Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Амангелді Кеңшілікұлы. Көңіл күнделігі...

03.08.2023 2619

Амангелді Кеңшілікұлы. Көңіл күнделігі 14+

Амангелді Кеңшілікұлы. Көңіл күнделігі - adebiportal.kz

12 қаңтар 2015 жыл

Хуан Рульфо

Бір шығармасымен-ақ әдебиет тарихында қалған жазушылар аз     емес. Джованни Бокаччоның «Декамеронын», Франсуа Рабленің «Гаргантюа мен Пантагрюэлін», Даниел Дефоның «Робинзон Крузосын» есіңізге түсіріп көріңіз. 

Испан тілді әдебиеттің көрнекті өкілі Хуан Рульфо да «Педро Парамо» атты бір-ақ романымен-ақ әлемге танылған жазушы. Оқуға, жалғыздыққа өмірін арнап, өзінің жазғандарын қайта-қайта өңдеп, шығармашылық шеберханасында күні-түні тер төккен оның алғашқы туындысы қырық жасында жарық көрді. Оның өзінде қаламгердің досы Эфрену Эрнандес бұл романды  Хуан Рульфодан күшпен тартып алғандай болып, баспаға береді. Он тоғыз әңгімеден тұратын туынды кейіннен жазушыны әлемге танымал етті. Жазушы туындысының  Фуэнтес, Кортасар, Варгас Льоса, Хосе Доносо сынды испан тілді қаламгерлердің шығармашылығына  зор әсері болды. Әлемге әйгілі Габриель Гарса Маркес бір сөзінде «Егер де мен "Педро Парамо» сынды ғажайып роман жазсам, ендігі уақытта қолыма қалам алмас едім» деп Хуан Рульфоның шығармашылық талантының алдында басын иіпті.  Ал мен Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» туындысын оқыған кезімде одан Хуан Рульфоның «Педро Парамо» романының әсерін қатты сезгендей болдым. Егер ақиқатын айтатын болсақ, Маркестен бұрын магиялық реализмді әлем әдебиетінің прозасына Хуан Рульфо алып келген еді.

16 қаңтар 2015 жыл 

Қазақ топырағында дүниеге келген тарихи туындыларды оқып отырып, қатты қарным ашады. Біз ылғи да өз шығармаларымызда хандарды асқақтата мадақтап, олардың бойынан түймедей де кемшілік көрмей, барлығын да шетінен  асыра дәріптеп, құдайдай табынып жатырмыз. Кейде сондай жолмен зұлымдықты қалай насихаттап жібергенімізді байқамай қаламыз. Біз дәл сол замандағы хандардың қандай болғанын білмесек те, бір-екі тарихи кітапты шала-пұла оқып алып, қиялымыздағы сандырықтарымызды қағаз бетіне түсіріп, халықты адастырып, өтірік өнер жасаудамыз. Бұрынғы заманның жазушылары бір тарихи туындыны жазу үшін оған бүкіл өмірін арнайтын. Ал, бүгінгі күні екінің бірі тарихи роман немесе тарихи драма жазып, асыл өнерді ойыншыққа айналдырды. 

Еуропа әдебиетінде тарихи роман жазудың негізін қалаған жазушы – Вальтер Скотт. Ұлы жазушы тарихи тақырыпты жырлауға бүкіл өмірін арнады. Бірақ сонда да оның жазған дүниелеріне көңілі толмаған Виктор Гюго сол уақыттары былай деп жазды: «Вальтер Скоттың  көркем туындысынан кейін, біздің ойымызша басқа жанрда одан да көрікті әрі түйіні тарқатылған дүние жазудың уақыты пісіп-жетті».   Гюго тек сынап қана қойған жоқ. «Париждік Құдай Ананың шіркеуі» шығармасын туғызып, тарихи роман жазудың шеберлігін бұрынғыдан да биік белеске көтеріп кетті. Ол қарапайым халықты тарихи шығарманың басты кейіпкеріне айналдырып жіберді.  Ал, біздің тарихи туындыларымыздан қарапайым халықты мүлде көрмейсің, тек хандар мен билер, бектер мен батырлар бар. Тарихты тек солар ғана жасай ма? Гоголь «Тарас Бульба» тарихи туындысында қарапайым мұжықты шығармасының басты кейіпкері етіп алды. 

Ұлы Шекспир де тарихи тақырыпқа қалам тербеген. Бірақ ол да өз туындыларында корольдарды асқақтата мадақтаған жоқ. Егер ұлы ақын оларға құдайдай табынып, мадақтап драма жазса, біз оның туындыларын оқымас едік. Орыстың ұлы жазушысы Дмитрий Мережковский де өз романында Бірінші Петрдің зұлымдығын әшкерелейді.

15 қаңтар 2015 жыл

Мінез

1971 жылы талантты ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Найзағайлы жаз» жыр жинағы жарық көрген болатын. Жасырып қайтейін, әкем мен Жарасқанның сол жылдары бірде бастары қосылып, Алматыны дүрілдетіп, кейде «қатарымыздағы бірінші ақын кім?» дегенге дауласып, кішкентай баладай таласып қалатын кездері еді.  Жазушы Болат Бодаубаев өзінің прозалық жинағына әкемнің «Өліара мезгіл, Он алты жаста едік біз» деген өлеңін эпиграф етіп алғаннан кейін Жарасқан оған барып, «Мына өлеңіңді келесі жолы кітабыңнан алып тасташы. Өлеңін эпиграф етіп алғаннан бері Кеңшілік бізге «Ең ұлы ақын менмін» деп төбемізді тесе жаздап, күн көрсетпей қойды» деп те әзілдеген екен. Кейін Жарасқан бір эпиграммасында «Абайдан да сөз таппай, Кеңшіліктей ақыннан, эпиграф алатын, осы болатын бұл күнде, Бодаубаев Болатың» деп те қалжыңдағаны есімде. 

Сонымен, әңгімемізге қайтып оралатын болсақ, біреулер арыз жазып, 1971 жылы жас ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Найзағайлы жаз» жыр жинағын талқандауға, ондағы сарыуайымшыл мағжаншыл ағымды әшкерелеуге «жоғары жақтан» тапсырма беріліпті. Әрине, ЦК-дан осындай тапсырма түскен соң коммунист ақындар мен жазушылар, һам сыншылар аянып қалсын ба? Бірінен кейін бірі трибунаға шығып, Жарасқанды сынай бастапты. Бір кезде әкем шыдай алмай, сол қолын көтеріп,  сөз бермесе де, жұртты кимелеп, алға қарай ұмтылып, трибунаға көтеріліпті. 

- Жолдастар, Жарасқан екеуміз екі түрлі ақын болғандықтан бір-бірімізбен келісе алмайтын кездеріміз бар. Бірақ соған қарамастан, өзімнің бүгінгі қазақ поэзиясындағы ең мықты ақын екенімді білсем де, мен Жарасқанның ақындығын мойындаймын. Ақынның өлеңдерін сынауға болады, бірақ дәл осылай оны түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Ол қазақ поэзиясындағы өзіне лайық орны бар ақын, - деген сөздерді айтып, трибунадан түсіп, залдан шығып кетеді....

8 ақпан 2015 жыл 

Біртуар

Зиялылықтың белгісі барлық іс-әрекетінен көрініп тұратын адамдар бар. Рабайда бір туатын ондай тұлғамен сырлас болу пенде баласы үшін зор бақыт. Ол адамды әр көрген сайын жаның жылып, әр сөйлескен сайын, ойламаған жерден рухани олжаның кенішін тапқандай көңілің марқайып қалады. 

Күні кеше ғана дүниеден өтіп, жамбасы әлі қара жерге тие қоймаған Герағаң (Герольд Бельгер) мен үшін сондай асыл жандардың бірі болды. Мен мәңгілік мекеніне кетіп бара жатқан осы бір аяулы жанмен сырласқан кездерімнің қас-қағым сәтін де ұмыта алмаймын.  Кешеден бері солардың бәрі есіме түсіп, көңіл-күйім құлазып барады. Менің өмірімді нұрландырып тұрған бір әдемі сәуле де мәңгілікке сөніп, енді оның елесі ғана қалғандай көз алдымда. 

Тоқсаныншы жылдары «Ақ жауын» атты түңғыш кітабым жарық көрді. Заманның қиын кезі еді.  Мемлекеттен қаламақы сұрамақ түгіл, кітабымыздың шыққанына мәз-мәйрам болдық. Шынымды айтсам, марқұм Зейнолла Серікқалиевтің алғыссөзімен шыққан сын кітабым туралы біреулердің жақсы пікір айтатынына аса сенімді емес едім. Өйткені жастыққа тән албырттықпен әдебиеттегі беделі күшті ақын-жазушыларға тісімнің батып кеткен жерлері де бар болатын, кітабымда. Бірақ оған аса қатты мән де бере қойған жоқпын. Ең бастысы –кітабым жарық көрді. Мен ол фактіні әдебиет майданындағы ең алғашқы жеңісім ретінде қабылдадым. 

Бір күні кешке ылғи да жастарға жанашыр болып, жүретін Зейнолла Серікқалиев ағам хабарласты. Аз-кем амандық саулықтан кейін:

-Сенің кітабың туралы «Книголюб» журналында орыс тілінде бір жақсы мақала шықты, оқыдың ба?- деп сұрады. 

-Жоқ, аға.  Оқымақ түгіл естіген де жоқпын. Кім жазған екен? 

-Авторы жазылмапты. Бірақ мақала өте жақсы, жан-жақты талданып жазылған. 

 Сол күні Алматыны шарлап жүріп, әрең дегенде «Книголюб» журналын тауып алдым. Газеттің тұтас бір бетіне шыққан мақала көзіме оттай басылды.  «Первая книга критика».   Сын кітабыма жақсы баға беріліпті.  Енді оның бәрін айтып берсем, тым қатты мақтанып кеткендей болармын. 

Қанша сұрастырсам да, мен осы мақаланы кімнің жазғанын ұзақ уақыт біле алмай жүрдім. Біраз жыл өткеннен кейін радиодағы журналистік қызметіме байланысты Герағаңнан сұхбат алуға тура келді. Ол кісінің жазған дүниелерімен жақсы таныс болғаныммен бірінші рет кездесуім. Әкемнің сонау бір жылдары Герағаң туралы очерк жазғанын жақсы білемін. 

Өте ұқыпты адам екен. Жұмыс істейтін әр минуты есептеулі.  Түскі сағат үште бір сағат уақыты бар екенін айтты. Белгіліген уақытында келдім. Қырық минуттай сөйлестік, әңгімесінің бәрін диктафонға жазып алдым. Ойындағысын бүкпей, ащық айтады. Кейде әңгімесінің арасына юмор араластырып, күлдіріп алады. Қоштасарда ол менен: 

-Айтпақшы, сенің кітабың  туралы «Книголюбта» шыққан менің мақаламды оқыдың ба? – деп сұрады. 

-Оқыдым, Гераға. Соны сіз жазып па едіңіз, - деп қатты ұялғаннан Герағамды құшақтай алыппын, таңданысымды жасыра алмай...

10 ақпан 2015 жыл 

«Қызығы мол сол жылдар»

Американың ұлы жазушысы Эрнест Хемингуэйдің негізгі шығармаларының бәрін оқығаныммен, «Қызығы мол сол жылдар» автобиографиялық шығармасын шолып шығудың сәті түспей қойған еді.  Әрі бұл ұлы жазушының Парижде өмір сүрген кездегі көзімен көргендерін қағаз бетіне түсірген өмірбаяндық туындысы болған соң да, Хемингуэйдің өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған  талай еңбектерді оқығандықтан оған аса қатты мән де бере қойған жоқпын. Бір күні жұмыстан соң үйреншікті әдетіммен «Керуен» сауда үйіндегі  «Меломан» кітап дүкеніне бас сұғып едім, көптеген шығармалардың арасынан  Хемингуэйдің осы бір романы көзіме оттай басылды. Сатып алдым. 

Ертеңіне  286 беттік романды оқуды бастадым да, кешкі сағат сегізде қалай соңына жеткенімді байқамай қалдым. Шығарма бұлақтың суындай таза шынайылығымен, ештеңені де оқырманнан жасырмайтын шыншылдығымен жанымды баурап алды. Адамды терең ойға батыратын, стильі қандай жеңіл еді, Хемингуэйдің! 

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Парижге бақыт іздеп келген «жоғалған ұрпақтың» тағдыры көз алдыма елестеді. Көп сөзділіктен ада, адамның мінезі іс-әрекет арқылы  ашылатын өмірбаяндық туындыдан сол замандағы өмірдің мол шуағы жарқырайды.  Онда Хемингуэй өмірінің ең бір бақытты кезеңінің сүгіреті кестеленген. 

Романда сипатталатын ұрпақтың тойып ішетін тамағы да, жібу түзу киімдері, де тұрақты баспаналары да жоқ. Бірақ олар шарапқа, ат жарысына, кітап пен саяхатқа ақшаларын аямай, суша шашады.  Расында да бар-жоғы жиырма бес жастағы және  бойыңдағы талантының арқасында көздеген мақсатына сенімді адамға осындай ұсақ-түйекке бас қатырудың не керегі бар, тәйірі. Ең бастысы жаныңда сүйетін жарың, ал өзің сұлу Парижде жүрсең, соның өзі зор бақыт емес пе? 

Шығармада қаланың келбеті аса көп суреттелмеген. Бірақ соған қарамастан романның әр бетінен Париждің лебі аңқып тұрғандай. 

Мен бұл романды оқып отырып Парижді ғана емес, шығармашылықтың, ақындардың, олардың үмітін жаққан қаланың суретін көргендей болдым. Хемингуэйдің көзімен мен де сол қаладағы ақын-жазушылармен бірге сүйікті жазушыларымның  туындыларын талқылап, ойша пікір таластырдым. Бүгінгі таңда есімдері аңызға айналған Гертруда Стаин, Фрэнсис Скот Фицджеральд, Джеймс Джойстармен бірге жүріп, дәл өзімізден айнымайтын қарапайым пенде болған олардың тағдырларын тереңірек тани түстім. 

Бірақ шығарманы оқып шыққаннан кейін қайта-қайта бір ой жанымды мазалап тыныштық бермей қойды. Неліктен, азғантай нәрсеге ғана қуанып,  өмірдің әр лебінен бақытты бола білген Хемингуэй көздеген мақсатының бәріне қол жеткізгенде өзіне-өзі қол салып, атылып өлді? Мүмкін өмірдегі көздеген мақсатыңның бәріне қол жеткізу – адамның ең үлкен бақытсыздығы да шығар.

12 ақпан 2015 жыл 

Белгілі халтурщик 

Атақты ақын Ғафу Қайырбеков сөзден жеңілмейтін нағыз шешен еді ғой, марқұм. Бірақ осы ағамызды жағалап, аңғалдығын пайдаланып кететіндер де бар еді. Совет заманында Ғафекеңнің жанынан бір елі қалмай өз шәруасын реттеп алатын, елге әйгілі бір  халтурщик болды. Жұрттың бәрі талантын сыйлайтын ақынды пайдаланып, ол баспадан жыл сайын бір кітабын шығаратын. 

Бір жылы  "Жазушы" баспасы бас редакторының орынбасары талантты ақын Сағи Жиенбаев "қашанғы осы халуртшиктің кітабын шығара береміз" деп ашуланып, келеңсіз құбылысты тыймақ болады. Әрине, ол заманда басшы, жоспарға енуге ұсынылған кітапты өз еркімен сызып тастай алмайды. Редколлегия мүшелері жиналып, міндетті түрде ол мәселені талқылайды. Осылайша Сағи ағамыз жұртты жинап, талқылауды бастайды.  Жиналған ақын-жазушылардың бәрі сөйлеп, әбден  халыққа аты шыққан халтуршиктің кітабын шығаруға қарсы екендерін білдіреді. Сөз кезегі Ғафекеңе келеді. Сонда ол: 

- Ағайындар-ау! Жаңа ғана өздерің Х-тың жұртқа танылған халтурщик екенін айттыңыздар. Қалай десек те енді ол халыққа танылған, белгілі халтушик қой. Бұл баспадан қаншама белгісіз халтурщиктердің кітаптары шығып жатыр.  Сосын біз халтураның не екенін жұрт білуі үшін ара-арасында осындай  дүниелерді де шығарып тұруымыз керек, -деген екен. 

Жұрт не айтарын білмей, ду күліпті. Сөзден жеңілмейтін, қайран Ғафекең-ай!

15 ақпан 2015 жыл 

Ен-жайлау

Дәл бүгін қалай екенін білмеймін, Совет заманында Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы сағат түскі 12.00 –де басталатын. Әрине, ресми түрде қызметкерлер таңғы сағат 9.00 –де келуі керек болғанымен, бірде-бір адам ол уақытта жұмысқа келмейтін. Сағат 12.00 болмайынша ол жерден іздеген адамыңды табу мүмкін емес еді. 

Айы оңынан туып, бір күні ақын Серік Тұрғынбекұлы Жазушылар Одағының органы «Жұлдыз» журналына жұмысқа тұрады. Өмірі ештеңеге асықпайтын Серік ағамыз 12.00 –де басталатын жұмыстың өзіне кешігіп келе беріпті. Күнде-күнде кешіге берген соң Секеңе бір күні бастығы, журналдың жауапты хатшысы, жазушы Ахат Жақсыбаев: 

- Секе, енді сіздің мынауыңыз шектен шыққан еркелік. Сағат он екіде басталатын жұмысқа кешікпей келуге болады ғой, - деп қатты ренжіпті. Сонда Секең: 

- Аха қайдан білейін? Мен бұл жерді ен-жайлау екен деп ойлап, келіп қалып едім. Сөйтсем бұл жерде де белгілі бір тәртіп бар екен ғой, - деп бастығының түріне таң қалған кейіппен қарапты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар