Қазақтың арда ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың қазақ поэзиясында орны бөлек екені барша оқырман қауымға аян. Сарыарқаның сарала жонында ақ селеуін самал тербеген, майлы көдесін киік тебіндеген Жаңарқа жері ақын туған ғажайып мекен. Осы өңірде жатқа қимас балалық шағы мен аламанға түсер жігіттік жалаңтөс күндері өтті. Беймаза сезім билеулі арда көңіл сұлу Арқаның сырбаз ұлын жастайынан жырға құмар, бесті бәйгеге құштар қылғаны анық. Бала кезінде аламан бәйгеге шапқан шабандоз, тіпті ауылдас кластастарымен бірге күреске қатысып, балуан білекті жігіттермен кілемге қатар түскенін бүгінгі жұрт біле бермейді.
Сарша тамыз түсті Сарырқаның кіндігі тектес болып көрінетін Жаңарқа өңірі елімізге әйгілі спорт түрі самбодан Қанат Байшолақов сияқты біртуар саңлақты берген киелі топырақ қой... Осы өңірден аңызға айналған Битабар балуан шыққаны Алашқа мәлім. Ал Алаштың сұңқардай сұлу ақыны Сәкен Сейфуллинді кім жатсынады, ол да осы киелі топырақта туған.
Сондықтан болар, сері Сәкен:
...Жеріне біздің жақтың лайық ері,
Өр балуан, әнші, сері жігіттері, -
деп жырлауы көп нәрседен хабар бергендей...
Балалық шақтың балдәурен күндері Бетпақдаламен ұштасып жатқан Арқаның керімсал самалды, Жеңістің саумал қымызды жұпар өлкесінде өткен Ғалым Жайлыбайға сері де қайраткер Сәкен ағасындай ақын болмасқа қақысы да жоқтай... Бәлкім, балалық арманмен «Бандыны қуған Хамит» балуандай сыныптастарына еріп күреске барғаны да содан шығар. Сәкен серінің сөз шалығы ғана емес, бала кезінен сері ақынның шабандоз атқұмарлығы қамшыдай тигені тағы рас болар.
Ұлы Бетпақдаланың «Өлке» атандырып алған ішкі өңірінде сол кездегі Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Қарағанды облыстары ұлы бәйге мен ұлан күрес ұйымдастырып жатушы еді. Сол 32 шақырым мен 27 шақырымға созылатын аламан бәйгелерде бала Ғалым шабондоз болып атқа шабатын. Жүйрікпен бірге көзінен жас саулап, аттың көзін сүрткен шүберекпен өз жанарыңды да сүртіп қойып, алды-артыңа көз тігіп, ұшқан құстай заулайсың. Аламанға ат қойып, таралғысыз тақымға жабу салып, жүйріктің өкпесі өшер жарыста жас өкпесі қоса қысылатын... «Жаңарқалап» жаныға айқайлап, бармақтай бала қамшысын үйіріп қарақшыдан өтуші еді-ау!.. Ол да бір тілмен айтып жеткізе алмас эмоция мен әлем әсер, шексіз ләззат!
Ал бүгінгі күні ауылда асау тай үйрететін бала жоқ. Бала бар, бірақ тай үйрете алмайды... Мұндай сұмдықты кім естіген?! Ауылдағы спорттың ғажайып түрі – осы тай үйрету еді ғой біле білгенге! Енді қолтелефон шұқылаумен күнін батырып, таңын атырып, денсаулықтан айырылуда бала біткен.
Шабандоздық деген ұмыт болғалы қашан?..
Тұлпарларды таңдап мінер кермеден,
Жүгені де, қамшысы да өрмеден.
Әр дыбыстан дүбір іздеп тұратын
Жылқышының баласымын мен деген, -
дейтін бала көңіл ақын да мұңға батады.
Шаң қаптырмас шабандоз болған ауылын аңсайды. Қалқен Әбеновтай сыныптас достарын аңсайды. Оның алапат балуан күресін іздейді баяғыдай... Өзінің де білектесе белдесуге барып қалған балалық күндерін еске алады сағынышпен...
Бапкері Құрал Әбілдин ауылдағы балаларды күресуге тәрбиелеп, жаттықтырып еді. Қалкендей білекті де жүректі жігіттерге ілесіп бұл да барған. Ол кезде 9-класс оқып, түбіт мұрт тебіндеп, қыздарға көз тастап қалған шақтары... Қыз көзіне түсу, намысқа шабу деген құрғыр тақымдайтыны тағы бар.
Бір жолы Жаңарқада облыстық турнир өтті. Бұған күрестің әліпбиін жаңа үйреніп жүрген Ғалымның да баратын болғаны. Бапкері жарысқа салып кеп жібергені. Әйтеуір бірер қарсыласын ұтып, бірер қарсыласы айналым кезінде шығып қалып, бұл ойламаған жерден финалдан бір-ақ шыққаны... Финалдағы қарсыласы – Жасөспірімдер арасында чемпион, елімізге аты шығын жүрген белгілі балуан Евгений Зайченко екен.
Енді бұл Зайченкодан жығылса да арман жоқ. Ондай пәлен турнирге қатысып, пәлен жеңіске жетіп, пәлен уақыттан бері тәжірибе жинап, өзін осы балуандыққа жегіп жүрген жан емес қой; «жығылсам – жер көтереді» деп, бапкері де финалға дейін жеткеніне таңданып, һәм дән риза болып тұрған сәт еді... Сонымен алдын ала өзін «жығылуға» іштей дайындап, боз кілемге аяқ басты.
Қарсыласы мұны менсінбей кілемге шыққанын алғашқы сәттен-ақ байқатып алды. Қолынан жұлқа тартып, бірден айналдыра келіп, «іштен шалу» әдісіне салғаны. Сол кезде Ғалым да намысқа тырысып, «контрприем» жасап қалуға әрекет істей бергені... Ойда жоқта Зайченконың мұны іштен іліп алып артқа лақтырмақ әдісі жүзеге аспай, мұның аяғынан «ілгегі» шығып кетіп, екеуі де аспанға көтеріле берді. Сол бетінде бұл оны астына ала кілемге құлағаны.
Жұрт шу ете қалғаны!..
«Таза жеңіс! Чемпионды жеңді!» деген дауыс көміп кетті. Осындай бір қызық жағдайды бастан кешіп, ойда жоқта чемпионды опық жегізгені бар.
Спортта мұндай күтпеген жағдайлар болады екен.
Бапкерінде қуаныштан ес қалмаған. Ал бұл сенер-сенбесін білмей аң-таң!
Бұл жеңіс біраз уақыт аңыз болып жүрді... Бірақ ұзаққа бармады. Жаңарқада тағы бірдегі ауданаралық жарыста оңбай жығылды. Көрші ауылдан келген бір бала жарыстың ортасында мұны кілемнен бет қаратпай түріп шықты. Ол қолды айқастыра байлап ұстап, «шавро» әдісін қолданғаны. Қолы да қарулы екен пәлекеттің! Кілемге шыға бере «шавро» әдісімен басынан асыра лақтырғаны... Бар-жоғы 27 секунтта қос жауырыны жер иіскеді.
Осы белдесу мұның боз кілемдегі «блиц-крик» тағдырын шешіп кетті. Намысшыл беті қайтып қалды. Екі қолын төбесіне қойып, қайтып кілемнің маңын баспай кетті... Мұндай да болады екен спорт атты сиқырлы әлемде. Спорт сонысымен де спорт шығар. Әйтпесе екінің бірі спортшы болмас па еді.
Бір таң қалатыны – тек Жаңарқа ауданынан 100-ден астам белгілі спортшылар шығыпты. Өзінің кластасы Қалкен Әбенов – басқа марапаттарын айтпағанда, Совет одағы кубогының иегері. Ал ауылдан қанат қаққан ондай сан азамат баршылық. Бір Байшолақовтар әулетінен бес бірдей әйгілі спортсмен шыққанын қайда қоямыз.
Кешегі Совет одағына ғана емес, әлемге әйгілі балуандарды шығарған Диханбай Биткөзов – шын мәнінде балуандарды Арқа жерінен «өндірген» нағыз диханшы бапкер болғаны ақиқат. Ол бір өзі аудан мен облыс былай тұрсын, республика дәрежесіне тең келер команда жасақтаған майталман маман. Бұған енді не дерсің?!
Тағы бір қуантатыны – Жаңарқадан қандай әйгілі спротшылар шықса да, олардың арасынан қайсы бір жердегідей рэкет, басбұзар бұзық жігіттер шыққан жоқ; есесіне елді, туған ауылын сүйетін, жұртқа шапағаттары тиіп жүретін айтулы азаматтар молдап шықты. Бұл да көңілді марқайтады.
Ал Ғалекең қазір өзі айтатын еркелей аққан Есілдің жағасында жаяу серуендеп жүреді. Жаяу жүргенде желаяқ-ақ!.. Кез келген жан ілесе алмай қалып қояды. Ол күніне 10 км-ден кем жүрмейді. Үнемі таңсәрісімен аяңдап ап жөнелетінін қайтерсің!? Өзіне уақыт пен шақырымды белгілеп тастаған, заңды уақытпен зырлайды-ай келіп... Осылай үздіксіз жүріп келе жатқанына он жылдан асып барады.
Міне, соның арқасында жоғары қанқысымынан арылды. Сусамыр болған тәні де мөлшерлі межеге түсті. Салмағы да бірқалыпта келеді. Өзін еркін сезінеді, жеңіл қимылдайды. Бәрі де балалық шақтан қалған шабандоздықтың арқасы мен атқа шабуға деген құштарлықтың, күнделікті жаяу желіс – спорттың арқасы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.