Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Түйені көрмес – қай көрмес?!...

15.08.2024 2178

Түйені көрмес – қай көрмес?! 14+

Түйені көрмес – қай көрмес?! - adebiportal.kz

Алдына әлем қирап жатса да, ештеңені көрмейтін, білмейтін, елемейтін адамдарды көріп жатқанда қазақ атам «Көрмес түйені де көрмес» деп қапа болып жататын жайттар бар. Тек қана жаман істерді емес, оң істерді көргісі келмейтін, оны жоққа шығарып, өздеріне арзан атақ, саяси бедел жинағысы келетіндерге қаратып та осы мәтелді қолданып жатамыз. Енді осы мәтелдегі «көзінің алдында бадырайып тұрған түйені» көрмейтін көрмес қай көрмес? деген сұрақ туындайды. Әрине, аталған мәтелді қолдану ретінде қарасақ, «көрмес» көрмейтін адам деп қысқа ғана қайыруға болады. Бірақ мұндағы көрмес адамға берілген сипат емес, тым бөлек мағынаға ие сөз дегіміз келеді. Яғни, мұндағы көрмес, адам емес – рух десек сенесіз бе?! Сөзіміз түсінікті әрі нақты болу үшін аталған мәтелге байланысты екі автордың екі түрлі пікірін ұсынып,  кейіннен аталған пікірлердің аясында тағы бір пікірді ортаға паш еткіміз келеді.

Сонымен, осыдан бірнеше жыл бұрын Амантай Шәріп ағамыздың «Көрмес түйені де көрмес» мәтелі қайдан шыққан?» атты мақаласы жарияланады. Мақалада көрмес және түйе сөздеріне тоқталып, жан-жақты талдаулар жасайды. Осылайша, қазақ жерінде түйелердің орны мен маңыздылығына назар аударып,  бұл жануардың негізгі мәні құдайға алып барады деп түйіндейді. Өзінің тілімен айтатын болсақ, біз айтып отырған мәтелдегі «түйе» – жай түйе емес, күн тәңірісі кейпіндегі түйе. Ал мәтелдегі көрместі үндіирандық зороастризмдегі ең басты құдайы  Ахура Маздамен байланыстырады.  Хурмас, Хирмус, Хирмас, Хермус, Тюрмас, Курбусту, Курбустан, Хормусда, т.с.с. деп келіп, біздің тілде «Көрмес» ретінде көрініс тапқан дейді. Яғни, мәтелдегі көрмес те тәңіріні танытып тұрғаны белгілі дейді автор. Дәлірек айтсақ, автордың пікірінде «Көрмес» атауының соғдылық «Хурмазтадан» емес, арийлік «Ахура Маздадан» тікелей жету ықтималдығын дәлелдегіміз келгені» дейді. Осылайша, Амантай Шәріп ағамыз «көрмес түйені де көрмес» мәтіндегі көрмес те, түйе де күн құдайлары дейді. 

Екінші бір пікір ретін иесі Құдияр Біләлдің жазбасында аталған мәтелді діни ұғымдық шеңберде талдауға тырысады. Яғни, көрместің мәнін Аллаға қатысы бар деп, мәселе мәнін түйсіну үшін Құранға жүгінеді. Өз тілінде айтатын болсақ, "түйе" – Алланың жердегі белгілері. Ал ол белгілер өлшемі түйеге теңерілгендіктен оның өте үлкен екендігін бағамдауға болады. Алайда солай бола тұра адам баласы сол белгілерге назар аудармаған қалпы өмірден өтіп кете береді» дейді. Әрмен қарай қойшы мен діндар жайлы оқиғаны мысалға алып, құдайлық сипаттағы «түйені» көре алдыңыз ба? Деп аяқтайды. 

Әрине, қос пікір иесіне пікірлері үшін алғысымызды айтып, бермуд үштағы секілді көрмеске байланысты тағы бір пікірді ортаға салғымыз келеді. Яғни, мұндағы Көрмес өлген адамның рухы. Сөзіміз түсінікті болу үшін «Түрік құбыжықтар сөздігіне» назар салайық. Мұнда Көрместі түрік және Алтай халықтарының сенімі мен мифологиясында періште, аруақ деген мағынаны білдіретін сөз деп жазады. Оны Көрмөс, Күрмөс немесе Көрмес деп те атайды. Бірақ бұлардың барлығы жақсы рухтар емес екенін де ескерткеніміз жөн. Түрік және Алтай халықтарының сенімі бойынша жақсы адамдардың рухы Ару Көрмеске, нашар адамдардың рухы Жаман (Яман) көрмеске айналады дейді. Алтай аңыздарында қайғылы, қиналған жанды білдіретін Гал (От) Көрмес жайлы да деректер келтіреді. От Көрместің Ару Көрмес пен Жаман Көрместен айырмашылығы, олар тек азап шегеді, олар жамандық пен жақсылық жасамайды дейді. Сәйкесінше Ару Көрместер – адамдарға көмектесетін, отбасын қорғайтын және Үлген тәңірінің әміріндегі аруақтар ретінде сипатталады. Ал Жаман Көрмөстер жер асты елінде Ерлікке қызмет ететін, соқыр аруақттар, яғни соқыр көрместер деп бейнелейді. Олар ерекшеліктеріне қарай, «жер бетінде өмір сүретіндер», «су мен топырақ астында өмір сүретіндер», «аспанда өмір сүретін» болып бөлінеді.

Сонымен қатар, көрместер шамандықта маңызды орын алады. Тіпті кей жерлерде көрместерді жалпы адамдардың емес, тек бақсылардың рухы болып саналады. Бұл тіршілік иелері тірі бақсылардың қасында болып, оларға бағыт-бағдар беріп, көмек көрсетеді. Яғни, көрместер бақсыларға ұқпақтар ұрпаққа көшіп, оларға айтарлықтай әсер етеді деп саналады. 

Бақсылар болса Көрместермен араласып, оларды басқаруға тырысады және адамдарды қорғау үшін жақсы Көрмөздерден көмек сұрайды. Сәйкесінше олармен қарым-қатынас жасаушы бақылар қоғам арасында маңызды орынға ие болып, адамдар оған ерекше көзбен қараған деседі. Тіпті Телеут түріктері Көрместермен сөйлесетін бақсыларды Көрмесші деп атайды дейді сөздікте.  Ал Көрмес сөзінің түбірі көр, соқыр сөзінен шыққан дейді ашық дереккөздері. Яғни, көрінбеген, көрінбейтін, көз жоқ деген мағынада. Осылайша, соқыр көрмес ештеңені көрмейтін рух ретінде түрік/ Алтай халықтарының мифологиясында орын алған деседі. 

Ендігі мәселе, біздің нысанаға алып отырған мәтеліміздегі көрмес пен «Түрік құбыжықтары сөздегіндегі» көрмес бір көрмес пе?! деген сұрақты тоқталу. Әрине, аталған мәтелдегі көрместі біздің жазып отырған соқыр көрмес деп үзілді-кесілді айту ақымақтық болар еді. Себебі түрік/Алтай халықтарының аңызына көрместің қайдан келгені яки қалай пайда болғаны туралы ақпараттар жоқтың қасы. Бар болғанның күннің өзінде де олар тек аңыз/әпсаналардан әрі асып кетпейді. Яғни, белгілі бір пікір мен көзқарастар шеңберінде ғана көрместің кім екенін және оның мифологиядағы орнын бағамдай аламыз. Ал мұндай пікір мен көзқарастар өз кезегінде жаңа пікірлерді жаратуы әбден ықтимал. Демек, «көрмес түйені де көрмес» мәтіндегі көрмес біздің ұмыт болған аңыз бен әпсаналарымыздағы кейіпкер болуы мүмкін деген қорытындығы келеміз. Ең маңыздысы, қазақтың аңыздарында жиі кездесетін жезтырнақ, мыстан кемпір, албасты сынды кейіпкерлердің қатарына көрместі де қосуға болатынын да жатыр. Осылайша, ата топырақтарымыздағы мифологиялық кейіпкерлердің саны артып, оларды жаңа мағынада түсінуіміз, оқуымызға, тіпті жаңа шығармаларға модернизациялауымызға мүмкіндік туады. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар