Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Айнұр Төлеу: Патша сөздің басын кім көрінгенге иіп бергім келмейді...

24.08.2018 7026

Айнұр Төлеу: Патша сөздің басын кім көрінгенге иіп бергім келмейді...

«Қазақта ақын көп, Фариза жалғыз» деп жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай, поэзияда «сіз» деп жазатын ақын қыз қөп, бірақ «Сен» дейтін Айнұр Төлеу жалғыз екенін білерсіздер. Айнұрдың өлеңдері шынайылығымен ғана емес, осындай мінезділігімен де өзгеше. Ол туралы ақын Құралай Омар «Мөлдірлік... Шынайлық... Батылдық. Айнұрдың өлеңдерін оқығанда осы үш ерекшелікті көрем» деген еді. Айнұрдың бұл мінезділігі өлеңнен ғана емес, өзінің тұлғасынан да анақ көрінеді. Бұл ақынға тән қасиет екенінін айтқан бізге дейінгі классиктердің бағасы болатын. Айнұр өлеңмен ғана шектелмеген, сын саласымен қоса, әдебиеттегі мифті зерттеп жүрген ақын. Әдебиетке қызмет қылуға шындап бел буған ізенімпаз Айнұр Төлеумен поэзия туралы әңгімелескен едік...

- «Бір тамшы барады әйнектен тайғанап,

Тайғанақ тірлікті аймалап,...» - деп, бір тамшыға қоғамның бүкіл мұңын сыйдыра суреттеген ақынсыз. Айнұр, сізді халық «Тамшы» өлеңіңізбен таныды десек қателеспеспіз, жалпы ақынды танытатын бір өлеңі деп жатады...

- Өзіңіз байқағандай, қоғам, әр адам «Тамшыдан» өзін таныған соң, өлеңді жылы қабылдаған болар. Жыр сұраған оқырман да, ең алдымен осы өлеңге қолқа салады. Тіпті бұл өлеңге сазгер Айгүл Бажанова ән жазып, «Отқарақтың» презентациясы кезінде тұсауы кесілді. Сіз өлең жайында сұрақ қойғанда, «қоғамның мұңы» деген тіркесті қолданыпсыз. Соған қарағанда, бұл өлеңді әркім өзінше түсінеді. «Осылай қозғалып бір нүкте, бір нүкте келеді тірлікке» деген тармақты эротикалық таныммен қабылдайтындарды да кезіктірдім. Түссіз, мөлдір тамшының өзі әр қырлы гаммадан көрінсе, бұл бір поэтикалық қуаныш сыйлайтын жайт.

- Қазір төрт шумақ өлең жазғанның бәрі, «ақынмын» деп айғайлауға дайын тұрады. Бұны айтып отырғаным, сіз поэзияға келуге асықпаған сияқтысыз, өйткені осыған дейін білмедік. Әдебиетке кеш келдіңіз бе, әлде біз кеш таныдық па?

- Екі шумақ өлең жазатындарды жақсы көремін. Қанша шумақ жазса да, өлең жазу, сөз ұстау оңай емес. Кейде қаламыңды қып-қызыл қаныңа малып отырып жазатындай күй кешесің. Ешкім сені өлеңге байлап қойған жоқ. Бірақ бұл әлемді тастап кете алмайсың. Өлең жазар алдындағы «боз інгендей бошалаудың» қандай екенін біле тұра, ақындарды «екі шумақ жазған» деп бөлуге хақым жоқ. Мен әдебиетке кеш келген жоқпын. Басқа салаға қарағанда әдебиетті жақсы түсінетінімді ұққан сәттен бастап, осы сөз өнерінде жүрмін. Оған 13 жасымда Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектепті іздеп келгенім дәлел. Одан кейін менің балалық шағым Тәуелсіздіктің алдындағы жүйенің ыдырауымен тұспа- тұс келді. Ауылда жарық жоқ. Электр қуаты жоқ болған соң, май шамды жағып қойып, атаң мен әжеңе дауыстап кітап оқып бересің. Сондықтан маған осы жасқа дейінгі саналы ғұмырымның барлығы әдебиет секілді көрінеді де тұрады. Ал, поэзияға кеш келдің бе деген сұраққа берер жауап басқа болмақ. Ерте келу, кеш келу дегеннің өзі шартты ұғым ғана ғой. Ол біз жасаған өлшем. Бірақ бір қызықты айтайын, менің ақын болғым келмеген. Осыдан екі жыл бұрын маған бір көріпкел келіп, «сенің кітабың шығады» десе, бұл шіркіндер сандырағын тастамайды деп ойлар едім. Мектеп қабырғасында, студент кезде де өлең жаздым. «Жас толқын» жинағына да балаң жазбаларым енді. 2007 жылдары жастардың шығармашылығына арналған «Үн» деген журнал шығатын. Сол журналдың бір санына ақын-сыншы Аманхан Әлім ағамыздың сыни материалы жарық көреді. Аямай сыналғандардың ішінде мен де бармын. «Жасы жиырмаға да толмаған ақын өмірден не көрді? Ештеңе көрместен «бақытсызбын» деп жылаңқы жыр жазыпты»,- деген жолдары есімде қалыпты. Осы сыны үшін Аманхан ағаны қатты сыйлаймын. Сыншы ағама былтыр бір өлеңім қатты ұнап, маған хабарласып жылы лебізін телефонмен білдіріп тұрды. Сол сәтте көзіме жас алдым. Себебі сыншы ағайым осыдан он жыл бұрын мені аямай сынағанын, онысы маған ерекше әсер еткенін білмейтін. Осы сұхбатты оқыса таңғалатын шығар. ҚазҰУ-нің төртінші курсын оқып жүрген кезімде өлеңдерімді көтеріп, «Қазақ әдебиеті» редакциясына бардым. Ол жерден «қыз баланың тұрмысқа шығып, балалы болғаны дұрыс қой»,- деген ақыл естідім. Демек, сол кездегі өлеңдерім, осындай ақыл естуге лайық болса керек. Осылайша мен өлең жазуды қойдым. Бірақ әдебиеттен бір сәтке де қол үзбедім. Меніңше жастайыңнан мақтау естімей, осындай сын естіген дұрыс.

- Көктемде ғана оқырмандарыңызға «Отқарақ» атты кітабыңызды ұсындыңыз. Бір таңғалғанымыз Алматыдай ақындар шаhарында тұрып, Талдықорған қаласында тұсау кесер жасадыңыз. Бұлай жасауыңызға не себеп болды...

- Талдықорған Алматы облысының кіндікқазығы ғой. Ол жақта мәдени-әдеби орта бар. Туған өлкедегіаға буын қаламгерлердің ақ батасын алғым келді. Алматы қаласындағы презентацияға оқырмандар көп жиналды. Ал Талдықорғанда қалам тербеген қауымды жинай алуымен ерекшеленді. Екі қалада кітаптың «томағасыпыруын» өткіземін деп жоспар құрғанда- ақ мен осыны ескердім.

- Кітабыңызды «Отқарақ» деп атауыңызда да бір сыр жатқандай...

- Өлең- көздің қарашығындай қастерлі ұғым. Өлең- қазақтың ұлттық коды. «Отқарақ» деген сөзді алғаш рет Махмұд Қашқаридың сөздігінен кезіктірдім. Көздің қарашығын түркілер осылай атаған екен. Бұл сөз тілімізде жоғалып кетпеген. «Көзі қарақты, көкірегі ояу» деген фраза бар емес пе?

«Аспандағы қоштасу», «Аспан қызы», «Көк аспанның көз жасы» деген өлеңдеріңізді оқып отырғанда, «Ол-аспанға ғашық қыз! Ол-ылғи аспан жақты аңсап ауырады!» , - деген жазушы Мырзакелді Кемел ағаның пікірі еске оралады. Ақынның аңсары ауған аспанды сұрамау мүмкін еместей...

- Түркі халықтарының аспан танымы, аспан культі бөлек қой. Көшпелі өркениет аяқталды. Демек, аспан культі жайындағы білігіміз де этноэнциклопедияда ғана сақталып қалатын шығар. Онда да, қазақтың аспан танымы деп зерттеп жатқан кім бар дейсіз. Олай дейтінім маусым сайын қоныс ауыстырып отырған қазақтардың аспанға қатысты ілкі танымы санамыздан өшіп барады. Қазір эзотерикалық әдебиетті оқу- тренд қой. Бірақ сондағы ғалам жүйесінің мистикалық құпиялары жайындағы жазбалар қазақтың аспан танымынан артық емес. Оқып «әжем айтқанды жазыпты ғой» деп отырасың. Айтпақшы, «Жеті қарақшы» «Үркер» туралы әжемнің айтатындарын қайталап сұрай беретін болсам керек, «аспанмен алыса бердің ғой» деген сөз еститінмін. Сіздің сауалыңыз да осы ескертуге ұқсайды екен.

- Неге сіздің өлеңдеріңізде «Сіз» деген текстовка жоқ. «Сіз» деген сөзге қатысты айтылған сындарды ескердіңіз бе?

- Сіз деген әдемі сөз. Сыпайылығыңды білдіруге сондай қолайлы. Бірақ «Өлең- сөздің патшасы». Патша сөздің басын кім көрінгенге иіп бергім келмейді. Асан Қайғының Әз Жінібекке , Бұқардың Абылайға айтқандарын есіңізге түсіріп көріңізші. Хандарға жыраулар «сіз» деген бе? Бұл менің ұстанымым. Бұл пікірге бола «Сіз» деген сөзі бар әдемі өлеңдерді түбегейлі жоққа шығара алмаймыз. Сыпайылап жазатын авторлардың да өз уәжі бар. Әркім өзінше өнер жасайды.

- Жазушы Шархан Қазығұлдың «Оның ақ қағазға түсірген барлық ойларында оқшау-оқшау ой жатыр. Оқшауыңыз не, денеңді дір еткізетін дүлей ой жатыр», - депті сіздің өлеңдеріңіз туралы. Қаламгердің сізге берген бағасымен келісесіз бе?

- Біз өлген адам хақында жақсы сөз тыңдап үйреніп қалғанбыз ғой. Тірі жайында жақсы пікір айтуды біздің құлақ қабылдай алмайды екен. Қабылдай алмағандықтан әдеби кештердегі кездесулер мен телеарналардағы сұхбат барысында да осы пікір жайында сауал тасталады. Жасырмаймын, сіз түгілі аға буынның бұл бағалауын ең алғаш оқығанда мен де бір ыңғайсыз күй кештім. Сосын неге ыңғайсыздандым, неге қабылдауды қораш көріп тұрмын деген сұрақ төңірегінде кәдімгідей іздендім. Бір-бірімізді тірлікте бағалап үйренсек екен. Бағалап жатқандарды құрметтеуге әзірмін. Шархан аға біздің дәуір шығармашылық адамдарының портреттерін сөзбен сомдап, галерея жасаған қаламгер. Қазір біле бермегенімізбен, бұл орасан еңбек өз бағасын алады.

- Қалам ұстағанның көбі мені ақын еткен тағдыр деп жатады, сіздегі ақындық тағдырдан ба, тәңірден бе?

- Қазір қит етсе, қалам ұстағандардың жағасына жармаса кететін әдет пайда болған. «Қазір мен қалам ұстау- тәңірден» деп жауап қайтарсам, осылар-ақ өздерін Құдайдың еркесі санауды доғармайды екен деп ойлауға бейілді. Дегенмен жоғарыда өлеңге қалай келгенімді оқыған адам, бұл сұраққа беретін жауабымды бірден түсіне қойған болар.

- «Жас өркен» сайтындағы «Перзентхана» деген әңгімеңізді оқығанда, сіздің поэзия ғана емес, проза жанрында да жазатыныңызды білдік. Тәуелсіздіктен соң, поэзияға қарағанда проза «ақсап қалды» деген пікірді жиі естиміз, бүгінгі прозаның тыныс-тіршілігі туралы не айтасыз...

- Мекен-жайын дұрыс тапқан сұрақ. Себебі әдебиеттану мамандығының ішінде мені прозатануға дайындаған. Жазылып жатқан жақсы прозалық шығармалар бар. Бірақ біз оқырман халық емеспіз. Осыны айтсам, ғалым апайларым қабылдағысы келмейді. Оны кітап нарығы арқылы-ақ аңғара салуға болады. «Адам қызығатын дұрыс шығарма жоқ, қалай оқырман боласың» дейтіндер де бар. Жақсы, біз оқырман қызықтыра алмайтын дарынсыз жазушысы көп ел екенбіз. Ал, сіз әлемдік бестселлерден кімді оқыдыңыз? Мәселе қаламгерлердің жазбай, жаза алмай жатқандығында емес. Алпауыт елдердің әдебиеті де алпауыт. Мәселен ағылшын ақыны немесе жазушысы дейінші. Сіз авторларды тізіп шығасыз. Орыстың жазушларын ата десем де тіліңіз күрмелмейді. Ал, Индонезия мен Малай әдебиеті туралы не айтасыз? Филиппиндердің поэтикалық өмірі қандай? Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр? Біз әлем алдындағы имиджімізді спорт, экономика арқылы қалыптастырғанды құп көреміз. Әдебиеттанушылар әлемдік әдебиеттің зерттелуіне сәйкес прозалық шығармалардан деталь, форма іздейді. Қазір зерттеушілерді прозадағы көркем антропология мен жазушының кеңістіктегі интерьерді деталь ретінде құбылта алуы қызықтырады. «Перзентхана» ішіндегі кеңістікті, ондағы жағдайларға ер азаматтың қалам тербеуі – қиын шаруа. Ал бізге оқу-зерттеу барысында ол кеңістік керек болды.

- Әдебиеттегі миф жанрын зерттеп жүрсіз, ол туралы сайттарда талай мақалаларыңыз да жарияланды. Бұндай ізденіске баруыңызға не түрткі болды?

- Әлгі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатта 4 жыл қатарынан әлем әдебиеті деген сабақ болады. Ауылдан бара салып, грек-рим мифтерінің арасына топ ете түстік қой. Сол кезден бастап осы тақырыпқа қызықтым. Неге біздің әдебиетті де қазақ мифтерінен бастап оқытпайды деген сұрақ жиі мазалады. Римге барғанда мифтік кейіпкерлерге арнап қашалған мәрмәр ескерткіштерді көрдім. Көре салып, біздің мифтік кейіпкерлердің де ауыз әдебиетінен портретін тауып алып, суретшілерге салдырсам деп армандадым. Алайда миф әдебиеттің бір жанры ғана емес, мен ойлағаннан да күрделі сала болып шықты. Материалистерге мен мифті мұнай секілді қордаланып, тереңге түсіп кеткен рухани бйлығымыз деп түсіндіремін. Мифтік танымы жоқ елдің тарихы, әдебиеті, ұлттық болмысы жоқ. Қазір аспанда бізге беймілім бір дене анықталса, оған міндетті түрде батыс әдебиетінің мифтік кейіпкерлерінің атын береді. Тіпті планета деген сөздің өзінде мифтік өзек бар. Венера, Меркурий, Юпитер, Марс деген атауларды мифтен ажыратып қарай алмайсыз. Барлығы кейіпкерлердің, қаһармандардың атына қойылған.

- «Қазақ қаламгерлерін оқығанда көзге бірден түсетіні - ашық түрдегі плагиат, яғни өзіндік дауысының болмауы», - дейді Зәуре Батаева бір сұхбатында. Айнұр, сіз сын да жазып жүрсіз, жалпы қаламгерлер арасындағы плагиат туралы не айтасыз?

- Плагиатты тани алатын деңгейге жетсек, онда бұл жақсылықтың нышаны ғой. Себебі салыстыра алатын адам ғана плагиатты таниды. Оқыған адам ғана салыстыра алады. Шығармашылық ұрлыққа тосқауыл қою қиын. Көбіне адамның арына жүктейтін кез болады. Сосын шығармашылық азаптың қандай екенін білетін адам, біреудің бақшасына түспес еді. Барлығы адамның ішкі мәдениетіне байланысты.

- Айнұр, әдебиеттің түрлі жанрына қалам тартуыңыздың өзі көп ізденіс пен батылдығыңыздың арқасы десек артық айтқандық емес. Өйткені қазіргі ақын-жазушыларда әдебиетке еңбек етуден гөрі, арзан атаққа ұмтылу басымдау сияқты... Содан да болар, 27 жылдың ішінде шынайы әдеби зерттеулер мен шығарма талдау, жаңа үрдістер жайлы пікір бөлісу дәстүрі қалыптаспай келеді... бұған не кедергі ?

- Жазушы кульминацияны қалай берді, кейіпкерлер арасындағы конфликт туғызатын факторлар шынайы ма, детальдар мен элементтер, портрет пен пейзажды беру ерекшелігі қандай, сюжет пен кейіпкерлер психологизмі, осының барлығы жүйеленіп, талданатын әдебиеттанудың жаңаша формасы қалыптасқан. Шығарма сол механизммен талданады. Авторларды талдаған материалдар мен клубтардың отырысына арнайы барамын. «Маған бұл шығарманың ұнаған тұсы» деп талдауды басаған кезден-ақ, түңіле бастаймын. Ұнады, ұнамады деген талдау болмайды. Талдау кезінде бұл сөз мүлдем қолданбаса игі еді. Шығарма талдаудың бір ізге түскен формасы бар екендігін көрсету үшін жазған сындарым басылып шықты. Негізі сыншы болуды мұрат тұтпаймын. Жаңа кітап шығады. Әлгі кітапты оқимын да әдеби талдау күтемін. Ешкім жазбаған соң немесе әлгіндей «ұнады» деген сыңайдағы материалдар пайда болған соң, сын жазып көргенмін.

- Сүбелі сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан: Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар