаев университетінің түлегі. ИАТА – Халықаралық әуетранспорт ассоциациясы, Халықаралық авиация ұйымы, Халықаралық аэропорттар кеңесі сынды азаматтық авиация үштігі. Штаб-пәтері Канаданың Монреаль қаласында. Осы үштік жылда әлемнің әр түкпіріне сауын айтып, 2-3 жас маманды тәжірибеден өтуге алдырады екен. Әлбетте алғырлардың алғырын. Міне, біздің кейіпкер сол жерде бір жыл авиациялық біліктілік шыңдап қайтқан екен. Аэронавигация саласында оннеше жылдық тәжірибесі бар Абыл Кекілбаев қазір ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің көлік мәселелері жөніндегі кеңесшісі.
Абылдың өзінің айтуынша мамандық таңдау машақатынан құтқарған адам – атасы.
«Мектеп бітірер жылы не экономист, не заңгер болам деп ниеттенгем. Алайда атаммен сырласқанда, ол кісі:
- Сен инженер болуың керек, - деді. О кісінің өзі де бала кезінде Маңғыстауды зерттей келетін геологтарға көп еріпті. Жазда орыс тілін біледі деп үйдегілерден сұрап алады екен. Сөйтіп жаз бойы Маңғыстауды аралайды. Атамның: «Адам қалайда өз жолын табады. Ал инженерлік білім соған жол бойы жәрдемші болмақ. Математикалық, физикалық ой-жүйенің әрдайым орны бөлек», – деген ақыл-сөзін құп алдым. Сөйтіп біздің елдің авиация саласын зерттедім. Бақсам, қазақтар аз екен. Әсіресе апай-топай тоқсаныншы жылдары ол мамандық бойынша ұлттық кадр даярланбапты. Өз өлшемімізбен алғанда зейнеткері көп те, жастары аз екен. Сөйтіп Алматыдағы авиация академиясын таңдадым», - дейді Абыл Кекілбаев.
ӘБІШ ЖӘНЕ ӘЛЕМ
«Аңыздың ақыры» – Абылдың атасы Әбіш Кекілбаев шығармаларынан алғаш оқыған дүниесі. Сол үшін де ол – сүйікті немеренің сүйікті кітабы. Атасының әдеби мұрасына басы-көз болып жүрген Абыл бауырымыз «Аңыздың ақыры» романын әлемнің 10 тіліне аударуға күш салып жатқанын айтты. Жақында ғана қазақшасы қайта басылған екен. Себебі, Әбіш Кекілбаевтің біраз кітабы дүкендерде жоқ болып шыққан. Сондықтан қайта бастырып, оқырманның қолына жеткізіп жатқан жайы бар. Әбіш ағамыз жетпіске толғанда «Аңыздың ақырын» өзінің досы Анатолий Кимге шыт жаңа қайта аудартады. Орысшаға. Шығарма ол тілге ертеректе аударылған. Және ол жолғысы автордың көңілінен шықпаса керек. Онысын дер кезінде жайып салуға болар да еді, бірақ кісі көңілін қалдыру – басқада болса да, Әбіште жоқ әдет...
«Мүлдем сапасыз деуге болмайды, - дейді ақылды Абыл баурымыз, - Кезіндегі қолжетімді аударманың өзі сол еді. «Аңыздың ақыры» орысшадан соң ағылшын тіліне аударылды. Артынша осы Ұлттық академиялық кітапхананың көмегімен француз және қытай тілінде сөйледі. Оның алдында венгер, түрік, украин тілдеріне тәржімаланған. Атамның шығармаларын өзіміз ғана оқып қоймай, әлем оқырмандарына ұсынсақ деген арманым бар. «Аңыздың ақыры» – сол мақсатымыздың басы».
ЖАЗУ
Әбіш кезекті бір үлкен шығармасын жазып отыр. Өзі айтпақшы қазақ даласының әр тасын қағба тұтып, әр бұтасын – сәжде етіп аспан астын, жер үстін ойша кезіп кеткен. Маңайында, жазу үстелін айнала шапқылап, улап-шулап немерелері ойнап жүреміз. Оларды кабинеттен тырқыратып қуып шыққан жазушы жоқ. Қабақ шытпайды, дауыс көтермейді. Мән бермейді, тіпті. Сол байсалды қалпы жазуын жазып отыра берер еді. Арасында ұсақтарға қағаз, қарындаш беріп, сурет салдырып қояды. Алда-жалда кабинетке ересектер кірсе... Міне ғажап.
«Кабинетке ересектер кіріп келсе, атам жазып отырған дүниесін жасыра қоятын. Олармен әлгі қағаздарын тартпасына салып қойып, әңгімелесетін. Балалық қой, біз кейде бір беті жазылған қағаздарын сұрамай-ақ алып кететінбіз. Шимайлап тастаймыз. Умаждап тастап кетеміз. Соны атам тауып, үтіктеп, бүлініп қалған жерін қайта көшіріп отыратын...», - дейді әйгілі жазушының сүйікті немересі.
ПАЛАУ
Палау – Кекілбаевтар шаңырағындағы жексенбілік түстік ас. Қалыптасқан дағды солай. Өйткені Әбіш аға палауды жақсы көріпті. Осы үйдің бір қызы Қызылордаға ұзатылған екен. Күйеубалалары белгілі агроном көрінеді. Ал белгілі болатыны – ғылым докторы. Күріштің жаңа сұрыбын қалыптастырған профессор. Әбіш аға күріштің тек сол күйеубаласы қалыптастырған түрін ғана талғап, жер шетіндегі Қызылордадан алдырып, бәйбішесіне дәмдеп дәстүрлі палауын бастырып жейді екен ғой. Кекілбаевтің, әлде бұл, білімдар күйеу балаға деген ерекше құрметі ме екен? А?
АБЫЛ МЕН ХАЙЫР
Кейіпкеріміздің Абыл деп ат алуына белгілі сәулетші Сайын Назарбековтың тікелей қатысы бар. Әбіш ағаның тұңғыш немересі дүниеге келгенде, алғаш сүйінші сұраған адамы – өзінің бала кезден бергі досы Сайын Назарбекұлы екен. Сайын ағай сүйіншілі хабарды ести сала, шауып жетеді. Сөйтіп сәбидің астын Әбілхайыр қоялық деп қолқа салады. Сонда Әбіш: «Әбілхайыр балаға ауырлау есім. Тұңғыш немерем Абыл болсын, екінші туғанын Хайыр атайық», - деп уағдаласыпты. Бұл әңгіменің жөргемі бар. Сайын Назарбеков: «Осы Абылдың бірінші жалақысынан маған бөрік кигізесіңдер», - депті. Және солай болыпты да.
«Осыдан 13 жыл бұрын менің алғашқы жалақыма бөрік сатып алдық. Сөйтіп Сайын атамызды үйге түскі шәйға шақырып, сыяпат жасадық. Бір қызығы, бөрік басына сәл үлкендеу болып кеткен екен, атамыз оның ішінен бір тақия қосып киді. Әжем алып жүрген еді, размерден жаңылысыпты», - дейді Абыл.
Біз де қарап отырмай: «Әжеңнің өмірі көргені бір-ақ бас – Әбіш Кекілбаевтің алып басы. Сол өлшеммен ала салған ғой, шамасы», - деп әзілдеген болдық.
АТАМ МЕН ӘЖЕМ
Әбіш аға мен Клара апай бір класта оқыған... Бұ кісілер – бала махаббаты өмірлік сүйіспеншілікке ұласқан жандар. Клара апай Ақтөбедегі медицина институтын таңдайды. Әбіш ағамыз болса-болмаса Алматыда. Екі араны ғашықтар хаты жалғап тұрды. Сондай бір хат қанаты талғанша ұшып, Алатаудың баурайына асығып, шұғыл жетсе керек. Хат иесі оқуының аяқталғанын, комсомолдың жолдамасымен Балқашқа жүргелі отырғанын айта келіп: «Сен енді не етпексің?» - деп түйіндейді ғой. Әбіш аға салып-ұрып ұстазы Зейнолла Қабдоловтың алдына барады: «Маған Ақтөбеге баруға бір билет, қайтуға – екі билет керек», - деп. Қабдолов аға-дос Әбдіжәміл Нұрпейісовпен жалғасады. Сөйтіп ағалардың қамқорлығымен шұғыл «Балқаш операциясының» алдын ораған Әбіш аға мен Клара апай Ақтөбеде некелесіп, Алматыға ерлі-зайыпты Кекілбаевтар болып оралады.
«Ұлы әжем Айсәуленің соңғы баққан шөбересі менмін. Сол себепті де біз әжемді кейде апа, кейде Клара деп баттитып айта береміз, - дейді Абыл, - Апамның атамнан басқа шаруасы жоқ еді. Бала-шағаны Айсәуле әжеміз бақты. Осы күнде кейде апама қалжыңдаймыз, бұрын бізді ысырып қойып, атамның ғана жағдайын күйттеуші едің. Ол кезде түсінер едік. Енді неге бізді ойламайсың деп».
ӘБІШТІҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ
Әбіш аға Кекілбаев өмірден өткен соң, қаламгер мұрасының авторлық құқығы түгел Клара апайға беріліпті. Ал ол кісіде жұбайының мол мұрасын ақшаға айналдырсам дейтін ой мүлдем жоқ. Жарыққа шыға берсін деп, баспасы бар, басқасы бар, сұраған елдің бәріне рұқсат беріп отырған көрінеді. Оның сыртында Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кітапханалардың бәріне Ә.Кекілбаев шығармаларының электронды нұсқасын пайдалануға рұқсат берілген. Авторлық құқық туралы әңгіменің арасында Абыл бізге мынадай бір қызық мысал айтты. Қызық болғанда... қып-қызыл шыжық. Шыжық болатыны – бізде авторлық құқық мәдениеті әлі дұрыс қалыптаспапты ғой. Айталық.
«Қазір атамның шығармаларын неміс тіліне аудару жұмысымен айналысып жатырмыз. Олардың авторлық құқық жөніндегі қадамдары мүлдем бөлек. Олар ең бірінші, осы кітапты аударасақ деп бізден рұқсат алды. Одан кейін осындай да осындай аудармашыларға көрсетпекшіміз деп екінші рет рұқсат сұрады. Әлгі аудармашылардың шығарма туралы пікірі мынадай болып жатыр, сіздер қалай қарайсыздар деп үшінші рет хабарласты. Міне, осы шаруалардың бәрі реттелген соң ғана келісім-шарт дайындаймыз деп отыр. Осы заңдылықпен жүрген күнде бір кітапты аударуға кемі 3-4 жыл кетеді екен», - дейді кейіпкеріміз.
Ал біз заңды қабылдағандар бір жақ, қаламгерлер бір жақ болып «авторлық құқық және 70 жыл» шайқасына дайындалып жатырмыз. Қызық ә?
КЕКІЛБАЕВТІҢ КІТАПХАНАСЫ
Әбіш аға Кекілбаев айтады, адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана деп. Және тағы «Кісінің кітапқа қалай қарайтынына қарап, кітаптың да болашағын алдын-ала біле беруге болады», - дейді абыз жазушы. Ұлттық академиялық кітапхана арнайы Кекілбаев кабинетін жасақтасақ деп қаламгердің үйдегі кітаптарына қолқа салады.
«Әжем: «Берейік, кітаптары бір жерде сақталып тұрсын», - дейді. Менің бергім келмеді. Өйткені Кекілбаевтің кітапханасының өзі зерттелуі керек екенін қаперге алдым», - дейді ақылды немере.
Сөйтіп үйдегі бар кітаптың тізімі жасалып, сол бойынша кітапхана қорында барлары Кекілбаев кабинетіне шығарылады. Шамамен 70 пайызы бар екен. Одан кейін үйдегі екі данасы бар кітаптардың бірі беріледі. Қалған, үйде бар, кітапханада жоқ аз-маз жауһарды Алматы мен Қарағандыдан тауып, сатып әкеліп береді. Ал жазушының үйдегі кітаптары соңғы рет өзі қойған жерінде тұр.
Абылдың сөзі: «Атам өзінің кітаптарын қалай сүйетінін көзім көрді. Әр кітаптың орнын өзі белгілейтін. Және кітапты қандай ретпен орналастыратынын бізге түсіндіре алмай-ақ кетті. Біз түсінбей-ақ қойдық. Мен мәселен, атама керек кітабын тауып беру үшін, жарты күнімді жұмсар едім. Ал о кісі қай кітап қай жерде тұрғанын, қай бетінде не жазылғанын, қай сөйлемнің астын сызып, қай тұсына нендей ой жазғанын біліп отыратын. Кейде өзін-өзі тексеріп отыратын, ұмытып қалмаппын ба деп».
Ақаң, атақты зерттеуші Ақселеу Сейдімбек тоқсаныншы жылдары үйіндегі кітапханасынан екі кітап сатып, ұлын үйлендіріпті деп еститін едік. Ал Абыл Кекілбаев атамда ондай құнды кітап болған емес деп отыр. Мүмкін емес-ау.
Жә, Әбіш Кекілбаевтің кітапханасы нендей зерттеуді қажет етеді десеңіз...
«Атам кітапты астын сызып оқып, кез келген жеріне өзінің ойын жазып отырған екен. Ондай кітаптар үйде өте көп. Сол қазынаны кітапханаға беріп жіберіп, артынан таппай қаламыз ба деп қауіптендім», - дейді Абыл Кекілбаев.
Сіз осы алыстағы, кейбірі тіпті ана дүниеге аттанып кеткен алыптар мен ірілердің қолтаңбасы көз алдыңызда сөйлегенін көріп пе едіңіз? Көрмеген болсаңыз... ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы аға жазушылардің, шетел қаламгерлерінің, замандастар мен інілердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің Әбішке берген қолтаңбаларынан жеке бір кітап шығарыпты. Қазір сондағы Ә. Кекілбаев кабинетінде тұр. Ішінде не жоқ дейсіз.
Әбіш!
Дей алдым ба бірдеме, демедім бе?!
Дей алмасам, боғымды жегенім де.
Өкпе назым, қайғы мен қуанышым,
Тұрса бәрі жарады өлеңімде...
М. Мақатаев
23.ІІІ.68 ж.
Әбіш!
Мендей жазғанды сендей түсініп,
Сендей жазғанда мендей қуанса ғой жұртың... Қадыр Мырза.
9.ХІІ.73 жыл.
Әбішке – Біздің қолдан келері – осы ғана.
20.01.1997
Әбіш-Құдайға, Жұмекен-пайғамбардан.
15/VIII.67
Әбіш аға!
Білмеймін – қайшылық па, келісім бе –
Әйтеуір, дара біткен көп ішінде.
Сақтай гөр осы адамды, уа, жаратқан,
Керек ол мен үшін де, ел үшін де.
О, сақта қара нардай сабырлымды,
Маңдайға сиып тұрған дарынды ұлды,
Өзіндей Маңқыстаудың маңғазымды,
Көзіндей бұрынғының қадірлімді, -
Деп тілейтін «жаман» ініңіздің кітабы бұл.
Есенғали Раушанов. 22.09.88 ж.
Қолтаңбалар кітабы – өзгеше бір әлем екен.
ӘБІШТІҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ
Абыл айтады: «Атамнан: «Сүйегіңізді қайда қоямыз? Ел жақтағы ата-баба зиратына, шешеңіздің жанына жатасыз ба?» - деп сұрайтынбыз. Атамда жалғыз-ақ жауап болатын: «Көре жатармыз. Оны уәйімдеме, уақыт бар ғой», - дейтін. Әлі де жасалатын басқа көп нәрсе бар. Соның бәрін өзім жасап кетсем, сендерге не қалады», - дегенді де айтты», - деп.
Әбіш өмірден озарда бірер апта бұрын Сайын досымен сөйлесті. Сол жолы қандай аяқталмаған шаруаларың бар дегенде: «Мен жұмыс-жұмыс деп жүріп балаларымды ойламаппын», - деген екен. Қазақтың сөз өнерін парасат биігіне көтеріп кеткен Әбіш аға Кекілбаевтің ол бәлкім соңғы қалам тартуы ма, кім білсін, Сайын Назарбековтың 80 жылдығына мақала жазады. Сол дүниені айдың 9-ына дейін алып кет, одан кейін қолым тимейді депті. Ал өзі 11-і күні, 2015 жылы 11 желтоқсанда мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Бірдеңені сезіп айтты, әлде бала күннен бірге өскен досының алаң көңілін алдарқатып, сөз ләмін басқаға бұрғаны ма екен? Меніңше, сезіп айтты.
Нұрлан Қабдайұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.