Қазақ ғылымы орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Аса көрнекті ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Рәбиға Сыздық 96 жасында дүниеден озды. Бар саналы ғұмырын отандық тіл білімінің дамуына арнап, өзіндік мектеп қалыптастырған Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың ұлт руханиятына қосқан үлесі ерекше.
Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысы Ойыл кентінде зиялы отбасында дүниеге келеді. Әкесі Сәтіғали өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі еді. Осындай отбасында алаңсыз білім алып жатқан жас Рәбиғаның басына 1937 жылы қасірет бұлты үйіріледі. Пошта басшысы қызметіндегі әкесін халық жауы ретінде ұстап әкеткеннен қайта оралмайды. Әкесі сталиндік зұлматтың жазықсыз құрбаны болып кетсе де, жас қыз мүжіліп, мойымайды. Анасы Жеміс пен әкесінің інісі Еркінғалидың қолдауы арқасында алдынан кезіккен сан түрлі қиындықтарды еңсере отырып, білім-ғылым жолында алға ұмтылады. Мектепті ойдағыдай бітіріп жоғары оқу орнына түсіп, үздік дипломмен тәмамдайды.
1948 жылы Мақаш Сыздықов атты азаматқа тұрмысқа шығады. Мақаш Сыздықов – түрік, француз тілдерінің маманы, халықаралық құқы саласы бойынша ғылыми еңбек қорғаған алғашқы қазақ азаматы еді. Осындай есіл азаматтың өмірі қысқа болады. Отыз жасында сүйікті жарынан айрылу жас ғалымға оңай тимегені анық қой. Рәбиға мен Мақаш Сыздықтардың әкеден бес жасында қалған жалғыз ұлы Әсет те әке жолын қуып, дипломат атанып, еліне елеулі азамат болып өседі.
Өмір алға жалғасуы керек. Рәбиға Сәтіғалиқызы қазақтың тағы бір марғасқа азаматы, халық жауы ретінде 18 жыл айдауда болған ақын, халық артисі Шахан Мусинмен тұрмыс құрып, ғылым, білім, руханият жолында бірге қанат сермейді. Кез келген салада өзінің жаны сүйген іспен айналысу үшін өмірлік серігінің қолдау, ықыласының орны бөлек қой. Бұл тұрғыдағы жарасымды түсіністіктің орнағандығы – қос қайраткердің ұлт руханияты, білімі мен мәдениетін өркендетуге қосқан үлесінен танылғандай.
«Халық жауының қызы» деп тағылған қоңырау да санаға аз салмақ салып, кедергіге аз ұшыратпаған екен. Сонда да мойымаған жас ғалым қазақ советтік тіл білімі ғылымының кенже қалған тұстарын дамыту керектігін анық түсінеді. Нағыз кемел шағында арманда кеткен арыстар Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбановтардан кейінгі қазақ тіл білімі ғылымы жасқаншақ, жабырқаңқы күй кешіп, әліпбиден әліпби ауыстырып, қиысыны келсін, келмесін, құрылымы мүлде басқа орыс тілінің кейбір категорияларын күшпен тықпалауға кіріскен қырқыншы жылдар мен елуінші жылдардың ортасы – Рәбиға Сәтіғалиқызының ғылым жолына қадам басқан уақыты еді.
Міне, осындай бағыты қожыраңқы, ұлттық танымы божыраңқы дәуірде қазақ тіл білімінің бойына қан жүгіртіп, оны теориялық, практикалық тұрғыда жаңа белеске көтеруде Рәбиға Сыздықтың айрықша еңбегі бар. Қазақ сөзінің мәніне бойлап, оның көне түп-төркініне бойлау дегеннің өзі – ұлт тарихын, әдебиетін, мәдениет ғасырларға ілгерілету екені – айтпаса да түсінікті. Осы қиындықтарды, алдан кесе көлденең тұрар сан түрлі кедергілерді сезіне тұрса да қажырлы ғалым алған бетінен қайтпайды. «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХҮ-ХІХ ғасырлар)» атты аса ауқымды академиялық еңбегі – қазақ тілінің бес ғасырлық тарихын, функционалдық, коммуникативтік қызметін т.б. айқындап берген құнды дүние. Өзінің ғалым ретіндегі айқын ұстанымы, батыл ойлары үшін кезінде әйгілі Мұхтар Әуезовтің өзінен лайықты мінездеме алып, ықыласына ие болған Рәбиға Сыздықтың ғылыми зерттеу жұмысының бір саласы – Абай шығармашылығы болды.
1959 жылы 15-19 шілдеде Қаз ССР Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтында «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференция өтіп, осы конференцияда баяндама жасаған жас ғалым Рәбиға Сыздықтың ойлы тұжырымдары қатысушылардың ықыласына ие болады. Қазақ және орыс тілдерінде еркін де сауатты сөйлейтін ғалым қызға академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов ризашылық білдіріп, былай деген екен: «Рәбиға Сыздықованың сөзіне конференцияға қатысушылар айрықша риза болды деп саанймын. Оның сөзіндегі бір ерекшелік – тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ой бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты». Бұл бағалау жас ғалымды қанаттандырғаны, алдағы ғылыми жолына айқын бағыт болғаны сөзсіз еді. Олай дейтініміз, Рәбиға Сәтіғалиқызы 1957 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтына (кейін бұл мекемеге М.Әуезовтің есімі берілген) ғылыми қызметкер болып орналасқаннан бастап, бүкіл ғұмыры осы ғылым ордасындағы ізденіс, зерттеулермен өтті десе де болады. Ғалым 1959 жылы «Абай тілінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. 1957 жылдан 1971 жылға дейін 14 жыл бойы Абай шығармаларының тілін зерттеу нәтижесінде «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Абайдың сөз өрнегі» атты еңбектерін жазады. «Абай шығармаларының тілі» атты еңбегі үшін Қазақстан Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы беріледі. Бұл – шынайы еңбекті шынайы бағалау еді. Мұхтар Әуезов негізін қалаған абайтану ғылымына үлес қосқан отандық, шетелдік ғалымдар баршылық. Солдардың қатарында, Абай шығармаларының тілдік қолданыс сипаттарын тереңдете зерттеп, академиялық еңбектер жазған Рәбиға Сәтіғалиқызының еңбегі елеулі. Сондықтан да Рәбиға Сыздықты абайтану ғылымының теориялық негіздемесін жасап, қалыптастырушы аса көрнекті ғалымдардың қатарына жатқызамыз. Ғалым Абай шығармашылығын зерттеу бойынша көп жылдық ізденістерді қорытындылай келе: «Абай поэзиясы қазақ өлеңінің бұрынғы көркемдік дүниесінің синтезі ғана емес, жаңа кезеңнің, классикалық жазба түрінің бастамасы», - деген тұжырым жасайды.
Рәбиға Сыздықтың ғылыми зерттеу бағытының бірі түркітану болды. Осы тұрғыда Қадырғали Жалаиридің «Жамиғ ат тауарих» еңбегін жан жақты талдай зерттеп, монография жазып, аталған еңбектің түркі халықтары, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениеті қатысын дәлелдеп шықты. Түркі дүниесінің аса көрнекті тұлғасы Қожа Ахмет Яссауи шығармашылығы туралы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Яссауи хикметтерінің тілі» атты ғылыми еңбек жазып, онда Қожа Ахмет Яссауидің тіліне лексика-грамматикалық, текстологиялық талдау жасайды. Оның түркі поэтикасының құдіреті арқылы исламдық канондарды Дала халқының жүрегіне орнықтырушы тұлға екендігін дәлелдейді.
Қазақ тілінің заманауи дамуы барысындағы тілдік нормалары, орфография, орфоэпия, ситилистикасы мәселелерін зерттеу, оны мектеп, арнаулы және жоғары оқу орындарында оқыту мәселелерін жолға қою, іс қағаздарында қолдау мәселелерінде де көрнекті ғалым Рәбиға Сыздықтың ерекше еңбегі бар. Қазақ орфографиясы ғалымның басқарып редакциялауымен әр он жыл сайын шығып тұратын дәстүр қалыптасқан болатын. Қазақ орфографиясы туралы сонау 1960 жылы «Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы бойынша анықтағыш» атты бірлескен еңбектен бастап, қазіргі дәуірге дейін көптеген кітаптар жазды. Қазақ тілінің орфографиясын қалыптастыруда ғалымның аса үлкен еңбегін ескере отырып, Рәбиға Сыздық түзіп қалыптастырған орфографиялық бірліктерді кейінгі қалыптасып, тілімізге еніп жатқан сөздермен байыта отырып, қазіргі сандық форматқа енгізіп, қолжетімді түрде ұлт игілігіне жарату – ғалым шәкірттерінің айнымас парызы болуы тиіс деп санаймыз. Бұл – қазақ тілді қоғамның сұранысы.
Тіл – әдебиеттің материалы десек, қазақ тілінің дыбыстан бастап, синтакиситік күрделі қолданысқа дейінгі қызметтік сипаты – Рәбиға Сәтіғалиқызының әрдайым назарындағы зерттеу нысаны болды. Осы саладағы зерттеу еңбектерін санамалап шығудың өзі де әжептәуір күш болары сөзсіз. Өмірден қапияда өткен тіл арыстардың өмір жолы мен еңбектерін халқымен қайта қауыштыру, арғы жыралулардан бастап, қазіргі заман ақындары мен жазушыларының шығармашылығын зерделеп, оларға тілдік-стилистикалық талдау жасау, сан салалы ғылыми, ұстаздық, қоғамдық қызметтер – Рәбиға Сәтіғалиқызы өмір жолының мән-мағынасын, салмағын аңғартады.
Иә, екі бірдей дәуірдің куәсі болып, бар өмірін ғылымға арнаған Рәбиға Сыздықтың өмір жолы – еліне, халқына қызметтің жарқын үлгісі. Айқай-шу, даңғаза ұрансыз-ақ, табанды түрде туған тілінің мәртебесін асқақтатудың мысалы. Осы күні бәз біреулерлердің: «Қазақ тілін дамыту керек!» - деп ұрандатып жатқанын естігенде еріксіз қынжыласың. Себебі, атам заманнан қалыптасқан, кез келген ұлттың поэтикасы, кез келген ғылым мен білімдік ұғымдар мен түсініктер емін-еркін тереңіне сүңгіп кетерліктей кемел қазақ тілінің ғылыми тұрғыдағы берік тағанын сонау Ахаңдардан бастап, бүгінгі өмірден өткен Рәбиға Сыздықтар мызығымастай қалап, дамытатын тұсын теориялық, практикалық тұрғыда жеріне жеткізіп кеткен жоқ па? Апатқа қатысты «нәтиже» мен «салдардың», алғысқа қатысты «үлкен рақмет» пен «көп рақметтің» ерсі қылыққа қатысты «оспадарсыздық» «оспадардың» қайсысы дұрыс қолданыс екенін айырмай жүріп «қазақ тілін дамыту» туралы әңгіме айту не сән? Ұғынғанға қазақ тілінің тамыры терең бойлатып, діңін көкке ұмсындырып, жапырағын жайғызып, мәуесін уылжыта төктіріп берген Рәбиға Сыздық қатарлы ғалымдардың еңбегіне қарап: «Қазақ тілінің қолдану аясын кеңітіп, заңдық тұрғыда тынысын ашып, беделін арттырамыз», - демесек, тілді дамыту деп айту «оспадарлық» емей немене?
Қош, қазақ руханиятының жүгін жетпіс бес жыл бойы қайыспай көтерген апшымас аруанасы, ұшан-теңіз рухани қазына тиеген алып кемесі! Соңыңызға қалдырған өлмес еңбектеріңізді бағалап құрметтейтін халқыңыз барда, ізгі есіміңіз ұмытылмақ емес!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.