Баяғы өткен заманда бір диірменшінің жұмыскер Есегі болыпты. Жылдар бойы қап-қабымен диірменге дән тасып, диірменнен ұн тасумен Есек әбден қартаяды. Күші кеміп, бұдан былай масыл болуға айналған Есекті иесі қуып жібереді.
«Ендігі күнім не болмақ? Қайда барып күн көремін? – деп қапаланады Есек. – Ақыры ол: "Бремен қаласына барып, сонда көше музыканты боламын", - деген шешімге келеді.
Сөйтіп жолға шығады. Келе жатса алдынан кәрі Төбет кездеседі. Жөн сұрасқан соң Төбет өз басындағы қайғысын айтады:
- Мен де иеме қызмет жасаумен қартайдым. Көзім нашар көретін, құлағым шала еститін болды. Үйді дұрыс күзетуден қалдым. «Босқа асырағанша өлтіріп тастайын», - деп ием мені ұстап алып өлтірмек болғанда, қашып кеттім.
Итті аяған Есек оған өзімен бірге жүруді ұсынады:
- Төбет, ендеше менімен бірге Бремен қаласына жүрсеңші. Көше музыканты боламыз. Сен ән саласың. Әрі барабанда да ойнай аласың.
Төбет бұл ұсынысқа қуана келіседі. Екеуі Бременді бетке алып жүріп келе жатады.
Екеуінің алдынан кәрі мысық кездеседі. Мысықтың басындағы қайғы да бұлардыкіне ұқсас екен:
- Қайратым кеміп қартайдым. Тышқан аулау қиынға түсті. Ием мені асырауды қиынсынып, суға батырып өлтірмек болды. Өлдім-талдым дегенде, әрең қашып құтылдым.
- Қамықпа, Мысық, - дейді Есек, - бәріміздің тағдырымыз бір екен. Бізбен Бременге жүр. Онда барған соң музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтатын боламыз. Мен лютня шертемін, Ит барабан соғады, ал сен сыбызғыда ойнайсың. Жұрттың бәрі сенің кешкі концерттегі шеберлігің туралы тамсана айтатын болады. Ақша табамыз, тамақтан да тарықпаймыз.
Олар үшеу болып, ары қарай жүре береді. Келе жатып бір үйдің қақпасы алдында: «Ку-ку-ка-ре-ре-ку!», - деп қарлыққан үнмен айқайлап отырған Әтешті көреді.
- Сен неге зорыға айқайлап, қапаланып отырсың? – деп сұрайды үш дос.
- Мені жасым келіп қартайған себепті, ием сойып, қонақтарға сорпа жасап бермек болып жатқанын естіп қапаланып отырмын, – деп жауап береді Әтеш.
- Ендеше, сен бізбен жүр, - дейді Есек, - біз бәріміз Бремен қаласына бара жатырмыз. Онда барып көше музыканттары боламыз. Сенің дауысың қашан да қажет.
Әтеш бірден келіседі. Төртеуі жүре-жүре, күн батып, түн болады. Орманға қонбақ болып, бір үлкен ағаштың түбіне жатуға ыңғайланыпты.
Кенет тас қараңғыда бір жарық көрініпті. Олар соқпақ жолға қайтадан түсіп жарыққа қарай жүре береді. Сөйтіп бір үйшікке келеді.
Есек терезеден қарайды да:
- Тамақ, сусын толы үстелде бір топ қарақшылар ас ішіп отыр екен, - дейді.
- Бізге тамақтанып алу артық етпес еді, - деп төртеуі гу ете түседі. Сөйтеді де олар қарақшыларды қалай қуып шығудың амалын ойластырады.
Есек алдыңғы екі аяғын терезеге қойыпты. Ит оның арқасына мінеді. Мысық Иттің арқасына, Әтеш Мысықтың үстіне шығады. Үйге лап етіп кіре бергенде, Есек қатты ақырыпты, Ит арсылдай үріпті, Мысық бажылдай мияулапты, Әтеш бар даусымен шақырыпты.
Жүректері тас төбелеріне шыға қорыққан қарақшылар алды-артына қарауға мұрша жоқ, орманға қарай зытады.
Батыл әрі тапқыр төртеу тойғанынша тамақтанады. Отты сөндіріп, ұйқыға кірісіпті. Қарақшылар оттың сөнгенін көрсе де тура жетіп баруға батылдары жетпейді. Олар іштеріндегі ең батылын үйде не болып жатқанын көріп-біліп келуге жібереді.
Қарақшы баспалап үйге кіреді. Ас бөлмеге кірсе, жанып тұрған екі отты көреді. «Көмірдің қоламтасы болар, шырпы жағып алайын», - деп жарықты түртіп қалғанда, баж еткен дауыс шығады. Бұл жарқыраған – мысықтың көзі болатын. Сол-ақ екен, Мысық бажылдап, тырнап алады. Қарақшы есікке қарай қашқанда, Ит арс етіп аяғынан қауып алады! Аулаға атып шыққанда Есек тарс еткізіп тебеді! Қақпаға жете бергенде Әтеш: - Ку-ка-ре-ку! - деп айқайға басады! Зәресі ұшқан қарақшы әрең дегенде қашып құтылып, жолдастарына келіп айтады:
- Құрыған жеріміз осы! Үйге әлдебір қорқынышты алып құбыжықтар мекендеп алған екен. Бірі ұзын тырнағымен бетімді тырнап алды, енді бірі өткір пышағын сұғып алды, енді бірі зілдей ауыр тоқпақпен арқамнан ұрды, ал төртіншісі: «Ұрыны ұстаңдар!», - жер жаңғырықтыра деп айғайлады.
- Әй, енді бұл жер бізге қоныс болмас, көзімізді құртпасақ болмас! – десіпті, қарақшылар.
Жұрттың мазасын әбден алған қарақшыларды бұдан соң осы орманнан ешкім де көрмепті. Ал Бремен музыканттары – Есек, Ит, Мысық пен Әтеш – осы үйде жырғаулы өмір сүріпті.
Орыс тілінен аударған Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.