Ерте, ерте, ертеде атай мен әжей өмір сүріпті. Олардың жалғыз ұлы болыпты. Қарт өзі кедейшілікте өмір сүрсе де, баласына ғылым игертіп, қартайғанда рақатын көрмекші болған еді. Бірақ «үйдегі бағаны базардың нарқы бұзар» деген бар ғой, амал қанша? Мүмкін балама ілім-білімді тегін үйрететін біреу шығып қалар деген дәмемен қарт ұлын ертіп алып, қаладан қаланы кезумен болады. Бірақ ақысын төлемесең, ешкімнің де баласын тегін оқытатын ниеті жоқ екен.
Тауы шағылып үйлеріне оралған қарт пен кемпірі қырсық болған қу кедейліктің қорлығын айтып, бір-біріне мұң шағып жылаумен болады. Ақыры тағы бір рет бақ сынап көрмек болып, қарт ұлын ертіп алып қалаға қайта кетеді. Олар қалаға жете бергенде, алдарынан бір адам кездеседі. Ол адам қарттың жүзіне қарап:
– Ақсақал, не себепті осыншама қайғыға батып келесіз? - деп сұрайды.
– Қалай қайғырмайын, қарағым-ау! – дейді қария. – Мына балама ғылым игертсем бе деп едім. Сөйтсем, ақысын төлемесең, ешкім маңына жолатпайды екен. Ал менің қалтам тесік кедеймін ғой! Соған жабырқап келемін.
– Жарайды, ондай ойыңыз болса, балаңызды маған беріңіз, - дейді бейтаныс адам, - мен оған үш жылдың ішінде барлық ғылымды үйретіп шығатын боламын. Үш жылдан соң ұлыңызды алып кету үшін дәл осы күні, дәл осы сағатта келетін болыңыз. Есіңізде болсын: осы айтқан уақыттан кешікпей келіп ұлыңызды тани алсаңыз – оны өзіңізбен ертіп кетесіз, ал егерде олай істей алмасаңыз – ұлыңыз мәңгілік менің жанымда қалатын болады.
Қуанып кеткен қария бұл алдында тұрған адамның кім екенін, қайда тұратынын, ұлын қандай ғылымға үйрететінін де сұрамапты. Сөйтіп ұлын бейтаныстың қолына тапсырып беріп, өзі үйіне қарай беттейді. Үйіне келе сала, болған оқиғаның бәрін әжейге қуана баяндайды. Ал қария мен баласына кездескен – сиқыршының өзі болатын.
Арада үш жыл да өте шығыпты. Қария баласын ғылым үйренуге қай күні жібергенін мүлде есіне түсіре алмай, әбден басы қатады. Ал ұлы болса осы кезде кішкентай құс болып ұшып жетіп, үйдің іргесіндегі топыраққа топ етіп түседі де, әп-әдемі бозбалаға айналады. Сөйтіп үйге кіріп, әкесіне иіліп сәлем береді де, ертең уәделі үш жылдың дәл соңғы күні екенін, сол үшін сиқыршыға қалай барып, өзін танып алып кету үшін не істеуі керектігін түсіндіріп айтады.
– Сиқыршы ұстазымнан ілім үйреніп жүрген – мен ғана емеспін. Оның жанында мәңгілікке қалған тағы он бір қызметшісі бар. Олардың барлығы кезінде ата-анасы алып кетемін деп келіп, тани алмағандықтан қалып қойған. Егер ертең барғанда мені де тани алмасаңыз, мен де солармен бірге он екіншісі болып мәңгілікке қалып қоямын. Ертең сіз маған келген кезде, сиқыршы бізді қауырсындары да, басы мен құйрығы да бірдей ұқсас он екі ақ көгершінге айналдырып ұшыратын болады. Есіңізде болсын әке: барлық көгершін көкке көтеріле ұшатын болады. Солардың ішінде мен өзгелеріне қарағанда сәл-сәл биігірек ұшатын боламын. Сіз сол биікке көтеріліп ұшқан көгершіннен көз жазбаңыз. Қожайын сізден: «Өз ұлыңызды таныдыңыз ба?» - деп сұрайтын болады. Сонда сіз биік ұшқан мені жаңылмай көрсететін болыңыз.
– Одан кейінгі сынақта сиқыршы сізге түстері бірдей, жалы біркелкі бір жағына қарай жығылған он екі айғырды көрсететін болады. Сол айғырлардың жанынан өтіп бара жатқаныңызда мен оң жақ аяғыммен ақырын жер тарпып тұрамын, мұны жақсылап белгілеп алыңыз. Қожайын сізден тағы да: «Өз ұлыңызды таныдыңыз ба?» - деп сұрайды. Сіз мені осы кезде жаңылмастан, батыл көрсететін болыңыз.
Бұл сынақтан соң сиқыршы сіздің алдыңызға барлығының бойлары да, шашы да, дауыстары да, киімдері де ұқсас, бір-бірінен аумайтын он екі жас жігітті шығарып көрсететін болады. Сол жас жігіттердің жанынан өтіп бара жатқаныңызда менің оң жақ бетімде кішкентай шыбын қонып отыратын болады. Қожайын тағы да сізден: «Өз ұлыңызды таныдыңыз ба?» - деп сұрайды. Сіз сол кезде мені жаңылмай көрсететін болыңыз.
Осының бәрін айтып түсіндірген ұлы, әкесімен қоштасып, үйден шыға бер,, үйіндіге топ етіп түскенде, қайтадан құсқа айналып, ғылым үйреткен ұстазының үйіне ұшып кетеді.
Таңертең ерте тұрған қария жолға дайындалып, сиқыршыдан баласын алып келуге жолға шығады. Сөйтіп қария сиқыршыға келеді.
– Ал, ақсақал, - дейді сиқыршы, - мен үш жыл ішінде сіздің ұлыңызға барлық ғылымды үйреттім. Тек келіскен шартым бойынша оны тани алмасаңыз, ұлыңыз менімен бірге мәңгілік осында қалатын болады.
Сөйтіп қауырсындары да, басы мен құйрығы да бір-бірлеріне ұқсас он екі аппақ көгершінді ұшырып шығарады да сиқыршы:
– Қария, осылардың арасынан балаңды танып алыңыз! – дейді.
– Мен қалай ажыратпақпын? Бәрі бір-бірінен айнымайды ғой? – дейді қария.
Сөйтіп қария көгершіндерге тесіліп қарап тұрғанда, біреуі өзгелерінен биігірек көтеріліп ұшқанын байқайды. Сөйтіп қария сол көгершінді нұсқап тұрып:
– Меніңше, осы көгершін менің балам! - дейді.
– Дәл таптыңыз, қария, дәл таптыңыз! - дейді сиқыршы.
Келесі кезеңде ол барлығы бірдей ұқсас, жалы біркелкі бір жағына қарай жығылған он екі айғырды көлденең өткізеді.
Қария айғырлардың жанына келіп оларды бақылап жүреді. Сол кезде қожайын оған тағы да:
– Иә, қария! Өз ұлыңызды таныдыңыз ба? - деп сұрайды.
– Әлі де болса жыға тани алмай тұрмын, сәл күте тұршы, - дейді қария.
Ол сол кезде айғырлардың бірінің оң жақ аяғымен жер тарпығанын байқап қалады да, сол айғырды көрсетіп тұрып:
– Қарап тұрмын, бұл менің балам! - дейді, қария.
– Дәл таптыңыз, қария, дәл таптыңыз! - деп айқайлап жібереді сиқыршы.
Үшінші рет сиқыршы он екі жақсы жігітті шығарды. Барлығының бойлары да, шаштары да, дауыстары да бір-бірінен айнымайтын, барлығы бір анадан туғандай ұқсас бозбалалар екен.
Қария бозбалалардың жанынан өтіп бара жатып, өз ұлын өзгелерден ешқандай ажырата алмады. Екінші рет қайтадан өтті: бұл жолы да өзгелерден ажырататын белгіні көре алмады. Сәтіне салғанда үшінші рет өтіп бара жатқанда, бір жігіттің оң жақ бетінде кішкентай шыбынның қонып отырғанын анық байқап қалды. Сөйтеді де әлгі жігітті нұсқап:
- Меніңше, балам осы тұрған! - дейді.
– Дәл таптыңыз, қария, дәл таптыңыз! - деп тағы да ышқына айқайлап жібереді сиқыршы.
Сонымен басқа амалы жоқ, бәстен жеңілген сиқыршы уәдеде тұрып, қарияға ұлын қайтарып береді. Әкесі мен ұлы үйлеріне қарай беттейді. Олар жолда ұзақ жүреді. Қараса, алдарында жол үстінде бір байбатша келе жатыр екен.
– Әкешім, – дейді ұлы, – мен қазір итке айналып кетемін. Байбатша мені сатып алмақ болып саудаласады. Сіз мені сатыңыз. Тек қарғыбауымды сатпаңыз. Онда мен сізге қайтып оралмай қалып қоямын!
Ол осыны айтты да, жерді теуіп қалып еді, дәл сол сәтте итке айналды. Байбатша қарияның жетектеп келе жатқан итін көріп, онымен саудаласа бастады. Оған иттен гөрі қарғыбауы құнды болып көрінген болатын. Байбатша ит үшін жүз сом ұсынды. Ал ақсақал үш жүз сом сұрады. Олар біраз саудаласып, ақыры итті екі жүз сомға сатып алды. Тек қария қарғыбауды шешіп алып жатқанда: «Тоқтат!» - деп айқайлаған байбатша бергісі келмей дау шығарды.
– Мен итті ғана саттым, қарғыбауды сатқан жоқпын, - дейді қария.
Ал байбатша болса:
- Жоқ, өтірік айтпаңыз! Итті кім сатып алса, қарғыбауы да соныкі болмақ! – деп дауласады сиқыршы. Қария болса сонда: «Қарғыбаусыз итті қалай сатып аласың, расында?» - деп аз уақыт ойланып тұрады да, итті қарғыбауымен қоса байбатшаға бере салады.
Байбатша итті арбасына отырғызып алды да жолға түсті, ал қария ақшасын санап алып үйіне беттеді.
Сөйтіп байбатша жолда зулатып келе жатқанда, кенеттен алдынан бір қоян жүгіріп шыға келді. «Қоянға салып, бұл иттің жүйріктігін неге қызықтап тексеріп алмасқа?» - деп ойлады байбатша.
Сөйтіп итті түсіре салып босатып еді: қоян бір бағытқа, ит келесі бағытқа жүгірді. Сөйтіп ит өз бетінше жүгірген бойы орманға кіріп кетті.
Байбатша итті айналып келер ме екен деп күтіп-күтіп, ақыры келмеген соң жол бойымен қозғалып жүріп кетті.
Ит болса сүйкімді жас жігітке айналып орманнан шығып келді.
Қария жол бойы қалың ойға батып ілбіп келе жатқан: үйге не бетімен бармақ, ұлымды қайда жібердің десе, кемпіріне не айтпақ? Сөйтіп мұңайып келе жатқанда өзін қуып жеткен ұлын көрді.
– Е, әкешім-ау! - дейді. - мені неге қарғыбауыммен қоса сатып жібердіңіз? Егерде алдымнан қоян шыға келмегенде, мен сізге қайтып келмес едім, сол қалпы жоғалған болар едім!
Олар сөйтіп үйлеріне қайтып, жайымен өмір сүріп жатыпты. Күндердің бір күні бір жексенбіде баласы әкесіне былай дейді:
– Әке, мен құсқа айналатын боламын. Сосын мені базарға апарып сатарсыз. Тек мені қамаған торды сатпаңыз. Торды қоса сатсаңыз мен үйге қайта орала алмай қаламын!
Бозбала жерді теуіп қалғанда құсқа айналды. Қария құсты торға отырғызып алып, базарға сатуға апарды.
Құстың барлығына әдемі көрінгені соншама, адамдар қарияны қоршап алып, сатып алу үшін бір-бірімен жапа-тармағай таласа бастады.
Осы кезде баяғы сиқыршы келіп қалды. Ол қарияны бірден тани кетті. Және оның торындағы құстың да сырын болжап білгендей болды. Бір алушы қымбат баға ұсынды, екінші біреуі одан да қымбат баға айтты, ал сиқыршы құсты бәрінен жоғары бағалады. Ақыры сиқыршы қарияның құсын қымбат бағаға сатып алды. Қария бірақ торды бермейтінін айтты. Сиқыршы қанша ұрысып-керіссе де, қария өз сөзінен қайтпады. Торды бермеді!
Сөйтіп сиқыршы құсты ғана алды. Құсын әлдебір орамалға орап алып, үйіне беттеді.
– Ал, қызым, - дейді үйге келген соң, - мен әлгі қу залымды сатып алып келдім!
– Ол қайда?
Сиқыршы орамалды ашып қалсыса, қымбат құс әлдеқашан ұшып кетіп қалған екен!
Тағы бір жексенбі күні еді. Баласы әкесіне:
– Әке! Бүгін мен атқа айналатын боламын. Мынаны есте ұстаңыз, әке: мені, яғни жылқыны сатыңыз, бірақ басымдағы жүгенді қоса сатушы болмаңыз. Жүгенді қоса сатып жіберсеңіз, мен үйге қайта алмай қаламын, - дейді.
Сөйтіп дымқыл жерге бір теуіп, ол атқа айналады. Қария атты жетектеп алып, базарға сатуға апарады.
Қарияны базардағы барлық саудагерлер қоршап алды: бірі қымбат баға ұсынды, енді бірі одан асырып айтты, ал сиқыршының берген бағасы бәрінен де жоғары болды.
Қария оған атты сатты, бірақ басындағы жүгенді бермейтінін айтады.
– Ау, қария, мұныңыз не? Мен сонда атты қалай жетектемекпін? – дейді сиқыршы. – тым болмаса аулаға дейін жетектеп апарайын, сосын жүгеніңізді өзіңіз ала бер, маған содан кейін оның қажеті де жоқ!
Осы кезде жиналып қалған байбатшалардың барлығы қарияға: «Олай болмайды! Жылқыны саттың ба, жүгенді қоса сатуға тиіссің!» - деп дүрсе қоя береді.
Көпшіліктің айтқанына көнбеске амал не? Қария жүгенін қоса береді.
Сиқыршы атты өзінің ауласына жетектеп алып келіп, атқораға кіргізіп, алдыңғы аяғы жерге тимейтіндей, артқы екі аяғымен ғана тұратындай етіп, басын биікке көтере, айналсоққа мықтап шырмап байлап тастайды.
– Ал, қызым, - дейді сонда сиқыршы, - мен ол қаскөй залымды осы жолы сатып алған сияқты сатып алдым!
– Ол қайда?
– Атқорада байлаулы тұр.
Қызы атты көрмекке жүгіріп барды: ол жас жігітті аяп кетті, қып-қысқа етіп тартып байлаған шылбырды аздап ұзартпақ болып күрмеуін шешіп, ағыта бастады. Ат болса босап жұлқына шығып, сыртқа қарай шаба жөнелді.
Қызы болса әкесіне қарай жүгірді.
– Әке, - дейді ол, - кешіріңізші мені! Ат қашып кетті!
Сиқыршы дымқыл жерді теуіп қалып сұры қасқырға айналып, аттың соңынан қуа жөнелді. Әне-міне дегенше қуып жетіп те қалды...
Ат шапқан бойы өзенге жетіп, жерді теуіп қалды да, таутан балыққа айналып суға шоп етіп сүңгіп кетті. Қасқыр да жалма-жан шортанға айналып таутанды қуа жөнелді...
Таутан зулап жүзген қалпы, өзеннің шетіндегі салдың жанында кір жуып жатқан сұлу қыздарға жетіп келді де, алтын сақинаға айналып, көпестің қызының дәл аяғының астына домалап түсті. Көпестің қызы сақинаны көріп, тығып ала қойды. Қуып келген сиқыршы осы арада қайтадан адам қалпына түсті.
– Менің алтын жүзігімді өзіме бер! – деп жармаса кетеді ол.
– Мә, алсаң алшы өзің! - деп қыз сақинаны жерге лақтырып жіберді.
Жерге түсе сала, сақина ұп-ұсақ дән түйірлеріне айналып кетті. Сиқыршы әп-сәтте әтешке айналып дәндерді шоқып жей бастады. Әтеш шетінен шоқып жеп жатқанда дәннің бірі қырғиға айналып үлгерді. Әтештің ажалы жеткен жер осы болды: қырғи оны бас салып дал-дұлын шығарды.
Ертегіміз осылай аяқталсын, мен дағы дәл осыған ризамын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.