Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СОЛАҚАЙЛАР КЛУБЫ
Абзал Сүлеймен. Дәстүр мен жаңашылдықты қарсы қоюғ...

20.04.2020 5249

Абзал Сүлеймен. Дәстүр мен жаңашылдықты қарсы қоюға болмайды 12+

Абзал Сүлеймен. Дәстүр мен жаңашылдықты қарсы қоюға болмайды - adebiportal.kz

Әдебиет те тірі ағза тәрізді. Өз заманының ұрпағымен бірге өседі, өркендейді, қайта түлеп, жетіліп, жаңғырып отырады. Осы үрдіс барынша табиғаи даму заңы болғанындай, әркез өз қайшылықтарын да аңдатып қояды. Қазіргі жас ақындардың шығармашылығына, олардың жаңа көркемдік танымдарына оқырман тарабынан әртүрлі пікірлер айтылып жатқаны да түсінікті құбылыс екені анық. Осы орайда көкейімізде жүрген кей сауалдардың ұшығын жас ақын Абзал Сүлейменге қойып көріп едік.

- Қалай болмасын Томас Элиоттың «Шөл» поэмасын аудару үлкен жауапкершілік. Әркімнің маңдайына жазыла бермейтін бақ пен азап. Аталмыш поэманы аударуға не себеп болды? Қандай кедергілер мен қиындықтарға кезіктің? Оқырмандардың қабылдауы салқын болғандай көрінді? Оған не себеп болды екен?

- Әу баста осы поэманы аударуға бел буып, білек сыбанып кіріскенде біраз кідіре тұру керектігін түсіндім. Құрылымына енген шығармаларды, ондағы мифтер мен кейіпкерлерді толық түсінбей, сезінбей, оны тәржімалауға кірісу әбестік болар еді. Қысқасы, дайындық керек болды. Оның үстіне, классикалық шығармалардан басқа, «Шөл» секілді әдебиетке, өнерге ықпал еткен туындылардың қазақ тілінде табылмайтыны да поэманы қазақшалауға еріксіз итермеледі. Вергилий, Дантелермен бірге өнердегі ұлылық та өлді деп айтуға келмес. Не дегенмен Джойс та, Элиот та адамзаттың утопиялық мақсатының қасіретке әкелетінін өздері жасаған өнер тілінде көрсетті. Олардың жазу тәсілі, ойлау жүйесі де бізге көмек болары сөзсіз. Поэманы тек Еуропаның тозуымен байланыстыру қарабайырлық болар еді. Болмыс трагедиясы, тамырын жайған өмір сүру абсурды Элиот пен қатарластарының жаңа өнер тілін тудыруға итермеледі. Осы тұрғыда поэма Дантенің «Тозағына» жақын. Деградацияға ұшыраған адамгершілік, өмірді қолдан жасаушылар, өтірік, эгоизм, рухани күйреу суреттері «Шөлден» де көрінеді. Егер поэманы оқысаңыз, бірінші бөлімінде «Сен бір уыс тозаңнан қасірет көресің» деген жол бар. Ал эпиграфта «Сатириконнан» үзінді келтіреді:

«Мен бөтелке ішінен Кумаелік Сивилланы көрдім

Балалар одан: «Саған не қажет, Сивилла?» – деп сұрағанда

«Өлгім келеді», - деп жауап берді».

Эпиграф пен осы бір жолда антиутопиялық философия бар. Жер бетін жұмаққа айналдыруға тырысқан адамның уақыттан оза алмайтыны, алдын болжай алмайтыны, өмірдің жалған бейнесін жасауы және одан қасірет көретіні бір жолға сыйып тұр. Аңыз бойынша Апполон Сивиллаға қалағанын беруге уәде етеді. Ал сәуегей одан мәңгілік өмір сүргісі келетінін сұрайды, алайда мәңгі жас болуды қалайтындығын айтуды ұмытып кетіп, тілегін қабыл алуын сұрайды. Уақыт өте оған кәрілік жетіп, шөге береді. Оның қартайғаны сонша, құмыра ішіндегі тозаңға айналады. Сол сәтте ол өлім тілейді. Мәңгілік өмірдегі мәңгілік қасірет, құсалықтың бейнесі. Поэманың көңіл-күйі де осындай. Пессимистік өмір концепциясы Элиотты Джойспен жақындатады. Әртүрлі стилдер жүйесінен алынған символдық образдар бірінің үстіне бірі шығып, поэманың қатпар-қатпарынан сығалайды. Бір әуенді шырқап тұрған хор іспетті. «Шөл» - поэтикалық «Улисс». Құса болған кейіпкері уақыт пен кеңістікте шектелмеген. Тирезия, Будда, Аугустин, Фердинанд секілді әртүрлі дәуір өкілдері кейіпкердің көп қыры сынды бір ғана санаға тиесілі. Әртүрлі психикалық күйді суреттеп, болмыстың иррационалды мотивін бейнелейді. Элиоттың бұл поэмаға жазған жеті беттік түсініктемесі әдебиет қоржынына қосылған сүбелі үлес, ерен еңбек. Символдар, стилдер жүйесі, параллельдер мен миф кейіпкерлерін шебер пайдаланған Элиот поэзияның сондай бір асқар шыңынан қол бұлғап тұрған секілді. Поэмадағы көңіл-күйді айтып түсіндіру де қиын. Автордың жазған түсініктемесі – шығармадағы символдарды өлтіреді. Бірақ ол болмаса дайындықсыз келген оқырман бірден адасып кететіні сөзсіз. «Шөлді» тәржімалаудың ләззаты да, қиындығы да сол болған шығар. Ал аударманы оқырмандар суық қабылдады деп айта алмаймын. Оқырман сауатты. Элиоттың айтатын сөзі бар ғой, «Бір мезгілде көп оқырман оқығаннан, әр мәзгілде аз оқырманның болғаны дұрыс» деген. Сол секілді, бұл поэма да бәріне бірден таралып кететін шығарма емес. Оны іздеген адам тапса болғаны.

- «...Борхес Сәтімен жазылған сол туындылар үшін басқаға да, өзіне де қарыздар емес. Тіл мен дәстүрге ғана қарыздар. Ақыр соңында менің де жоғалуым кәдік. Менен де болмашы бірдеңелер қалуы мүмкін. Тас – тас күйінде, жолбарыс – жолбарыс қалпында қалсын! Менің талайыма өзім емес – Борхес болу жазылған», - дейді Борхес бір эссесінде. Дәстүр ұғымын біз қалай түсінеміз? Біздегі дәстүр мен заман, дәстүр мен жаңа әдебиеттің арасындағы қайшылық пен үндестіктің кілті неде деп ойлайсың?

- Дәстүр мен жаңашылдықты бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Бірі басы болса, екінші жалғасы. Екеуі екі полюсте тұрған жоқ. Керісінше, бір сызықтың бойында орналасқан. Дәстүр жоқ жерде жаңашылдық та болмайды. Жаңа поэзияның, жаңа әдебиеттің келуінен қорқудың, одан үркудің қажеті жоқ. Ерте ме, кеш пе ол бәрібір келеді. Дәстүрлі әдебиет деген түсінік тек бір мезгілдегі әдебиетті дөп басып, тек сол кезеңді жан-жағынан қоршап, уақыт ағысынан жұлып алып көрсетуге келмейтін түсінік. Дәстүрлі деп түбін қаза берсек, біз өзіміз сөйлеп жүрген тілдің пайда болған уақытынан да ары кетуге мәжбүр боламыз. Дәстүр мен жаңашылдық сөзі мейнстримге айналып кеткені сонша, біз енді оны мағынасыз пайдаланып жүрген сияқтымыз. Әркім өзінше жол іздейді. Жақында ғана Нобель лауреаты атанған Ольга Токарчуктың Швед Академиясындағы лекциясында әдебиетті жанрға емес, оның биік не төмендігіне қарап бөлу қажеттігін айтады. Себебі жанр авторға талап қояды және оны шеңбердің ішіне тығып тынады. Біз «жаңа» мен «ескіні» салыстырып жүргенде, Ольга Токарчук жазушыларға төртінші жақтан жазуды ұсынды. Әдебиет қозғалыссыз қалса деградацияға ұшырайды. Ақпарат жылдамдығы секундтар ішіне сыйып кетіп жатқанда, жаңашылдықты да, дәстүрді де қалай болса солай қолдана беретіндердің саны көп болары сөзсіз. Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, екеуін екі әлемге бөліп тастауға болмайтын секілді.

- Сендердің буын поэзияға жаңа леп, өзгеше кескін әкелгендей болды. Әрине, бұл басы. Бәріне уақыт пен сендердің ендігі жанкешті еңбектерің төреші болмақ. Дейтұрғанмен бұның астарына үңіліп көруге бола ма? Ақ өлең қазақ поэзиясына сіңісті бола қоймаған кеп. Жаттанды сүрдектен бойды ауаша ұстауға талпыну уақыт пен кеңістіктің ықпалы ма?

- Әр буын (егер солай айтуға келетін болса) өз уақытының поэзиясын, поэтикалық ізденісін көрсетуі керек деп ойлаймын. Ол тек үстірт форма тұрғысынан емес, жалпы эстетиканың өзгеруімен келгені дұрыс. Біздің қатарымыздағы ақындардың эстетиканың қалыптасуына қосқан үлесі мол. Олар жаңа үрдіс бастады. Әрине, көтермелеп, басы дедіңіз ғой, басы болған соң да жаңа әдебиеттің толыққанды кірігіп кетуіне әлі де теориялық, ғылыми кемшін тұстары кедергі келтіруде. Сол үшін әдебиеттанудың да дамуына тілектеспіз әрі үміттенеміз. Қазақ тілді поэзия біршама ілгері кеткенін байқап жүрміз. Енді ол үрдістің тоқтап қалатынына күмәнім бар. Керісінше, қатары толыға түсетін секілді. Ғылымилық дедік қой. Осы тұрғыдан білімге аса көңіл бөлсе екен дейміз. Мейлі, қандай ұлы суретші болсын, академиялық білімі бар. Яғни, олар мейлі адам, мейлі аңның көзін, мұрыны мен аузын қалай салу керектігін, натюрморт, пейзаждың әліппесін үйренген адамдар. Сол секілді әдебиетте де бірден жаңалыққа ұмтылмай, әдебиеттің негізін білсе деген тілек бар. Шеңберден шығу үшін, алдымен сол шеңберге кіру керек деген де сөзді осы жерде қолдануға болатын секілді. Поэзияның түрленуі заңдылық. Ерте ме, кеш пе бәрібір өзгерер еді. Тәуелсіздіктен кейін туған ақындар қатарға қосылды. Басқа өмір, өзге балалық шақ, мүлде бөлек музыка, кино, құндылықтардың өзгеруі, саяси жағдай, ғаламтордағы қолжетімді ақпарат, мәдениеттер қақтығысы, діни ахуал. Осының бәрі әсер етпей қоймайды. Қайтадан Элиотқа оралуыма тура келіп тұр. Йейтс жайлы эссесінде Британиядағы әдебиеттің жиырма жыл сайын өзгеретінін жазып еді. Бір ақын өзінен жиырма жас кіші шайырдың өзгеше сілтейтінін көре алады. Өзінің де сонша рет өзгеруге мүмкіндігі бар. Қазақ әдебиетінің де бір орында тоқтап қалмайтынына сеніміміз мол.

- Осы орайда «жабайылау» болсада бір сұрақ қойғым келеді, сенің көкжиегіңде поэзия дегеніміз не? «Өлең сәннен қалды» деген ұғымға айтар уәжің қандай? Қазақ поэзиясының бүгінгі үрдісіне не жетіспейді?

- Поэзияны нақты дөп басып түсіндіре алмайтын секілдімін. Дегенмен өлең ол қоғамның көңіл-күйінің айнасы сынды. Сыртқы бейнесі емес, бейсаналы деңгейде, ішінде, тереңде жатқан сезімдерді алақанымен сипап өтетін нәзіктік. Сезіне де алатын, ойға да қанық туындыны – өлең деп оқуға болатындай. Не жетіспейді деген сұраққа жауап беру қиындау. Өлең сәннен қалды дейміз ғой. Ол сәнде болған сәттен бері қанша уақыт өтті. Пластиналар, картиналар, поп-мәдениет, теледидар, кино, сериалдардың жанында поэзияның тұтынушылары өте аз. Ал енді ғаламтор келді. Теледидардың өзі әр көрермен үшін күресуге мұқтаж. Поэзияның жаппай оқылуы жайлы айтпасақ та болады. Бар оқырманның әр ғасырда сақталып қалуының өзі оны өлтірмейтін еді. Өнер керек. Ол болады. Иә, ғасырлар бұрынғы ақындар мен жазушылардың ұлылығына жете алмасымыз анық. Кутзее айтқандай, олардың дана, ақылгөй саналатын уақыты өтіп кетті. Қазір жазушы – тек жазушы ғана. Жоқ нәрсеге ұмтылудың да қажеті шамалы секілді. ХХ ғасыр әдебиеті өз миссиясын орындап кетті. Енді осы ғасырдың шығармашылығы өз үнін шығаруы керек. Біздің елдегі әдебиеттің жағдайына келсек, кітап нарығын реттеу керек секілді. Тағы сол баспалар мен қаламақыға тіреле береміз. Бірді-екілі баспалар осы бағытта жұмыс істеп жатқанын байқап отырамыз. Олардың ісі тоқтамай, қатары толықса, біршама мәселе шешімін табар еді.

- Әлем әдебиетіндегі «Жоғалған ұрпақ» ұғымы бармашымызға түсінікті құбылыс. Бұл процесті бұтарлай айтсақ ол тұтас халықтың немесе жекелеген шығармашылық иесінің бойынан да табылатын көрініс болуы бек мүмкін. Біз отарланған ұлтпыз. Және «отарсыздандыру» һәм «сананы абаттандыру» ісін жүйелі жүргізе алмағандығымыз алысқа бармай-ақ күнделікті тіршілігімізден көрініп отыр. Бұл ұғымдар сіз бен бізді айналып өтпесі кәдік. Математикада минусты плюске айналдыру деген заңдылық бар. Бұл заңдылық әдебиеттен бой көрсетуі мүмкін бе?

- «Жоғалған ұрпақ» эффектісі шығармашылықтан бой көрсетуі әбден мүмкін. Қоғамда бейнесі болғанмен, оның әдеби образдарын енді көретін секілдіміз. Оқиғаны көшіріп жазбай, оның ішкі күйзелісін, психологиялық күйін берген шығармалар күтеміз. Ол үшін бізде бәрі бар. Дін мен дәстүр арасындағы қайшылық, діннің өзінің ішіндегі тартыс, ғаламтор пайда болғалы батыс пен шығыс арасындағы мәдениеттер қақтығысы, көшпенділер мәдениетінен айырылып бара жатқанымыз, тоқсаныншы жылдардағы халықтың жаппай базар жағалап кетуі, рухани құлдырау, айқайшыл ұранның отыз жыл ішінде әлсіреп, руханиятымыздың күйзеліске ұшырауы, басқа елден оралған қандастарымыздың туған жерінен ажырап қалып, мүлде бөлек ортаға түсуі – осының бәрі дерлік сіз айтқан «мәңгірген бір ұрпақ» образына таптырмас шығармашылық зертхана сынды. Экзистенциялық вакуум. Біз тек математикалық әдіспен осыны өнерде плюске айналдыра алуымыз керек.

- Осыдан жарты ғасыр бұрын Асқар Сүлейменов: «Қазақтың бейнелеу тілі ескірді» деп айтып еді. Бүгінгі жас ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы сөз болғанда олардың тіл қолданысы туралы көп сын пікірлер бой көтереді. Оның көпшілігі ұлттық бояуы әлсіз дегенге тіреледі. Поэзияда, әсіресе өздерің жазып жүрген «еркін өлеңде» тілдің салмағы мен аясы қаншалықты?

- Тіл қолданудағы ұлттық бояу дегенде, әрине, көпшіліктің есіне бірден қазақ үйдің айналасындағы дүниелер түсе бастайды. Бәлкім, біз бейнелеу тілін дұрыс қолданбағаны үшін ғана жазғырып жүрген шығармыз. Жазғанында қазақилық жоқ деп көп айтады. Қазақша жазған әр шығарма біздің, қазақ әдебиетінің өнімі емес пе? Жас әдебиетшілердің мойнындағы қыл арқанды тарта берсек, өзімізден аумайтын көшірме дайындап шығарамыз ғой. Қазақилық деген осы екен деп, соңғы 20-30 жылда ешкім қолданбаған, яғни, ешқандай функциясы жоқ, қолданыстан түсіп қалған сөздерді тыға беру де оқырманға жасаған қиянат секілді. Дегенмен сөйлем құрай алмау, жаңа өнер тілі емес екенін де ұмытпайық. Қазақ тілінің заңдылықтарын бұзып-жарып жаза беруге де болмайды. Жаңалыққа ұмтылу – тілдік нормалардан бас тарту емес. Жоғарыда айтқанымыздай, тіл қолдану да әдебиеттің негізі. Ол сіздікі де, менікі де, оныкі де емес. Әркім өзі меншіктеп, ойына келгенін істей берсе не қалады? Поэзиядағы тіл қолдану жайлы сұрадыңыз ғой. Бұл жерде прозадан бөлек қолданатынын да білесіз. Көбі прозаны поэзиядан қиын деп жатады. Меніңше, тіпті де олай емес. Символдық, детальдік мәні бар, аураны ұстайтын, көңіл-күй беретін сөздердің жүгі ауыр. Нақтылық пен дәлдікті қажет етеді. Айтып жеткізе алмайтын, тек сезінуге болатын символдар болады. Поэзияда тілдің қолданысы нық әрі нәзік. Оны прозадағы сөйлем құраумен салыстыруға келмес.

- Ақыннан мына өлеңіңізде не айтқыңыз келді, түсіне алмадық деп сұрақ қоюдың әбестік екенін білемін. Дей тұрғанмен «ұйқассыз өлеңге» үрке қарайтын қауымның атынан өтінейін, «Бақылаушы» немесе «Тұман» деген өлеңдеріңді «тәпсірлеп» көрсең?

- Өзіңіз айтқандай, «ұйқасты өлең» болсын, я болмаса «ұйқассыз өлең» болсын, оқырманның оның қай-қайсысынан да үркіп-қорқуы, «қазақ өлеңінің қабырғасын қиратқалы жатыр» деп байбалам салуы – алдымен, білімсіздіктен. Кейін, өзіне арзан атақ жинауға деген құмарлықтан. Ал, «тәпсірге» келсек, ол өзіңіз айтқандай расымен де «әбестік».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар