Алаш қайраткерлерінің сенімді серігі Ораз би Тәтеұлының ғұмырнамасы хақында
ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласын тұтас қамтыған ұлы дүбір, ұлы кезең – «Алаш» ұранды үркердей топтың өкілдері бастаған ұлт-азаттық қозғалысы болатын. Бұл қозғалыс – егемендікке қарусыз, білім-ғылым, прогресс жолы арқылы жетуге бағытталған рухани күш! Бұл қозғалыс – Алаш қозғалысы деп аталады.
Бүгінгі күні зерттеушілер тарапынан осы қозғалысқа қатысқан, осы қозғалыстың бел ортасында жүрген немесе қозғалыс жетекшілерінің идеяларын қолдап, мұраттас, ниеттес болған азаматтардың аты-жөнін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, ең алғаш рет академик К.Нұрпейіс «Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімі» деген арнайы ұғыммен 270 адамның аты-жөнін көрсеткен. Кейінірек алаштанушы-ғалым Е.Тілешовтың тарапынан 902 адамның дерегі анықталды. Болашақта бұл тізімнің тағы да толығары анық. Себебі: тұтас қазақ даласын қамтыған қозғалысқа, ұлттық рухты оятқан ұлы дүбірге көптеген адамның үн қосып, «Алаш!» сөзін ұранға алғаны анық. Міне, осы қозғалысқа қатысы бар, бірақ, есімі мен қайраткерлігі көп айтыла бермейтін бір қайраткер бар, ол – Алаш ардақтысы Ораз би Тәтеұлы!
Біз Алаш қайраткерлері және олардың сенімді серіктері хақында ізденіп жүрген соң, Ораз бидің көпке беймәлім әлеміне енсек деп едік. Сонымен, ұлы дүбірге толы – ХХ ғасырдың бас кезінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» (С.Торайғыр) Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды арыстар құрмет тұтып, қадірлеген Ораз Тәтеұлының ғұмыр жолы, қайраткерлігі туралы әр жылдары бірқатар ғылыми-зерттеу мақалалар, көпшілік-танымдық мақалалар, әдеби көркем шығарма жазылған болатын. Солардың барлығымен танысып шыққан соң, шолу немесе сараптамалық сипатта ой өрбітуді ниет еттік.
Алаш тарихын зерттеу ісімен айналысып жүргендердің барлығы ХХ ғасыр басындағы оқиғалар туралы жазылған кітап, зерттеулерді оқып шыққанына кәміл сенемін. Алғаш рет Ораз бидің есімін С.Сейфуллиннің шығармашылығынан кездестірдік. Оның «Тар жол, тайғақ кешу» деп аталатын мемуарлық роман-эссесінде: «... жиылыс ашылар алдында Әлихан: «Былтырдан бергі шаршы топта сөз сөйлеп бәйге алған осы съезге шақырылған ардақты шешен Ораз ақсақал Тәтеұлы өлді. Жиналысты марқұм Оразға дұға қылып бастайық», - деген сөйлем кездеседі. Ең әуелі – «Әлиханның кім екені белгілі, ал Оразы кім?» деген заңды сауал туындады. Бұл – менің осыдан екі-үш жыл бұрынғы ойым еді. Осы ойдың жетегімен жүргенімде, «іздегенге – сұраған» болып, белгілі тарихшы-ғалым Б.Кәрібаевтың мақаласын оқып қалдым.
Осыдан біраз ай бұрын, қызметім бойынша маған Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев мырзаның атына өтініш хат жазу тапсырылды. Негізгі әңгіме ауаны – өңірдегі көптеген елді мекеннің атын қазақыландыру. Алаш заманындағы белгілі қайраткерлерінің есімін Ақтөбе қаласына қарасты бірсыпыра ықшам аудандағы көшелерге беру мәселесін көтере отырып, тізім даярладым. А.Мәметов, А.Досжанова, Т.Жаманмұрынов тағы басқа қайраткерлердің қатарына О.Тәтеұлының да есімін енгізіп, олар жайлы қысқаша анықтамалық мәлімет беріп, құзырлы органға жолдап жібердік.
Қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласында «тұлғатану» деген жеке сала бар. Белгілі бір уақыт аралығында өмір сүрген, өзінің жарқын істерімен халық есінде қалған адамның ғұмырнамасы егжей-тегжейлі жазылады. Сол сықылды Ораз бидің тұлғасын тануға арналып жазылған, әлі де жазылатын еңбектердің бірқалыпқа түсіп, жүйеленуі тиіс. Мысалы, тұлғатанудың жүйеленуі – ғылыми нақтылыққа, дәлдікке сүйенуі шарт. Бүгінгі оразтанудың кемшін тұсы – оның туған жері, туған жылы, ата-тегі хақында жазылған әр түрлі деректердің болуы.
Сөзімізді дәлелдесек:
1.Әдебиеттанушы-ғалым Е.Тілешовтың «Алаш туы астында...» еңбегінде (Қараңыз: Тілешов Е. Алаш туы астында, Астана: Арман Медиа, 2013. 102-103 б.) : «Тәтіұлы Ораз – Алаш қозғалысының қайраткері. 1856 жылы бұрынғы Торғай облысы Ырғыз уезі, Қабырға болысында туған. ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында екі дүркін Қабырға өңірінде болыстыққа сайланған. Бірінші жалпықазақ съезінде елдегі алауыздықты жою және отарлау саясатына қарсы жұмылу қажеттігін ұсынған. Осы съезде Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайланған. 1917 жылы қайтыс болған», - делінген мәлімет берілген;
2. Тарихшы-ғалым Б.Кәрібаевтың «Ораз би» мақаласында (Ана тілі, // 22 желтоқсан, 2011, 5-6 б.): «Ораз Тәтеұлы – 1854 жылы Арал өңірінде дүниеге келіп, 1917 жылы Орынборға бара жатқан жолда дүниеден озған белгілі би, шешен және Торғай облысы, Ырғыз уезіндегі Алаш идеясын жоқтаушылардың, қостаушылардың бірі» немесе «Ораз бидің туып-өскен өңірі – Арал теңізінің батыс жағалауы жағындағы жерлер. 1867-68 жылғы уақытына ережеге сәйкес, бұл жерлер Торғай облысы Ырғыз уезі Қабырға болыстығының аумағына енген. Кейіннен Ораз бидің өзі Қабырға болыстығының төрағалығына екі рет сайланады», - делінген мәліметтер берілген;
3. Ақтөбелік өлкетанушы С.Түрекешовтың «Алты Алаштың ардақты ұлы – Ораз би Тәтеұлы» мақаласында: «Ораз Тәтеұлы 1856 жылы Торғай облысы, Ырғыз уезі, Қабырға болысы (қазіргі Арал ауданы), Ақеспе-Сарыбастат ауылында дүниеге келген. Тумасынан ел-жұртының мұң-мұқтажын көксеп, әділ, таза сөйлеп, билік, төрелік айтуға бейім болып өседі. Аса байлық иесі болмаса да, еліне қамқор-қайырымды, сыйлы, сол патшалық Ресей заманында Ырғыз уезінің «Қабырға елді мекеніне» болыс болып екі рет сайланады. Сол заманның қоғамдық атқарушы қызметін атқарған уақытында еліне сыйлы болыс, әділ би атанады», - делінген мәлімет кездеседі;
4. Ақын М.Ершу (шығармаларын «Әйек» бүркеншек есімімен жазатын әдебиетші – Е.Т.) өзінің бір сұхбатында: «...Жақында жазып бітірген поэмам «Ораз би» деп аталады. Ораз би Тәтеұлы — 1854 жылы Арал өңірінде дүниеге келіп, Торғай облысы Ырғыз уезінде Алаш идеясына қызмет еткен адам. Алаш ардақтылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовпен жақын араласып, сыйласқан. Ахмет Байтұрсыновтың ақыл-кеңесімен Ораз би Ырғыз, Шалқар жерінде мектептер ашқан. Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап, зор ағартушылық рөл атқарған «Қазақ» газетіне демеушілік көмек көрсетіп, ақша аударып тұрған. «Қазақ» газетін шығарушылар Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты ұлт көсемдері болды ғой. Ораз би Тәтеұлы – ұлттық денгейде қайраткер ретінде танылмай келе жатса да, Торғай өңірі, Қызылорда, Қазалы, Арал бойы, Батыс Қазақстан аймағына жақсы таныс, ел басқарған болыс, туралықпен аты шыққан атақты би, қара сөздің майын тамызған шешен», - деп мәлімет беріпті.
Енді осы келтірілген мысалдарға қарап шығыңыз, деректер әрқилы. Бұдан шығар қорытынды сол – Ораз би Тәтеұлының туған жылы мен туған жерін нақтылап жазып, арнайы тұжырым шығару. Бұл – бүгінгі тұлғатану, оразтану саласының алдында тұрған негізгі міндет.
Әдебиетші, ақын М.Ершудің Ораз биге арнап жазған поэмасы – ақынның рухына өлең сөзбен қойылған ескерткіш іспетті! Бұл – Ораздай тарихи тұлғаның көркем бейнесін өлең тілімен сомдаған әдеби көркем шығарма ғана емес, Ораз би Тәтеұлының өмір белестерін тарихи оқиғалармен байланыстыра суреттелген тарихи дастан.
Түйіндей айтқанда, ғасырлар тоғысында барақатты ғұмыр кешкен Ораз би Тәтеұлы – Алаш идеясын нық қолдаған, Алаш қозғалысына шын беріліп, бүгінгі қазақ елінің жеке дара мемлекет болу үшін аянбай тер төге қызмет еткен ұлтшыл қазақтардың бірегейі. Оның ерен қызметі – ақсақалдығымен көпке үлгі болып, өнеге көрсеткені; қазақтың игі жолымен жүріп, дұрыс бағыт-бағдар нұсқағаны; қара қылды қақ жарар әділ сөзімен ел-жұртын бітімгерлікке шақырғанында.
Тарихи тұлғаның есімін әспеттеп, тағылымын дәріптеп, ата-баба аманатына, рухына адал болып жүрген қазанат жоқшысы Жақсыберген Үмбетбаласының көрер жарығы ұзақ болса, тұлғатану – Оразтану мәселесі кеңінен шешіліп, абыз бабаның есімі туған халқымен бірге өміршең болары хақ.
Елдос ТОҚТАРБАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.