Хан Ган Нобельге лайық па?
«Вегетариан» романы өзіне тән экстремалды риторикасы мен ерекше баяндау стратегиясы арқылы ер мен әйел арасындағы бинарлы гендерлік оппозицияны айқындап, сол негізде әйелдердің әңгімедегі эпистемологиялық беделін арттыра түседі. Дегенмен, мұндай бинарлы оппозициялық құрылым негізінен «еркек» дискурсына сүйенеді және оның ішкі логикасы жыныстық рөлдерді тек инверсиялаумен шектеледі: яғни әйелдер ерлерге тән дискурсивті позицияны пайдаланып, ерлер бұрын қандай үстем тұрса, бүгін әйелдер де сондай үстем деген ойды аңғартады. Осылайша, ерлер маргиналданған субъект ретінде, ал әйелдер үстем дискурстың иегері, жазықсыз әрі пассивті субъект ретінде көрінеді. Баяндаудың риторикалық құрылымы «күшті мен әлсіз» арасындағы айқын қарама-қайшылықты көрсетіп, сол арқылы «қарсылықтың» заңдылығы мен негізін күшейтеді. Ер мен әйел арасындағы гендерлік оппозиция табиғи шындық па, әлде әлеуметтік конструк па?
Ерлер мен әйелдердің сәйкестігі физиологиялық айырмашылықтар арқылы да, бинарлы қарама-қайшылықтардың диалектикасы арқылы да толық айқындалмайды. Керісінше, бұл сәйкестіктер символдық тәртіптің механизмдері арқылы жыныстық мәнге ие болады. Алғашқыдағы зоологиялық деңгейдегі жыныстық айырмашылықтар гендерлік ерекшеліктерді өздігінен қалыптастырған жоқ. Бірақ оларды ретке келтіру үдерісіне символдық тіл араласқан сәттен бастап, негізгі таңбалаушы ретінде фаллус категориясы қалыптасты. Осыдан кейін табиғи жыныстық айырмашылықтарды мәдени-символдық тәртіпке енгізуге ұмтылды. Нәтижесінде, символдық жүйенің өзіне тән ішкі логикасы арқылы ер мен әйел субъектілері гендерлік субъектілер ретінде айқындалды.
Негізінде, гендерлік айырмашылық адамның тілдік құрылым мен әлеуметтік ортада өзіне қалай анықтама беретініне тәуелді. Басқаша айтқанда, гендерлік айырмашылық адамның өз тілегін білдіру формасына және оны жүзеге асыру тетіктеріне байланысты. Сондықтан адамның гендерлік ұстанымын айқындау – белгілі бір «символдық жүйенің» жұмысымен байланысты. Гендерлік ұстанымға баға беру негізінен символдық әрекет, сондықтан ер мен әйелдің рөлі тек осы символдық деңгейде ғана түсінікті болады.
Лаканша айтқанда: «Ерлер мен әйелдердің функциялары қиялдық деңгейден шығып, символдық жүйеге енген сәтте ғана гендерлік ұстаным толыққанды әрі орнықты сипат алады.»
Жыныстың алғашқы түрі айқындалған сәттен бастап – яғни ер жынысы белгіленгенде бұл жүйеге «әкелік сипат» беріледі. Ер адам метафизикалық басты таңбалаушымен (master signifier) сәйкес келетін органға ие болғанымен, өзін символдық тәртіпке енгізу үшін ол да символдық «кесілуден» (кастрациядан) өтуі тиіс. Ал әйелдерде ондай нышан болмағандықтан, олар осы құрылымда толық емес, «басқаша» деп қабылданады. Ер адам белгіленген тәртіпке мойынсұну арқылы өз орнын тапса, әйелдер көбіне бұл тәртіпті амалсыздан қабылдап, ерлердің қалауына тәуелді бейнеде сипатталады. Әйел өз қалауын орындаудың екі жолын таңдауы мүмкін. Біріншісі – қоғамдағы қалыптасқан тәртіпке сүйену, бірақ ол ерлерден өзгеше түрде жүзеге асады. Екіншісі – сол тәртіпке бағынбай, өз қалауы бойынша тәуелсіз жол табу. Себебі әйелдің ішкі болмысы ерлердің қалауымен шектелмейді және оны бір ғана басты өлшемге сыйғызу мүмкін емес.
Шын мәнінде, қоғамдағы «әкелік жүйе» деп аталатын тәртіп тек тіл арқылы қалыптасқан, яғни ол адамдардың өзі ойлап тапқан құрылым. Бұл бізге жыныс деген нәрсенің табиғаттан дайын берілген құбылыс емес, қоғам жасаған ұғым екенін көрсетеді. Бастапқы әлемде жыныс айырмашылығы болмаған, тіпті «ер адам» деген түсініктің өзі кейін осы жүйенің ішінде пайда болған символ ғана.
Бұл жерде айтылған ойдың мақсаты – «шындықты дәлелдеу» емес, ер мен әйел арасындағы айырмашылықтың ар жағында не жатқанын түсінуге тырысу. Егер бастапқыда жыныс деген мүлде болмаған десек, онда ер мен әйелдің айырмашылығы да – адамдар ойлап тапқан шартты ұғым ғана.
Біз «ер» мен «әйелдің» қарама-қайшылығын табиғи құбылыс деп қабылдаймыз, бірақ шын мәнінде ол қоғам мен тіл қалыптастырған түсінік. Сондықтан ер мен әйел арасындағы байланыс тікелей емес, олардың екеуін де біріктіріп тұрған ортақ символдық жүйе арқылы жасалады. Басқаша айтқанда, ер мен әйелдің орны бір-бірімен тікелей емес, тек тіл мен мәдениет арқылы ғана анықталады. Сол себепті олардың гендерлік позициясы тең де, симметриялы да болмайды, өйткені, символдық жүйенің өзі асимметриялы. Әйелді дәл еркектей белгілейтін немесе сипаттайтын толыққанды таңба жоқ. Сондықтан ер мен әйелдің қарым-қатынасы жалғыз «фаллус» арқылы реттеледі.
Мәселенің түпкі мәні – ер мен әйелді бір жағынан бір-бірінен бөліп тұратын, екінші жағынан екеуін жанама түрде байланыстыратын ерекше бір «үшінші нысанды» қалай түсіндіруге болады дегенде жатыр. Бұл «нысан» екі жыныстың өзіне толыққанды анықтама беруіне кедергі жасайды. Яғни, әр жыныстың болмысы өз табиғатында бір кемшілікке, толық жүзеге аспайтын бір мүмкін еместікке тіреледі.
Әдебиет философия емес, әрі оны философияға айналдыру да дұрыс емес. Себебі әдебиет пен өнер – дүниені танытудың өз алдына бөлек, өзіндік жолы бар форма. Олар философия сияқты ұғымдық талдауға емес, образға, сезімге, бейнеге сүйенеді. Дегенмен, философиялық тереңдік әдебиет үшін жалғыз өлшем болмаса да, қосымша бағдар бола алады. Мәселен, «Вегетариан» романында ер мен әйелге қатысты көзқарас өте қарапайым түрде беріледі. Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас ескіше ойлауға тән қарапайым «ер – әйел» қарама-қарсылығына ғана негізделген. Бұл тәсіл романның таным көкжиегін тарылтпаса да, ойлау жүйесінің өте дәстүрлі екенін байқатады.
Әдеби туындыдан философиялық тереңдік күтпеген күннің өзінде, оның болмысты бейнелеу тәсіліне көз салсақ, мұнда үстірт таным айқын сезіледі. Корея әйелдерінің қоғамдағы орны тек қана отбасы ішіндегі патриархалды үстемдіктен немесе дәстүрлі мәдени шектеулерден аса алмай отырған жоқ. Бұл құбылыстың тамыры әлдеқайда тереңде – елдің жедел қарқынмен жүріп өткен модернизациясында, капиталдың ішкі даму заңдылықтарында жатыр. Қазіргі капиталистік жүйе жаңа экономикалық жағдайға бейімделу барысында еңбек күшін стратегиялық тұрғыда қайта қарап, оны қатаң бақылау мен реттеу механизмдері арқылы басқарып отыр. Осындай үдерістің нәтижесінде әйелдің мәдени кеңістіктегі бағынышты бейнесі тек тарихи дәстүрдің немесе отбасылық-патриархалдық қатынастардың жалғасы емес, қайта капиталдың ішкі логикасына сай қалыптасқан тиімді құралға айналды. Бұл құбылыс әйел рөлін шектеудің тереңде жатқан құрылымдық себептерін айқындап, оны капиталдың өз дамуын қамтамасыз ету жолындағы идеологиялық және әлеуметтік тетік ретінде көрсетіп отыр. Демек, әйел теңсіздігін тек дәстүрлі көзқарастармен түсіндіру жеткіліксіз; ол капиталистік жүйенің терең құрылымдық логикасымен де сабақтасып жатыр.
Басқаша айтқанда, әйелдер қоғамдағы орнына байланысты екіжақты қысымға ұшырап отыр: бір жағынан – ғасырлар бойы жалғасқан дәстүрлі құндылықтар, екінші жағынан – қазіргі заманның әлеуметтік-экономикалық талаптары. Мұндай қосарлы қысым олардың тұлғалық дамуына құрылымдық кедергілер (structural barriers) туғызып отыр. Бұған қоса, Кореядағы саяси-экономикалық дамудың негізінде қалыптасқан және уақыт өте келе күшейе түскен монополиялық сипатқа ие отбасы капитализміндегі чеболь жүйесі (chaebol system) – бұл теңсіздікті одан әрі тереңдете түсті. Осы себептен, романның ерлерді тек «кінәлі тарап» ретінде бейнелеуі мәселенің түпкі әлеуметтік-экономикалық себептерін көрсетіп бермейді, қайта тек сыртқы деңгейдегі гендрлік қарама-қайшылықты (gender opposition) күшейте түседі. Мұндай тәсіл ғылыми тұрғыда шынайы анализден гөрі үстірт саяси ұстанымға жақын келеді. Түптеп келгенде радикалды феминистік дискурстың (radical feminist discourse) кейбір белгілерін қайталап отырғандай көрінеді.
Шығарма ер адамның көзқарасымен, ер адамның баяндауы арқылы беріліп, әйелдік көзқарастың, яғни әйелдің өз атынан сөйлей алатын дербестігі жоқ екенін аңғартады. Басқаша айтқанда, романдағы әйел басынан өткендерін өзі баяндайтын құқығы жоқ. Әйелдің бойындағы өзгерістер тек еркегі арқылы айтылады. Автор тек бұрыннан қалыптасқан әдеттегі патриархаттық ойлау тәсілін қайталап, соның үстірт бейнесін қайта жасап отыр. Шығармадағы ирония жазушыға оқиғаны шынайы тереңдікте пайымдауға мүмкіндік бермейді, өйткені ол тек риторикалық әдіс деңгейінде қалып қойған. Нәтижесінде ойдың кеңею мүмкіндігі шектеліп, адамзаттың мәңгілік қайшылықтары, әлемнің күрделі заңдылықтары мен адам табиғатына тән түбегейлі қасіреттері толық ашылмай тұрғандай. Автор жиі қайталайтын «қатыгездік» мәселесі де тек сыртқы эффект түрінде көрініп, үстірт сипат алады. Ерлердің зорлық-зомбылығын жалғыз «жау» ретінде бейнелеу – нақты мәселені ашып көрсетудің орнына, романның өз ішінде тұйықталуына және ойдың терең арнаға бұрылмауына себеп болғандай көрінеді. Сөйтіп, жазушы өзі іздеген, мәнін ашпақ болған шынайы ойларының жолын байқамай бөгеп қойғандай әсер қалдырады.
Шығармада көтерілген идеялар тереңнен тамыр тартып, шынайы өмірлік негізге сүйенбегендіктен, автор бәрін қарапайым, үстірт көріністер арқылы жеткізумен шектеледі. Сондықтан да мұндай баяндау ойдың салмағын көтере алмайды. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін жасанды, шектен тыс әсіреленген бейнелер қолданылады. Осыдан барып шығарманың негізгі оқиғасы мен символдық суреттері арасында алшақтық пайда болады: бейнелер кейіпкерлердің ішкі логикасымен қабыса қоймайды. Мәселен, басты кейіпкердің өзін өсімдікке айналдыруға ұмтылысы – бір жағынан, қиял-ғажайып көрініс болғанымен, екінші жағынан, оқиғаның өрбуімен де, әлеуметтік шындықпен де жанаспай, тек ойдың жасанды қиялы сияқты қабылданады.
Дегенмен, шығарма бейнелер мен символдарды пайдаланып, мағынаны тереңдетіп көрсетеді. Бұл бейнелерді екі топқа бөлуге болады: біріншісі – адамның өз табиғатының заттандырылған түрі, екіншісі – оны бөтен қылып көрсететін сыртқы факторлар. Негізінен, мұндай метафоралар әсіресе әйел тәніне байланысты. Автор әйелдердің дискурстық құқығынан тыс тағы бір негізді алға тартады – ол тәннің табиғи биологиялық қуаты. Егер қарсылық тек әйел тәні арқылы ғана көрінсе, онда бұл тән еркектерге бағынышты құрал ретінде көрінеді. Мұндай белгісіз өлшемге қайтып оралу шығармадағы шынайылықтан алшақтатады – тіпті ол тек елестің жемісі болса да. Соған қарамастан, әйел тәні жарақат пен зорлықтың белгісіне айналып, автордың негізгі ойы мен ұстанымын білдіреді.
Егер мұны тек бір ғана баяндау тәсілі ретінде қарасақ, оның астарында зорлық-зомбылық, жыныстық қатынас, патриархат, феминизм және гендерлік саясат секілді көптеген дискурстық элементтер жасырынып тұр. Алдыңғы талдауға сүйенсек, ойлау жүйесі ескірген, идеялары үстірт әрі жеткілікті өңделмеген туындының Нобель сыйлығына лайық деп танылуының себебін байқаймыз. Әдеби мазмұнды шетке ысырып қойсақ, шығарманың өзегінде тек саяси идеялар ғана қалады. Онда көрінетін дискурстық элементтер Батыс саясатының шынайылығымен сәйкес келеді.
Нобель әдеби сыйлығы және иденттілік саясатының қазіргі эволюциясы. Ғасырдан астам тарихы бар Нобель сыйлығы әдебиетке ұзақ мерзімді ықпалы арқылы елеулі әсерін тигізді. Дегенмен, Альфред Нобель өз өсиетінде: «Сыйлықты әдебиеттегі идеалистік үрдісті бейнелейтін ең үздік шығармаға беру керек» деп кеткен еді. Бірақ «идеалистік үрдіс» деген ұғымның өзі нақты анықталмағандықтан, оны әртүрлі түсіндіруге жол ашып, таңдаудың екіұштылығын көрсетіп отыр. Бұған қоса, сыйлықтың тағы бір негізгі қағидасы – ұлттық шеңберден тысқары болу талабы. Бұл алғашқы 12 жыл бойы марапаттың Еуропадан сыртқа шығуына кедергі келтірді.
Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын іріктеу үдерісінде ұлттық және этникалық шекаралардан асып түсудегі ұмтылыс бірден байқалады. Бағалау қағидаттары мұра қалдырушының бастапқы ниетін әртүрлі түсіндірумен және әр кезеңдегі қабылдау комитеттерінің көзқарастарының қайшылығымен қалыптасады деуге болады. Сол себепті «стандарттар» деп аталатын өлшемдер уақыт өте келе үнемі өзгеріп, жетіліп отырады.
1913 жылы Нобель әдебиет сыйлығы Рабиндранат Тагораға табысталғандағы марапаттау сөзінде былай делінген: «Оның аса сезімтал, таза да әсем өлеңдері асқан шеберліктің жемісі. Ал ол өз ойларын ағылшын тілінде жеткізгендіктен, поэтикалық идеялары Батыс әдебиетінің бір бөлігіне айналды». Бұл сөздерден еуроцентризмнің айқын ізі байқалады.
Алайда, кез келген әдеби сыйлық өз шыққан ортасының мәдени құндылықтарын бейсаналы түрде алып жүреді. Оның үстіне, әдебиеттің өзі де мәдениеттен тыс өмір сүре алмайды. Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының бағалау өлшемдерінің өзгермелі болуы оның дәуірлік жағдайлармен тығыз байланысын аңғартады. Әр тарихи кезеңде саяси, әлеуметтік және мәдени контекст іріктеу нәтижесіне ықпал етіп отырғаны анық. Яғни, лауреатқа берілген сыйлық пен мадақтау шынайы әмбебап құндылықтардан гөрі, көбіне сол дәуірдің мәдени бейнесін, тіпті уақыттың өзіндік «симптомдық» айнасы спетті ерекшеліктеріне назар аударады. Осы тұрғыдан алғанда, жыл сайынғы «құпия» іріктеу критерийлерінің астарын ашуға ұмтылудан гөрі, олардың үздіксіз өзгерісінен Батыс қоғамы мен мәдениетінің эволюциялық траекториясын байқауға болады. 1948 жылы Т.С. Элиот Нобель сыйлығын алған сәтте оның шығармашылығы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әдебиеттегі модернизмнің жаңа бағыттарымен үндесіп жатты. Элиот адамзат рухының құлазыған күйін суреттеп, терең дағдарысты айқын көрсетті. Сол уақыттарда субъект, орталық, мән мен құрылым ұғымдарын ыдыратуға бағытталған түрлі философиялық ағымдар бой көтерді. Ал Сартрдың экзистенциалистік туындылары постмодернистік әдебиеттің алғашқы белгілеріндей қабылданды. Осыдан-ақ, Нобель сыйлығына лайық еңбектердің бағыты Батыс қоғамының, мәдениетінің және саяси жүйесінің даму үрдістерімен үндесіп отырғанын байқауға болады.
Кант пен Гегель сынды неміс ойшылдарының классикалық философиясы Батыстың өзін тануы мен дамуының іргетасын қалады. Сол негізде Батыс бүкіл әлемді қайта қалыптастыруға талпынды. Мұндай тұжырымды тек нақты тарихи өзгерістердің философиялық немесе теориялық деңгейдегі ұғымдық көрінісі ретінде ғана түсінуге болмайды. Керісінше, бұл ой жеке субъективтіліктен шығып, жалпыға ортақ мәнге көтерілген құбылыс ретінде қарастырылуы тиіс. Басқаша айтқанда, бастапқыда «ерекше» болып табылатын мәдениет, құндылық, қауымдастықтың өмір салты мен мән-мағына жүйесі нақты тарихи күрестің нәтижесінде өзін жалпыға ортақ деңгейде көрсетудің жолын тапты. Ал осылайша қалыптасқан «әмбебаптық» өз кезегінде әрекет пен тәжірибе арқылы бекіп, жалпыға ортақ мәнге ие болды.
Осылайша «әмбебаптық» саяси дискурсы Батыста жаңа дәуірлік өзін-өзі тану, өзін-өзі растау және кеңею әрекеттерін жүзеге асыратын субъектіні қалыптастырды. Сол арқылы ол мәдени әрі саяси тұрғыдағы «субъектілікті» анықтап қана қоймай, бастапқыда белгілі бір мүдделі топтардың талабы болған құқық, еркіндік, теңдік сияқты ұғымдарды жалпыға ортақ құндылықтар дәрежесіне көтерді. Алайда ХХ ғасырда пайда болған француз теориясы мен постмодернистік философия бұл түсінікті мүлде басқа қырынан қайта қарастырды. Олар үшін «субъект» – дербес мән емес, керісінше белгілі бір құрылымның нәтижесі, бос орын не тілдің туынды көлеңкесі ғана. Кант философиясында субъект пен оның танымдық қабілеттеріне қатысты белгілі бір тұтастық сақтаған болса, Гегельдің «Құқық философиясын сынға алуында» әмбебаптық заңды құбылыс ретінде танылған еді. Кейін бұл негіздің бәрі күйреп, модерн дәуірінің ұлы саяси әңгімелері де өз күшін жойды.
Бұл теориялық әрі философиялық өзгерістер абстрактылы не құр бос тұжырымдар емес, олар нақты қоғамдық-тарихи тәжірибемен тығыз байланысты. Яғни, форма мен мазмұн ретінде бірін-бірі айқындайды. Қоғамның модернизация үдерісі алға жылжыған сайын жиналған қайшылықтар мен мәселелер оларды қайта ой елегінен өткізіп, сын тұрғысынан бағалауды қажет етті. Сондықтан постмодернизм мен оның дискурсы аяқ астынан пайда болған құбылыс емес, керісінше қоғамның өз тәжірибесі мен дамуындағы қайшылықтардың заңды нәтижесі болып табылады.
1960-жылдардан бастап кейін «постструктурализм» деп аталған ой ағымы Батыс Еуропа философиясының дамуын өзінің ішкі логикасының шегіне дейін жеткізді. Классикалық метафизика, теология және Канттың трансценденталдық философиясы ұсынған тұрақты негіздер (табиғат, Құдай, парасат) тарихи көзқарас, экзистенциализм мен герменевтиканың радикалды перспективашылдығы арқылы шайқалып, әрі қарай тіл білімі мен психоанализдегі «субъектінің құрылымдық» түсінігімен жалғасты (структурализм). Ақыр соңында бұл үрдіс постструктурализмшыл ойшылдардың деконструктивизм, негізсіздік (анти-фундаментализм), жаңа прагматизм бағыттарына ұласқан еді. Мұнда тарихилық пен құрылымдық талдау өзара тоғысып, дәстүрлі тұрақтылық ұғымдары түбегейлі қайта қаралды.
Қазіргі сыншыл, солшыл қозғалыстарды постструктурализмнің бүгінгі мұрагерлері деп атауға болады. Бұл ағымның метафизиканы ыдыратқаннан кейінгі саяси салдары айқын: «субъект» ұғымы жойылған тұста назар ұсақ деңгейдегі саясатқа, жеке қарсылықтарға, символдық ойындарға, шағын әңгімелер мен пікір алуандығына, көптүрлі этникалық әрі мәдени сәйкестіктердің дамуына ойысады. Постмодерн дәуіріндегі саясат дәл осы мәдени әртүрлілікті және диалогтық көпдауыстылықты мойындауды басты алғышарт етеді. Үлкен, әмбебап сипаттағы «үлкен әңгімелердің» құлдырауының нәтижесінде жергілікті, мәдени, этникалық, діни, тіпті идеологиялық сипаттағы шағын дискурстар қатар өмір сүре бастады. Бір кездері біртұтас әрі үстем саналған «Үлкен Субъект» ыдырап, орнына көптеген бөлшектелген, шектеулі әрі локалды «субъектілер» келді. Сырт көзге постструктурализмшіл ойшылдар жаһандық капитализмді қатты сынайтындай көрінгенімен, шын мәнінде олардың саяси жобалары қарсыласу әлеуетінен айырылып, сол жүйенің өзіне біртіндеп сіңісіп кетті. Басқаша айтқанда, бүгінгі әлемдік тәртіптің аясында микросаясат, жеке қарсылық, символдық ойындар, шағын әңгімелердің өркендеуі, шағын қауымдастықтық сәйкестіктер мен ашық көптүрлілік секілді идеялар әлдеқашан жүзеге асырылған. Бұл жағдай шын мәнінде бір шындықты мойындау болып табылады: бар жүйені түбегейлі жеңу мүмкін болмай тұрған кезде, тек күнделікті өмір деңгейіндегі «ұсақ қарсылықтармен» шектелу ғана қалады. Осылайша, постструктурализмдік саяси ойдың бағдарлары қоғамды тұтас өзгерту мақсатын біртіндеп ысырып, әлеуметтік төңкеріс жасай алатын негізгі саяси субъектіні – дәстүрлі жұмысшы табынан кейінгі жаңа әрекет иесін жоққа шығарды. Нәтижесінде, жалпы жүйеге балама ұсына алатын ықпалды саяси күштің орнын ұсақ, локалды әрекеттер ғана басты.
Постмодерн мен постструктурализм тек айырмашылық саясаты мен көпмәдениетшілдіктің философиялық негізін ғана қалыптастырмай, сонымен бірге идентификация саясатының идеологиялық негізін де құрайды. Олар Батыстағы «иденттілік саясатының» пайда болуы мен дамуын жеделдетті. Бұл құбылыс саяси бостандықтан күнделікті өмірге бағытталған саясатқа көшу арқылы, өз талаптарын саясаттан тыс, бейсаяси формада көрсетуге ұмтылды. Мұны – постструктурализмнің және иденттілік саясатының тікелей салдары деп атауға тура келеді.
2021 жылы афроамерикалық жазушы Гурнаға, 2022 жылы Энн Эрноға, ал 2023 жылы Йорн Фоссеге Нобель әдеби сыйлық берілді. Бұл Батыс әдебиетінде «постсаясат» феноменінің көрінісі ретінде бағаланды. Гурна шығармашылығы негізінен босқындар, жеке сәйкестік, этникалық қақтығыстар мен тарих мәселелерге арналған. Ал Эрно баяндау стиліндегі ғұмырнамалық роман жазды. Яғни, Гурна этникалық азшылыққа жататын, ал Эрно әйел тағдырын ғана тақырып еткен жазушы ретінде, екеуінің де шығармасы орталықтан тыс, шеткі позициядан жазылған. Осы тұрғыдан алғанда, олардың шығармашылығындағы айырмашылық: саясат пен көпмәдениетшіл көзқарасынан анық көрініс табады. Гендірлік саясат – жеке сәйкестік саясатының маңызды құрамдас бөлігі және ол феминистік теңдік қозғалысымен байланысты. Ол тіпті нәсілшілдікпен қатар жеке сәйкестік саясатын қалыптастырудың бастапқы кезеңінде пайда болды. Кейін осы негізде квир-теория, ЛГБТ қозғалысы сияқты бағыттар дамыды. Барлығы көптүрлі субъектілік құрылымдарға негізделген жеке сәйкестік саясаты болып табылады. Мысалы, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында бірқатар қойылымдар трансгендерлік саясатына қолдау білдіретінін ашық көрсетті.
Соңғы жылдары Нобель әдебиет сыйлығы да, мейлі мақсатты түрде демеген күннің өзінде, гендірлік, нәсіл және иденттілікке байланысты болып кетті. Қазылар алқасы бұл жазушыларды әдебиетті сын тұрғысынан көрсету және оның тәуелсіздігін, ішкі қарсылығын ашық көрсеткені үшін таңдалған деп ойлайды. Алайда, әдебиетті нақты саясатпен өте тығыз байланыстыруға болмайды. Осы үрдіс жалғаса берсе әдебиет өз құнын жоғалтады. Соңғы үш жылда Нобель әдебиет сыйлығын алған осы жазушылар мен олардың шығармалары нағыз әдеби тәуелсіз туындыдан гөрі нақты саясатқа бағытталған. Соның нәтижесінде әдебиет пен саясат арасында ұқсастық пайда болып, әдебиет біртіндеп идеологияны жеткізетін құралға айналды.
Бұрынғы Кеңес одағы жазушыларына Нобель сыйлығы берілгенде, бұл шешім әдебиет үшін бе, әлде саясат үшін бе деген сұрақ туындаған еді. Ал 21 ғасырда «деректі әдебиет» деп аталатын бағыт әдебиет пен реал өмір арасындағы тығыз байланысты көрсетті. Дегенмен қазылар алқасының мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, олар бүкіл әлем әдебиетін бағалап, әрі шынайы әрі ұзаққа созылатын мәні бар шығармаларды таңдауға толық қабілетті бола алған жоқ.
Реализмге тым жақын «деректі әдебиет» бағыты шын мәнінде әдебиет пен саясат арасындағы теңгерімді бұзып, әдебиеттің өз ерекшелігін жоғалтуға итемеледі. Бұны Эрно шығармаларының бытыраңқы ойларынан, әсілі Бекетпен салыстыруға болатын, бірақ әдеби тереңдігін айтарлықтай жоғалтқан Фоссе пьесаларынан байқауға болады, осылайша сыйлық алған шығармалардың әдеби сапасы күрт төмендеген.
Ал биылғы жеңімпаз Хан Ганға келсек, әдеби де, идеялық тереңдігі де жоқ мұндай шығарма қалай таңдалады? Айта кетерлігі, 2016 жылы «Вегетариан» романы Орхан Памук пен Кензабуро Оэ сияқты мықты жазушыларды басып озып, Хан Ган Букер сыйлығын жеңіп алған азиялық алғашқы автор атанды. 2018 жылы «Ақ кітап» атты шығармасымен қайтадан жүлдеге үміткерлер тізіміне енді, сол жылы ол «Балақай келді» романымен Халықаралық Дублин әдеби сыйлығының қысқа тізіміне енді. 2023 жылы оның «Қоштаспаймыз» шығармасы шетелдік фантастика бойынша «Медисис» жүлдесін жеңіп алды.
Букер сыйлығынан бастап Нобель әдебиет сыйлығына дейін Хан Ганнның шығармалары Батыста үлкен ықыласқа ие екені көрініп тұр. Хан Ган мен оның шығармаларында түрлі жеке сәйкестік пен дискурс элементтері біріккенін байқауға болады. Ең алдымен, оның шығармалары феминистік, патриархатқа қарсы бағытта жазылған.
Шығыс Азия контекстінде әйел өзінің гендерлік құқықтарын қорғап шықса – бұл, сөзсіз, орталықтанған билік пен жеке демократия арасындағы қақтығыс ретінде көрінеді.
Ал Батыс орталыққа қарағанда Шығыс Азия «басқалар» позициясында тұр, сондықтан олар мұндай шығарманы артта қалған колониалды тарихтың көлеңкесі деп бағалар еді… Хан Ган шығармаларында либералдық демократиядан бастап мәдени плюрализмге және идентификацияға дейінгі барлық элементтер көрініс табады. Бұл Батыстағы қазіргі постмодерндік саяси жағдаймен тығыз сәйкес келеді. Сонымен қатар, оның тарихи зорлық-зомбылықты суреттеу тәсілі «деректі әдебиет» талаптарына сай келеді. Алайда «деректі әдебиет» дегеніміз, негізінен, иденттілік саясаттың нұсқасы ғана болып табылады. Яғни, бұл тарихтың толық қанды бейнесін емес, жекелендірілген, үзік-үзік тәжірибелер арқылы жазылған «кішігірім кешулерді» баяндау әрекеті болып есептеледі.
Мұнда либералдық демократиядан бастап мәдени плюрализмге, одан әрі иденттілікке дейінгі тұтас элементтер шоғыры тоғысқаны анық байқалады. Бұл құбылыс Батыстағы қазіргі постмодерндік саяси ахуалмен табиғи түрде «ұштасып» жатыр. Сонымен бірге тарихи зорлық-зомбылықты бейнелеу тәсілі де «деректі әдебиетке» тән канондарға сәйкес келеді. Алайда «деректі әдебиет» дегеннің өзі инденттіліктің түрленген бір көрінісі.Ол фрагменттелген тәжірибелер арқылы тарихты қайта баяндайтын «шағын нарратив» ұстанымына сүйенеді.
Оңтүстік Кореядағы 20-шы президенттік сайлау гендерлік саясаттың ықпалын айқын көрсетіп, қоғамда барған сайын шиеленісе түскен гендерлік антагонизмді саяси дискурс деңгейіне алып шықты. Нәтижесінде гендерлік саясат президенттік науқанның маңызды факторына айналды. Сайлау барысында күшейе түскен бұл бірегейлік саясат, белгілі бір дәрежеде Шығыс Азияға тән ерекшеліктермен астаса отырып, жаһандық үлгінің қайталануын көрсетеді. Дегенмен, Хан Ган шығармашылығындағы мұндай құбылыстарда терең теориялық пайым жоқ. Керісінше, ол «корей әйелдер әдебиеті» деп аталатын желеумен, гендерлік антагонизмді әдебиеттегі саяси салдардың күшеюі мен орнығуына қызмет ететін дискурстық арнаға бағыттайды.
Әдебиеттің идеологиялық құралға айналуы және өнімділігі.
Ал енді марапатқа келсек: Стокгольмдегі Швед академиясы жазушының туындысы «Адам өмірінің нәзік қырларын ашу арқылы тарихи жарақаттарға қарсы тұруға үндейтін қанық та поэтикалық прозасы үшін» деп бағалап, Нобель әдебиет сыйлығын берді. Бірақ «Вегетариан» романы шынымен де «тарихи жарақатты» бейнелейтін шығарма деу тым күштеп таңылған пікір болар еді. Керісінше, бұл анықтама оның «Балақай келді» романына көбірек сәйкес келеді. Өйткені ол 1980 жылғы мамырда болған Кванджу оқиғасын негізге ала отырып, бірнеше жасөспірімнің көзімен сол кезеңді қайта суреттеуге тырысады. Мұнда да көпқырлы баяндау тәсілі бар, бірақ кейіпкерлерінде ішкі тереңдік жеткіліксіз, бейнесі жұтаң көрінеді. Негізінде мұнда тек екі деңгейлі модельдел құрылымы анық байқалады, яғни, баяндаушының дискурсы мен кейіпкердің символдық функциясы ғана қамтылады. Мемлекеттегі ерлердің үстемдігі пен тарихты сабақтастыра баяндауы өте қарапайым. Сол себепті шығармадағы қарсылық пен үмітті бейнелейтін астарлы үндеуі де жасанды әрі әлсіз екені аңғарылады. «Жарақат» пен «жады» туралы түсінік те үстірт деңгейде. Оқиғаға қатысты терең пайым да жетіспейді, сонымен қатар мәтінге мағына берудегі символдық белгілер мен метафоралар да жасанды сезіледі. Дегенмен, бұл романның қарапайым әрі айқын саяси ұстанымы Хан Ганның Нобель сыйлығын алуына маңызды себептердің бірі болуы ықтимал. Өз кезегінде, оның «Қоштаспаймыз» романы да тарихи оқиғалар мен ақтаңдақтарды бейнелеуде осыған үндес көркемдік ұстанымды байқатады. Мұндай үстіріт жазылған тағы бір шығармасы – «Ақ кітап». Мұндағы «ақ» сөзі әлсіздікті де, бос кеңістікті де білдіреді. Бұл, шын мәнінде, тарихи травматикалық реңкке көп мән беретін «меннің» идеологиялық тұрғыда қалыптасқан бейнесі. Ал сол жарақаттың өзегі – үлкен қуыс қана. Шығармадағы тарихты үстірт, қарапайым түрде жазудың өзі жаңа бір мағыналық қиянатқа жол ашпай ма?
Осындай біржақты сипаттағы «критикалық әдебиеттің» қарапайым әрі жасанды белгілері шығарманың әр тұсынан аңғарылады. Мұндай жазу үлгісі шынайы көркемдікке емес, белгілі бір идеяны өрістетуге көбірек ұқсайды. Яғни, әуелі алдын ала тұжырым дайындалып, кейін оның айналасына түрлі функционалдық бөлшектер құрастырылып, соңында барлығы бір мәтінге жинақталады. Бірақ мұндай әдеби тәсіл қылмыс жасалған орын сияқты, ондағы айғақтық іздерді түгел жасыру мүмкін емес. Мәтіннің өз ішінде де, оны жеткізу тәсілінде де айқын кемшіліктер мен үйлеспеушіліктер бар. Әдейі жасалған қасаңдықты қарама-қарсы риторика арқылы бүркемелеу мүмкін емес, керісінше сол жасандылықты одан әрі ашық етіп көрсетеді. Соған қарамастан, мұндай туындылар Батыстағы түрлі марапаттарға ие болып, ақырында Нобель сыйлығына дейін көтерілді. Енді осыдан кейін, бүгінгі әдебиеттің бағыты қандай? Бұл шынымен де нағыз әдебиет пе деген ой туады. Осының бәрі ойландырмай қоймайды: әдебиет қазір қай бағытқа бет алып бара жатыр? Шын мәнінде, мұны әдебиет деуге бола ма?
Мұндай типтегі әдеби туынды әдебиет пен өмір арасындағы «тәжірибелік шынайылық» пен «ішкі тұтастықты» екіге бөліп жібереді. Ол шындықты нәзік әрі терең қырынан зерделеуден емес, алдын ала дайындалған концепцияны дәлелдеуге жарамды «материалдарды» іздеуден бастау алады. Сондықтан мұнда көрінетін «шындық» – белгілі бір идеяның ықпалында жасалған жасанды құрылым ғана. Осындай танымдық тұйықталу өмірлік шындыққа қайтып оралу мүмкіндігін бөгеп, мәтін мен танымның өзара жұтаңдануына әкеп соқтырады. Соның нәтижесінде мәтіндік ақиқаттың ішкі тұғырнамасы шайқалып, күйреуіне жол ашады. Мұндай шығарманың ішкі тереңдігі болуы мүмкін емес. Мұндай әдебиетті енді адамзаттың рухани өмірінің жемісі деуге келмейді, ол тек белгілі бір идеялық өнім ғана. Бұл, керісінше, адамзаттың рухани әлемінің жұтаңданғанын, қалай басып-жаншылып, сарқылғанын айқын көрсетеді.
Әдебиет гендірлік, нәсілдік, не болмаса иденттілік саясаттармен байланыстырылған сәтте, ол бізді маңызды да іргелі этикалық және саяси мәселелерден алшақтатады.
Өлім мен қасірет сынды өмірдің ащы шындықтарын бейнелеуден қашқақтап, үнсіз қалғанымен, мұндай әдебиет жалпылық пен негізгі қағидаларға қатысты қасаң көзқарасын мызғытпай сақтайды. Мұндай әдебиет те, жеке тұлғалық немесе иденттілік саясаты сияқты, қоғамнан шеткері қалып, басты мәнін жоғалтуы мүмкін. Ол біртіндеп өзін мақтауға, көркемдік үшін ғана әуестенуге немесе жеке психологиялық ем-дом мақсатында қолдануға ығысады. Мұның бәрі әдебиеттің шынайы қоғамдық және рухани миссиясынан алыстайды.
Яғни, әдебиет саясаттандырылған сәттен бастап, ол еріксіз түрде белгілі бір құралға айналады.
Хан Каң сияқты авторлардың көп перспективалы баяндау тәсілі мен символдық кейіпкерлері, егер тек бір риторикалық әдіс немесе баяндау техникасына айналса және ол белгілі бір идеяны дәлелдеуге қызмет етсе, әдебиет қазірдің өзінде құралға айналып үлгірген болып саналады. Мұндай әдебиет тек белгілі бір көзқарасты немесе идеологияны білдіру үшін жазылады. Бұл әдебиеттің критикалық өлшемі мен жалпыға ортақ мәнін көрсетпейді, керісінше оның прагматикалық мақсаты мен қызмет ету сипатын паш етеді.
Осы сәтте әдебиет белгілі бір билік немесе дискурс механизмінің қолына түседі. Әдебиет саясатқа бет бұрған сәтте, оның баяндау тәсілі, мәтін құрылымы мен стратегиясы тек өнер емес, саяси құралға айналады. Басқаша айтқанда, мұндай «әдебиет» – саяси идеяны жеткізу үшін жасалған жарнама, ал мұндай «жарнаманың» өзі саяси мәнге ие.
Көркем әдебиетке тән тәжірибелік шынайылық пен ішкі тұтастық тұрғысынан қарағанда, мұндай шығармаларды кәсіби жұмыс ретінде бағалау мүмкін емес. Мәлім біреудің тапсырысы деңгейіндегі мұндай шығарманы жаза берудің де қажеті жоқ. Себебі, мұндай шығарманың авторы үшін «жазушы» деген кәсіби мәртебе әдебиеттегі ең үлкен ирония болып табылады, яғни әдебиеттің шынайы табиғатына қарама-қайшы келеді.
Жазу кәсібилікке айналған сәттен бастап, қаламгер тоқтаусыз жүріп тұратын өндіріс машинасына айналу керек, мұны табиғи талап деуге де болады. Әр күн сайын жаңа дүние тудыру, ойды өнімге айналдыру – жазушының шығармашылық табиғатына қайшы келетін ауыр жүк.
Бүгінде университеттерде етек алып келе жатқан «шығармашылықты дамыту» атты пән осы түйткілге жауап бола ала ма? Әлде керісінше, мұндай пәнді өмірге әкелген де дәл сондай сұраныстың өзі ме? Не болса да, «шығармашылықты дамыту» дейтін желеумен жазуды өнеркәсіп деңгейіне жеткізетін нақты әдістемелер ұсынады. Ол әдебиеттің де өндірістік өнім секілді кәсібиленуіне, жүйелі түрде оқытылып, насихатталуына жағдай жасап отыр. Алайда бір сұрақ әлі де ашық күйінде тұр: алдымен «әдебиет нарығы» пайда болып, соған орай бұл пән қалыптасты ма, әлде осы пәннің өзі сол нарықты жасап, соған дем берді ме?
Әдеби нарықтағы алдын ала «дене қыздыру» үшін жасалған мұндай «дайындық қадамдар» – шын мәнінде әдебиеттің шеңберінен шығып, әдебиеттің жалпылыққа айналғанының бір көрінісі. «Шығармашылық даму» пәні тек жазушыны даярлауды ғана мақсат етпейді (әрі, жазушыны осылай «даярлау» мүмкін бе, ол да бөлек әңгіме), ол негізінен қоғамдағы түрлі жанр мен стилдік сұранысқа жауап беретін қаламгерлерді тәрбиелеуге бағытталған. Қазіргі заманғы әдебиеттің түрлі жанрлық сұраныстарына бейімделіп шығуы да өзінше бір наратив болып саналады. Бұл үрдіс – «әдебиеттің жалпылыққа айналу» ғылымының әдебиетті саясаттандыруы және идеологияландыруымен бір арнада дамып жатқанын көрсетеді. Саясаттың жалпылануы саясаттың өзін шетке ығыстырып жіберетіні сияқты, әдебиетті жалпылққа айналдыру да әдебиеттің өзіндік қадірін кетіреді.
Қазіргі таңда жаңаша жазу барған сайын өндірістік сипат алып барады. Ол көбіне белгілі бір тапсырысқа немесе сұранысқа сай «өнім» жасаудың тәсіліне айналды. Мұнда идея мен техникалық амалдар алдыңғы орынға шығып, жазу өнері екінші қатарға ысырылады. Соның нәтижесінде біз мән-мағынасы таяз, сырттай безендірілген, бірақ ішкі қуаты әлсіз шығармаларға көптеп кездесеміз. Жаңа технологиялар мен әдіснамалардың ықпалымен әдебиеттің өндірістік қуаты бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Ойға қалдыратыны – болашақта жасанды интеллект әдеби шығармашылықты толықтай өз қолына алып, тоқтаусыз «рухани өнімдер» ұсынып отыруы әбден мүмкін. Бұл тұрғыда адам баласының оны басып озуы неғайбыл. Технология күшейген сайын, дайын әрі жалпыға бірдей қолжетімді «әдебиеттің» болашағы да соғұрлым анық көріне бастады.
Осыдан-ақ, әдебиет индустриясы айтарлықтай кең құбылысқа айналғанын көреміз. Белгілі бір мағынада, әртүрлі марапаттар да әдеби өнім өндіру мен жасауға құрылған алып тізбектің бір буыны ғана. Олар әдебиетке сән беріп, айбынын асырып қана қоймай, оған жасанды қызығушылық пен даңғаза қосып отыр. Жыл сайынғы Нобель әдебиет сыйлығы иегерін болжау процесі құмар ойындар индустриясына ұқсап кеткен жоқ па?! Бірақ осыншама даңғазаға толы сыртқы көріністің арғы жағында нағыз әдебиеттің салмағы жеңілдеп бара жатқан жоқ па? Әдебиет өндіріс пен фабрикалауға айналғанда, көзқарас пен идеялар схемаға түсіп, жай ғана мәтін шығару деңгейінде қалып қояды. Осылайша адам туралы көркем әдебиет назардан тыс қалып, оның өмір сүріп жүргені не әлдеқашан жоғалып кеткені белгісіз күйге түседі.
2018 жылы Нобель алған Токарчуктың еңбектерінен-ақ концептуалды өнердің белгілері анық байқала бастаған. Ал Хан Ганның романдарынан оның «шығармашылық машық» көргені байқалады (өзі де бұл саланы университетте оқытады). Осы қырынан қарасақ, Хан Ганның шығармалары Токарчук, Гурна және Эрноның шығармашылығымен үндесіп жатқандай әсер қалдырады. Сондықтан оның бұл марапатқа ие болуы тосын жағдай емес, қайта алдын ала болжауға болатын заңды нәтиже еді.
Бұл үрдіс жалғаса берсе, Швед академиясы түптің түбінде өзін «әлемдік саяси-әдеби сотқа» айналдырған кезде, оның бұл әрекеті әдебиетті қолдап-қуаттау ма, әлде әдебиетті жерлеуге қаралы қоңырау соққаны ма – мұны анықтау қиынға соғады.
Пайдаланылған әдебиеттер мен дереккөздер:
У Цюн. «Жак Лаканның симптомы»
Славой Жижек.«Сезімтал субъект — саясат онтология»
У Гуаньцзюнь.«Жижектің “Жағымсыз жаңалығы” — саяси субъект, параллакс көзқарас және диалектика»
Ван Цинь. «Жалпыға бірдей, ерекше әрі ирониялы субъект»
Шель Эспмарк.«Нобель сыйлығы: әдебиеттің ішкі сырлары»
Шель Эспмарк. «The Nobel Prize in Literature – A New Century»
Сяо Шуфэнь. «Нобель әдебиет сыйлығының жүз жылдық панорамасы»
Қытай тілінен аударған: Н. КЕҢЕСБАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.