Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әдебиет туралы қызықты деректер...

03.03.2023 2410

Әдебиет туралы қызықты деректер 14+

Әдебиет туралы қызықты деректер - adebiportal.kz

Әдебиет адам санасына әсер ететін ерекше құрал. Сондықтан әдебиет әр елдің мінезін көрсететін де, ділін қалыптастыратын да мәйек саналады. Әдеби кейіпкерге еліктейтіндер қаншама?! Айналасындағы адамдарға қарап әңгіме жазатындар ше?! Мәселен, «Өлі жандар» поэмасын Гогольге Пушкин жаз деп, әңгімелеп берген. Әдеби шығармалар алуандылығымен де қызықты. Ал жазушылардың әдебиетке қосқан үлесін есептеу тіптен мүмкін емес. Оны ешбір атақ та, байқау да өлшей алмас. Оны тек уақыт тезінен өткен туындысы ғана өз өміршеңдігімен дәлелдейді. Туындыгердің шығарма жазу процесі кезінде сан алуан жағдайлар боп тұрады. Бірі қызық, бірі қорқынышты. Сондай есте қаларлық қызықты казустарды іріктеп көрдік. Бұл да бір өмірдің парасы ғой. 

Шерлок Холмс туралы әңгіме қылмыскерлердің құлшынысын оятқан

Артур Конан Дойлдың «Жирендер одағы» әңгімесін оқыған ағылшындардың қылмыстық тобы әрекетке кірісіпті. Олар 1971 жылы Бейкер-стриттегі Lloyds банктің қарсысындағы дүкенге арналған кеңсені жалға алады. Тек демалыс күндері жұмыс істеп, қазынаға жақындататын 12 метрлік туннель қазады. Әбден жақындағанда еденді динамитпен жарып, қойманың ішіндегі жәшіктердегі ақшаны сыпырып-сиырып кетеді. Ізін суытпастан 4 қылмыскерді тауыпты. Оларды түрмеге жабады. Бірақ топта қанша адам болғанын анықтау мүмкін болмайды. Ұрланған ақшаның тек 231 мың £ қайтқан. Ал шын мәнінде банктен ұрланған сома 1-3 млн. £ деп бағаланған екен. 

Кішкентай ханзада спутнигі кімге арналған? 

Негізгі белдеудегі астероидтардың бірінің спутнигі «Кішкентай ханзада» деп аталады. Кішкентай ханзада кім еді? Ол ІІІ Наполеон императордың ұлы Наполеон Эжен болған. Антуан де Сент-Экзюпери «Кішкентай ханзаданы» жазғанда өз ғаламшарын мекендеген ханзаданы сипаттайды. Өмірдегі ханзада мен әңгімедегі ханзада арасындағы параллельдер Экзюпери ертегісін Наполеон Эженге арнап жазу ықтимал дегенге сендіреді. Наполеон Эжен де ертегі кейіпкеріндей орта бойлы, батыл жүректі, ерекше болмысты жиһангез болған. Бұл екі ханзада рухтас. Екеуі де жас күндерінде Африкада саяхатта жүргенде күтпеген жерден қайтыс болады. 

Жарын шын сүйгеннен қасына түнеуден бас тартқан ақын

Атақты ақын Александр Блок елге белгілі химик Менделеевтің Любовь деген қызына үйленеді. Біраз уақыттан соң жарының қасына түнеуден бас тартады. Ол өз құштарлығын тек нақсүйерлері мен жезөкшелермен қанағаттандырған. Бұған басты себеп Владимир Соловьевтің философиялық ойлары түрткі болған екен. Қатты әсерленген ақын әйелін хор қызына теңеп, оны фәни дүниелік мұқтаждыққа бола мазалауға қимаған. «Стихи о Прекрасной Даме» деген Блоктың жинағында бас кейіпкердің прототипі өз әйелі болыпты. 

Алан Милнның қай кейіпкері аудармада бұрмаланған? 

Британ жазушысы Алан Милн басы жоңқаға толы қонжық туралы ертегісін баласына арнап жазған екен. Оның «Винни Пухы» әлемге әйгілі ертегіге айналған. Бұл ертегіде Кенга деген кенгурудан басқасының бәрі еркек жынысты кейіпкер болған. Осы ертегіні орыс тіліне аударғанда аудармашы Борис Заходер Жапалақты әйел етіп жібереді. Шамасы, бұнысы орыс тіліндегі сова сөзінің семантикасына байланысты болса керек. О баста Милн ертегісіндегі Owl – ақылды көрінуге тырысқан, бірақ шын мәнінде дым білмес жекеменшік ағылшын мектебінің түлегіне сатиралық кейіпкер қылып сипатталған. Ал, Заходердың Жапалағы салмақты мектеп мұғалимасына келіңкірейді. Дегенмен ол да өзінің сауатсыздығын псевдоинтеллектуалды шешендігімен жауып, жамап-жасқап отырады.  

Ең керемет сый – кітап! 

Исландияда ерекше дәстүр қалыптасқан. Исландтықтар Жаңа жылда бір-біріне кітап сыйлайды екен. Жаңа жыл басталысымен әрбірі жаңа кітап оқуға кіріседі. Осы дәстүр қалыптасқалы Исландия әлемдегі кітапты көп оқитын елге айналған. Сондықтан Исландияда ана тілінде шығатын кітап саны жыл өткен сайын өсіп келеді екен. Статистикалық есеп бойынша, әрбір оныншы исландтық өзінің авторлық кітабын жазып шығарады екен.

Гамлеттің әкесі елес пе? 

Көптеген драмаларда елес кейіпкерлер сипатталады. Олар дым да істемейді, ләм-мим демейді, бірақ аты аталады. Кейде мұндай кейіпкерді қысқартып тастайды. Сондай қысқартулар кезінде оны барлық тараудан алып тастауды ұмытып кетеді. Қойылымды қоярда режиссер мұндай елестерді сценарийден сызып тастайды. Зерттеушілер Шекспир шығармаларының түпнұсқаларын зерттеу кезінде оның жұмыстарында елестердің көп болғанын анықтаған. «Ромео мен Джульетта» да Петруччио мен Валентин, «Гамлеттің» әкесі. «Гамлеттің» әкесіне қатысты кереғар пікірлер әлі де көп.

«Жаһан соғыстарын» жазуға не итермеледі? 

Екі ғасыр бұрын жазылған Герберт Уэллстің «Жаһан соғыстары» атты фантастикалық романы әр балаға таныс шығарма. Алғаш рет Тасмания аралына табаны тиген ағылшындар аборигендерді бірінші рет көріпті. ХІХ колонизаторлар осы аралға бірінші рет тұрақтаған кезде аборигендер саны бірнеше мың болған. Жарты ғасыр өткен соң небәрі 50 абориген қалыпты. Мұның бәрі еуропалықтардың отарлау пиғылымен жасаған қантөгістер және солардың әкелген ауруларының салдарынан болған. Герберт Уэллс өзінің бауырымен осы мәселені талқылай келе: «Дәл осындай жағдай біздің елдің басына туса қайтер едік?» - депті. Осыны ойлай отырып, ол жалпақ дүниеге мәшһүр болған «Жаһан соғыстары» шығармасын жазады. Мұнда Ұлыбритания Марс тұрғындарының шабуылына қарсы тұрады.

Питер Пэндегі сиқырлы тозаң не үшін керек болды? 

Питер Пэнді жазған Джеймс Барри ертегісін бірнеше рет өзгерткен екен. Бастапқы нұсқада оның кейіпкерлері өздігінен ұша беретін. Содан кейін көп бала Питер Пэнға еліктеп ойнап, төсектен секіріп құлап, жарақат ала берген. Содан кейін Барри ұшу үшін міндетті түрде сиқырлы тозаңды қолдану керек деп ертегіні өзгертеді. 

Ажал аузында жатқан баланы құтқарған шығарма 

1977 жылы Лондон ауруханаларының біріне Катардан келген бір жарым жасар бала түседі. Дәрігерлер диагноз қоя алмапты. Бала өлім аузында жатады. Сол кезде медбике Марша Мейтланд Агата Кристидің «Ақбозат» вилласы» деген шығармасын оқып жүріпті. Ол баланың таллиймен уланғанын айтады. Өзі баланың жағдайын кітаптағы оқиғамен ұқсатыпты. Содан баланы аман алып қалады. Осы шығарманы алты жыл бұрын оқыған бір дәрігер Бовингтон қаласының фабрикасындағы жұмысшылардың жұмбақ өлімін ашқан. Ол сериялы адам өлтіргіш Грэм Янгты ұстауға септесіпті. 

Сыйдың арқасында жазушы атанған 

Харпер Ли жазушы боламын деп шешкен сәтте отыздан асқан кезі екен. Ол сол кездің өзінде бірнеше әңгіме жазып тастаған. Бірақ күнделікті күйбең тірлік, тұрақты жұмыс жазуға отыруға мұрша бермейді. Осыны білетін екі досы жазушыға Жаңа жылға бір жылдық демалыстың ақысына пара-пар қомақты ақша сыйлапты. «Тек жазуға отыруың керек», - дейді. Сол бір жылдың ішінде Харпер Ли «Құйқылжықты өлтіру» (Убить пересмешника) романын жазады. Үш жылдан кейін роман жарық көріп, бестселлер атанады. 

«Том мен Джерри» қандай мағына береді? 

Ағылшын жазушысы Пирс Иган ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Сол кездерде ол «Лондондағы өмір» деген очерктер жинағын шығарыпты. Бұл жинақты өз заманындағы бай-бағланның жастық шағын тек қызық қуып, түк бітірмейтін «еркетотай балаларына» арнаған. Басты кейіпкерлер Том мен Джерри болыпты. Осы жинақтың арқасында ағылшындар Том мен Джерри десе, тек «төбелес, ішкілікке салыну, айналасына маза таптырмау» дегенді түсініпті. Мультсериал кейіпкерлерін осылай атаудың өзі сол жатып ішерлерді сынаудан туған дейді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар