Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Аядай бұлақ деседі... (Аягөз ауданы һақында)...

24.05.2023 1812

Аядай бұлақ деседі... (Аягөз ауданы һақында) 14+

Аядай бұлақ деседі... (Аягөз ауданы һақында) - adebiportal.kz

«Аякөз» деген аядай бұлақ деседі.

(Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?)

Аякөз болып ғасырлар алға көшеді,

Ая, көз, ая - Арулар елі кешегі!», - деп 

ақиық ақын Мұқағали жырлап өткен Мамырсу өңірінің тарихы тереңнен бастау алады. Қазірде Аягөз ауданы Абай облысының оңтүстік-батысында орналасқан.  Аудан батысында Қарағанды, оңтүстігінде Алматы облыстарымен, солтүстігінде - Шығыс Қазақстан облысының Абай және Жарма аудандарымен, шығысында - Үржар және Тарбағатай аудандарымен шектеседі. Аудан аумағы - 49,6 мың шаршы километрді құрайды. Республика бойынша Қарағанды облысының Ұлытау ауданы, Қызылорда облысының Арал ауданынан кейінгі жер көлемі жағынан үшінші орында. Абай облысы бойынша аумағы жағынан ең үлкен аудандардың бірі. Әкімшілік орталығы – Аягөз қаласы. 

Аягөз өңірінің тарихы ертеден бастау алады. Бұған дәлелді деректер Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» кітабында көрсетілген: 

«...зиялы адамдары көп болғандықтан, ахуалдары да жан-жаққа мәлім болған. Ұлы Жүз қазақтарының басым көпшілігі Түркістан мен Ташкент сияқты үлкен шаһарлардың қолтығында жүргендіктен, іштерінен тарихшылар, білімдар оқымыстылар бар деп әркім ойлар еді. Ал бұл жақтарда мекендеген орта жүз бір кездерде қытаймен араласқан найман аталатын рулары шексіз-шетсіз жатқан иен даланы жайлап, тыныштықпен алаңсыз өмір сүргендері соншалықты, басқа ешкіммен араласпай, бірер ғасырға дейін жекеленіп, тіпті мұсылман атынан басқа діннен де хабардар болғаны шамалы. Сондықтан тарихшылар бұл шығыстағы қазақтардың ахуалын жазған еңбектеріне кіргізбеген. Тіпті өкімет атынан наймандарға арнайы салынған Аягөз, Көктерек сияқты атақты мекендерді де назарға алмаған. Тарихшылардың бұлай көзге ілмеуі, мен үшін бұл бір жақсы сылтау болып, оларға қалыс қызметімді атқара жүріп, найман руының тарихын анықтап толық жазуыма себепкер болды. Себебі, Аягөз – туған жеріміз, найман – жүрген еліміз. Бір жүздің ахуалын тәптіштеп жазумен бірге, қалған екі жүздің де тарихы қоса жазылады. Себебі бұлардың бәрі бір ел тарихы болғандықтан бөлектеудің қисыны болмайды» [1, 51 б.],- деп сол замандағы тарихи еңбектерде еліміздің шығысын жайлаған ру-тайпаларға қатысты мәліметтердің аздығын тілге тиек етіп, елі - наймандардың, туған жері – Аягөздің орнын  айшықтай түсіп, құнды мағлұматтар береді. 

Халқымыздың елдігі мен ерлігіне сын болған қазақ-жоңғар шайқастарының шешуші ұрыстары осы өңірде өткендігін ерекше атап өткен жөн. Шайқастардың ең ірілері 1718 жылы көктемде, 1723-1727 жылдары Аягөз өзенінен он шақырым Қарауыл маңында болған. Оның алдында Балқаш пен Алакөл аралығында Аягөз өзенінің Балқашқа құяр сағасында қанды қырғын орын алған. Алакөлден Солтүстікке қарай Қарақол тұсында, одан кейін Ақшәулі төңірегінде (Тарбағатай тауының етегі), Еңірекейде, Ащысуда, Тарбағатайдың Өкпетісінде, Қабанбай асуында болған жерді азат ету жолында шайқастар өткен [2,11 б.].

Аягөз даласында өткен маңызды тарихи оқиғалардың бірі – «Қандыжап» немесе «Мамырсу» бітімі еді. Бұл оқиға жайлы тарихшы Құрбанғали Халид өз еңбегінде былай деп жазады: «Абылай хан қалмақпен шайқасып, жатқанда қытайлар Жоңғар хандығын жойып, Құлжа шаһарына ауыз салады. Жоңғарларды толық бағындырған еді де, шабылған қалмақ, торғауыт елі қытай қорғанын қабылдамай қашып еді, алайда қашқандары бойларына құт болмай, мына бәлеге душар болды: ақыры қуылып, қытайды паналауға мәжбүр болды. Ижн хан атынан Қара Дурчун деген Құлжадан көп әскермен шығып, жапа көрмеген қалмақтан 2000-дай адам алып, екі жақтың ортасына, Аягөз суының етек жағы – Су батпақ (Батпақсу) жеріне түсіп, Абылай ханға елші салады. Абылай да мыңнан аса қолмен келіп, лай су бойында бітім жасасты... Содан былай суды халық «Мамырсу» деп атады...» [1, 108 б.].

Абайдың талантты ақын-шәкірттерінің бірі Көкбай Жанатайұлы Аягөз даласында өткен бұл тарихи оқиғаны дастан етіп жазған. Автор «Қандыжап» атты тарихи шығармасында  Абай айтқан "Қазақтың мақтан қылар ерлерінің бірі" - Абылай ханды ел тыныштығын, азаттығын ойлаған, халқының адал перзенті ретінде суреттейді. Дастанның идеялық мазмұнындағы бір құндылық – ұзақ жылдарға созылған қазақ-қалмақ соғысының Абылай хан арқасында бітім табуы, осы жолдағы қазақ хандары мен ерліктерін суреттеу болып табылады [3, 192 б.]. Қазақ-қалмақ бітім шарты өткен Мамырсу (Лайсу) өзені қазіргі Мамырсу ауылының солтүстік-батысында орналасқан. 

XIX ғасырда ортасында Аягөз жеріне қатысты құнды деректер Шоқан Уәлихановтың «Ыстықкөл сапары»  күнделік беттерінде беріледі.  Шоқан қырғыз жерін зерттеу мақсатында құрылған экспедиция құрамына алынып, 1856 жылы сапарға шығады. Зерттеуші 18 сәуір,  яғни, дәл Семейден шыққан сәттен бастап күнделік жазуды қолға алады. Саяхатшы 20 сәуір күні түнде Аягөзге жетіп: 

«Аягөз - шағын станица, наймандарды басқаратын округтік приказ да сонда орналасқан. Оның негізі 1824 жылы қаланған. Қазақ даласындағы барлық станицалардың ішінде Аягөз көзге ең қорашы сияқты, дегенмен, Көкпекті одан асып тұрған жоқ деседі. Бірнеше ағаш үйлері бар шағын бекініс, фортштадт, татарлар тұратын бөлікте орналасқан мешіт және жеркепелер. Жаңа ереже бойынша, Семей облысы құрылғаннан бері, ол қала деп аталады...», - [4, 258 б.] деп жазады. Аягөз 1860 жылы Сергиополь деп өзгертілді де, содан Кеңес үкіметі тұсында ғана Түрксіб теміржолының бойында жаңа қала ретінде ірге тепті . Қаланың Сергиополь аталуына қатысты Қ.Жұмаділовтың «Прометей алауы» кітабында: «Аягөздегі бекіністі приказ бастығы Сергей Нюхалов өз атағын шығарғысы келді ме екен қамалды «Сергиополь» деп атаған екен» [5,18 б.],- деп жазады. Кейіннен ауылға Мамырсу атауының қайта берілуі тәуелсіздік жылдарының жемісі деп білеміз. 

Шоқан Аягөзден Верныйға қарай қайта жолға шыққанда, Аягөзден 90 шақырым жерде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мазарына баруды жоспарлайды. Бұл туралы өз жазбаларында: «Мен Аягөзді мейлінше сүйіп, оған таңданамын. Мүмкін, бұл жайында осы өзен жағасында дүниеге келген сұлу Баянның алтын айдарлы Қозы Көрпешке ғашық болуы жайындағы поэтикалық ғажап аңыздың да себебі бар шығар. Біз бұл дастанмен жақсы танысып, зерттеген едік. Ендігі ойымыз ол жерге таң алдында, ертеңгі таң шапағы теректер мен суды нұрға малындырып, бозторғайлар әндеріне басқанда, зират қасында тәтті ойларға беріле отырып шай ішу еді» [4, 259 б.] деп жазады. Арнайы бейіт басына баруға ниеттенгенмен, өзен суының қатты тасуынан жақындап көре алмаған екен.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, бұрыңғы мұрағат қызметкері, аягөздік Ғабит Зұлхаров өзінің бір мақаласында Шоқан Уәлихановтың Аягөзге 3 рет келгенін жазады: «... Шоқан Аягөзде өзінің қысқа өмірінде бір емес, үш рет болған. Мұның біріншісі жоғарыда толық баян­далды. Ал Шоқанның бұдан кейін де Аягөзде екі рет болуын біреу білсе, енді біреулер біле бермейді. Екінші рет Шоқан Аягөзден 1858 жылы Батыс Қытай аймағындағы Қашқарияны зерттеу жасырын жүргізілетіндіктен сол жаққа баратын сауда керуенінде Әлімбай деген атпен өткен. Соңғы рет Аягөзде 1864 жылы болған. Дәл осы жылдың көктемінде ол Қазақстанның оңтүстік аймағын Ресейге түбегейлі қосу үшін әскери қимылдар жасап жатқан генерал Черняевтың экспедициясындағы тілмаштық мәмлегер тобын басқару үшін тағы да Омбы-Семей-Аягөз-Верный арқылы Әулиеатаға жеткізілген. Бұл туралы дерек Шоқанның 1864 жылы 23-наурызда өзінің досы К.К.Гутковскийге жолдаған хатында анық баяндалған (Қараңыз: Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах Том 5.А-Ата, из-во «Наука», 1985, стр. 161)» [6]. Ғабит ағаның берген құнды деректері -Аягөз ұлылардың ізі қалған, қасиетті жер екендігін тағы бір айғағы.

Аягөзге ат басын бұрған тағы бір ғалым Адольф Янушкевич еді. Саяхат 1846 жылдың 8 мамыр күні Омбы қаласынан бастау алады. Аягөз жайлы жазбалары 31 мамыр күні ағасына жазған хатында былай басталады«Аягуз – столица одного из семи округов, созданных в Средней Орде вот уже как 15 лет, стоял когда-то на 35 верст ниже по реке того же названия; но его положение, слишком отдаленное от дороги, по которой обычно ходили караваны, заставило правительство перенести Аягуз – тому уже четвертый год – на нынешнее  место» [7, 97 б.].

«Дитя киргизских степей Аягуз лежит под 46 градусом географической широты, в 300 верстах от Семипалатинска, в стольких же от Чугучака и в 1000 верстах от Омска. Построен он на сухом месте и славится здоровым климатом. Зима здесь короткая, большие морозы редки, так что река даже не всегда замерзает. Но вихри и бураны, право же, ежегодно срывают крыши, а жара, начинаясь в мае, не уступает по своей силе афроканской, с той только, к счастью, разницей, что здесь во время самого сильного зноя дышишь легким, чистым, отрезвляющим воздухом, который словно омолаживает тебя» [5,98 б.]- деп,  поляк ғалымы ауданның географиялық ерекшеліктеріне, басқа үлкен қалалармен арақашықтығына, климатына тоқталып өтеді. Қала өзен жағасына жақын орналасқандықтан, тұрғындардың көкөніс өсірумен шұғылданатынын айтады. Халық саны туралы да мәліметтер берілген екен. Соңғы әрі нақты санақ бойынша шамамен 50.000 дай қырғыздар (қазақтар) қоныстанғанын, басым көпшілігі – найман руынан, қалғандары – керей руынан шыққан деп көрсетеді.

 11 маусым күні досы Густав Зелинскийге жазған хатында қазақ даласының екі шоқжұлдызы сияқты, екі тұлғаның руластарының алдында зор ықпалы бар екенін айтады. Бірі – қарадан шыққан тобықтының аға сұлтаны Құнанбай болса, екіншісі - Аягөз жерінде сол кезеңде танымал болған тұлғалардың бірі сұлтан Барақ Солтабайұлы еді. «Султан Барак – потомок ханов, ведущий свой род от Чингизхана. Он еще в цвете лет, это человек величественной осанки, с благородными чертами лица и необычайной силы. Щедрая природа наделила этого степного Геркулеса рядом с выдающимися умственными способностями и сильным характером и неустрашимым мужеством» [7,118 б.], - деп Шыңғыс тұқымынан шыққан  сұлтанды «Дала Геркулесіне» теңеп, өте қабілетті, қайсар мінезді, беделді болғанын жазады. Аягөзде Орынбай ақын мен Жанақ айтысының куәсі болған поляк саяхатшысы бірнеше күн бұрын Цицерон мен Демосфен сияқты шешендердің кем түспейтін қазақ ділмәрларына таңғалса, бүгін суырыпсалма ақындардың өнеріне тәнті болғанын жасырмайды. Өзіне жоғарыдан қарайтын елдер арасында көшпенділердің де құрметті орын алатын кезі келді деп пікірін білдіреді. 

Адольф Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» еңбегін 1979 жылы жазушы Мұқаш Сәрсекеев қазақ тіліне аударса, 2003 жылы саяхатшының 200 жылдығына орай Ғабит Зұлхаров қайта тәржімалады. Ғабит Зұлхаровтың ұсынысымен дәл сол жылы Янушкевичтің портреті салынған пошта маркалары шығарылып, Астана, Семей, Аягөзде саяхатшы атына көшелер берілді.

1921 жылы кеңестік ғалым, белгілі ботаник Питирим Сергеевич Массагетов Алтайдан Оңтүстік Қазақстан арқылы Орталық Азияға саяхаттап, экспедиция жүргізеді. Бұл экспедиция күнделігі саяхатшының «Заветные  травы» кітабында [8] толықтай суреттелген. Экспедицияшы П.Массагетовтың аялдаған жерлерінің бірі – Аягөз еді. «В Сергиополь пришел в полдень. С златоглавой церковью, оживлением на базаре он показался мне настоящим городом. На базаре продавали семечки, порыжевшие кашмы, кумыс, свежую траву для лошадей и шорные изделия», -деп, ХХ ғасыр басындағы қала тұрмысын суреттейді. Сергиополь қаласының тұрғындарының бірі Алексей Егорычпен танысады. Алексей Егорыч, мезгіл көктем кезі болса керек, өзеннен өту қиын екенін, қала сыртында өткел барын айтады: «Вот  он какой, у нас, Аягуз, а через месяц-два будет просто Аягузкой, телята на сторону вброд ее переходят»[6,26 б.].Өзеннің арғы бетіне өтіп, жолын жалғастырады. Келесі аялдаған жері – Ай өзені: «Вечером был в маленьком поселке на речке Ай. Небольшая, совершенно прозрачная речка сразу показалась уже тем приятной, что не похожа на угрожающую Аягуз: смотришь на спокойную воду – отдыхаешь от тяжелых аягузских впечатлений»[6,30 б.], - деп автор екі өзенді салыстырып, аймақтағы өсімдіктердің әралуандығына таңқалғанын жасырмайды. Сонымен қатар, көз бен асқазан ауруларына дауа болар шармай (маринка) балығының да көптігін ерекше атап өтеді.

Саяхатшы енді Үржар арқылы Үшаралға қарай шығамын деп жоспарлағанымен, адасып, Аягөзге қайта оралады. Келесі күні таң атысымен Аягөзден шығып, Үлкен Көгілдір тауына қарай бет алады. Қазіргі Тарлаулы ауылының маңына келген жолаушы қос ғашық  «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» мазарын да суреттеп, ботаник-ғалым мазар пішінін терек бүршігіне ұқсатады: «Далеко от поймы, в степи, стоял мавзолей необычной конической формы, совершенной и что-то напоминающей. Что-то знакомое. Да это почка тополя! Какая простая архитектурная форма. И поэтичная, лиричная. Кто, когда соорудовал такой памятник?»[8, 44 б.].

Өсімдіктердің дәрілік қасиетін зерттеумен айналысқан ғалым Питирим Сергеевич Массагетовтың бұл кітабында тек флорасы мен фаунасы әр алуан қазақ жерін суреттеп қана қоймай, сол кезеңдегі халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалынан да хабардар етеді. 

Аягөз ауданына қатысты мәліметтерді іздестіру барысында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, мұрағат қызметкері болған Ғабит Зұлхаровтың «Әуезов және Аягөз» [9, 100 б.] жинақтары өлке тарихын зерттеуде таптырмас құрал екені сөзсіз. Оның «Әуезов және Аягөз» кітабында берілген Ә.Толғанбаевтың «Қазақстан жазушылары Аягөзде» атты мақаласында Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың Аягөз қаласында 3 күн аялдағаны туралы айтылады: «1943 жылдың 14-16 шілде күндері жазушы Әуезов Мұхтар жолдас бастаған Қазақстанның бірнеше жазушы ақындары Аякөзде болды. Бұл келгендердің ішінде Қазақстанның әдебиетші, жазушысы, сыншы Ысмаил Есмағанбет, ақын Бегалин Сапарғали, Ленинград жазушысы А.С.Полоцкий, халық артисі, әнші Жүсіпбек Елебеков, филармонияның әртісі Матаков Ибади»[9,55 б.]. Жазушының Аягөзге келу мақсатын мақала авторы: «Қазақ халқының әдебиет майданындағы тіл шебері жолдас Әуезов Мұхтар «Абай» романының екінші кітабын жазуға кіріскен. «Абай» романының бірінші кітабы бүкіл қазақ әдебиетінің аса зор табысы болса, Мұхтардың бұл екінші кітабын жаза бастауы бүкіл жұртшылығымыздың майдандағы ел қорғаны, қазақ жауынгерлерінің күткен тарихи білім құралы еді. Әуезов жолдас өзінің творчестволық еңбегінде Абайдың әлеуметтік өмірінің толық суретін, ұлы ақынның зор бейнесін жасамақ... Абай өмірінің кейбір кезеңдері Аякөз ауданымен де байланысты. Сондықтан да, Мұхтар жолдас Аякөз, Абай аудандарында Абайды көрген, ұлы ақын өмірінің куәсі болған адамдармен әңгімелесіп, ол жүрген-тұрған жерлерін көріп, Абайдың қазақ әдебиетіндегі мәңгі ұмытылмас еңбегін осы екінші кітабында барлық жағынан қамтып, толық көрсетпек. Сонымен қатар, Әуезов жолдас өзінің бұл сапарында Отан соғысы күндерінде еліміздің сарқылмас қорына айналып отырған Қазақстанның мал шаруашылығындағы даңқты еңбек адамдары жайында да очерк, көркем әңгімелер жазбақ» [9, 55-56 б.], -  деп жазады. 

Ұлы кемеңгер Мұхтар түскен  үй қабырғасына ескерткіш тақтайша орнату туралы Ғабит Зұлхаров тарапынан ұсыныс түсіп, 2012 жылы қойылыпты [9,57 б.]. 

«Аякөз – өлең-жырдың өлкесі екен. Қазақстан сөз өнерінің туы тігіліпті. Сонау Ақтанбердіден бастап Дулат жырауға дейін, аймағына аяулы болған Байқара мен Ақтайлақ билердің шешендік сөздері, олардан тараған атақты  Сабырбай, Қуандықтай дүлдүл ақындардың кіндік кескен жері» [10, 115 б.] - деп жазушы-ғалым Советхан Ғаббасов Аягөз өңірінің ән мен жырға толы, қасиетті өлке екенін атап өтіп, жоғары бағалауы бекерден бекер емес. Өңірде  қара қылды қақ жарған әділеттілігімен танылған билер қатарында би әрі батыр болған Боранбай, атақты аға сұлтан Құнанбай елімен аралас ағайын-жегжат, қойы қоралас болған Біке би, 12 жасында бала би атанған Жондағы Жобалай би, тілге шешен, сөзге жүйріктігімен көзге түскен Байқотан би (Бабаң), ұтқырлығымен озған, дәулет қумайтындығын дәлелдеу үшін ғұмыр бойы қара күркеде тұрған Томан би, сайын дала төсінде сарқытты сөзі қалған Ер Шектібайдай билер еді. 

Аягөз ауданын  мекендейтін Найман ішіндегі  Сыбан руының өзінен ғана ХVІІ  ғасырдан   ХІХ ғасырдың   орта тұсына дейін   белгілі 17 ақын   әділ әрі ділмар,  сегіз білікті би,  ел ағалары шыққан. Олардың арасынан ең әуелі көп  жылдар бойы   Ташкенттегі бегі болған   Жангөбекұлы Нартбайды   айтамыз. Одан соң Нарынбай баласы    қу дауысты  Құттыбай, оның баласы Байқара, оның баласы Ақтайлақ билер. Ақтайлақтың ұлдары Сабырбай және Түбек, Сабырбай қызы, Төлеу ақынның шешесі  Қуандық, бұларға   немере  болып келетін ақындардың   қазақ тіл өнеріндегі   алар орны ерекше.

Аягөз даласында өткен Жоңғар шапқыншыларына қарсы күрестерде Шыңқожа, Бөдес, Бигелді, Бижігіт сынды батырлар ерлік көрсеткен.

Абайдың замандас досы болған, 1834-1911 жылдары өмір сүрген Бегеш Сабанұлының орны тым бөлек. Оның дәлелі Абайдың: «Керей маған Бегешін берсе, мен Тобықтының игі жақсыларының бәрін берер едім» деген сөздері. Ақын бойындағы Бегеш шешенге деген адал достығын, жоғары бағалауын, үлкен құрмет тұтуын көреміз. Аталғандардың өзге де Аягөз жерінен көптеген ақын да, батыр да, өнер саңлақтары да шыққан. Өткен ғасырдың елдіктің жыршысы, еркіндіктің жоқшысы болған ақын Дулат Бабатайұлы, жасынан әнші, қиссаларды жатқа айтатын, Абайдың дарынды ақын шәкірттерінің бірі Уәйіс Шоңдыбайұлы, күміс көмей әнші Ерғазы Рахимов, әдебиет майталманды Хасен Әдібаев, қаламы қарымды жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Толымбек Әбдірайымов, ақындар Төлеу Көбдіков, Ақберен Елгезектер және т.б. - қасиетті Аягөздей даланың топырағынан нәр алған перзенттер.

Тарихтан тереңнен бастау алатын Аягөз – аңыздар мен абыздар елі, мәңгілік махаббаттың бесігі, еліміздің рухани-мәдени ордасы.

Сымбат Сарсембаева

Еуразия ұлттық университетінің  докторанты 

Суреттердің авторы Думан Кенжеғазыұлы

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Құрбанғали Х. Тауарих хамса: (Бес тарих) Ауд. Б.Төтенаев, А.Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 304 бет
  2. Шалғынбай Б. Халқына рух берген Ер Қазымбет//Аягөз әлемі. - 2014. - 11 бет
  3. Жанатайұлы, К. Шығармалары - Алматы: Информ-Арна, 2001. - 192 бет
  4. Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: Толағай групп, 2010. – 376 бет
  5. Жұмаділов, Қ. Прометей алауы: роман және әңгімелер / Қ. Жұмаділов. - Алматы : Атамұра, 2002. - 349 бет
  6. Зұлхаров Ғ.Шоқанның Аягөзде ізі қалған // Ана тілі, 2015
  7. Янушкевич A. Дневники и письма из путешествия по казахским степям. – Алматы: МКА, 2005. – 236 с.
  8. Массагетов П.С. Заветные травы. – Москва: Мысль, 1985 – 208 с.
  9. Ғ.Зұлқаров. Әуезов және Аягөз. – Семей: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі - Зияткер, 2017. - 100 бет.
  10. Ақтайлақ би. – Алматы: Творч. «Журналист» фотостудиясы, 1991. – 115 бет.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар