Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

07.03.2019 8218

Аналар

Аналар - adebiportal.kz

Қазақта «Алып анадан туады» деген аталы сөз қалған. Ал Исламда «Жұмақтың кілті ана аяғының астында» деген хадис бар. Осы екі ауыз сөз әлемдегі барлық аналардың адамзат өмірінде алатын орнын анықтап тұрған жоқ па? Анасына ақтарылып жыр арнамаған ақын кемде кем шығар. Шешесінің шырайын қылқаламына арқау етпеген суретші де некен-саяқ болар. Адамзат барда, адамгершілік барда ананың бағасы кеміп, беделі түсе қоймас, сірә! Себебі алтын құрсақты аналар алтын жүректі ұрпақтарын бұл әлемге сыйлай бермек.

«Әдебиет порталы» оқырман назарына қазақ әдебиетінің алыптарын өмірге әкелген, жарқын бейнелері көне суреттерде сақталып қалған аналар туралы шағын естелікті ұсынады. Ден қойып оқып, дем беріп, бөлісе отырыңыздар...

«Шеше, сен бақыттысың,

Жыламағын!

Жай түсiп жатқанда да, құламадың.

Тәңiрден мен едiм ғой сұрағаның,

Сондықтан жыламағын,

Жыламағын!

Бармын ғой,

Тiрiмiн ғой, қасыңдамын,

Өлмеймiн, мен де өзiңдей асылданмын.

Таусылып, өз-өзiңнен, шашылмағын,

Байырғы берекеңдi қашырмағын», - деп жырлаған ақиық ақын, Мұзтаудың мұзбалағы Мұқағали Мақатаев еді. Оның анасы – сүйегі асыл, рухы текті Нағиман әже ғасырға жуық ғұмыр кешіп, 95 жасында өмірден озған.

Жарықтық күллі қазақтың қабырғасын қайыстырып кеткен ақын ұлынан айырылса да, тағдыр салған сынаққа мойымай, оның артында қалған мұрасын келешекке жалғап кетті.

«– Бiрде үйде отырсам, Мұқағали келдi. Менiң таптым дегенiм болмаса, ұлымды енем, әжесi асыраған. Сондықтан да өзiммен жеңгесiндей қалжыңдасатын. «Әй, Нағиман, – дедi, – маған шеше болып қалдың ба?» «Өй, шешек, әжең өлiп қалған соң саған мен шеше болмағанда, кiм шеше болмақ?» – дедiм мен де тыныш отырмай. Содан Мұқағалиым басын шайқап бiраз тұрды да, жаныма келiп, иығымнан құшақтап: «Анашым, есiмiңдi елге шығарайын деп жүр едiм. Меккеге апарсам да борышымды өтермiн бе? Осы күнi өзiңдi көп ойлаймын. Құрбан айтқа ауылға бабамның басына апарып, егер сонда өлiп қалсаң, көмiп, аман-есен оралсаң, қолыңды жылы суға малып қойсам деймiн», – дедi. Көп ұзамай өзi ауырды. Содан екi жыл бас көтере алмай, көктемге сала қайтыс болды», - деп еске алады кейуана бір естелігінде. Мұқағалидай ұлы тұлғаны өмірге әкелген ана да оңай болсын ба?! Ғасыр жасаса да сөзі мен ісі ширақ болып, өле өлгенше баласының жырларын жатқа айтып отырады екен. Тағы бір естелігінде Мұқағалидың мәңгілік сапарға аттанар алдындағы сөздерін былай деп еске алған екен:

«Ауруханада жатқанында бiр барғанымда: «Нағиман, тағдырдың жазуы шығар, мен көрмегендi сен көресiң. Осы сөзiмдi есте сақта. Менi әлi үш ру елiм көмедi, қала берсе, орыс­тарым да қоса көмедi», – деген. Маған сондай сөз айтты. «Тәубе», – дедiм де қойдым. Сөйткен қу тағдыр баламның артында қалдырып, оның мұрасын сақтауды маңдайыма жазған екен ғой…»

Нағиман әженің өмір жолына қарап отырсаңыз, тағдырдың небір қиын сынақтарын қайыспай көтеріп, аналық асыл қасиеттерін жоғалтып алмай, тек Мұқағалидың ғана емес, күллі қазақтың асыл аналары қатарына қосылды. 37 жасында Құдай қосқан қосағы Сүлеймен соғысқа аттанып, одан қайтып оралмады. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл дүниеге келген. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері – Тоқтарбай мен Көрпеш. Міне, осыншама балаларын жер қойнына тапсырып, өзінен бұрын аттандырса да, қалған ұрпағының тілеуін тілеп отырып, ғасыр жасап, ел анасы бола білді.

Жоғарыда айтқанымыздай, анасына жыр арнамаған ақын кемде кем. Ал қазақтың қарымды қаламгері, жалынды журналисі Шерхан Мұртаза анасына тұтастай бір роман арнаған. Оның «Ай мен Айша» атты роман-дилогиясындағы Айша өз анасы да, Барсхан – өзі.

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айшаны» жазуға «Қара маржан» романының, «Қызыл жебе» атты бес кітаптан тұратын роман-эпопеяның, көп-көп айшықты әңгімелердің авторы, белгілі драматург, аудармашы, Қазақстанның республикалық жетекші газет, журналдарының, радио, теледидарының абыройлы басшысы болып, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты аталған соң кірісті. Енді өзі ел тұлғасы боп қалыптасқан кезде туғызды. Сол бай тәжірибенің нәтижесі «Ай мен Айшадан» айқын көрінеді.

Қаламгер романда Айшаның басынан өткен азапты да, ауыр тағдырды да аймен астастырып бейнелеген. Айша мұңайса, ай да мұңайып, Айша қуанса, ай да жадырап, Мұртазаны жендеттер айдауға алып кеткен кезде бала-шағасымен аңырап қалған Айшамен бірге айдың да қара бұлтқа кіріп, қара жамылып қалғанын шеберлікпен жеткізеді.

Жазушының өзінен «Ай мен Айшада» Ай образын жасаудағы себебіңіз не?» деп сұрақ қойғанда, Ш.Мұртаза: «...Кітаптың атында неге ай тұр десеңіз... Ол, енді, біржағынан тағдырдың ұқсастығы сияқты, біздің анамызбен, әсіресе соғыс кезіндегі жесірлік, қиыншылық көрген аналардың тағдырына ұқсас.

Гейнеде бір өлең бар. Генрих Гейне деген ақында ай туралы әдемі бір сонеті бар. Мағынасы былай: Күнге ғашық ай, сұлу, күн де оған ғашық сияқты көрінеді. Шүпірлеген көп бала тараған. Ол – жұлдыздар. күндердің күнінде арасынан әлдебір қара мысық өтті ме, әлдеқандай сызат бітті ме, екеуі содан екі жақта. Бірі – шығыс жақта, бірі батыста. Күн шықса ай батады. Ай шықса күн батып кетеді. Өмірбақи бір-біріне жолыға алмайды, осынау мұңлы сарыны бар. Ал адам баласының тағдырын алсақ, ері жаңағы трепрессияға ұшырап, не болмаса майданға кетіп келмей қалғандардың көбісі солай. Балалар қалды. Ері жоқ бір-біріне жете алмаған дүние. Жалпы, дүниенің философиясы сол. Ай деген арман болса, күн деген қиял болса, соны қуасың да жүресің. Қашан жетесің, белгісіз, соған байланысты алынған ат», - деп жауап берген екен.

Қаламгер бұл романын ата-бабасының, Айшаның аруағына сиына отырып бастайды. Жарын халық жауы деп айдап алып кеткен соң, үш баласын жетілдіру мен заман тауқыметі өз басына қалған ана өмірі көркем суреттелген. Өмірінде талай қиыншылық пен азапты көргенмен ана жүрегі болашақтан тек жақсылықтан үміт күтеді. Бала Шерханды балалары үшін отқа түскен анасы алдындағы қарыздан қалай құтылам деген ой ертеден-ақ мазалаған еді:

«Ал мен болсам жатып аламын да ойланамын: анасы үшін о дүниедегі балалар отқа түсе жаздағанда, бұ дүниедегі біз сияқты пәндалар не бітіріп жүрміз ? Не жақсылық жасадық анамызға ?!

Мен паркке бара жатқанда, Қазыбек би көшесі мен Қонаев көшесінің қиылысында бір мәшке итті машина басып кетті. Жаңадан күшіктеген екен. Күшіктері арыққа төселген құбырдың ішінде қалған. Машина соларды таптап кетеді-ау деп, ана сорлы моторлы тажалға қарсы ұмтылған.

- Ана сүтін ақ ішкен адал ұлға, Дүниенің төрт бұрышы болар тұлға!- дер еді Айша...

Ана қарызынан қалай құтыламыз?!» - деп күңіренеді автор.

Айша балаларына әрі ана, әрі әке, әрі әже болған нар адам болған.

«Сонда үш жетімін ұйықтату үшін, Айша неше алуан ертегі, қиссаларды айтады. Біз үшін бұл бір қадір түндері – Алланың ақ нұры жауған түндер. Анда –санда Айша осылай өзгереді. Ұзақ түнде бізге әр түрлі әңгіме айту арқылы өзі де азаптан арылып, уайымы жеңілдеп қалатын сияқты», - деген жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес. Осылайша автор анасының образын аша отырып, анасына деген ең үлкен ескерткішін орнатып кеткен.

Қазақтың қайсар ақын қызы Фариза да абзал ананың асыл мұратын орындай білген, ақ сүтін ақтай алған «алыптарымыздың» бірі. Ақын өз естеліктерінде анасы Халиманы еске ала отырып, кішкентай кезінде оның Мұхаммед пайғамбар туралы өте көп әңгімелер айтатынын жазып қалдырған. Тіпті анасының сол әңгімелерді керемет әсерлі қылып, жүрегіне жеткізе айтатыны соншалық, жоғары сыныптарға келгенше Мұхаммед пайғамбарды өз ауылының адамы екен деп жүрген.

«5-сыныпта бес-алты ұл-қыз болып, мектептен үйге қайтып келе жатамыз. Арамызда Хайролла деген ұрыншақ бала болды. Ләззат деген сыныптас қызға тиісіп келе жатқан. Бірдеме түртті ме, қайдам, содан Ләззат оны сөмкесімен пергенде, Хайролла жерге тыраң ете қалды. Сол кезде менің аузыма қайдан түскенін білмеймін, мына шумақтар түсті:

Жылтың-жылтың бала,

Хайролланы қара.

Ләззаттан жеңіліп,

Құлап қалды жаңа.

Қасымдағылар «өлеңді өзің шығардың ба?» деп сұрады. Мен қалай шыққанын білмеймін. Содан үйге келсем, қасымда оқитын балалардың мамасы менің анама келіп, «сенің кішкентайың өлең шығарады екен ғой» депті. «Несі бар өлең шығарса? Ертең үлкен ақын болуы мүмкін» деген ғой анам мақтанып. Сол күні «мен ақын боламын» деген арманмен ұйықтадым» - депті Фариза ақын «Жұлдыздар отбасына» берген сұхбатында.

Яғни, ананың жалғыз ауыз сөзі қаршадай қызды қанаттандырып, қазақ әдебиетіне қайсар мінезді, өр рухты ақын Фаризаны алып келгені ғажап емес пе?

Фаризаның әкесі Оңғарсын Иманғалиев — оқыған, елге қадірлі азамат. Қазіргі Атырау облысында алғаш балық шаруашылығын ұйымдастырған. Ал анасы Қалима Иманғалиева арабша хат танып, қазақ ауыз әдебиетін жақсы білген. Он баланы дүниеге әкелген ана бес уақыт намазы мен оразасын қаза қылмаған.

Абыз жазушы Әбіш Кекілбайұлы бір естелігінде Фариза мен өз анасының жақын қарым-қатынасы туралы сыр шетеді.

«Фаризаның бұл «қияңқылығы» менің анам Айсәулеге қатты ұнайды. Бірде түскі тамақ кезінде үйге келсем, екеуі оңаша отыр екен. Анам: «Апырай, әлгі Клара құрғыр да кешігіп жатыр. Әбіш жұмысына талқы шай ішіп қайтатын болды-ау!» – деп күйгелектеп қалды. Оны естіген Фариза: «Осы жігіттер баптарын тауып үйде отыратын келіншек алмай, қайдағыға қайдан үйір болады?» - деп көзін бір қысып, әңгімені тұздықтай жөнелді. Анам байғұс одан сайын күйзеле түседі. «Мама, әйел затының әуелден шашын ұзын, ақылын қысқа жаратқан деп өзіңіз айтасыз. Жаратқанның әйелдерге арнап бөлген азғантай ақылының бәрін Фариза екеуіңіз иемденіп кетіпсіздер. Сонда әлгіндей бәрінің бабын тауып отыратын сұңғыла келіншекті қайдан табамыз?!» – деп, басу айтамын. Екеуі де көңілдері жайланып, қою шайды құшырлана баптап бағады.

Фаризаның бір шумағын оқымаса да, айтқан сөзі мен жүріс-тұрысына қаралай көңілі бітіп жүретін анам: «Осы қызымды қандай әйел тапты екен?» - деп отыратын. Бірде Атыраудан Фаризаның анасы келе қалды. Екеуі бірін-бірі көріп, мәз болысты. Фаризаның өлеңі мен өзінің көп қасиетіне сонда қанықтым. Анасы қалай шиырсаң да, алшы түсетін қорғасын сақадай шып-ширақ кісі екен. Қауып айтса да, тауып айтады. Жаңсақ сөйлемейді. Ол кісі дүниеден ауғанда Фаризаның қандай күйзелгенін көрген анам келген сайын оны: «Егізімнің сыңары» деп құшақтап сүйетін. Фариза да бауырына кіріп: «Мама!» дегенінен бір танбайтын».

Міне, осындай асыл аналар аман болса, қазаққа әлі талай алыптарды әкеледі! Аналар аман болсын!

Сөз соңын Фаризаның «Анама» өлеңімен түйіндеуді жөн көрдік:

Кеудеңде мені тербеттің, жас шыбық енді көктеді.
Мінеки мен де ер жеттім, еңбегің бекер кетпеді.
Өмірде мынау ең жақын, аяулым сенсің, анашым!
Болмаса мейлі зор даңқың, мен үшін бірақ данасың.
Мейірім төккен нұр жүзің тұрғандай сезем жанымда.
“Адал бол, - деуші ең, - жұлдызым”, сақталды сөзің жадымда.
“Игі еңбек түбі осы-ау” дер көргендер жеміс ағашын.
Қартаймай, мәңгі жасай бер мәңгілік Күндей, анашым!

Adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар