Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлібек Асқаров. Кейбір аң мен құстың қазақша атаул...

14.02.2019 16470

Әлібек Асқаров. Кейбір аң мен құстың қазақша атаулары туралы

Әлібек Асқаров. Кейбір аң мен құстың қазақша атаулары туралы - adebiportal.kz

Аң мен құстардың қазақша атауларына байланысты аударма әдебиеттерде, ғылыми-көпшілік мақалаларда, мерзімдік баспасөз беттеріндегі материалдарда ішінара қателіктер кетіп жататынын біраз жылдан бері бақылап, байқап жүрміз. Көш жүре келе түзелер деген үмітпен, көлденеңнен әңгімеге араласпай, әліптің артын бағып та көрдік. Бәрібір болар емес. Баз бір қаламгерлеріміз сол баяғы таптаурыннан, сол баяғы сарыннан танатын түрлері көрінбейді. Көңілге алаң түсіріп, қолымызға қалам алдырған да осы жайт болатын.

Қорадағы төрт түліктің әрқайсысына қырық-елуден атау тапқан қаймана қазақ түз аңына құрығанда бір атауды ойлап таппады дегенге сену қиын. Яғни, табиғаттағы аң мен құс, ағаш пен өсімдіктердің бәрінің де қазақша аттары бар. Орысшадан аударған кезде солардың қазақша баламасын дөп басып тауып, дұрыс қолдана білген лазым. Әйтпесе, куропатканы да, тетеревті де, глухарьды да, рябчик пен рябокты да “құр” деп соға берсек, немесе сойка мен синицаны, трясогузка мен зуекті, воробей мен жаворонокті “торғай” деп, түрлеп-түстемей аудара бергеннен ана тіліміздің көсегесі көгеріп, көркем сөзіміз байи қоймайды.

Алдымен бәрімізге ежелден мәлім, баспасөзде көп айтылып, көп жазылып жүрген кәдімгі бұғыдан бастайықшы. Шаңырақтанған ай мүйізі бар осы бұғыны бірде “бұғы” деп дұрыс жазған болсақ, келесі жолы “марал” деп айдар тағып жатамыз. Тіпті “теңбіл бұғыны” “олень” деп те “аударғандар” кездеседі. Сонда осы атаулардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс.

Алтайдың алыс төрінде, тау қойнауындағы біздің ауылда бала күнімізде осы бұғы мен маралға байланысты мынадай логикалық ойын бар еді.

- Кәне, айтшы? – дейтінбіз бұғы-маралы жоқ көрші ауылдың балаларының ой-қабілетін, өресін тексергендей болып. – Аңшыдан қашқан бір марал қалың теріске (тайга) келіп тіреліпті. Бір жағы – жалама құз-жартас, енді бір жағында – абалаған иттер, соңында қиқулаған қуғыншылар. Теріске қарай қашайын десе – қалың ағаш, көлденең бұтаққа мүйізін іліп, сындырып алады. Сонда марал не істеу керек?

Көрші ауылдың балалары ондайда жауап таба алмай шынымен-ақ қиналып қалатын. Ішіндегі біреулері білгішсініп:

- Марал қашқан кезде мүйізін арқасына жапсырып алмай ма! – деп жауап берісетін.

- Ой, дәлдүріс, – дейтінбіз бұғышы ауылдың балалары – қойшы ауылдың балаларын мазақ етіп. – Маралда мүйіз болғанын қай атаңнан естіп едің? Мүйізі жоқ ұрғашы марал терістің ішімен зытып, қуғыншылардан қашып кетпей ме!

Қойшы ауылдың балалары өстіп “жеңілгендерін” мойындап жататын.

бұғы

- Бұғыларды қорада ұстап, маралдарды тебінге айдап жібердік, – дейді бұғышылар қыс түскен кезде. Өйткені маралда мүйіз жоқ, сондықтанда ол құнсыз, түздің аңы ғой, бірдеңе етіп қарды қазып, өз бетінше тебіндеп шығады. Ал, шаруашылық мүйізді шетелге сатумен табыс тауып отырғандықтан, мүйізі бағалы бұғыларға қолдан жемшөп беріп, мәпелеп, жылы жерде қорада күтеді.

Әңгіменің қысқасы, “бұғы” деген – осы аңның еркегі, оның шаңырақтанған мүйізі болады, ал “марал” деп отырғанымыз – ұрғашысы, ол мүйізсіз тоқал. Бұғы-маралдың төлін кейбір қаламгерлер “бұғышақ” деп аударып жүр. Ондай сөзді өз басымыз естімеппіз. Әлде ауылдан ерте кетіп, ұмытып қалдық па деген дүдәмал оймен өткен жазда елге барғанда бұғышылардан да сұрастырып көрдік. Олар еріндерін қисайтып, иықтарын көтерісті. Оның төлін қазақ атам заманнан “қозықа” дейтінін айтты.

марал

Орыс тілінде жағдай басқаша – еркегі де, ұрғашысы да “марал” деп аталады. Сондықтан да олар “мараловодческое хозяйство” деп жазып жүр. Ал біздің қазақ әдебиетінде, энциклопедиядан бастап ұсақ-түйек анықтамалықтарға дейін, бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, бұл тіркесті “марал шаруашылығы” деп жазып жіберген. Жоғарыда мүйізі жоқ тоқал маралдың шаруашылық үшін құнсыздау екенін ескерсек, бұл атауды “бұғы шаруашылығы ”деген жөнге келеді.

Аударма әдебиетте аттары бірде олай, бірде былай шатасып жүрген аңдардың бірі – құндыз бен қамшат. Бұлардың орысшасы “бобер” мен “выдра”. Кейбір әдебиеттерде осы екеуі де “құндыз” деп аударылып жүр. Тіпті собольді де, норканы да, енот пен ондатраны да “құндыз” деп аударғандарды кездестірдік.

құндыз

қамшат

Бобер – ағаш кеміретін, суды бөгеп, тоған салатын, отбасы болып қоғамдасып өмір суретін аң. Құндыздың құйрығы ескек тәрізді жалпақ келеді. Алтайда “құндыздың көшіндей” деген тіркес бар. Мекен іздеп, тоған іздеп құндыздар үйелменімен көшіп жүреді екен. Құндызға байланысты баяғыда әке-шешеміз әдемі-әдемі аңыздар, әңгімелер айтып отыратын. Ендеше, боберіңіз – кейбір басылымдар жазғандай, “қамшат” емес, құндыздың нағыз өзі. Ал “выдра” қама, немесе “қамшат”. Бұл жөнінде “Қазақстанның Қызыл кітабында” да қателіктер кетіпті.

бұлғын

сусар

қара күзен

сасық күзен

Соңғы шыққан орысша-қазақша сөздікте ғана дұрыс аударылыпты. Жоғарыда аталған “соболіңіз” – терісі қалай төңкерсең солай жығылатын, күмісше жылт-жылт етіп төгіліп тұратын, ежелден әйгілі “бұлғын”. Ал “норка” – Солтүстік Америкадан көндіктіру арқылы көбейген аң. Сондықтан оны “норка” деп те, “қара күзен” деп те атай береді, “енот” – жанат, “ондатра” – ондатра (бұл да Солтүстік Америкадан әкелінген аң), “перевязка” – шұбар күзен, “куница” – сусар, “каменная куница” – сасық күзен, “бурундук” – баршатышқан, “горностай” – ақкіс, т. б. “Сусликті” “сары тышқан” деп аударғанды да кездестірдік. Турасында оны “тараққұйрық” немесе “саршұнақ” деп атайды.

қарабауыр

Көптен бері “харза” деген аңның қазақшасын таба алмай жүретінбіз. Алтайдағы аңшылармен әңгіме кезінде, бірде қарабауырдың орысшасын сұрастырдым. Қарабауыр – жас зиратты тесіп, аруақты қорлайтын тажалдың нағыз өзі. Кейде төрт-бес қарабауыр бірлесіп құдыр мен елік алатынын да естігенбіз. Мысықтай ғана шақар аңның адамға шапқан кезі де болыпты, адамның алқымына атылып, кеңірдекті қиып жібереді екен.

- Қарағым-ау, айтып отырған сол қарабауырыңның орысшасы “харза” болады! – деді аңшылар.

күдір

елік

Құдыр демекші, әлгінде айтылған құдырды (күдір деп те атайды) елікпен (косуля) шатастырып жүргендер де бар. Құдырыңыз – кабарга. Орысша-қазақша сөздікте оны ойдан шығарып, “тоқал бұғы” деп аударып жіберіпті. Құдыр – еліктен кішілеу, нар түйенің өркешіндей белі бүкір, күжірейген, аузында сойдақталған қос тісі бар. Осы қос тістегі сұйық заттан шипалық қасиеті бар, аса зәру дәрі алынады деседі... Сондай-ақ “россамаханы” – сусар деп аударғанды да кездестірдік. Сусарыңыз – куница, ал росамаха – құну.

“Сурок” дегеннің суыр екені бәрімізге аян. Ал “сурок мензбира” дегенді қазақтың ата-бабасынан бері келе жатқан әдемі атауы –“көк суыр” ұмытылып, ғылыми айналымға “мензбир суыры” деп, калька түрінде еніп кеткен.

“Снежный барсты” “қар барысы” деп жолма-жол аударушылық та белең алыпты. Атам қазақ “барыс” деп қана білген, “қарды” қоспаған.

жапалақ

үкі

Ана тілімізде жарқанат, жапалақ, үкі деген аң-құс атаулары бары белгілі. Баз бір қаламгерлер соның алғашқы екеуін алмастырып алатыны кездеседі. Бұлардың алғашқысы – тышқан тұқымы (летучая мышь), екіншісі – кәдімгі бадырақ көз құстың өзі (сова). Ал орысшадан аударған кезде сованы да, филинді де “үкі” деп, немесе екеуін де “жапалақ” деп жаза беретіндер бар. Дұрысында “сова” – жапалақ та, “филин” – үкі. Бұларды шатастырмай, аударма кезінде мұқият болған лазым.

кекілік

бұлдырық

құр

шіл

Енді әңгіме басында сөз еткен аң-құстар жайына оралсақ. Әрине, біздің жинап-тергеніміз де даулы болуы мүмкін. Бұл мақалаға орманшылар мен аңшылар, қаламгер қауымы үн қосып, толықтырып жазып жатса – құба-құп дер едік. Біздің білетініміз мынау: куропатка – кекілік, тетерев – бұлдырық, глухарь – құр, рябчик – шіл. Ескертетініміз – глухар баспасөзде “саңырау құр” деп, калька түрінде қалыптасып кетті. Бала күнімізде наурыздың соңында қардың көбесі сөгіліп, күнгей беткейлер алашұбар тартқан шақта ағаларымыз таң қараңғысынан тауға талай сүйрелеген. Сондағы айтатындары “құр қарайық”, “құр ойнағын тамашалайық” дейтін. “Саңырау құр” дегенді естімеппіз. Ауылдағы орманшы азаматтардан сұрап едім, қазір де олар бастарын шайқасты.

жорға торғай

шымшық

шақшақай

шүрілдек торғай

бозторғай

Торғай – воробей екені бәріне белгілі. Сойканы қазақ “жорға торғай” деген. Синица – шымшық, трясогузка – шақшақай, зуек – шүрілдек торғай, жаворонок – бозторғай.

шауқарға

Осы арада айта кетер тағы бір әңгіме... Алтайда балқарағай жинап, шарылдап жүретін шақар бір құс бар. Торғайдан үлкен, күйкентаймен шамалас. Ол құстың орысша аты “кедровка”. Қазақша тағы да калька түрінде алып, балқарағай торғайы деп жазылып жүр. Ал оның қазақ білетін ежелгі аты – “шауқарға” екенін ескерейік. “Қызыл тұмсық шауқарға, қыздан басқа жау бар ма” деген өлең жолдары да бар емес пе!

- Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар