Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
«Алтын Орда» және Ақдәулетұлы...

09.08.2024 1981

«Алтын Орда» және Ақдәулетұлы 14+

«Алтын Орда» және Ақдәулетұлы - adebiportal.kz

Баяғыда «Алтын Орда» деген газет болып еді. Қазақтың шын жанашыры, досы, сырласы, ақылшысы еді. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығын абдыраумен өткізіп келе жатқан қазақты қолтығынан демеп, ендігі жүрер бағытты бірге іздескен де осы басылым еді. Өзгелер жарысып ақыл айтып, онсыз да көрмеген құқайы жоқ, бодандықтан енді босаған, өзінің еркіндігіне, елдің егесі екеніне әлі сене алмай, егесі болса неге екінші сортты ұлттың күйін кешіп жүргенін түсінбеген қазақтың миын атала қылып жатқанда жанынан табылған «Алтын Орда» ғой. Бас редакторы – қазақтың айтулы ақыны, публицист, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы болатын.

Қазақ өзінің тарихи жадына таныс атауды иеленген газетті көргенде өшкен үміті жанғандай, іздеген жоғы табылғандай күй кешкені рас. «Алтын Орда» бәрімізге осындай күй кештірген еді... Өйткені Алтын Орда дәуірі – Түркі жұртының рухы аспандап, айбыны асқан кез емес пе! Ал біз болсақ сондай асқақ рухқа шөліркеп жүрген едік, аса зәру едік.

Алтын Ордаға оралу 

қаңтар айында басталған

Жаңа мың жылдықтың басында, қаңтар айында (қазақы дүниедегі сілкіністердің осы айда болатыны әлде заңдылық, әлде сәйкестік) қазақ қоғамын селт еткізіп, «Алтын Орда» деген газет дүниеге келді. Осы газеттің беташарында Мейірхан аға қазақтың өзімен бетпе-бет отырып тілдескендей былай деген екен: «Ұқсаң мақсат біреу – ана тіліңнің, атадан өрген діліңнің мына қоғамда тезірек жетекші дәрежеге жетуі үшін ұмтылу, соған сеп болу. Елді, өзімізді, Сені Алтын Ордаңа оралту. Қазір ертегідей көрінетін, даңқы асқақ, бірақ күні өтіп кеткен рухани, мәдени, ділдік еркіндікке оралу. Оған «Мерседес» мініп бару шарт емес, жаяу баруға да болады. Себебі, ол – өзіңе оралу. Ел болу, ес жию. Осы іске аралас Сен»... Өмірі өзіне бұлай жақын тіл қатқан, жанашырлық танытып жанына шақырған, бауыр, дос тұтқан басылымды көрмеген қазақ жүрегі елжіреп, бар жұбанышты, жақсы сөзді осы газеттен тапқаны шындық. Ділге, Азат Рухқа шөлдегендер бас қойып оқыды оны. Бір кездері аузын айға білеген айбынды мемлекет – Алтын Орда ең бірінші біртіндеп ділі жоғала бастағандықтан ақыры тарих сахнасынан кетіп тынғанымен, бәрібір осы атауда ділдің, рухтың, қазақы рухтың тамыры қалып қойғандай ма... әйтеуір, Алтын Орда деген сөзді естігенде арқаланбайтын қазақ жоқ. Сондықтан болар, қазақы қоғам «Алтын Орда» газеті дүниеге келгенде елдіктің, ділдің, рухтың жоқшысы, іздеушісі, көтерушісі келгендей серпіліп қалды. Қоғамда қозғалыс, ояну процесі жүріп жатқандай көрінді. Бұл басылым күні бүгінге дейін өмір сүргенде біздің қоғам қазіргісінен де рухы биік қоғам дәрежесіне көтерілер ме еді...

Дегенмен, аз ғана дәуірінде бұл басылымның қазақ руханияты үшін атқарған еңбегі орасан. Тәуелсіздіктен кейін өзінің еркіндігіне, азаттығына әлі де сене алмаған, ішкі еркіндігіне қол жеткізбегендіктен де еңсесі түсе берген қазақты бір көтерсе, бойын тіктесе осы басылымдағы, дәлірек айтқанда Мейірхан ағаның ұлтқа деген махаббатқа, жанашырлыққа толы, кеудеңе күш құятын рухты сөздері, намыс пен жігерге тұнған дүниелері көтерді. Болашаққа сеніммен қаратты. «Ең әуелі Сөз болған, ол Сөз Құдай еді деп басталмай ма, киелі кітаптың өзі. Сондықтан қазақ үшін маңызды нәрселердің бәрі сөз болуға тиісті, біз айтуымыз керек» дейтін үнемі Мейірхан аға. Ол газетте айтылған ой-пайымдардың, ізгі ниетті көздеген әрбір сөздің әр қазақтың жүрегіне жететініне сенді. Сондай үлкен сеніммен жүрегінің қанын ағызып отырып жазды әр мақаласын. «Алтын Орда» газеті дәуірлеп тұрған кезде қазақы дүниетаным, ой-сананың біраз жерге дейін өскені қазақ үшін жасалған осындай жанкешті еңбектің жемісі еді.

Істі талап ете білетін, бос сөзді ұнатпайтын ағамыз «біздің еврейлерден қай жеріміз кем? Еврейлер істеу керек болса, істейді, бітті. Ал қазаққа салсаң шабытын күтеді, басқасын күтеді, сөйтіп күнді өткізе береді. Қоғамға, өз қазақтарыңа жақын болыңдар, соған жандарың ауыратын болсын. Сонда сендер ешкім қыстамай жазатын, айтатын боласыңдар» деп бізді де үнемі жігерлі, тірі болуға, қазаққа болсын деп қызмет істеуге қайрап отыратын.

Мейірхан ағаның «Алтын Орда» секілді тәуелсіз газет ашуына біздегі ақпарат кеңістігіндегі орыстілді басылымдармен арадағы тартыс, шын мәніндегі тәуелсіздік үшін жүрген ымырасыз күрес алып келген еді. Алдағы тәмсіл сол жөнінде.

Таразығы тартылған Тәуелсіздік

немесе «Караван» «Құдай» болған кез

Негізі нағыз тәуелсіздік үшін күрес еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін басталды ғой. Және бұл күрес ұзаққа созылды. Білген адамға бұл майдан қарапайым тұрмыстық деңгейден бастап, барлық салада қатар жүріп жатты. Бұған дейін өздерін Қазақ Елінің қожасындай сезініп келген «ұлы халықтың» өкілдері тым асқақтап кеткен көкіректерін төмен түсіргісі келмеді, екінші сортты халықтың өз алдына мемлекет құрып мейманасы көтерілеріне сенбеді. Көп өтпей-ақ «ой бауырымдап» Ресейдің қол астына қайтып кіретін уақытты күтіп жүрді және солай боларына қапысыз сеген болатын.

Ол біздің қоғамда «Караван» «Құдай» болған кез. Иә, тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылдығында, тіпті одан да көп уақыт басымыздан осындай да кезең өткен. Іргедегі Ресейге, елі ішіндегі шовинист орыстарға және пиғылы жат өзге де топтарға арқа сүйеген орыстілді басылымдар, әсіресе «Караван» газеті қазақ қоғамы үшін Құдай болмағанымен, құдайдан былай емес-тұғын. Оған ресейлік «Известия», «Российская газета» сияқты тағы бірнеше аузын айға білеген басылымдардың Қазақстандағы меншікті тілшілері қосылып, елдегі қоғамдық пікірдің тізгінін толықтай өз қолдарына алған еді. Олар әрі-беріден соң қазақтың бар-жоғын елеуді қойып (әбден басынғандары ғой), ұлтты ашықтан ашық келекелеуге көшті. Оқырмандарының санасына ел болып, ес жия алмайтынымызды сіңіріп бақты. Одан соң Қазақстан мен Ресейдің жаңа одағы туралы идеяларын алға тартып, қазақты өзінің бұрынғы «үйреншікті қорасына» қайта кіргізу қамын да күйттеді. Елдегі орыстардың импералистік-шовинистік сезімдеріне шыбық жүгіртіп түрткілеп отыру олардың күнделікті әдетіне айналды.

Ал біздің атқамінерлер орыстілді басылымдардың осындай пиғылдарын біліп тұрып, бірауыз қарсы сөз айтуға жарамай... оны айтасыз, алдарында құрдай жорғалап кетті емес пе! Сол уақытта орыстілді басылымдардың қоғамда туғызған үрейі мен күмәні талайдың есін алғаны шындық. Тіпті, көпшілігімізде еңсесі тіктелген ел боларымызға сенім де азая бастаған еді. Сөздің құдіреті ғой бәрі! Сөзді сөзбен тойтармаса, сөз бір қауым ел түгілі, бүкіл адамзатты бұзады. Аталарымыз солай айтқан ғой. Абырой болғанда тайрандап кеткен басылымдарға тойтарыс берілді! Бір ауыз сөзбен! «Құлды қойсаң еркіне, күнде тышар бөркіңе». Мейірхан Ақдәулетұлы ағамыз әлгіндей басылымдардың жымысқы пиғылдарын әшкерелеп жазғанда әуелгі сөзді осы мақалмен бастаған еді. Оларды құлға теңеді. Осы бір ауыз мақал-сөз өзгелер түгілі, үйрей құшағындағы біздің атқамінерлерге де қайрат берді. «Күресу керек, оларды ауыздықтау керек» деген ой олардың санасында осы сөзден кейін кірген сияқты. Олар баспасөз майданыдағы тәуелсіздік үшін күреске осылай тартылған.

Мейірхан аға «Қазақ әдебиеті» газетінің 1997 жылғы 29 шілде күнгі санында жарияланған «Ардаевты қашанғы ардақтай береміз? Немесе еңселі кеңселерге ашық хат» деген мақаласында тәуелсіздік алғалы бері ресейлік ақпарат құралдары біресе А. Солжинициннің лепесімен қазақты ұлт қатарынан шығарып тастағанын, біресе ресейлік саясаткер А. Руцкойдың аузына «есектен түсіріп, дәретханаға қағаз ала баруды орыстар үйреткен» деген сынды мысқыл сөздер салып, ұлтты қорлаудың неше атасын көрсетіп келе жатқанын айта келіп: «дербес мемлекеттің ішкі-сыртқы ісіне сол елдің территориясында отырып қол сұғып, қоғамдық-саяси процестерге ашықтан-ашық араласып қана қоймай, төртінші билікті ұйымдасқан түрде қолына алып алған ресейлік «меншікті тілшілердің» Қазақстанның барлық әрекетіне кедергі болып, «ең қауіпті картамен» (автор бұл жерде еліміздегі саны жағынан басым халық – орыстарды бір беймәлім күреске үндеу пиғылын меңзеп отыр) үздіксіз ойын жүргізуі, бассыздығы баяғыдан бері жалғасып келеді» деп ашына жазды. Жай жазып қана қойған жоқ, осы мақаласында Парламентке, Президент әкімшілігіне, Сыртқы істер министрлігіне мынадай нақты сауалдар қойды:

1. Өзге мемлекет журналистерінің қызметін реттейтін мемлекеттік шаралар қолға алына ма, алынса қашан?

2. Қазақ халқының ар-намысын ресейлік ақпарат құралдарының анайы пікір-көзқарастарынан кім қорғайды, әлде сондай мүдделі қоғам ашамыз ба?

3. Ақпарат құралдарындағы ашық және жасырын түрде мемлекеттік саясатқа қарсы бағытталған теңденциялармен кімдер күресуге тиіс?

Бұдан соң Мейірхан аға «Қазақ әдебиетінің» сол жылғы 12 тамыз күнгі санында «Үмітсіз шайтан ғана...» деген мақаласында осы тақырыпқа қайта оралып, Президент әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігі ірі өкілдерінің жауабын келтіреді: «Сіздер қойып отырған мәселе ащы да заңды екені даусыз. Әзірге айтарымыз – қазақы ақпарат құралдары, әсіресе «Қазақ әдебиеті» жан-жақты кәсіби деңгейде көтеріп отырған мәселелер тиянақты шешімін табуға тиіс. Ардаевқа келсек («Известия» газетінің сол кездегі Қазақстандағы меншікті тілшісі), «Известияның» жаңа басшылығына бұл мәселе ескертіледі. Егер В. Ардаев немесе басқа да шетел журналистері дәйекті, шынайы достыққа құрылып отырған мемлекетаралық қатынастарға зиянын тигізетін әрекеттерге баратын болса, заңды шешімдер қабылдануы керек». Бұл шығарып салма сөз емес, есі кірген, есті адамның сөзі. Өйткені ол мақалада ес жиғызатын, намысты жанитын, қаныңды қайнататын, рухыңды тірілтетін сөздер аз емес-тұғын. Намыс отына булығып отырып жазған сөздер еңселі ғимараттағы кеңседегілерде отырғандардың да жүрегіне жеткен ғой.

...«Құлды қойсаң еркіне...» осы мақал өзіме құдды Мейірхан ағаның аузына қатты ашынғанда, бойын ызалы намыс буғанда Құдайдың өзі салған мақалдай көрінеді де тұрады... Құдіретті сөз... Біле білгенге дәл осы баспасөз майданындағы тәуелсіздік үшін күресте ең бір қуатты артиллериялық қарудай әсері болған сойқан сөз еді бұл. Талайдың есін жиғызған болар... Ең бір жалтақ, өзі түсінбейтін беймәлім үрейге бой алдырған шешеуніктердің де есін кіргізген болар деп ойлаймын. Әйтеуір ағам осы бір мақалды ерекше жақсы көретін және күн ара бір аузына алып отырушы еді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, ызалы намысқа булығып, қатты ашынғанда ауызға түскен сөз де... әлсін-әлсін тіл ұшына орала беретін болғаны да. «Құлды қойсаң еркіне...» деп намыстың отына күйіп, булығып қолына қаламын алған ағам одан кейінгі біраз ғұмырын да «Караванмен» күреске сарп етті. Алғашқы екпіні қайтқанмен «Караван» да қарап қалған жоқ, қазақы басылымдарда өздеріне қарсы жазылған мақалаларды қарап отырып сотқа берді. Бірде «Заң» газетіне «Караван» синдромы қашан тиылады?» деп мақала жазған қазақтың айтулы ақыны Аманхан Әлімді сотқа беріп, ел Президентіне шағынып хат жазғандарымен қоймай, Геббельске (неміс нацисі) теңеп мазақтауға дейін барды. Сол кезде Аманхан Әлімге араша тұрып, «Қазақ әдебиетінде» үн қосқандардың бірі Мейірхан аға болатын. 

Ол сондай-ақ қазақтарды «орыс әлемінің» бір бөлігі санайтын саясаткер Петр Своиктің де сол жылдарда орыс тілді басылымдарда жиі жарық көрген мақалаларына (Қазақстан мен Ресейдің саяси тұрғыдан интеграциялануы туралы алғаш ой тастаған, халық арасында Қазақстанның мемлекет бола алмайтыны жайлы пікірді бекітуге тырысқан, орыс ұлтшылдығын түрткіштеу арқылы халықты референдумға үндеген т.т.) дер кезінде сауатты жауап қайтарып, қазақы қоғамға мұндай ияеяның қаншалықты қауіпті екенін де көпшіліктің көзін жеткізіп отырды («Сен кімсің, Петр Своик? Мини-Ульянов?.. Мини-ибн-Саба? Мини-Маздак? Әлде... Мини-Обадия?» («Қазақ әдебиеті», 3 сәуір, 1998 жыл).

Әрине, сол кездегі қазақ қоғамы іргесі жаңа қаланып келе жатқан жас мемлекеттің баспасөз беттеріндегі мұндай пікірлерден аса қауіптене қойған жоқ, әсіресе біздің атқамінерлер мен зиялы қауым өкілдері бұл майданнан тіпті бейтарап қалды десек болады. Соның салдарынан орыстілді басылымдар, орталықтағы «Караван» сияқты газеттерді қоспағанда, сонау ел шетіндегі Ақтөбедегі «Диапазон», Оралдағы  тағы бірлі-жарым орыстілді басылымдарға дейін «әй дер әже, қой дер қожа» болмаған соң,  өздерін жарты құдай сезінді. Бұлар да қазақты келекелеп, мазақ етуден, «ел бола алмайсыңдар» деген емеуірінді ашық аңғартудан кенде қалған жоқ. Жергілікті атқамінерлер мен тағы басқа топтарды «демократия», «сөз бостандығы» секілді әдемі сөздермен ықтырып-ықтырып алатын.

Орыстілді басылымдардағы «еркін ой», «біз мемлекет бола алмаймыз, есіміз барда елімізді табайық» деген сынды пікірлер біздегі «ұлы халықтың» өкілдеріне біраз дем бергені, әлденеден үміттендіргені анық. Егер сөзге сөзбен тосқауыл қоймағанда, қазақы басылымдарда қарсы мақалалар жиі жарияланбағанда (ахуалды жіті қадағалап отырғандар осыған қарап, арты қалай болады деп сақтанды білем), Донецк мен Луганскдегі сияқты халық (орыстар мен көзқамандар) жиналып, бір күнде референдум өткізіп, Ресейдің құрамына қосыла салатын еді. Бізді Құдай сақтағанда мықтап сақтады! Бір ғана Мейірхан ағаның өзі сонау 1995 жылдардан 2000 жылдарға дейін көптеген республикалық басылымдарда (негізінен «Қазақ әдебиеті» газетінде) елдігімізге қауіпті осындай ой-пікірлерге ұдайы қарымта жауап жазып отырған екен. Ұлттың санасын қалай көтереміз? Тәңірі иіп бұйыртқан Тәуелсіздік деген бақытты қайтсек көтеріп тұра аламыз? Осы тектес сұрақтар азамат-ақынның жүрегіне маза бермей, жарғақ құлағын жастыққа тигізбей, шын тәуелсіздік үшін күресте ылғы алдыңғы шепте жүруге мәжбүрлегені Мейірхан ағаның сол жылдарда жазған мақалаларынан анық көрінеді. Біле білгенге бұл күрес, табандылықпен жүргізілген күрес, ұлт үшін, ұлттың болашағы үшін жаны ауырып отырып жазған еңбектер. Қуаныштысы, зая кеткен жоқ, аузын айға білеген орыстілді басылымдардың аптығы әжептәуір басылды. Ашық келекелеуді, «күл астынан су жіберуді» қойды. Билік басындағылар, еңселі кеңседегілер ептеп ұйқыларынан оянып, мәсекеулік меншікті тілшілерге, біздегі орыстілді басылымдарға «шаңыраққа қараңдар!» деп айтуға шамалары жете бастады (Мейірхан ағаның дүркін-дүркін жазған мақалаларынан соң әрине). 

Қарап отырсаңыз, Мейірхан аға газетте істеген жылдары ол қалам тартпаған сала жоқтың қасы. Жер дауы, ауыл тағдыры, тіл мәселесі, әлеуметтік проблемалар, заң саласы, ұлт мәселесі, ұлттық мақсат-мұрат туралы пайымды пікірлер... осылай жалғасып кете береді. Әр мақаласында кесек сөз, кесімді ой айтылды. Қажет болған жағдайда кейбір мәселелердің соңына дейін жүрді. Яғни, тек жаза салуды мақсат қылған жоқ, оның нәтижесін сұрады. Билік басындағыларға орынды, сауатты талап қойды, соңына дейін күресті. Былайша айтқанда, билікті кейбір мәселелерге назарын аударта алды. Базбіреулер сияқты «ас үйде» әңгіме қылып, тасада күңкілдеумен (тек газетке, немесе қазіргіше әлеуметтік желіге) жаза салумен шектелген жоқ. 

Бір қызығы, елде орыстілді басылымдардың аптығы қалай басылды, солай орыстардың біртіндеп тарихи отандарына қоныс аударуы да жиіледі (барлығы емес, біразының). Олар Қазақстан тәуелсіз ел болғанына бірнеше жыл өткеннен соң барып көш басын тарихи отандарына бұрғанына қарағанда, әлдебір өзгерісті «әне болады, міне болады» деп күткен-ау...

Алдымыздағы аға буынға рахмет! Олардың маңдайына ұлт мүддесі үшін күресу жазылған еді, күресті, табандылықпен күресті. Желтоқсан оқиғасында ұлт құқығын қорғап үн қату үшін мұз төсеніп, қар жастанып алаңа да шықты. Бұған Мейірхан аға да қатысты, қамалды, жастармен бірге оңбай таяқ та жеді. Сол кезде өзінің алдындағы аға буынның сатқындығын да, опасыздығын да, қорқақтығын да, жалтақтығын да көрді. «Зиялы қауым» деп аталатын ат төбеліндей топтың шын бет-бейнесін содан бастап жақыннан анық таныды, бірақ жек көріп кете алмады. «Ағаларымды бәрібір жек көре алмаймын, өз ағам жаман дегенде, өзге біреу (өзбек, қырғыз) өз ағасын әкеліп бере ме?» деуші еді Мейірхан аға. Ұлтқа деген махаббат қой айтқызып тұрған. Ұлтының жақсысын да, жаманын да бірдей жақсы көретін жүректің сөзі. Ұлт алдында ұпай жинау, үш адамға би, бес адамға болыс, жеті адамға пайғамбар (өзінің сөзі) болып көріну сияқты жиіркенішті мінездерден ада ағамыз Желтоқсан оқиғасына қатысқанын бір-екі мақаласында сөз ләміне қарай азырақ тілге тиек еткені болмаса, жалпы өзі айта бермейді. Оның орнында басқа біреу болса, тек осы бір ісін талай жерде жалаулатып айтып, ендігі «Ұлттың қаһарманы» болып отырар ма еді, қайтер еді?.. 

Тәуелсіздік жолындағы талайғы күрестер айтылды, жазылды. Алайда, қолындағы қаламын қаруға айналдырған Мейірхан ағамыз сияқты аға буынның баспасөз майданындағы тәуелсіздік үшін күресін біз жиі ауызға ала бермейміз. Көпшілігіміз мұндай күрестің жүргенін тіпті аңғармай да қалдық, аңғарсақ та тез жадымыздан шығарып алғанымыз анық. Иә, пешенесіне күресу жазылған біздің ағаларымыз осылай күрескен. Біз мұны білуге, айтуға тиіспіз.

Мейірхан ағаның осындай күрескерлік мінезіне тәнтімін, ұлтқа деген махаббатына да. Ол уақыт сахнасында өз міндетіне адал болды. Алдындағы ағаларды, зиялы қауымды кінәлап, бар жамандықты соларға үйіп-төгіп, періштесінген жоқ. Жай ғана ұлт мүддесі үшін өзінен уақыт талап еткен істерді атқарды. Ең дұрысы да сол емес пе?!

P.S. Ұлт мұраты жүк тиелген арба іспетті десек, біз оны әрқайсымыз шама-шарқымыз жеткенше алға қарай сүйреу беруіміз керек. Бұл қазір өнбейтін іс, бос әурешілік болып көрініп, қажытып, шаршатуы да мүмкін, жалығып, мезі болармыз. Алайда, бір нәрсеге сенгеніміз абзал: түптің түбінде еңбек зая кетпейді, адал еңбек пен ізгі ниет ақталады, ұлт мұраты орындалады. Қаншама адам осы мұрат жолында соншама күш-жігерін сарп етті, бүкіл өмірін арнап күресті (есіме бүкіл ғұмырын осы күреске, ұлы мұратқа арнаған Арон Атабек, Жасарал Қуанышәлі т.б. ағаларым түсіп отыр). Егер Алланың адамды махаббатпен жаратқаны рас болса, онда оның еңбегін де (ізгі ниетпен атқарған) із-түссіз жоғалтпайтын шығар…

Меңдолла ШАМҰРАТОВ,

журналист


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар