Былтырғы жылы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды Айтулы дата! Қазіргі жаңа тұрпатты Қазақстан Республикасының алғашқы мемлекеттік түзілімі, мемлекеттік құрылымы, мемлекеттік жобасы! Осыны баса айтуымыз керек! Былтырғы жылы ұлт қайраткері, Алаш Орда серкесі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын өз деңгейінде ұлықтай алдық па? Сондықтан да биылғы жыл бізге сын болып тұр. Алаш ардақтыларын, Алашқа қатыстылардың барлығын ұлықтауымыз қажет! Қапы қалмайық ағайын.
Алысқа бармай-ақ өз төңірегімізге зер салсақ Көкше өңірінің тумалары болып келетін Алаш тұлғаларының есімдері ескерусіз қалып бара жатқанын аңдаймыз. Айдархан Тұрлыбаев пен Мұхаммедсәлім Кәшімов.
Біріншісі – патша заманында білім алған жоғары білімді заңгер, Алаш ардақтысы, Алаш қайраткері. 1917 жылы Алаш Орда үкіметінің төрағалығына Алаш қайраткерлерінен үш адам сайлауға түскендегі, сол үшеудің бірі. Олар: Әлихан Бөкейханов, Айдархан Тұрлыбаев, Бақтыгерей Алманов. Осының өзі көп нәрсені аңғартып тұр емес пе?! Екіншісі – Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген ағартушы, қайраткер, «Айқап» журналының тілшісі, ақын, жазушы, журналист Мұхамедсәлім Кәшімов.
Мұхамедсәлім Кәшімов – «Айқап» журналына алғаш Қытайдағы қазақтар туралы этнографиялық очерк, материалдар жазып, осы қазақтарды алғаш таныстырушы, Әулиеата, Шымкент уездеріндегі қазақ мектептері мен медреселеріндегі оқу үдерісіне алаңдатушылық білдірген қайраткер, тұңғыш қазақ романдарының бірі – «Мұңлы Мариям» романын жазушы автор ретінде алғашқы қазақ прозасының негізін қалаушылардың бірі.
Екі тұлға да қай-қай жағынан ұлықтауға тұрарлық қайраткерлер. Бірақ, өкініштісі – туған жерлері Көкшетауда екеуінің есімін ұлықтайтын ештеңе жоқ! Не көше, не оқу орындары. Алдағы уақытта ен мықтап ескеретін нәрселеріміз осы болу керек! Алаш ардақтысы, 1917 жылғы 5-12 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен 2 жалпы қазақ-қырғыз съезінен кейін Көкшетаудағы уездік Алаш Орданың бастығы боп сайланған, ақын, жазушы, журналист Мұхамедсәлім Кәшімовтің ақындық, қоғамдық-әлеуметтік, ағартушылық қайраткерлігіне бір-екі ауыз сөзімізді арнап тоқтала кетсек.
Мұхамедсәлім Кәшімов (1884-1935) – Қазан төңкерісіне дейін-ақ қазақ даласында аты белгілі ақын, жазушы, журналист. Бұрынға Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Қотыркөл болысында туған. Баспадан шыққан кітаптарына «Мұхамед ибн Әлхаж Ғабдолла Рахман Кәшімов» деп, не «Ғабдырахман Кәшімов Көкшетаулық» деп қол қойып отырған. Қаламгер шығармаларынан оның ескіше де, орысша да оқыған білімді адам екені аңғарылады.
Білімге жастайынан зерек М.Кәшімов алғаш Уфадағы «Ғалия» медресесін, кейін Қазан университетін бітірген. 1907-1909 жылдар аралығында туған халқын өнерге, білімге, мәдениетке шақырған. «Әдеп», «Үгіт», «Насихат Қазақия», «Ақыл кітабы», «Сұлу қыз» сияқты өлең, қарасөздер жинағымен, 1914 жылы «Мұңлы Мәриям» романымен қазақтың ғасыр басындағы (XXғ) кәсіби жазба әдебиеті өкілдерінің алғашқы легіне қосылды.
Мұхамедсәлім Кәшімов 1911-1919 жылдары қазақтың тұңғыш журналы «Айқапта» тілшілік қызметте болған. Белгілі ақын, журналист, публицист, қоғам қайраткері Мұхаметжан Сералинмен бірге қызмет атқарған. Жетісу, Қытай, Қырғыз елдерін аралап, жол жазба әңгіме ретінде сонда тұратын қазақтардың әдет-ғұрпы, тарихы, этнографиясы, шаруашылығы, әдебиеті, мәдениеті туралы тұшымды мақала, очерктер жазған. Осылардың ішінде «Музыка» атты мақаланы ерекше бөліп атауға болады. Оның «Айқапта» жарияланған мақала, очерктері: «Верныйдағы көрген білгендерім», «Түркістан шаһарында», «Шымкенттен», «Тоқмақ ақуалдары», «Қапал уезінен», «Әулиеата мен Тоқмақ арасы», «Райымжан Мәрсековпен сөйлескенім», «Шымкент уезіндегі ас», «Қытай қазағындағы қайырлы іс», «Музыка» өлеңдері: «Жаз мезгілі», «Күзетшілерге», «Әулие бабамның шырақшылары», «Лепсі» және т.б.
Мұхамедсәлім Кәшімов сол кездегі қазақ мектептері мен медреселеріндегі оқу үдерісіне қатты алаңдаушылық білдіріпті. Мысалға М.Кәшімовтің «Әулие-Ата хабарлары» мақаласында автор өзінің Әулие-Ата шаһарында көрген-білгендерін баяндайды. Әулие-Ата халықтарының арасында ғылым мен оқу аз таралғанын, ал Троицк, Қызылжар, Көкшетау қалаларынан мұғалімдердің бұл маңайда болмауын, әлемде болып жатқан ғылым, оқу-өнер турасындағы жаңалықтардан бұл жердің хабардар болмауын жаза отырып, «шаһарда тіпті сарттардың қаптап кеткені соншалық, Әулие-Ата шаһары надандық шырмаған сарт шаһары болып кетіпті», - дей келе: «Әулие-Ата шәһәрінде бір ай тұрғанымда әр жерлерін, әсіресе мешіттерінде намазда болып, аралап көрдім. Мешіттер бек көп болса да мектеп, медресе жоқ. Ешбір жерде... сабақ оқушы балалар жоқ. Жалғыз-ақ ноғай мешіті жанында мектеп бар екен, онда ноғай балалармен қосылып, қазақ, сарттан барлығы қырықтай бала бар. Ләкин. сорымызға қарай, жақсы мұғалім де кез келмеген секілді көрінеді», - деп, мектептің аздығын, маманның аздығын тілге тиек етіп, Әулие-Ата шаһарындағы осынау мәселені алға тарта, ендігі бір дерт газет-журналдардың насихатталмауын: «...Газет-журнал мұсылмандарды аздырады, аулақ жүріңіз деуші де жоқ емес» - дейді. Енді бірде надандықтан арылтайын деген мұғалімдер мен шәкірттерді көре алмағандығын атай келіп: «...Бұл тарапта бағызы бір ашық пікірлі саудамен яки бірер себеппенен келіп жүргендер болмаса, халықты надандықтан ашқандай зиялы мұғалім, шәкірттер көрінбейді» - дейді. Осы орайда өзі де ағартушы қайраткер Әулие-ата қаласында туындаған надандық шырмауынан арылудың жолы ретінде усул жәдидше оқыған оқытушы келіп, шәкірттерді оқытса тезірек сауатын ашады деген тұжырымға келеді: «...Сынауыма қарағанда, жақсы оқыған, мінезі оңды (ақылды) шәкірт, мұғалім болса, халқы қарсы тұрмас деп ойлаймын. Өйткені бөтен жерлерде болып жатқан «хадем; жәдит» мәселесі бұл жақта жоқ. Бірақ ұсұл жәдидше оқытушы бар болса, тез хат танитұғын тәртіп бек хал қабыл ететұғын көрінеді», - дейді.
Мұхамедсәлім Кәшімовтің революцияға дейінгі баспадан шыққан кітаптары патшаның қатаң цензурасына ілігіп отырған. Революциялық қозғалыс әсерінен 1905 жылы 17 қазанда патша манифесі сөз және баспа бостандығын жариялады. Мұны орыс, татар баспаларымен қатар, қазақ баспагерлері де пайдаланды. Бірақ 1906 жылдың басында Қазан Уақытша комитеті баспаларды қадағалау қызметіне қайта кірісіп, баспадан шыққан еңбектерді Санкт-Петербург Орталық бақылау комитетіне жіберіп отырған. Оларға Орынбор, Семей, Троицк, Уфа, Астрахань, Омск және басқа қалалардағы басылымдар да кірген.
Мұндай бақылау жүйесі 1910 жылдың ортасына дейін сақталған. 1910 жылдың қазан айында барлық мұсылман баспалары Қазанның Баспа ісі жөніндегі Уақытша комитетінің (КВКПДП) құзырлығында алдын ала бақылау қызметтерінен өткеннен соң бағынатын болды. Дәл осы 1910-1915 жылдары 1905-1907 жылдардағы революцияның жеңілісі салдарынан баспаға бақылау күшейтілді. 1905 жылғы патша манифесінің қуанышы ұзаққа бармады, революциядан кейін саяси қуғын-сүргін басталды.
ҚБІБУК (КВКПДП) бақылаушылары азаттық, жалпы алдыңғы қатарлы идеяларды таратуға қарсы болды. Олар өздеріне «қажетті» ескертпелерді кез келген кітаптан тауып алып, өкіметке қарсы саяси пікір тараушы ретінде айып тағатын.
Қазанның баспа ісі жөніндегі Уақытша комитетіне М.Н.Пинегин – төраға, А.В.Фролов, Н.И.Ашмарин, Н.Ф.Катанов, Антонов – мүшелері қызмет атқарған. Сол кездегі барлық қазақ кітаптары Н.Ф.Катановтың тексеруінен өтетін.
Н.Ф.Катанов – орыстың революцияға дейінгі ірі түркологтарының бірі. Ұлты – хакас. Қазақ тілін жақсы білетін Н.Ф.Катанов олардан «біржақтылықты», «күдікті жерлерді» немесе жағымсыз «меңзеулерді» ешқиындықсыз тауып алып, бақылау басшыларына ұсынатын. Өкінішке қарай, мұндай, шындығында да, саяси, экономикалық мәселелерді көтерген еңбектермен қатар, ағартушы дидактикалық мазмұндағы қарапайым кітаптарға да кесірі тиетін. Нәтижесінде кітаптар әртүрлі бақылауға түсіп, кітаптардың ішінен ұнамайтын өлеңдер, біртұтас беттер, жеке жоллдар және т.б. алынып тасталатын немесе тәркіленетін, баспадан шыққан даналарын баспаханадан алып, жойып жіберетін. Бақылаудан өтпеген кітаптардың бір қатары сатуға, таратуға тыйым салынып, кейбіреулері сотқа табысталған.
Ф.Н.Катанов
Н.Ф.Катанов шығармалардың әр сөзінің мағыналарын жіті тексеріп өте қатаң қарастыратын. Ол мәтіндегі өмір сипатына, өкімет басшыларына айтылған сын немесе кедейлердің ауыр тіршілігін суреттеген тұстарына терең мән бере тексеретін. Осылайша бақылаушылар әр кітаптан-ақ «күдікті» және «ұнамсыз» жерлерін көрсетіп беретін.
1908 жылы қаңтарда Н.Ф. Катановқа бақылаудан өткізу үшін Мұхаметсәлім Кәшімовтың қазандық «Ағайынды Каримовтер» баспаханасынан 10 мың дана болып шыққан «Насихат қазақия» деп аталатын (1908 ж. 23б.) кітабы табысталды. Бұл кітап ағайынды Каримовтердің өз қаржысымен шығарылған. Кітаптың негізгі мазмұны автордың халықты білім алуға, өнерге, ағартушылыққа шақыруымен үндес жазылған. М.Кәшімовтың пікірінше, сауатсыздық, артта қалушылық – халықтың езгіге, құқықсыздыққа душар болуының басты себебі. Қазанның баспа ісі бойынша Уақытша Комитетінің төрағасы М.Н. Пинегинге берген қорытындысында Н.Ф.Катанов былайша жазған:
«Аса құрметті Михаил Николаевич!
Сіздің қарастыруыңызға орысша аударма мақаланы және 18-20 беттен тұратын М. Қашымовтың 1908ж. «Насихат қазақия» (қырғыздарға өсиет) деп аталатын кітапшасында кездесетін қазақ даласына қоныстанған және халықтың кедейленуінің, мал басының азаюының негізгі себепкері болып отырған «шошқаға ұқсаған, әзірейілдей, зұлым» ретінде көрсетілген орыстарға қарсы бағытталған пікірлерін көрсете отырып, қоса табыстаймын.
Сізге шын берілген Н.Катанов».
28 қаңтар 1908 жылғы Н.Ф. Катанов бақылаудан өткізген кітап авторы туралы қосымша мәліметтерді де көрсетеді: «Қырғыздың «Насихат қазақия» («Яхуд казакларнын халляре» - «Наставление киргизам или обстоятельства жизни киргиз») деп аталатын қажы Абдурахманұлы Мұхаммед-Сәлім Қашымовтың ағайынды Каримовтердің қаржысымен 1908 ж. 23б. ,8б.т. басылып шығарылған кітапшасында мынандай мақала берілген: «Біздің марқұм ата-бабаларымыздың сөзіне қарағанда, қырғыз халқының өткен өмірінде жұмаққа бергісіз тыныштық пен ұшы қиырсыз кең даланы мекен еткен».
ҚБІБУК (КВКПДП) бақылаушылары баспагарлерден кітаптың осы бетін алып тастауын талап еткенмен, ол талап орындалмастан жарық көрген. Кітапты тексерген Н.Ф. Катанов Қазанның баспа ісі бойынша Уақытша Комитетінің төрағасы М.Н. Пинегинге шұғыл хабарлама жөнелтеді:
«Біздің Комитеттің өкілі Шараф мырза «Насихат қазахия» кітабын жіберген еді, онда осы жылдың 28 қаңтарында менің аудармамда (18-20 б.б.) көрсетілген орыстарға қарсы жері алынбастан басылыпты. Сондықтан аталмыш кітапшаны сізге жібере отырып, автормен баспаға тиісті шара қолдануыңызды өтінемін. 8ақпан 1908 ж. Н.Катанов».
Шамамен жарты жылдық тексеру нәтижесінде, Қазан губерниясы жандарм басқармасының бастығына жіберілген 1913 жылғы 12 қазандағы ресми хатта КВКПДП бес кітаптың кейбір жерлерінің аудармасын жібереді: «Есіл жұртым», «Насихат қазақия», «Әдебиет өрнегі», «Қарлығаш», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз».
Сондай-ақ 1913 жылы наурыздың басында ҚБІ БУК (КВКПДП) төрағасына Қазан губерниясы жандарм басқармасының бастығынан құпия хат келіп түседі. Онда қазақ авторларының кітаптары «қылмысты» тұстары қысқаша аудармаларымен көрсетіліп, Комитеттің тиісті шара қолдануы сұралады. Тізімде Қазанда әржылдары басылған он жеті кітап көрсетілген. Соның ішінде алты кітап Н.Ф. Катановтың аудармасымен қатаң тексеруге жіберілген: Ғ.Ғалымжанов - «Есіл жұртым», Бейсенов – «Әдебиет өрнегі», М. Кәшімов – «Насихат қазақия», Ғ.Қарашев – «Қарлығаш», «Әдебиет өрнегі».
Осы тарихи фактілерге қарап отырып ХХ ғасыр басында ағартушы, педагог, журналист, ақын, жазушы, публицист М. Кәшімовтың шығармашылығы, оның ішінде әсіресе «Насихат қазақия» кітабы Ресейдің отарлау саясатына қайшы келіп, патша өкіметінің құпия, қауіпсіздік саяси органдарының ағартушы, қаламгердің халықты үгіттеген сөзінен, оның қалам қуатынан шынымен де үрейленіп, сескенгендігін бағамдауға болады.
Сәбит Жәмбек
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.